Алтын Орда әдебиеті тарихына Ислам дінінің әсері

Бөлісу

13.04.2026 43

Моңғол шапқыншылығы кезінде тынысы тарылған түркі әдебиеті Алтын Орда мемлекеті нығайған жылдары қайта жанданды. Мысырмен саяси-мәдени және экономикалық байланыс орнатқан Берке ханның дипломатиялық қатынасы өз жалғасын тауып, араб, парсы ғалымдары мен әдебиетшілерінің Сарай Берке шаһарына топтасуына, сөйтіп, Алтын Орданың бас қаласы мәдени орталыққа айналуына негіз болды.


Сыртқы оқиғаларды бақылаған араб және орыс дереккөздерінің авторларынан айырмашылығы, түркі жазушылары өздерінің басым көпшілігінде зерттелетін дәуірдің фактілері мен құбылыстарын ішкі жағынан көрсетті.

 Осы аралықтағы түркі халықтары өз тілдерінде жазба мұралар жазып қалдырғанымен мемлекеттік тіл қыпшақ тілі болып саналған. Алтын Орда мен Мысыр жерінде өмір сүріп жатқан түркі халықтарының ең көп тараған және өзара қатынас тілі қыпшақ тілі екендігін «Ат-тухфату-закияту фи-л-луғати-т-туркияның» белгісіз авторы:

«Уә жә алту-л-и тимәдә фиһи алә-л-луғати-лақифжақияти ли-әннәһә кәсирәту-л-исти мәли уә ләм әзкуру әл-луғәтә-т-туркманитә иллә индә адз-дзаруррати фа ақулу қилә» [1; 2 б] «Мен мұнда (шығармада) қыпшақ тіліне сүйендім. Өйткені ол ең көп қолданылады, түркімен тілін пайдаланбадым, тек зәру болғанда ғана «қилә» (түркіменше былай деп айтылады) деп қана көрсеттім» деген жолдармен қыпшақ тілінің мәртебесін көрсетеді. 

XIII-XV  ғасырларда түркі әдебиеті алдыңғы қатарға шықты.  Түркі поэзиясы мен араб, парсы әдеби мұраларындағы өлең өлшемдерін сәтті ұштастыра білген түркі-қыпшақ ақындары түрлі жанрларда шығармалар тудырды. Өкінішке орай, бұл шығармалардың аз ғана бөлігі біздің заманымызға дейін жетіп, оқырманның көзайымына айналса, көпшілігі әртүрлі тарихи себептермен жойылып, тағы бір бөлігі әлі күнге дейін табылмай отыр. Ортағасырдағы түркі әдебиетінің бастау көзі Орхон-Енесей, Талас жазба ескертіштеріне барып тіреледі.  Десе де әр халықтың өткенін қазбалай берсе, түбінен негізгі көзінің қылтиып шығары анық. Сол секілді түркі әдебиетінің арғы негізі ретінде ежелгі сақ, ғұн дәуірін, олардың мәдениеті мен әдебиетін, аңыз-әпсаналарын танимыз. Ол дәуірлердегі елеулі оқиғалар халық санасында ғасырлар бойына сақталып, әр кезеңнен тамшыдай үлесін өз бойына сақтаған күйі бүгінгі күнге жетті. 

Түркі қағанаты тұсындағы әдебиет тек ерлік жырларымен шектелген десек қателескеніміз. Себебі ол кезеңге көз жүгіртетін болсақ діни сарындағы өлеңдерді де кезіктіреміз. Құдайға құлшылық қыларда оқылатын дұғалар өлең түрінде жазылған. Осыдан-ақ халқымыздың өлеңге деген табиғи құштарлығының түп-төркінін тануға болады. Біздің бұл жерде айтпағымыз дінге деген махаббат емес. Керісінше өнер атаулыға деген халық жүрегіндегі махаббат діни құлшылықтың өзін түрлендіріп, сананың қабылдауына жақын формаға түсірген. Осындай діни дұғалардың бірі манихейлік қоғамның туындысы – «Хуастуанифт». Алғашында көне иран тілінде жазылып, кейін түркі қоғамында манихей дінін тарату қажеттілігінен көне ұйғыр жазуын қолдана отырып, түркі тіліне аударылған. Бұл арқылы түркі-иран, түркі-араб байланысының өте ерте замандардан бастау алғанын байқауға болады.

Араб түбегінен бастау алған Ислам діні аз уақыттың ішінде ұлан-ғайыр атырапқа жайылып, өз ықпалын күннен-күнге күшейте түсті. Қазақ даласына Атлах шайқасынан кейін дендей еніп, қоғамның барлық саласын өз тәртібіне идірді. Түркі әдебиеті Ислам өркениетімен ұштасып жаңа бағытта дами бастады. Оның алғашқы қарлығаштары ретінде X ғасырда жарық көрген «Құтағду білік», «Диуани хикмет» Алланың барлығы мен бірлігін түсіндірген, пайғамбардың ерекшеліктерін жырлаған алғашқы түркілік туындылар болды. 

Бізге белгілі әдеби ескерткіштердің көпшілігі Алтын Орданың гүлдену кезеңінде, өзінің мемлекеттілігін және ресми дін ретінде Исламды қабылдап, ықпалды әлемдік державалармен достық дипломатиялық қарым-қатынас орната алған кезде жазылды. Кезінде «Құтағду білік» дастаны исі түркі халықтары арасында кең тараған. Жетісу өңірінде жазылса да, көркемдік сапасының, айтар ойының құндылығымен Еділ-Бұлғар жағасында кең таралып, ақындардың осы шығармаға еліктеп жаза бастағанын байқаймыз. Тіпті, Алтын Ордадағы осы жырдың кейбір бәйіттері оюдың орнына ыдыстар мен жиһаздарға жазылғанына куә боламыз. 1909 жылы Сарайшық қаласының орнына жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде жиырма төрт бөлікке бөлінген қыш құмыра табылған. Осы құмырада жазылған:

Кіші көркі юз, ол бу юз көркі көз,

Бу ауз көркі тил, бу тил көркі сөз [2, 80 б].

Аудармасы:

Кісі көркі жүз, жүздің көркі көз,

Ауыз көркі тіл, тілдің көркі сөз

- деген жолдар Алтын Орда дәуірінде қанатты сөзге айналғанының дәлелі деуге болады. 

Мәмлүк Мысырымен қолайлы қарым-қатынас туралы сөзсіз айтуға болады. Мұны тек жазбаша араб дереккөздері ғана емес, сонымен қатар қазіргі тарихшылар жиі жүгінетін Нувайри, ал-Калкашанди, Рукн ад-дин Бейбарыс жазбалары да дәлелдейді. Мәмлүк сұлтанатымен тығыз қарым-қатынастың нәтижесі – Мысыр арқылы бізге келген әдеби шығармалар. Рет-ретімен қарасақ, Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» (1342) туындысының көшірмесін Еділден шыққан Берке-Факих 1383 жылы Египеттің Александрия қаласында жазған. 1360 жылы жазылған «Нахдж әл-Фарадис» қолжазбасының ең алғашқы үлгілерінің бірін профессор Заки Валиди Тоған (1890-1970) Стамбулдағы  «Йани Джами» мешітінің кітапханасынан тапқан. Бұл көшірме Стамбулға Египет арқылы Алтын Орданың Сарай қаласынан жеткен болатын. Бірінші бетінен қолжазба Мысырда Мәмлүк сұлтаны Әбу Саид Чагмактың ұлы Мұхаммед бейдің кітапханасында (1437-1445) болғандығы туралы жазба табылған [1; 23 б].

Алтын Орда дәуіріндегі әдеби ескерткіштер - Алтын Ордадағы Ислам тарихының баға жетпес қайнар көзі. Әрине, көркем шығармалар Исламның халық арасында кең таралғандығын көрсетеді, сонымен қатар Ислам туралы кең және жан-жақты білімді қарапайым және түсінікті тілмен жеткізетін «Кисса сул-анбия», «Нахдж ал-Фарадис» секілді діни дидактикалық жазбаларының көптеген сақталған қолжазба тізімдері де осылай дейді. Мұндай кітаптар түркі халқының менталитетіне сәйкес, оларда келтірілген тарихи эпизодтар мен күнделікті мысалдар, кейде нақты өмірге де өте жақын.Осылайша, кез-келген мұсылман түркі Ислам туралы толық түсінікке қаныға алғандықтан бұл кітаптар қала және дала тұрғындарының арасында танымалдылыққа ие болды. Ислам дінінің Алтын Орда дәуірі әдебиетіне тигізген ықпалының қаншалықты екендігін түпкілікті түсіну үшін жоғарыда аталған екі туындыға жеке-жеке тоқталып өтейік.

Алтын Орданың әр шығармасы, бір жағынан, өзіндік мазмұны, өзіндік идеологиялық және эстетикалық құндылығы бар ерекше әлемді білдіреді. Бірақ, екінші жағынан, олар мазмұнды-құрылымдық немесе идеологиялық тұрғыдан белгілі бір дәрежеде өзара байланысты, бір-біріне сәйкес келеді. Мысал ретінде, Махмұд Бұлғаридың (Махмұд ибн Ғали ал-Бұлғари ас-Сараи ал-Кердери, 1297-22.03.1360 жылдар аралығында өмір сүрген) 1358 жылы жарық көрген «Нахдж әл-Фарадис» немесе «Жұмаққа жол» атты туындысын келтіруге болады. Бұл туындының құрылымы бейнелеу жағынан Рабғузидың «Қисса сул-әнбиясына», сопылық бағыты жағынан Хұсам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» дастанымен үндес.

Махмұд Бұлғари – Бұлғар қаласының маңындағы дін ұстанатын отбасында дүниеге келіп, сол жерде білімінің іргетасын қалаған. Көп жылдар бойы Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында өмір сүріп, сол жерде дүниеден өткен. Құрметті кісі саналып, көптеген ғалымдар мен діни қайраткерлердің ұстазы болған. Ерте заман мен Орта ғасырлардағы авторлардай Махмұд Бұлғаридың да біздің заманымызға бір ғана шығармасы аман-есен жеткен. Өз заманында Поволжье мен Приуральск аймағында «Қисса сул-Әнбия» мен «Жұмжұма сұлтаннан» атағы бір кем емес «Нахдж әл-Фарадистің» біздің заманымызға жетуі қуантарлық жайт. Бір қызығы қолжазбаны Сарай қаласындағы Мұхаммед әл-Хорезми (бұл есімді «Мұхаббат-наменің» авторымен шатастыруға болмайды) есімді адам сақтап қалған [3; 379 б]. Алғашқы нұсқасымен қатар, 1390 жылы, кейінгі ғасырларда да көшірілген нұсқаларының бар екені анықталған. Алғаш рет 1956 жылы Анкарада қаласында Янош Экманның басшылығымен жарық көрген. 2002 жылы Қазан қаласында кирилл қарпінде басылып шыққан. Бұл еңбекті зерттеумен белгілі түркологтар Ш. Маржани, Б. Яфаров, Х. Миннегулов, Ф. Нуриева, Э. Фазиловтар айналысқан. 

Осы орайда, «Нахдж ал-Фарадис» еңбегінің жазылуына не түрткі болуы мүмкін деген заңды сауал туары анық. Ғалым М. Усманованың пікірінше «жаулап алушылар жергілікті тұрғындарды шаманизмге сендіре алмайтындарын білді». Шыңғысханның өзі мен ұрпақтары тұтастай бір сенімнің жолында емес, керісінше әрқайсысы әртүрлі наным мен сенімнің жетегіндегі жандар болатын. «Сол тұстағы Алтын Орданың астанасын Сарай қаласында, - деп жазады Г. В. Тизенгаузен, - түрлі мәзһаб ұстанушы ғалымдар (мәлики, шафиғи), сопылық ілімді жақтаушылар тұратын. Р. М. Мухаметшин «діннің кең етек жаюына діни фактордан гөрі саяси фактордың әсері жоғары болды»[4; 287 б] деп санайды.

Алтын Ордада XIII-XIV ғасырлардағы Ислам діні түркілер мен моңғолдардың ұқсастығының арқасында мистицизм мен Йассауи іліміндегі сопылар арасындағы аралас қалыпта өмір сүрді. Алтын Орда Исламды ресми түрде тек XIV ғасырда, Өзбек ханның билігі кезінде қабылдаған. Соған қарамастан, Алтын Орданың қалыптасу кезеңінде қабылданған дінге қатысты стратегиялық бағыт одан кейін де толық нақтыланған жоқ. Ескі нанымдардың әсері тек қалың құқарада ғана емес, сонымен бірге жоғары ақсүйектер арасында, соның ішінде Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың арасында да толығымен жойылған жоқ». Бұл фактор әдеби ескерткіштерде, атап айтқанда Махмуд әл-Бұлғаридың Тәңір ұғымын қолданып Алланы тануға арналған «Нахдж әл-Фарадис» еңбегінде көрініс тапты.

Сонымен «Алтын Ордада Исламның түркілендірілген формасы таралып, көптеген түрлі мәдениеттер мен тәңірлік элементтерімен қатар ежелгі түріктер мен моңғолдардың ата – баба дінінің реликті формасы –шаманизм мен сопылық элементтерін Исламның өнімі ретінде бойына сіңірді. Ақсүйектер арасында, әсіресе, қарапайым жұртшылық арасында мұсылмандық ертеден келе жатқан салт-дәстүр мен далалықтардың жазылмаған заңдылығы ар-ұятты қамтыған сыртқы қабаттың рөлін атқарды. Ғазалидің этикалық мотивтерімен боялған сопылық поэзия діни сезімнің тереңдеуіне ықпал етіп қана қоймай, рухани өзін-өзі тануға және өзін-өзі жетілдіруге итермелеп, адамда адамгершілік қағидаларын дамытты. Мұсылмандарды ерте аскетиктердің мысалында өсіре отырып, ол оларға ең қиын жағдайларда өмір сүруге көмектесті, бұл кезде басқыншыларға қарсы кез-келген күш көптеген адамдардың өмірін қиып, тек адамның қайғы-қасіретін арттырды, ал күштердің нақты арақатынасы жағдайдың өзгеруіне үміт қалдырмады» [5; 89 б]. 

Өзбек ханның Ислам дінін қабылдауына сопылық ілімді ұстанушы Сейіт-ата есімді шейхтың ықпалы болды деген де болжам бар. Таққа отырғанына сегіз жыл өтіп, сарай ішіндегі ықпалын күшейткеннен кейін Өзбек хан Зеңгі-атаның шәкірті Сейіт-атаның қолдауымен әлемдердің Раббысына деген шексіз сенімін дәлелдеу мақсатында хижра бойынша 720 жылы (1320-1321 жылдар) Ислам дінін қабылдау құрметіне ие болды. Осы жерде ақсүйектер мен феодалдардың Алтын Орда билігінде атқарған аса зор билігін де ескермеуге болмайды. Оның бір дәлелі ханның қазасынан кейін ол қалдырған өсиеттің бұзылып, таққа Тінібектің емес Жәнібектің отыруы. Алтын Орданың феодалдық ақсүйектерінің Жәнібек жағында таласқа қатысуы, жас кезінен бастап Өзбек ханның мұрагері ретінде тәрбиеленген және мемлекеттік істермен жеткілікті түрде таныс болған Тінібектің өз билігін күшейтуге ұмтылған әмірлер үшін қолайсыз кандидат болғандығымен түсіндіріледі, ал хан тағын заңсыз иеленген олардың жақтаушысы Жәнібек әмірлердің нұсқауы бойынша әрекет етіп, оларға толығымен тәуелді болды [6; 368 б].

Аз ғана уақытқа созылған Тінібектің басқаруынан кейін Алтын Ордадай ұлы империяның тақ тізгіні Өзбектің кіші баласы Жәнібектің қолына өтті. Дәл осы Тінібектің құрметіне Құтб «Хұсрау мен Шырын» поэмасын арнаған болатын. Ал Жәнібек хан өзінің түркілік есімімен қоса Жалал-ад Дин Махмұд деген мұсылман есімін де қабылдады.  Жәнібек хан әкесі Өзбек ханның дәстүрін толық ұстанды. Мешіттер мен мектептер салумен айналысып, Ислам дінінің таралуына ықпал етті. Ғайыптан тайып сол кезеңдегі Жәнібек сарайына тап болатын болсақ ол жерден мұсылман әлемінің көптеген ғалымдарын кездестіруге болатын. Зерттеушілер  мұсылман және мұсылман емес елдерден келген ғалымдардың Алтын Орданың мәдени өміріндегі пайдалы рөлін ерекше атап өтеді. Бұл туралы ортағасырлық жылнамаларда сақталып қалған Сарай, Хорезми, Бұлғаридың деректерінен көптеп кездестіруге болады. Жәнібек ханның кезінде шығыс мәдениетінің ортағасырлық урбандалуы, «мешіттердегі суару жүйесі мен мозаикалық панельдер,  араб жұлдызшылары, парсы өлеңдері мен мұсылман рухани ғалымдары, Құранның аудармашылары, математиктер мен астрономдар, керемет нәзік ою-өрнектер мен каллиграфия мәдениеті» айтарлықтай өркендеді деп айта аламыз. 

Осымен қатар жазба әдебиеттің де өзіндік өркендеу бағыты басталды. Оның алдыңғы қатарында Рабғузи, Сайф Сарай, Хорезмилер тұрды. Жәнібек хан тұсында Алтын Орда өзінің шарықтау шегіне жеткен тәрізді. Аумақтық жағынан ұлғаюмен қатар діни-мәдени жағынан өзіне дейінгі және әлемнің сол тұстағы өзге бөліктеріндегі елдермен салыстырғанда көш ілгері болды. Халық арасында ханның беделі айтарлықтай жоғары болатын. Өзі мұсылман дінін ұстанса да елінің өзге дін тұтатын халқына аса мейіріммен қараған. Жәнібек хан өз өмірінде мұсылмандардың шариғат талаптарын қатаң ұстанды, ғалымдарға, саяхатшыларға және танысу үшін келгендердің барлығына құрметпен қарады. Ол терең діндарлықпен, әділ, таза ойларымен ерекшеленді. Тарихтан Ат-Тафтазанидың «Шархе талхис» атты еңбегін Жәнібек ханға сыйға тартқаны белгілі. 

Қолданылған әдебиеттер: 

1. Нуриева Ф.Ш. «Нахдж ал-Фарадис» Махмуда ал-Булгари / Ф.Ш. Нуриева. – Казань, 1999. 208 с.

2. Кыйссасел-әнбия тәржемәсә. Казан. Университет тәбыгханәсе, 1903, 475 б.

3. Мәхмүд әл-Болгари. Нәһжел-фәрадис / Әсәрне басмага әзерләүче Фәнүзә Нуриева. Казан: Татар. кит. нәшр., 2002; 384 б.

4. Тизенгаузен Г.В. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. СПб., 18. Т. 3. С 310.

5.Галиахметова Г.Г. Ислам в Золотой Орде: традиции религиозного опыта. Казань, 2002. 157 с

6. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды // На стыке континентов и цивилизаций… Казань, 1996. С. 767

Бөлісу