«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қоянды жәрмеңкесі қалай өтетін еді

1743 0
Қоянды жәрмеңкесі қалай өтетін еді
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап жабылғанға дейін Қоянды жәрмеңкесі Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық қалыптасуында ерекше орын алды

Ол тек сауда-саттықтың дамуына ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар саяси байланыстардың даму жолын анықтап берді. Qazaqstan Tarihy порталы көршілермен тұрақты экономикалық қарым-қатынас құруға мүмкіндік берген атақты Қоянды жәрмеңкесінің қалыптасуы туралы әңгімелейді

Қоянды жәрмеңкесінің пайда болуына басқа қалалардан келген көпестер себепші болды деп санайды зерттеушілер. Оның ішінде Тобыл губерниясынан келген Варнава Ботов деген жас көпестің есімі атап айтылады. В.Ботовтың ресми өмірбаяны бойынша ол Демидовтар әулетінің Тула мен Оралдағы зауыттарында жұмыс істеген металлургтер отбасында дүниеге келген. Әкесі Серафим белгілі бір капитал жинап, ақырында көпес болған. 1814 жылы ол ат-арбасымен қазақ даласына бет түзеп, бұл жерде өз тауарын малға айырбастап, пайда тауып, зор олжаға оралады. Айырбасқа алған етті Серафим Оралда, тіпті Мәскеуде де сатады. Баласы Варнава да әкесінің ізін қуады. Оның ыдыс-аяқ, аяқ киім, қару-жарақ, қант, мата мен шай тиелген ат-арбалары Тобылдан қытайдың Үрімжісіне дейін жеткен. Оның жолы қазақ даласы арқылы өтіп, ол Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы мен Аягөзде біраз тоқтағанын айта кету керек. 1848 жылдың 15 мамырында көпес В.Ботов Үрімжіден Тобылға қайтып келе жатып, Қарқаралыдан 50 шақырым жердегі Талды өзенінің бойына тоқтайды. Бұл жерді халық Қоянды деп атаған. Осы жерде ол өзінің барлық тауарын малға айырбастап, көп пайда көрген. Келер жылы ол осында қайта келеді, осыдан соң Қоянды мал сатып немесе айырбастағысы келгендерге тола бастаған. Осылайша, атақты Қоянды жәрмеңкесі туады. Қарқаралының өзіне келер болсақ, оның сауда-саттықтағы танымалдығы туралы Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінде былай делінген:

«Қарқаралыны уездегі сауда-саттықтың бастапқы нүктесі деп атауға болады. Қырғыздардың (қазақ) қоныстары бір-бірінен алшақ, шашыраңқы орналасқандықтан, сауда айналымы көбіне олардың ауылдарында жүргізілген, бұл жерлерге қарқаралық көпестер тауарлары тиелген өз көліктерін жіберіп отырған; ал қаланың өзінде тек жақын маңайда орналасқан қырғыздар ған азық-түлік айырбастайды. Айырбас заты ретінде бір жағынан мал және малдан алынатын өнім – былғары, қыл, жүн, қойдың терісі, ал екінші жағынан – астық, мануфактура бұйымдары және 300 мың рубльге дейін Қарқаралыға әкелінетін көптеген өңделген бұйымдар жүреді».

Жәрмеңкенің ақша айналымы жыл сайын өсіп отырған. Бұл сөздер «Памятная книжка Семипалатинской области на 1897 год» кітапшасында келтіріген деректермен дәлелденеді. Онда былай делінген: «...1855 және 1862 жылдардағы малдың қатты қырылуына қарамастан, Қоянды жәрмеңкесінің айналымы өсе берді де, 1869 жылы жарты миллион рубльден астам көрсеткішке жетті».

1869 жылы Қоянды сауда орны 2-ші разрядқа ие болады, ал осы жылдың 2 қыркүйегінде Батыс Сібір генерал-губернаторлығы оның жыл сайынғы өткізілу күнін белгілейді – 15 мамырдан 15 маусымға дейін. 1871 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығы Қоянды жәрмеңкесінің қажеттілігіне 55 шаршы шақырым жайылымдық жер бөліп береді. Жәрмеңке делдалдардың пайда болуына әкелді, бұл делдалдар төрт санатқа бөлінді: базарбасы, маклак, алыпсатарлар мен саудагерлер. Басқа жақтан келген көпестердің дүкеншісі рөлін базарбасылар атқарған, маклактар делдал болған, алыпсатарлар малды алып-сатқан, ал саудагерлер сатып алған тауарларды ауылдарға апарып сатумен айналысқан. Қоянды жәрмеңкесіндегі сауданың негізгі объектісі мал мен мал өнімдері болғанын айтпай-ақ қойса да болатын шығар. Бастапқыда қазақтар малды ақшаға сатқаннан да, оны астыққа, мануфактураға және зауыт бұйымдарына айырбастағанды жөн көрген. Қазақ саудагерлері сырттан келетін тауардың нақты құнын білмегендіктен, экономикалық тұрғыдан алғанда айырбас тең бағалы болған жоқ. Мысалы, құнан қой үшін қазақтар 6 пұт (98,3 кг) тары немесе 4 пұт (65,5 кг) бидай алған, ал ақша эквивалентінде бұл сол кез үшін екі тірі қаздың құны болған. Семей губерниясының барлық жәрмеңкелері бір-бірімен тығыз байланыста болған. Қоянды жәрмеңкесінде сатылмаған мал, тері, жүн, басқа да тауарлар Семей, Павлодар, Петропавлға жеткізілген, ал одан әрі қарай Ресейдің ішкі нарығына жөнелтілген. 1875 жылы Қоянды жәрмеңкесінде сауда қатарлары салына бастайды. Жәрмеңкедегі сауда үй-жайлары ұзын-ұзын төрт қатарға орналастырылады. Ортадағы екі қатарда орталық Ресейдің ірі сауда-өнеркәсіптік аудандарының көпестері мен сібір көпестері мануфактура мен шай және басқа да тауарларын сатса, көрші қатарларда – қазақтар, ортаазиялық және қытай көпестері сауда-саттық жүргізген. Бұл жерлерде жібек, кілем, шығыс тәттілері, нан мен қымыз сатылған. 1876 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 16 дүкен мен 120 киіз үй болса, 1883 жылы олардың саны 110 дүкен мен 205 киіз үйге дейін өскен. 1885 жылы жәрмеңкеде пошта бөлімі ашылған, 1889 жылы телеграф іске қосылған. ХІХ ғасырдың аяғына қарай Қоянды жәрмеңкесінің жыл сайынғы айналымы 2 миллион рубльді құраған, соның арқасында ол 1-ші разрядты жәрмеңке қатарына көтерілген. 1894 жылдан бастап жәрмеңкеде жыл сайын Ресей мемлекеттік банкінің бөлімі ашылатын болған. Қоянды жәрмеңкесінде қазақтар үшін мешіт салынған, ал христиандар, өз кезегінде шағын шіркеу тұрғызған. Сонымен қоса, соттың жеке ғимараты, басқа жақтан келген саудагерлерге арнап үйлер, трактир, моншалар мен шайханалар салынған. Сауда қатарларынан бөлек арнайы квартал салынған, ол жерде Мемлекеттік банктің уақытша бөлімшелері, пошта-телеграф кеңселері, Қарқаралы уезінің түгелге дерлік әкімшілік басқармасына, оның ішінде бітістіруші судьяға, мал және медицина дәрігерлеріне, полицейлерге арналған үйлер орналасқан. Дәл осы кварталда билердің төтенше съездері мен жер таластарын шешуге бағытталған құрылтайлар өткен. Егер ХІХ ғасырдың екінші жартысының басында жәрмеңкеде негізінен орыс және татар көпестері сауда-саттық жасап тұрса, ғасыр соңына қарай мал мен мал өнімдерін сатушы қазақ байларының саны өсе түскен. Айырбас сауда операциясына жергілікті бай қазақтар да белсене қатысқан. Осы жерден Қарқаралы көпесі Қалиолла Бекметьев, павлодарлық көпес Деров, семейлік көпес әйел Кәрімова және басқалары өз дүкендерін ашқан. Олар орыс саудагерлерінен қылшық жүнді шұға, сәтен, бөз, қытай маталарын, қазан, самауырлар, ауылшаруашылық бұйымдарын сатып алып, ауылдастарына қойға айырбастап отырған. Сол кездегі экзотикалық тауарлардан көпес Андрей Рязанцевтің тауарларын айтуға болады. Оның дүкеніндегі сөрелерде ағылшын шұғасы, бельгиялық шілтер, Ивановтан шыққан сиса, париждік әтір, шай сервиздері, түрлі ыдыс-аяқтар тұратын. Ұн мен бидай ұнынан пісірілген нан негізінен Семей облысының Лепсі мен Қапал уездерінен әкелінген. Мысалы, 1906 жылы Ақмола, Павлодардан 150 ат-арба ұн, ал Семей облысынан 668 ат-арба ұн әкелінген. Көптомдық «Киргизский край» («Қырғыз өлкесі») энциклопедиясында Қоянды жәрмеңкесі туралы былай делінген: 

«Ежегодно в указанное время Талдинская долина, безлюдная и молчаливая до того, оглашается шумом тысячеголосой толпы, представляющей из себя в буквальном смысле «смесь одежд и лиц, племен, наречий, состояний», кишит огромными табунами лошадей, верблюдов, баранов. Кругом шум, гам, беспрерывное движение, несмотря на изнуряющий зной и духоту июньского дня… В двух главных рядах, образующих собой длинную, широкую улицу, помещаются мануфактурные, чайные и проч. магазины, лавки со скобяным товаром, временные отделения транспортных контор и т.д. Тут же стоит небольшая часовня, в которой по праздникам совершается служба. В соседних с ними рядах помещаются ташкентцы со своими товарами (бязь, шелковые материи, ковры, сушеные фрукты и проч.), склад швейных машин Зингера, получающих за последнее время большое распространение в степи, магометанский молитвенный дом, кумысники, торговцы хлебом, торговые бани и проч.»

Қоянды жәрмеңкесі өз алдына бір мәдени орталық болған. Жәрмеңкеде әр жылдары қазақ әдебиетінің маңдай алды классиктерін, елдің болашақтағы мәдениет және өнер қайраткерлерін көруге болар еді. Қоянды жәрмеңкесін ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев, Сарыарқаның атақты Әсет, Ғаббас Айтбаев, Жәмшібай, Жаяу Мұса, Кемпірбай Бөгембайұлы, Күдерқожа Көшекұлы, Мәди Бәпиұлы Тезекбай, Шөже сынды ақындары өз көздерімен көрген. Болыс билеушісі әрі күйші Тәттімбет Қазанғапұлы, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Мұса Шорманов, ақын-композиторлар Біржан сал, Ақан сері, Майра Шамсутдинова, әншілер Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, өнер қайраткерлері, режиссер Жұмат Шанин, актер Қалибек Қуанышбаев және басқалары жәрмеңкеде бір емес, бірнеше рет болған екен. Тарихшылар дәл осы Қоянды жәрмеңкесінде 1923 жылдың маусымында палуан Қажымұқан қытай палуаны, Үндістан, Корея, Жапония мен Сингапур чемпионы Мао Дэн Фумен күрескен дейді. Бұл күресте жерлесіміз жеңімпаз атанған. Қоянды жәрмеңкесі туралы естеліктер Қалибек Қуанышбаев пен Шахмет Құсайыновтың «Шаншарлар» пьесасында, Алексей Брагиннің «Прадеды и правнуки» повестінде, ақын Павел Васильевтің шығармалары мен Николай Ановтың мемуарларында кездеседі. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жәрмеңкелік сауда-саттық төмендеп, Азамат соғысы жылдарында мүлдем тоқтап қалады. Тек НЭП (жаңа экономикалық саясат)  жылдары жекеменшік капиталдың жандануымен Қоянды жәрмеңкесі де қайта жаңғыра бастайды. 1923 жылдан бастап 5 жылдың ішінде жәрмеңке айналымы 5,35 миллион рубльге дейін өскен. Жәрмеңке бір мезгілде Ұлы даланың сауда-саттық әрі мәдени орталығына айналды. Радиодан Мәскеу мен Новосібірдегі оқиғалар туралы хабарламалар беріліп, Халық үйінде қазақша спектакльдер қойылып, ақындар айтысы өткізілген. 1925 жылы семейлік «Степная правда» газетінің редакциясы Қоянды жәрмеңкесінде «Ярмарочный вестник» хабаршысын шығарып тұрған. Онымен белгілі орыс жазушысы Николай Анов айналысқан. Хабаршы 100 дана тиражбен шығарылып, тез тарап кетіп отырған. Мыңдаған қазақ қауымын баспа бетінде басылған жаңалықтармен таныстыру үшін ақын Иса Байзақов жаңалықтар мазмұнын тыңдаушыларға өлеңмен жеткізіп отырған. Қоянды жәрмеңкесінде бүкіл Сарыарқаның тіршілігі шоғырланды. Кезінде онмыңдаған адам мен жүз мыңнан аса мал басын жинаған Қоянды жәрмеңкесін Совет билігі 1930 жылы жауып, дүкен мен дүңгіршектердің материалдарын жақын жерлерде тұрғызылып жатқан колхоздарға таратып берген. Қоянды жәрмеңкесінің 80 жылдық тарихы осылайша аяқталды.

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English