«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Бөде үй» жайлы бір дерек 12+

762 0
«Бөде үй» жайлы бір дерек
Есімдері елге мәлім әншілеріміздің өзі осы «Шәпибай-ау» әніндегі аталған «бөде үй» сөзін «бәдәуи» десе, тағы біреулері «бөдеби» деп айтып әбден жентектеп бітті.

Біз кезекті бұл жазбамызда әннің тарихы мен табиғатына тоқталсақ па деген үмітіміз бар. Кемеңгер кеңістігінде шекара болушы ма еді. Қолымызда  қатталып, ықылым заманалардан жеткен  музыкаға байланысты көне жәдігерлерді сараптай отырып,  әл-Фараби мен Абайдың саз өнерінде де өзара рухани  сабақтастықта  болғандығын бағамдадық.  Бұл енді  басқа тақырыпқа ныспы тартып тұрғандықтан Жаратқан  жақаса, сәті түскен күн  қайыра бір  соғармыз  деген оймен  аял еттік.

 Сонымен,  тақырыбымызға  түрткі болған  «бөде үй» сөзі  XVIII ғасырдың  зор  туындысы  «Шәпибай-ау»  әнінде  тұңғыш рет кездеседі. Осы жерде әндегі Шәпи есімі кім болды деген сауалдың да тумай қоймасы анық.  Рас, Шәпи әйел адамның есім-сойы.  Сәл тарихи шегініс жасайық. Ілкіде еркектердің ғана атты жасағы емес, әйелдердің де қосыны болған екен.  Амазонкалар туралы аңыз бәрімізге белгілі ғой.  Амазонкалар - ежелгі грек аңыздарында айтылатын жауынгер әйелдер. Олардың өмір сүрген территориясы қазіргі Кавказ бен Азу тауларының маңы деп те айтылады. Амазонка сөзінің негізгі мәні  «омыраусыз», «емшексіз» деген  де мағына береді екен (Біздің ойымызша бұл тұрмысқа шықпаған қыз ұғымының  негізгі ишарасы да болуы бек мүмкін).

Аңызда қару-жарақ  ұстауға  әсіресе, садақ тартуға ыңғайлы болсын деп, жас кезінде-ақ қыздардың оң жақ омырауын тартқыздырып (кей нұсқада кестіріп)  тастайтын көрінеді. Қыздардан тұратын аталған жасақтың негізгі қаруы садақ пен қорғанатын қалқан ғана болған екен.

Олардың киген  дулығасынан бастап бүкіл киімдері аң терісінен тігілген. Амазонкаларды түркілермен байланыстыратын да деректер көп.  Мәселен  көне қорымдардан  табылған атымен қоса жерленген қару жарақты сақ қыздарына қарап отырып,  Ә.Қоңыратбаев сынды ғалымдар  қарақалпақ халқының “Қырық қыз” эпосы мен грек мифтеріндегі Амазондардың өзара ұқсастығы бар деген болжам айтады. Ал, әйгілі мифолог ғалым Серікбол Қондыбай қазақтың абысын сөзінің түпкі тіні «Амазонка» сөзінен шығуы бек мүмкін деген де байлам айтады. Мұны айтып отырғанымыз Шәпи,  Абылай заманында 2000 әйелден тұратын жасақты басқарған әйгілі жан болған. Біз әйелден тұратын осындай жасақтар сапындағы  батырлардан кешегі Малайсарының қызы Гауһар мен  Қабанбайдың қызы Назымды,  берідегі  Кенесарының қарындасы Бопайды  жақсы білеміз. Сонымен Шәпидің кім болғандығын эрудит ғалым Таласбек  Әсемқұлов  «Отукен» сайтында толыққанды жазғандықтан оны бұл жерде  қайыра қайталап жатуды артық санадық.

 Енді «Бөде үй» ұғымының негізгі мәніне келейік.

  Салтымызда жасы баршын тартып,  отырып қалған қызды жасауымен жеке шығарып оңаша киіз үй тігетін жоралғы сақталған. Осыны «бөде үй» дейді. Бұған  жар іздеген жігіттердің келіп кетуіне  рұхсат етілетін болған. Осы  ұғымға байланысты  жазылған  көрнекті қаламгер  Қалихан Ысқақтың да «Бөде» деген шығармасы бар. Қалекең онда он екіге толған бойжеткеннің оң жаққа шығарылып, жеке үй тігілуін «бөде» деп атайды деген сыңайда жазады. Бұл орайда жасымыз кіші болса да жазушы  еңбегіне  аз-кем түзету жасағымыз келеді. Қалекең айтып отырған  он екіге толған бойжеткенді  үйдің оң қапталындағы шымылдық ішіне  жеке шығаруын қазақта «көсеге» дейді. Айналасы шымылдықпен көмкерілген қыз төсегіне  еркек кіндіктінің қол тигізуіне бабалар танымы қатаң  тиым салып отыратын болған.   Осы көсеге сөзі, кейін келе басқа мағынаға ұласқан тәрізді. Қазақта "көсегең көгергір" деген де жақсы сөз бар ғой.  Ендеше "көсеге" мен "бөде үйдің" мағынасы тіптен екі  бөлек.  Деректерге қарасақ,  Шәпи қырықтан асқан шағында  Күзекбай атты азаматқа тұрмысқа шыққан екен.  Демек бұл ән оған дейін «бөде үйде» бөлек отырған  Шәпидің тағдырын-тәлайын суреттеуден туса керек.

 Енді  осы бір әннің  мәтіні  жайлы  аз ғана   сөзімізді әрмен қарай үстей түссек. Есімдері елге мәлім  әншілеріміздің өзі  «Шәпибай-ау»  әніндегі  аталған  «бөде үй»  сөзін  «бәдәуи»  десе, тағы біреулері  «бөдеби»  деп  айтып  әбден  жентектеп бітті. Осы орайда оқырман санасына мына бір мәселені де сыналай кеткіміз келеді. Әр замананың  өзіне тән сөздік жаралымы (лексиконы) болатыны секілді  әр әннің де әр ғасырлық  әуезі болады.  Себебі  сөз бен саз да  апалы-сіңлілі адамдар секілді ғой. Домбыраның қос ішегіндей осы бір қосамжар ұғымды  бірінен-бірін бөлек  қарастыру  тіптен  ақылға томпақ. 

Музыка мамандары күй өнері тарихының шежіресін IX ғасырдағығы Қорқыттан бері қарай тарататыны мәлім. Бір қызығы  зерттелген еңбектерге сенсек  ән өнері одан мың жыл кейін, яғни XIX ғасырдан бастап қана пайда бола бастаған екен.  Сонда  деймін-ау, домбырасы бола тұра саз, сезімі бола тұра ән салмастан біздің бабаларымыз он ғасыр бойы жарылып кетпей қалай ғана шыдады екен. Әрине, қайран қалдырарлық жағдай. Бергіні айтпағанда Біржан сал мен Ақан серінің арғы жағында дауылпаз дарындар шоғыры (галериясы) болмады дегенге кім сенеді. Бұл өнер саңлақтары тек бард (сөз, саз, орындаушы үштігін ұштастырған дарын) ғана болып  қоймай  әрідегі өнер иелерінің жауһар мұраларының жанашыр жеткізушісі болғандығы  тағы да  анық  қой.  "Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң, жаңылмай әлі күнге есте қалды" деп бүгінде  Біржанға телініп жүрген "Жонып алды" әнінің сөзі осыны көрсетсе керек. 

Рас, кеселдің бәрі кешегі кер заманнан басталды. 1933 жылдың бедерінде дін мен ескілікті (феодализмді) көксеп отыр деген жаламен бес жүзден астам ән мәтіні түрмеге тоғытылды. Мұнымен тыншыр қызылдар ма, алғашқы соққыдан ауыр  жарақат алған қазақ әнін елуінші жылдардың басындағы саяси бұлғақ екінші рет тағы да бұтарлады.

БІЛГЕН АДАМҒА КӨНЕДЕН СЫР ШЕРТЕТІН КӨП ӘНДЕРІМІЗДІҢ СӨЗІ XX ҒАСЫРДЫҢ ТІЛІМЕН ЖАЗЫЛҒАН (Күмән етсеңіз күбірлеп айтып көруіңізге әбден болады. Бәрібір де бағзыны меңзер бірде-бір ұғымды таппасыңызға имандай сенемін). АЛ ӘУЕН БОЛСА ҚОЛДАН ТЕЛІГЕН ЖАЛҒАН МӘТІНГЕ ЖАНЫ ИСІНЕ АЛМАЙ  БОТАСЫ  ӨЛГЕН  БОЗІНГЕНДЕЙ  АҢЫРАП  ТҰР.  Қысқасы, халық әні  деген жалпылама ат жамылған қазақ ән өнерін  әр ғасырға жеке-жеке жіліктеп, хронологиялық тұрғыдан бірізділікке түсіретін мезгіл мизамы әлдеқашан жетті. Біздің бұл талпынысымыз осының бастапқы сеңі десек те болады.  Сонымен  тұңғыш   тақырып  тұздығы  болып  отырған  ән әрине, «Шәпибай-ау».  Сөз ұстартқан адам ретінде бірден айта кетейін. Бұл әннің де қазіргі мәтіні XVIII ғасырдың  сөзі емес. Шындап іздер жоқшысы табылса, түпнұсқа текістің архив қалтарысының бір бұрышынан  ұшыраса кетуі  де мүмкін ғой.  Ал ұшығын ұстатпаған жағдайда әуеннің түпкі тінін  сақтай отырып, мәтінді төл XVIII ғасырлық тілде түзіп шығуға да әбден болар еді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English