«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Бір уақытта екі өмір сүрген Бексейіт

108 0
Бір уақытта екі өмір сүрген Бексейіт

Ұлттық тарихтан, үрдістен мағынасының молдығын сұрыптап шығаратын азамат – Бексейіт Түлкиев. Мұстафа Өзтүріктен тәлім алған дарын иесі таэквондо спортының шыңына шықса да, өмірінің көп бөлігін өнерге арнаған.

Білегі мығым, жүрегі нәзік Бексейіт Түлкиев жарық дүниеде аз ғана ғұмыр кешті. 1955 жылы бұрыңғы Шымкент облысы Төле би ауданы Қарқасу ауылында дүниеге келген. Өзінің қатарластары арасында ешқандай ерекшелігімен көзге түспеген Бексейіттің  қолына қарындаш пен қағаздың бір бөлігі қолына түскенде жеке, өз әлеміне кететін.

Суретшінің ағасы, белгілі әдебиеттанушы – ғалым Қансейіт Әбдезұлы өз естеліктерінде інісі жайлы былай деп сыр шертеді: «Бексейіт бала күнінен майлы бояу мен қылқаламға әуес болып өсті. Мектепте оқып жүрген кезінде 37-нің зобаланында атылған арыстарымыздың портретін үнемі салып отыратын. Олардың Алаш үшін аяулы болғандығын жаста болса балалық түйсігімен түсінетін. Соларды қадір тұтатын, қастерлейтін. Кейін сол еңбегі «Ұлы көш» туындысына отырғанда еш кеткен жоқ».

Достары көше кезіп, асық ойнағанда Бексейіт керісінше көзіне түскеннің барлығын қағаз бетіне суреттеп түсіретін. Ол ағаштың бұтағын, өзеннің толқуын, кең даланы суреттегенді ұнататын.

«Шынайы суретші әлемнің сұлулығы мен әрбір болып жатқан құбылысын сезінеді. Ол айналасындағы өмірді губка сияқты сіңіреді. Суретші кейде ашуланғыш, қуанышты, өмірді сүйетін, құбылмалы болады. Ал кейде ұзақ үнсіздіктен кейін жарылады. Міне сонда таңғажайып суреттер пайда болады», – деп Бексейіт Түлкиев есейген шағында өзінің ой толғауынан шығармашылық туралы сөздерді айтқан екен

Дәл осындай «жарылысты» Бексейіт Түлкиев бала кезінде «Көкпар» атты картинасымен конкурсқа қатысып, жүлделі болған кезінде сезінген. Ол туралы профессионал суретшілердің өздері айта бастады. Б.Түлкиев бұдан шабыт алды.

Кейіннен Бексейіт бұл таңғажайып өнерді жалғастырғысы келіп, 1972 жылы Шымкенттегі өнер студиясына түсті. Ал әскерден соң, 1976 жылы Әсем қала Алматы да Ә.Қастеев атындағы өнер мектебіне түседі. Оның студенттік жұмыстарының таңғажайып екенін байқаған оқытушылар оны Мәскеудегі Строгановка – Жоғарғы өнер және өнеркәсіптік училищесіне жібереді. Мәскеуде Бексейітке өнердің жаңа әлемі ашыла бастады. Батыс мәдениеті мен халықтар туралы түрлі мәліметтер алған сайын, өзі туған Ұлы даланың дауысы көкейінде қатты естіле бастады.

1981 жылы елге оралған Бексейіт Алматы театр және өнер институтында мұғалім болып қызмет атқарады. Мәскеуде білім алып келген Бексейіт туралы оның суретші достары былай деп еске алады:

«Бексейіт жас мұғалім. Өзінен бірнеше жас үлкен студенттердің арасына келді.  Мектептен соң бірден жоғарғы оқу орнына түсу өте қиын болды. Бірақ Бексейіттің қолынан бұл іс келді. Оған студенттер іштарлық, сенімсіздікпен қарайтын. Әрине, барлығы өздерін қалыптасқан суретші санайтын. Бексейіттің бірден келіп, 3 курс студенттеріне сабақ беруі олардың көңілінен шықпайтын. Есімде қалғаны, жарты жыл жүріп салатын студенттің картинасын 3 сағатта бітірген кезде барлығының аузы ашылып қалған еді», – деп еске алады суретші Евгения Казырева.

Әсілі сурет деген – сұлу әрі нәзік өнердің түрін таңдаған Бексейіт, спорттыңда сұлу түрін таңдаған екен.  Бұл спортпен Мәскеудегі оқу кезінде айналыса бастаған екен. Таэквондодан 6 дан (қара белбеу) иегері. 1992 жылы Таэквондодан республикалық федерацияның президенті болып тағайындалған.  Әйтседе, кербез спорт сұңғыла суретшінің өмірін сақтап қала алмады. Себебі 1998 жылы сәуір айының 15 күні автотұрақта 5 қылмысқер шабуыл жасайды. Бексейіт соңына дейін күреседі. Өкінішке орай, 5 адамның айласын асыра алмады. Небәрі 43 жасында қайтыс болды.

Қаралы күннің ертесіне қалада тыныштық үні жайлады. Бексейітті ақтық сапарға шығарып салу үшін Ә.Қастеев атындағы музейге түрлі саладағы адамдар ағылды. Әттеген-айы өлімінің нақты себебін таппай, сот істі жабық деп жариялады.

Бексейіт Түлкиев өмірден өткеннен кейін бес жыл өткен соң, 2003 жылдың 15 ақпанында, Алматыда көрмелер мен аукциондар дирекциясында оның рухына бағыштап туындылар экспозициясы ашылды. Ұйымдастырушылар 70-тен астам жұмысты жинады: кенепке майлы бояумен салынған суреттері, қарындашпен, көмірмен және сангинамен салынған суреттер, көптеген этюдтар, аяқталған әрі аяқталмаған көріністер - көрмелер мен аукциондар дирекциясының қызметкерлері жеке коллекциялардан, музейлерден, суретшінің туыстары мен достарынан жинаған жұмыстар осылар болды.

Көрермендер суретшінің туындыларын тамашалай отырып, оның ішкі дүниесін сезіне білді деуге болады. Оның суреттері уақыт өтсе де, әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Бексейіт Түлкиев өмірден өткеннен кейін оның көптеген аяқталмаған жұмыстары сақталды. Олардан түрлі композицияларды, адамдардың түрлерін көруге болады, олар кезінде салынып, кейін үстінен боялғанға ұқсайды. Бейсейіт аталған жұмыстарын кейінге қалдырып, өзінің аяқталмаған суреттерін кешірек қайта қолға аламын деп ойлаған болуы керек. Ол ізденіс үстінде болған, өз жұмысына нүкте қоюды ойламаған. Бұл өмірден кету де жоспарында болмаған секілді.

Оның «3амандастар», «Әке», «Ата-баба жері», «Суретшінің түсі» (1983), «Әже», «Әкені майданға шығарып салу», «Түсіру алаңы» (1984) секілді т.б. кескіндемелік туындылары танымал.  Кескіндеме өнерінің шебері 89 тарихи тұлғаның басын қосып салған әйгілі «Ұлы көш» картинасын салды. Сурет Алматыдағы Президент Резиденциясында сақтаулы тұр.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English