«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұстаным мен ұят 12+

1840 0
Ұстаным мен  ұят
Әлиханға салсақ, тұлғаны бағалаудың ұшар басында оның елге сіңірген еңбегі мен қайтпас мінезі алда тұруы тиіс.

                            I

Әңгіме  әлхиссасын  Әлихан  Бөкейханнан  бастасақ.  Бүгін  ұлт  көсемінің туған күні.  Алаш  қайраткеріне   «Қарағым,  жалғызымсың  қазақтағы»  деп   Көкбай  ақын  берген   баға   сол   биігінде  тұр.    Әсілі,   мұндай   адам   алашқа   әлі  қайырылып келмеді  десек,   қателеспеген  болар  едік.  Тау  тұлғаның  он бес  том  еңбегін   жіті  зерделеген  жан   болса,   бұл   байламның   рас   екендігіне  тағы  бір   көз   жеткізген  болар   еді.   Біз   кітаптан   алпыс  екі   тамыры  тек  алаш  деп  соққан  азаматтың  отаншыл  һәм  мемлекетшіл  махаббатын   көреміз.    Баз  біреулер   елге  қызмет  етуді   бәлкім, елу   том   еңбек   жазу   деп    түсінетін де   шығар.   Рас,  арамызда   Әлекеңдей    энциклопедист,   эрудит   білімділер  де  табалар.   Мәселе  тіпті  де   онда   емес.   Біздің  ойымызша,  адамдықтың   ең  биік   өлшемі   есіл   ердің  өзі  айтқандай  «...ҰЛТЫНА, ЖҰРТЫНА  ҚЫЗМЕТ  ҚЫЛУ – БІЛІМНЕН  ЕМЕС,  МІНЕЗДЕН»  дер  едік.

 Бүгінгі  салмақ  түсіріп  сараптамақ   тақырыбымыз да   осы   мәселенің   төңірегінде  болмақ.   Ішіне  ғаламат  сыр   сыйғызған  осы  бір   қанатты   қағиданы  әркім  өз  өресі  жеткен  жерге  дейін  бағамдары  анық.  Тіпті,   мәтіннің  соңын  ала  тұрған  МІНЕЗ  сөзін   кей  «кемеңгерлеріміз»  иман  деп  қасақана  бұрмалап та  жіберген   екен.  Мұндай   құқықты  ол  шіркіндерге   кім  берген,  қандай   ақысы  бар  еді   дейсің  қапаланып.   Автордың  төл  сөзін   төлеуге  жығып,  әркім  өз  ойынан  сөз  қосарлап,   былайша   былықтыра   беретін  болса,   түп   мәтіннің   ешқандай да  құны   қалмайды  ғой.   Ал,  жарайды,  иман   деп   өзгертуге   тыраштанған-ақ   екенбіз.   Бұдан  болып   Бөкейхановтың   мәртебесі  биіктеп,  аруағы аспандап   кете  ме  сонда? Біз  өн   бойымызды   меңдеген    сана   сырқатынан    туындаған   осы  бір  «тыраштану»  симптомына   сәлден   кейін   қайыра   оралатын  боламыз. Мұның  бәрі   айналып  келгенде  Әлихан  әлемін  толыққанды  түсінбеуіміздің  салдары  ғана.    Бұл  жердегі  Алаш  көсемі  айтып  отырған  мінез  ұғымының   иман  сөзіне  үш  қайнаса  да  сорпасы  қосылмайды.  Әрине,   иман  ұғымы   Алла  мен  адам   арасындағы   екеуара   сұхбат    мәселесі.  Ал  алаш  арысының  дәл  осы  жерде  қолданып   отырған   МІНЕЗ  сөзі   АЗАМАТТЫҚ  ҰСТАНЫМ  (принцип)  турасында  болып  отыр.   Адам  баласына  ең   жетпейтіні  де   әм   керегі  де  осы  мінез   дейді  Әлекең.  

Түсінген  адамға   Әлихан  мақаласының   әр  жолында   асау  мінез   анадайдан  менмұндалап  тұрады.   Ұлт  көсемінің   ұстанымынан   күлбілтелеу  дегенді   атымен  таппайсың.   Сөйтсек,  Бөкейхановтың   азаматтық  амбициясы    ақырғы  жарығы  түгесілер  тұсқа   дейін   о  бастан-ақ   белгіленіп    қойылған  екен.    «ТІРІ  БОЛСАМ,  ХАН   БАЛАСЫНДА  ҚАЗАҚТЫҢ  ХАҚЫСЫ  БАР  ЕДІ,  ҚАЗАҚҚА  ҚЫЗМЕТ  ҚЫЛМАЙ  ҚОЙМАЙМЫН!..» дегені  осы  сөзіміздің  бұлтартпас  дәлелі  ғой. 

Ұлт  көсемі  аталған  ұғымға   бар  болмысымен  қызмет  жасап,  осы  ұстаным  жолынан  бір  айнымастан   дүниеден  озды.

Ендігі  кезекті  естелікке  берсек.  Әлиханның туған  бауыры Смахан Нұрмұхамедұлы: «Әлекеңнің мінезі:  еш   қазақпен  аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек  көретін  адамымен амандаспайтын,  сөйлеспейтін.  Қазақтың еш  нәрсесін  алмайтын.  ...Әлекеңнің  бір жолдасы уақ  Темірғали   Нөрекин  екінші  Государственни   Дума   шлені.  Әлихан «елге  еңбек қылмады» деп  Темірғалиге  өкпелеп, көрмей  кетті».  

Бізде  бір  можантопай  түсінік  салтанат  құрған.  Бұл  не десеңіз,  азаматтың дәрежесін  шен-шекпенмен  я  болмаса   биік   лауазыммен  ғана  бағалайтын   бейшаралық.  Мұнсыз (мандатсыз ) ол  адамның  дарыны  тау  теңселтердей  мықты  болса-дағы   қоғам  алдындағы  құны  көк  тиынға  пар.  Бұған тұлғаны  шығармашылығынан жекелей  бөліп алып   қарау  мәселесін  де   қосарлай  кеткіміз   келеді.  Қызық,  адамның  өзі  мен   өнерін  өзара  бөліп  қарастыратын болсақ,  оның   шын   бейнесін  аталған  қос  өмірінің  қайсысына  қарап  бағалаймыз  сонда?

Бұдан  шын тұлғаның толыққанды портретін көре  аламыз ба?

 Бізде осы  «кісіңіз»  былайғы  өмірінде  барып  тұрған  донжуан,   сын  сағаттарда  ұлт  мүддесін сатқан  бейшара  болса  дағы   биік лауазымның  бірінде  қызмет  істесе  болғаны  ұлт  қайраткері  болып  есептеле  береді.  Өкінішке қарай, бүгінде  Абай  мен  алаш  арыстарының атын  малдану  қазаққа   жақсы  болып  көрінудің  негізгі құралына айналды. Аталған адамдардың  еңбегін  түгелге дерлік  жатқа  соққаныменен,  не уәдеде,  не  ұстанымда (принципте)  тұра  алмайтын  «азаматтардың» тізімін  жіпке  тізер болсақ  қисабына  жетпес  едік.   Бірден  айта  кетелік.  Бұл  ешқандай  да  Алаштың   ақ  жолы  емес.  Бұл  бар болғаны аруақтардың атын  жамылған  алаяқтықтың жолы.

 Болмысы  біртұтастыққа   ұласпаған  мұндай  пендені   тұлға  деп  танудың  өзі  қалай  болар екен?  Өкініштісі,   күні   бүгінге  дейін   елдің   «еркелері»  мен   «серкелері»  (қарапайым  ғана  осы бір  қағидалармен  емес)  жоғарыдағы  жартыкеш  критерийлермен   анықталып  келеді. 

Біз шын  тұлғаның  нарқын  білетін  танымнан  толыққанды айырылғандықтан, осындай  жадағай  жандардан  ғаламат  қайраткер жасауға   мәжбүр   болып   отырмыз.  Ал  олар  болса,  қазақты  ел  екен  деп  те  менсінбейді.  Тіліңде  сөйлемейді,  танымыңды  түсінбейді,   дәлірек  айтар  болсақ,  оныңа  түкіргені  бар.   Бір  сөзбен  пайымдасақ,   бүгінгі   билікті   ұлттың  бозжусан  болмысын   білмейтін,  қазақтықтан  еш   хабары  жоқ  космополиттер  басқарып  отыр.   Қазынасы  қазақты  тонаумен  ғана  қампайған  сол  бейбақтардың  бойында  Әлиханның  жоғарыдағы,  «қазақтың  еш  нәрсесін  алмайтын,  қастық  қылмайтын» мінезі  болғанда  қалай   болар  еді,   япыр-ай,  дейсің.   Алаш  көсемінің   естеліктегі  «...екінші Государственни  Дума  шлені» деп  отырғаны  қазіргінің   депутаттық  мандаты  ғой.   Бүгінде  оларға  «елге еңбек қылмады»  деп   өкпелемек  тұрмақ,   былайша  ойлағаныңның   өзіне  ұялатын  жағдайға  жеттік қой   (Елдегі  екіжүзділік,  қысқа  күнде  қырық  құбылу  секілді  қылықтарымызды  тізсек,  бұл  енді  бір   байтақ   әңгімеге  жүк.)   Қысқасы,  қандағы  мінез   Шәкәрімше айтсақ  «Тайғанақ мінез,  екі  тілге»  әлдеқашан  айналып  үлгергендігін  өзіміз де  аңдамай қалыппыз.  Егер де  Әлихан  талабымен  келісер   болсақ,   біздегі   ТҰЛҒАТАНУМЕН  оны  бағалаудың  барометрі   мүлде  қате   қалыптасқан  екен.   Әлиханға салсақ,  тұлғаны  бағалаудың  ұшар  басында  оның   елге  сіңірген  еңбегі  мен   қайтпас  мінезі   алда  тұруы  тиіс.  Біздіңше,  бүгінде  кімнің  кім  екендігін   білмекке   Бөкейханов  тұлғасы  ауадай   қажет.  Себебі   Әлихан  көзқарасының  тезімен  қарағанда  ғана  шын  тұлғаның  анық   суреті  толыққанды жарқырап  көрінеді. Бұл бейнебір рухани барометр дерсің.

Кейде ойлаймын  Смағұл мен Мұхтар іспетті алаштың екінші  легі өте  бақытты   екен  деп.  Неге дейсіз ғой? Олар Әлихан мен Ахмет секілді тау тұлғаларды  көріп  өсті.  Ал артық айтсам ғафу етерсіз, біз тұлғасыз өскен бейбақ жандармыз.  Біздің бүгінгі таңда  дәл осы адамдар секілді шын тұлғаны көріп, тәлімін алып өспегеніміз кез-келген  әр іс-әректімізден аңдалып-ақ тұрады... Қайыра айтайын,  Әлихан шын  тұлғаның обективті таразысы. Отаншыл  санамыздың  салмағы да   осы бір   өлшем  тілшесінің  қалай   қозғаларына  тікелей  қатысты.  Мұны  Әлиханның   ар-ұятымыздың  алдына  тосқан  азаматтық мизантасы  деп  атасақ  та  болады.

                                                              

                                                                II

 

Ендігі   сөзді   жоғарыда   уәде  еткен   «тыраштануға»  қатысты   тақырыбымызға   бұрсақ  па  дейміз.   Бұдан  бірер  жыл  бұрын  әлеуметтік  желілерде  «Осы  Абай  намаз  оқыған ба,  әлде  оқымаған  ба?»  деген  сыңайдағы  әңгіменің  ду  ете қалғаны  бар.  Дай-дай  таласқа  түскен  екі  топтың  тамыр  соғысынан  біз  мынаны  аңдадық.

Біріншісінің    мақсаты  қалайда  Абайды   намазға  жығып  артына  ұйытып қоймаққа   тыраштану  болса,  соңғысының  ниеті   данышпанды  қалайда   дінге   қарсы   қою.   Қос  тараптың   қылығына  қарап  отырып,  қарадай  қаның  қайнайды.  Ал,  енді  алғашқысының   әрекетіне   келейік.   Жарайды,   Абайды  сәждеге  жығып  артымызға  ұйытып-ақ  қойдық  делік.  Бұдан  болып  біз қай ұшпаққа жетеміз?  Осылай  етсек  кемеңгердің  қырық бес  қара  сөзі (ғақылиясы)  қырық сегізге  еселеніп,  ақылы  артып  кете  ме  содан.    Хакімнің   «Батин мен  заһир»,  «Имани гүл»,  я  болмаса  «Күні-түні  ойымда бір-ақ  тәңірі»,  «Адамзаттың бәрін сүй  бауырым деп» деп жалғаса беретін  жоталы  ұғымдарының  бірі  де  бұлар  үшін   еш өлшем  емес  екен.   Оларға  бар  керегі  Абайдың  намаз  оқығаны  ғана...

Намаз  дегеннен  шығады ғой,  соңғы  мезеттерде   исі  адамзатты  «сәждеге бас  қойғандар мен  қоймағандар» деп  екі  ғана  бөліп  қарайтын   «данышпандар»  пайда  болды. Осы кезде ойыңа  Блез Паскальдің  «Өмірде адамдар дін хақында екі топқа бөлінеді. Өздерін тақуа санайтын күнәһарлар мен  өздерін  күнәһар санайтын тақуалардан тұрады» деген.   Блездің осы бірінші кейіпкерлерімен  дидарласа қалсаңыз болғаны  дүмшелігінен   адам   қорқады  (Түптің-түбі  қазақтың  қасіреті  осылардан  болар ма  екен  деп де  қамығамын.)  Бабалар  болмысымен  суарылған  ұлттық  танымның  бұлар  үшін  бір  тиындық та   құны  жоқ.  Осыдан  болар,   ой  жосынымыздың  құлдырап  кеткені  соншалық,   қазақтың  қарапайым  ғана  сөзі  мен  қағидасын  түсіне  алмайтын  жағдайға  жеттік.   Мәселен,  Зере  әжеміздің  жан  дегенде жалғыз  ұлы   Құнанбайды дәретсіз  емізбегені  жайында  бір  дерек  бар.  Осы бір  ойдан  алапат  ақиқат  жасағанымыз  соншалық,   діннің   деңгейін   дәретпен  өлшеген  өлеңдерді  қардай   бораттық  та  жібердік.   Бұл  шын   мәнінде   адамның    тазалығы  жайлы   айтылған  ойының  (астарлы)   мағынасы   ғана  ғой  (Әйтпегенде,  түнде  омырау  сұрап  отыз  рет  оянған  перзентін  әз  әжеміздің  «Әй, Құнанбай, сен жыламай  сәл сабыр ете тұр,  мен дәрет алып келе қояйын» деп орнынан  отыз  рет  тұрып   емізбегені   айдан  анық  қой.)  Ең  бастысы,   біздің  ақыл-ой  мен  ар-ұятымыздың  дәреті  (тазалығы)  бар  ма?  Мәселені  осылай  қойғанда  ғана  бұл  ұғымның шын мәніне тереңдей  ендеген  болар  едік.

Құрметті  оқырман  қауым,  біз  бұл  жерде  намаз  бен  дәретті  жалғанға  шығарып,  әдейі   ілік   іздегелі  отырғамыз жоқ.  «... Әрбір ақылы бар кісіге иман  парыз,  әрбір  иманы бар  кісіге  ғибадат парыз...» деген  хакімнің  дәрет пен намазды (яғни тағат-ғибадатты)   иманның  күзетшісі  ретінде  ғана  қарастырғанын  айтып  отырмыз. «... Күзетші күзеткен  нәрсесінің  амандығын ойламай, бір  ғана  ояу тұрмағын  қасд  қылса, ол не күзет?  Күзеткен  нәрсесі  қайда  кетті? Мақсат  күзетілген  нәрсенің амандығы,  тазалығы емес  пе?» дейді. ШАМАСЫ  БІЗ   ИМАН  МЕН  ҒИБАДАТТЫҢ  ОРЫНЫН ӨЗАРА АЛМАСТЫРЫП АЛҒАН  СЕКІЛДІМІЗ.

Ал,  енді  екінші  топтың  ісіне  айтар   уәжіміз  мынау: Алласыз  абайтанудың  ешқандай  да  мәні  жоқ.  Ақынның  алтын сандық  кеудесінің  кілті де Алла. Алланың ақиқатын білмеген адамды Абай маңына да  жолатпайды.  Абай  ол  адам  үшін  ашылмас қақпа,  таскерең  түнек  күйінде   мәңгілік қабарып  қала  береді.  Осындай құр  «күшенуіміздің»  кемеңгер  биігіне  келтірер  титтей  де  зарары  жоқ  екендігін  түсінсек  қой,  шіркін. 

Тым болмағанда  қазақтың  «ұят  болады»  деген  ұлы   сөзіне  тоқталсақ  нетті...          

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English