«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

СҚО-да археологтар тарихи жаңалық ашты

922 0
СҚО-да археологтар тарихи жаңалық ашты
Бұл жайында Солтүсік Қазақстан облысы әкiмi Құмар Ақсақалов Instagram желiсiндегi парақшасында жазды.

«Археология әлемiнен тарихи жаңалық жеттi. Уәлиханов ауданында археологтар XIV ғасырдағы 7 кесененiң үйiндiлерiн тауып алды. Ғалымдардың болжауынша, Алтын Орда дәуiрiнiң мазарлары Жошы хан әулетiнiң өкiлдерiне тиесiлi. Алтын әшекей бұйымдары, кiрпiштi күйдiру пештерi мен шеберханалар, арықтар мен керамикалық ыдыстардың қалдықтары да табылды. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында бұл оқиға рухани және мәдени маңызға ие», — деп жазды Құмар Ақсақалов.

Бұл жаңалық белгiлi ғалым, академик Әлкей Марғұланның елiмiздiң солтүстiгiнде ортағасырлық қала мәдениетiнiң бар екенi туралы гипотезасын дәлелдеп отыр.

Өңiр басшысының айтуынша, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен «Margulan centre» орталығының археологиялық экспедициясы еліміздің ортағасырлық тарихын зерттеуге өлшеусіз үлес қосты. Бұл жаңалықты әлемдік ғылымда танымал тұлға, елімізге белгілі археолог,  «Үржар ханшайымы» артефактісін ашқан Тимур Смағұлов бастаған бір топ ғалымдар жасады.  

Қысқаша айта кетер болсақ, 2019 жылдың 24 тамызында өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар жұмыс жасалу керектігін атап өткен еді.

«Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек», - деді Мемлекет басшысы.  

Оның айтуынша, Ұлытау - қазақ халқының алтын бесігі. «Халық осы қасиетті жерде сайланған хандарды ақ киізге көтерді. Сондықтан біз үшін Ұлытау қазақ жерінің орталығы болып саналады. «Ұлытау» ұлттық қорық-музейі халық игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында қазақ хандарының аллеясы ашылды. Сондықтан қазір біз шетелдіктерді халқымыздың баға жетпес бай мұрасымен таныстыруға көмектесетін жаңа жолдар ойлап табуымыз керек», - деп толықтырды Қазақстан Президенті.

Президент  Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуды ұсынды. Оның айтуынша, Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.

Сондай-ақ Алтын орданың 750 жылдығы туризмді дамыту тұрғысынан тойланатыны туралы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанда мәлім еткен болатын.

«Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс. Алтын орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек», - деді Президент.

Фотосуреттер Құмар Ақсақалов Instagram желiсiнен алынды

Оқи отырыңыз: Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтеміз бе?

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English