«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Алғашқы қазақ НКВД басшылары. ІІІ бөлім

2373 0
Алғашқы қазақ НКВД басшылары.  ІІІ бөлім
Ішкі істер халық комиссарлары сталиндік кезеңнің ең ықпалды тұлғаларының бірі болған

Әр кезеңдерде елдің бас чекисті креслосында Генрих Ягода, Николай Ежов, Лаврентий Берия және Сергей Кругловтар отырған. Көптеген автономиялар мен советтік республикалардағы қуғын-сүргін саясатын жүргізгендер тап осы адамдар. Бұдан Советтік Қазақстан да тыс қалмады. Ішкі істер халық комиссариаты қызмет етіп тұрған жылдары елде 13 нарком (халық комиссары) ауысты

Qazaqstan Tarihy порталы советтік Қазақстанның басты чекистері туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырады

Оқи отырыңыз: Алғашқы қазақ НКВД басшылары. ІІ бөлім
 

Лев Залин

1936 жылдың аяғында ССРО НКВД-сы «зиянкестікпен күрес» жүргізетін орган құру қажеттігін сезінді. Осылайша, 1937 жылдың қаңтарында отандық НКВД үшінші рет қайта құрылды. Жаңа ведомствоны тәжірибелі чекист, Германиядағы коммунистік ереуілдерді ұйымдастырушылардың бірі Лев Залин басқаруға келді. Қазақ ССР-нің болашақ халық комиссары Виленский губерниясының приказчигі Марк Залиннің еврей отбасында дүниеге келген. Азамат соғысына дейін ол Курскінің еврей жастары ұйымдарына мүше болып, әскери қызметтен қашып жүргені белгілі. Октябрь революциясы кезінде Залин мұғалім болып істеген, патшалық режим құлағаннан кейін Залин Курскінің еврейлер істері жөніндегі комиссариатының хатшысы болған. Ұқыптылығымен көзге түскен Залинді 1918 жылдың тамызында Мәскеуге іссапарға жіберіледі, бұл жерде қарашаға дейін Бауман аудандық комитетінің заң бөлімінде нұсқаушы болып істейді. Сол жылы Залин РКП (б) қатарына қабылданып, ЧК-ға жіберіледі. 1918 жылдың аяғында Залин партия тапсырмасымен Литваға жіберіледі, ол жерде партизан отрядтарын жасақтаумен айналысады. Литвада Залин ұзақ болмайды, 1919 жылдың басына дейін ғана болады, бірақ осы аз уақыт ішінде ол Ковенскідегі партияның астыртын комитетінің төрағасы, жергілікті газеттің редакторы болып қызмет етіп үлгереді. Неміс әскерлеріне тұтқын түсіп қалған оны неміс әскери тұтқындарына айырбастап алады. Тұтқыннан босағаннан кейін Залин Литва-Белорус ССР-нің Паневежис қаласының Төтенше комитетін басқарады. Оның биографиясының осы кезеңі, әртүрлі дерек бойынша, совет-литва соғысы кезінде 500-ден мыңға дейінгі адамның өлтірілуімен белгілі. 1919 жылғы шілде мен тамыз аралығында ол Литва-Белоруссия ССР-і Еңбек халық комиссарының орынбасары болып істеген. Оның Паневежистегі жұмысын басшылық жоғары бағалап, 1919 жылдың қыркүйегінде Л.Залин ВЧК Коллегиясының құрамына кіреді де, Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің 3 және 16 армияларының саяси бөлімінің интернационалдық бөлімшесін басқарып, интернационалистерге бақылау жүргізеді. Контрреволюционерлермен күрес деген ұранды желеу еткен 3 және 16 армиялар жергілікті тұрғындарды атуға белсене қатысады, тарихта бұл «Варшава шайқасы» («Варшавская битва») деген атпен белгілі.  Қызыл әскер жеңілгеннен кейін Залин қызметін алдымен ЖШҚА Ерекше бөлімдерінде, кейін – ВЧК-ның экономика басқармасында және шетел бөлімінде жұмысын жалғастырады1923 жылғы шілдеде Лев Залин Германияға аттанады. Бұл елде большевиктер қарулы көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлаған еді, алайда соңғы сәтте Германияның Коммунистік партиясыреволюцияға қатысудан бас тартып, көтеріліс жүзеге аспай қалады. Алайда, Залин бастаған топ жоспарға сәйкес, «Гамбург көтерілісін» бастайды. Төрт күннен кейін қалаға үкімет әскерлері кіріп, көтеріліс басылады, ал революционер қашуға мәжбүр болады. Келесі бірнеше жыл чекист ОГПУ қатарында қызмет етеді: ССРО ХКК жанындағы ОГПУ бастығының көмекшісі және орынбасары, ОГПУ өкілетті өкілдігінің Құпия-жедел басқармасының бастығы, Белоруссия әскери округы бойынша ОГПУ өкілетті өкілдігінің орынбасары, Белоруссия ГПУ төрағасының орынбасары. Белоруссиядағы жұмысы кезінде Л.Залин күштеп ұжымдастыру саясатын өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды. ХХ ғасырдың 30-шы жылдардың басында Лев Залин өңір бойынша ОГПУ төрағасының орынбасары ретінде Орта Азияға келеді. 1934 жылдың шілдесінен тамызына дейін ол Қырғызстан, Түркменстан мен Өзбекстанда жаппай репрессиялар ұйымдастырған. Дәл осы Залиннің қолымен совет үкіметі көшпенді халықтарды отырықшылыққа ауыстыру саясатын жүргізді. Бір кездері Қазақстанда хатшы болып істеген ССРО Халық комиссары Николай Ежов Лев Залиннің «табыстарын» ескеріп, оны Қазақстанға екінші рангілі мемлекеттік қауіпсіздігі комиссары шенін беріп, Қазақстанға ауыстырады. 1935 жылдың қаңтарында Л.Залин Қазақстанға Қазақ АССР Ішкі істер халық комиссариаты басқармасына басшы болып келеді. Бұл лауазымды ол тура екі жыл, 1937 жылдың қаңтарына дейін атқарады, осыдан соң оны республика ішкі істер халық комиссары қылып тағайындайды. ҚазССР Ішкі істер халық комиссариатын басқарған кезі Үлкен террорға тура келіп, соны іске асыруға тікелей қатысады. 1938 жылдың қаңтарында Л.Залин Мәскеуге іссапарға жіберіледі, сол жылдың наурызында оны ССРО Ішкі істер халық комиссариатының 1-ші басқармасының 9-шы бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Жұмысын дұрыс атқара алмады деген себеппен 1938 жылдың маусымында ол Ішкі істер халық комиссариаты қатарынан босатылады. Бір жарым жылдан кейін, 1940 жылдың 22 қаңтарында, тыңшылық жүргізді және терактілер дайындады деген айыппен ату жазасына кесіледі. Үкім сол күні жүзеге асырылады. 

Станислав Реденс

Қазақ ССР НКВД-сының келесі басшысы Сталиннің бажасы, сол кездегі жеті I рангілі мемлекеттік қауіпсіздік комиссарының бірі Станислав Реденс болды. Болашақ чекист етікшінің отбасында 1892 жылы мамырда Ломжинск губерниясының Мазовецк қаласында өмірге келген.  Әкесінен ерте айырылған Станислав 14 жасында Днепровтағы металлургия зауытына жұмысқа барады. 1914 жылы РСДРП қатарына өтеді, сол жылы әскер қатарына шақырылып, денсаулығына байланысты бір жылдан кейін әскерден босатылады. Билік басына большевиктер келгенге дейін С.Реденс Каменсктегі РСДРП (б) комитетінің хатшысы болғаны, Днепров зауыты металшылары одағының хатшысы, Польша мен Литваның социал-демократиялық партиясының поляк тобының хатшысы, сонымен қоса Екатеринослав қаласының солдат депутаттарының гарнизондық кеңесінің делегаты болғаны белгілі. 1918 жылы ол ВЧК құрылымына келеді. Бастапқы кезде ол қарапайым тергеуші болып қызмет етеді, көп уақыт өтпей ВЧК төрағасы Феликс Дзержинскийдің көзіне түседі. «Темір Феликспен» таныстығы ол үшін барлық есіктерді ашады: ол ВЧК-ның орталық аппаратына алынады, Президиум хатшысы болады, көп өтпей Дзержинскийдің хатшысы болады. Дзержинскийге келісуге жолданған барлық қағаздар алдымен оның хатшысының қолынан өтетін, бұл жас чекистің сол кездің өзінде-ақ біршама билікке ие болғандығын көрсетсе керек. 1919 – 1924 жылдары С.Реденс Одесса, Киев, Харьков пен Қырым Төтенше комиссияларында басшылық лауазымдарды атқарған. Аз уақыт Қара теңіз Теңіз күштері ОГПУ-дің Ерекше бөлімін басқарған. Харьковте ол Степан Саенкомен, Қырымда – Розалия Землячка мен Бела Куннің бағыныштыларымен бірге жұмыс істеген. 1926 жылы ол РСФСР Ауыл шаруашылығы Жоғары Кеңесінде қайтадан Ф.Дзержинскийдің хатшысы әрі көмекшісі болып келеді. Бастығы өлгеннен кейін С.Реденс Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссариатына ауыстырылады. 1928 жылғы 10 қарашада ол ОГПУ-дің ЗСФСР бойынша уәкілетті өкілі және Закавказье ГПУ-нің төрағасы болады. Закавказьеден кейін Реденс алдымен Белоруссияда, кейін Украинада ОГПУ уәкілетті өкілі және ГПУ төрағасы болады. Оның Украинадағы жұмысы «кулактарды тәркілеуімен» есте қалады, сол кезде екі мыңнан астам колхозны репрессияға ұшыраған. 20 ақпанда Реденс Мәскеу облысының ОГПУ уәкілетті өкілі лауазымына келеді. Оның бұл кездегі жұмысы Н. Хрущевтің «Воспоминания. Избранные фрагменты» кітабында былай келтірілген: 

«Раньше я слышал, что некогда заместителем наркома внутренних дел Грузии был у Берии Реденс (в действительности он был полпредом ОГПУ по ЗСФСР, председателем Закавказского ГПУ. — прим. ав.). Реденса хорошо знали старые кадры. Я неоднократно с ним встречался, когда он работал уполномоченным НКВД по Московской области. Кроме того, часто встречался с ним в домашней обстановке, на семейных обедах у Сталина, поскольку Реденс был женат на Анне Сергеевне, сестре Надежды Сергеевны Аллилуевой. Так что Берия предпринял, чтобы выдворить Реденса из сталинской семьи? Сначала он задался целью вышибить Реденса из Грузии, потому что не хотел, чтобы у Сталина имелись оттуда информаторы помимо него, Берии. И он поручил своим людям заманить Реденса в какой–нибудь кабачок. Они использовали его слабость в смысле вредной привычки, напоили, потом вывели и бросили на улице в сточную канаву. Мимо ехала милиция и увидела, что Реденс валяется в таком виде, доложила по инстанции. И дело поехало! Поставили вопрос перед Сталиным, что Реденс дискредитирует себя. Так Реденс, отозванный из Грузии, попал в Московскую область. Потом Реденса убрали из Кремля, где он бывал, и вообще устранили».

1934 жылдың шілдесінде С.Реденс Мәскеу облысының Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының басшысы болып тағайындалады. 1938 жылдың 20 қаңтарында Мәскеу облысының Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының басшысы лауазымынан алынып, Қазақстанға жіберіледі. С.Реденс 1937-1938 жылғы террор басшыларының бірі болып саналады. Қазақстанда ол Залин бастаған республиканың басшылық құрамын тұтқындауды аяқтайды. Сталинмен қанша жерден туыс болса да, бұл оны тұтқындалудан құтқара алмады. 1938 жылғы 22 қарашада Реденс тұтқындалады. Оған поляк барлауының пайдасына тыңшылық жасады, совет азаматтарын негісіз тұтқындады, партия кадрларын жойды, азаптаулар қолданды және т.б. айыптар тағылды. Оның ісін Лаврентий Берияның өзі бақылауда ұстайды. Сотта Станислав Реденс жаппай репрессиялар бойынша кінәсін мойындайды, алайдав тыңшылық туралы айыптан үзілді-кесілді бас тартады. Станислав Реденс 1940 жылдың 12 ақпанында атылады.

Реденстен кейін Семен Бурдаков, Алексей Бабкин (екі рет) және Николай Богдановтар халық комиссарлары болады. Бурдаков қазақстандық интеллектуалдық элитаны жоюымен есте қалды. Оның үстіне ол НКВД құрбаны болудан аман қалған Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының алғашқы халық комиссары.

Алексей Бабкин отандық НКВД-ны екі рет басқарған: 1940 жылдың тамызынан 1941 жылдың ақпанына дейін, одан соң 1941 жылдың шілдесінен 1943 жылға дейін. 1941 жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында НКВД аз уақытқа Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатымен біріктірілген, оны Федор Харитонов басқарған. 1943 жылдың сәуірінде НКГБ қайтадан өз алдына жеке наркомат болып бөлініп шығарылады, ал А. Бабкин оның наркомы болады. 1943-1946 жылдары НКВД соңғы наркомы болған Николай Богданов генерал-лейтенант шеніне дейін өседі, Мәскеу және Ленинград облыстары басқармасының бастығы болады, кейін РСФСР ішкі істер министрінің орынбасары болады. Әрине, барлық наркомдардың қызметін қаралауға болмас. Олардың көпшілігінің шешімі ХХ ғасырдағы 30-шы жылдардағы саяси жағдайға тәуелді болды. Олар қателіктер жасады, адасты, тіпті сатқындыққа барды, бұл сол кездегі ССРО чекистерінің бәріне тән болды. Олар қатаң кезде тәрбиеленді, қатаң тәртіп, террор жағдайында қызмет етті, елді басқарудың орталықтандырылған жүйесін құруға көмектесті, ақырында өздері соның құрбаны болды. Үлкен террор жылдары Қазақстан НКВД-сының Николай Бурдаковқа дейінгі барлық басшылар атылып кетті. Ә.Айтиев тергеу амалдары басталғанға дейін қайтыс болды, С.Есқараев, М.Орымбаев пен М.Мырзағалиев 1938 жылы атылды. Сол жылдың 13 қазанында Қарақалпақ АССР үкіметінің басшысы Қасым Әуезов атылды. Лев Залин мен Станислав Реденс 1940 жылы атылды. Зәкәрия Мүкеев ату жазасына кесілген жоқ, бірақ сегіз жылға сотталды. Ісінің тоқтатылғанына қарамастан, ол бостандыққа шығарылмады. Сол күйі тұтқында 1942 жылдың наурызында қайтыс болады. Қазақстан НКВД-сының репрессияға ұшыраған жеті наркомының алтауы ақталған. Есқараев, Орымбаев, Мырзағалиев, Мүкеевпен бірге Реденс те ақталған. Реденстің ақталуына Никита Хрущевтің өзі араласқан. Қанша жерден ақталғанымен олардан ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жасаған қылмыстары үшін жауапкершілікті алуға болмайды. 1946 жылы соғыстағы жеңіспен шабыттанған И.Сталин ССРО-ның бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құруға кіріседі. 1946 жылғы 14 наурыздағы БКП (б) Пленумында сөйлеген сөзінде Сталин былай түсінік береді: «Народный комиссар или вообще комиссар отражает период неустоявшегося строя, период гражданской войны, период революционной ломки и прочее, и прочее. Этот период прошел... Коль скоро наш общественный строй вошел в быт и стал плотью и кровью, уместно перейти от названия «народный комиссар» к названию «министр». Қайтадан тағайындалған министрлерді біраз уақытқа дейін нарком деп атап жүрсе де, халық комиссариаттары тарих қойнауына кетті.

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English