Шеберлер сөйлеткен тарих

Бөлісу

19.03.2026 201

«Тарих söile» жобасының бұл жолғы түсірілімі студияда емес, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі шеберлер бөлімінде өтті. Көпшілік музейге барғанда тарихтың қатпарлы қабаттарын, көне жәдігерлер мен дала өркениетінің бүгінге жеткен белгісін тамашалап қайтады. Алайда сол музей ішінде өткеннің мұрасын бүгіннің тілімен қайта сөйлетіп отырған, атадан балаға жалғасқан өнерді күнделікті тіршіліктің өзегіне айналдырып жүрген шеберлер барын екінің бірі біле бермейді. Осы бөлімде үнсіз отырып, ұлттың жадын жіппен, киізбен, кестемен, бас киіммен қайта жаңғыртып отырған жандармен тілдесу – жай ғана шеберлік туралы әңгіме емес, қазақтың тұрмыс философиясын, қалыптасқан мәдениетін, ұмытылып бара жатқан ұғымдар мен атауларды қайта тірілту деген сөз.


Бұл түсірілімдегі үш кейіпкер – жеке-жеке үш бағыт, үш мінез, үш мектеп. Бірі бас киім арқылы ұлттың жоғала бастаған рәміздік жүйесін тірілтіп жүрсе, екіншісі біз кесте арқылы қыз тәрбиесі мен қолөнерді ұштастырып отыр. Үшінші кейіпкеріміз киіз бен сырмақты тұрмыстық қажеттілік қана емес, денсаулық пен ұлттық экологияның өзегі деп біледі. Ал төртіншісі кейіпкеріміз осы шеберлердің басын қосып, шашырап жүрген мұраны жүйеге түсіріп отырған ұйымдастырушы. Төртеуінің сөзін тұтастырып қарағанда, қазақ қолөнері музей сөресіндегі сарғайып сақталған тарих қана емес, ол бүгін де жасалып жатқан, бүгін де сұранысқа ие, бүгін де қорғалуы тиіс тірі мұра екенін айқын аңғарамыз.