«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мұстафа Шоқай «Орыс болғым келмейді...» 12+

1531 0
Мұстафа Шоқай  «Орыс болғым келмейді...»
Қазақты бүй деп сөйлетіп, бұлайша қарсылық қылуға итермелеген бұла күш қандағы қызылкүрең иммунитетінің күштілігі еді.

«...Ақмешітке кетіп барасың, орысша оқитын боласың. Үстіңе орыстардың киімін кигізеді, сосын қазаққа ұқсамайтын боласың, орысша сөйлеп, орыс болып кетесің. Менің болашағым туралы бұл айтылғандар жаныма қатты батты. Енді әкеме Ақмешітке оқуға жібермеуін сұрап, жалына бастадым.  Орыс болғым келмейді, дедім».

Бұл исі түркіге есімі мәлім Мұстафа Шоқайдың  сөзі.  Мұстафа сөзін мысалға алуымыздың себебін сәл кейінірек...

1916 жылы Патша ағзамның қазақтан солдат алуға бұйрық  шығарғаны мәлім. Арғы жағы айтпаса да белгілі.  Жарлықты жақатпаған алаш баласы  тегіс атқа қонды.  Ел іші дүрбелеңге ұласып, түрлі толқулар қылаң берді.  Сол оқиғадан желдей жүйткіп жиырма бес жыл өткенде, қария тарихтың таусыншақ күнтізбесі 1941 жылды көрсетіп тұрды.  Енді исі қазақ баласы  жаппай майданға  сұранып кетіп жатты. Есіңізге қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың майданға сұранған мына бір хатын түсіріңіз болады («Мен Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, Сізден ағаларыммен және апаларыммен (қарулас) бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді, өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да (отбасым да) жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын 27.08.1941ж. М.Мәметова)

 Енді салыстырып көрелік.  Ғасыр емес, не бары екі мүшел ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ. Алғашында ақ патшаның жарлығына қарсы болған қазақтың мұнысы қай сасқаны дерсің (Фашистік Германия дүниеге өлім бүріксе, қалай ғана қарап тұрмақ деп ақтайтындар да табылар. Әрине, күдігіңіз орынды. Бірақ біз айтқымыз келген мәселенің  мәнісі бұдан басқаша-тұғын).  Қысқасы, кеңестік жүйе жиырма бес жылдың бедерінде қазақтың ішкі табиғатын толығымен өзгертіп, тағдырын басқа тарапқа салып үлгерген  екен.  Ал ойланайық.  Бағанағы (жоғарыдағы) аспанға шапшыған асау  мінез бен  қайнаған қуат қайда кетті? Қал-қадерімше түсіндіріп бермекке  талаптанып көрейін.  Қазақтың  1916  жылғы  ақ патша жарлығына қарсы болуының басты себебі сіз бен біз ойлағандай «оқымағандығы» әм саяси сауатсыздығынан  емес еді. Орысты бөтен  санаған иммунитетінің күштілігінен еді.  СОЛ ДӘУІРДЕ  «НЕ ҮШІН ОРЫСТЫҢ  ПАТШАСЫ ҮШІН ҚАН ТӨГУІМ  КЕРЕК ЕДІ?» деген  кірпияз  сұрақ әр қазақ баласының көмейінде  менмұндалап тұрды. Өкінішке қарай 1916 жылы тұтанған осынау  «Ұлт азаттық көтерілісіне» әлі күнге дейін  кәсіби тұрғыдан тарихи баға берілген жоқ.

Сонымен бала Мұстафаның да «орыс болғым келмейді» деп алаңдауының астарында нендей  құдірет  жатқандығын  енді  түсінген шығарсыз.

Қайыра айтуға мәжбүрміз. Қазақты бүй деп сөйлетіп, бұлайша  қарсылық қылуға итермелеген бұла күш ҚАНДАҒЫ ҚЫЗЫЛКҮРЕҢ  ИММУНИТЕТІНІҢ КҮШТІЛІГІ  ЕДІ.   Бұл ешқандай да алаш баласын орысқа қарсы қойып, арасына ала мысық жүгірту саясаты емес. Бар болғаны  ЕРКІНДІК пен ЕЛДІК  ұғымының  әр қазақ кеудесінде тайдай тулап өткендігін түсіндіру ғана.  Бұл сөзімізге төмендегі жалғыз шумақ ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАРА ӨЛЕҢІ  жауап бола алады деген ойдамыз.

                            Ой да көп, уайым да көп  ойлай  берсең,

                            Ой да жоқ, уайым да жоқ  ойнай  берсең.

                            ЕРКІҢНЕН, ЕЛДІГІҢНЕН  НЕ ҚАЛАДЫ,

                            ӘРКІМНІҢ АЙДАУЫНА  ҚОЙДАЙ  КӨНСЕҢ.

Ондыққа тиген оймақтай ғана оқшау сөз. Өмірдің өзінен туған осы бір ғазалды бабатаным әр перзентіне бойтұмарындай сақтасын деп  ескертіп кеткені болса керек. Ал сіз бен біз  онда не істеп жүрміз...

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English