«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шиямбының жоқтауы

1974 0
Шиямбының жоқтауы
Болыс Ботабайдың ұлы Шиямбыны жоқтауда заман көріністері мен тарихи тұлғалар есімі және әке еңбегі сараланып, көркем тілмен жырланады

Қазақ халқына тән ғұрыптық фольклордың ең тамаша үлгілері – жоқтаулар. Қай заманда қай жерде болсын, дүниеден озған жанды қастерлеп шығарып салу, ақырғы сапарға бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – тірілер алдындағы ұлы міндет. «Қайғыны бөліссең, азаяр, қуанышты бөліссең, көбейер» деген халық тұжырымынан туған өлім үстінде өкпе-назды ұмыту, қайғылы үйге салмақ түсірмей кәде-міндеттерін бөлісіп әкету, азаға жиналған халықты күту кезінде даурықпай, дабырламай қабақпен ұғысу тәрізді ізгілікке, қайырым, мейірімге тәрбиелейтін дала мәдениеті қалыптастырған ұлттық құндылықтар осы күнге дейін жалғасып келеді.

ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғаларды жоқтау үлгілері біршама сақталған, шығыс өңірде ақын, жыршы Әрімжан Жанұзақұлы шығарған «Жәжең жыры» бәрімізге белгілі, дәл осындай үлгіде, ұқсастығы да көп, айырмашылығы да бар «Шиямбының жоқтауы» қолымызға түсіп отыр.

Бұл жоқтау тарихи тұлға, Ботабай болыстың 1917 жылы қайтыс болған ұлы Шиямбы (шын есімі Құсайын) арналғанымен, шығыс өңірде өмір сүріп, ел басқарған тарихи тұлғалар жайлы айтылуымен құнды, мұнда әсіресе аға сұлтан Бұтабай Жондыұлының орнына Ресей патшалығының астанасына барып, Александр ІІ кездесіп қайтқан дала шонжары Ботабай Сегізбайұлының абырой-беделі өз дәуірінде биік болғаны айқындалады.

Болыс Ботабайдың ұлы Шиямбыны жоқтауда заман көріністері мен тарихи тұлғалар есімі және әке еңбегі сараланып, көркем тілмен жырланады. Тарихи жоқтауды Қытайдың Шыңжаң Республикасында тұратын Сара Шиямбықызының ұсынуымен оқырман қауымға алғаш рет жарияланып отыр.  

 

Шиямбының жоқтауы

Ағузубилла, бисмилла,

Жаралған сөздің қанасы.

Жан жаратқан хақ Алла,

Ғаламның жалғыз панасы.

Хәзіреті адам нәсілі,

Пенденің арғы бабасы.

Жүз жиырма мың ән бие,

Адамның асыл сарасы.

Төрт кітап алған төртеуі,

Ғаламға жеткен саясы.

Саруар Хәзірет Мұстафа 

Аллаға жақын арасы.

Абайлап бас, ажалға,

Пенденің жетпес шамасы.

Аямаған ашты өлім,

Жүректен кетпес жарасы.

Кеше де жүрген жас әкем,

Айымның туған жаңасы.

Жасынан білгіш данышпан,

Артық еді бағасы.

Сіз өлгенде кейіді,

Жақсылықтың баласы.

Пенде де тоқтау болар ма,

Алланың келсе қазасы.

 

Ащы өлім азап бір салар,

Жан біткеннің бәріне.

Хан мен қара, бай, пақыр,

Бала мен жас, кәріңе.

Құдасына барам деп,

Рыздық тартпай дәміне.

Айналып жатып ауырып,

Шәуешектің шәрінде.

Қайтпас қаза жолығып,

Жұпардан нәзік тәніне.

 

Барамын деп үйден шығып ең,

Сегізінші алманға.

Кәпір-қазақ ұлығы,

Бәрі түгел барғанға.

Ғұмырың қысқа болған соң,

Сенбеңіз пәни жалғанға.

Қырықта қайтып дүниеден,

Жетпедің әкем арманға.

Кемелге толмай қайран жас,

Уақытсыз дүние салғанға.

Сау кетіп үйден, сүйек кеп,

Қарай көр қырсық шалғанға.

Түн қатып шықтық алдынан,

Қарамай иен мал-жанға.

 

Түн қатып жүрдік алдыңнан,

Жетеміз деп іңірден.

Әлі тірі шығар деп,

Жоқ еді көңіл түңілген.

Жұмажан, Жақып келед деп,

Өкіріп Күңбас жүгірген.

Жақып зәңгі шауып кеп,

Көзінің жасы төгілген.

Түнде келген Әлібай,

Жүрісі кетпес көңілден.

Мәсәлім, Оспан, Сығайлар,

Ере келіп егілген.

Жақсылық түгел кейіді,

Бір жерің жоқ кеміген.

 

Бұтаекемнің1 тұсында,

Талай ер туды хандардай.

Ақылдың асқан данасы,

Дариядан шыққан аңғардай.

Байжігітті бастаған,

Жарығы көп шамдалдай.

Сүлеймен, Шолақ, Отыншы,

Сөзіне найман нанғандай.

Омырауға тізілсін,

Аққан жасым маржандай.

 

Сайболатта Ботаекем2

Жедел шыққан Қайрақбай.

Жұмықтан озған Бұтабай,

Мырзахан болыс саңлақты-ай.

Шаянбай, Кенже тең шыққан,

Байжігіт сүті қаймақтай.

Шідері асқан байлыққа,

Бір ыңғайлы аймақтай.

Қарайып күйіп көмір боп,

Қатайын жалғыз қармақтай.

 

Құрманқажы, Еңсе атам,

Кімдер келген шағына.

Балаларын мінгізген,

Өзді-өзінің тағына.

Қонжа-екеңнің3 жан жетпес

Жүрегінің ағына.

 

Қытайға келдің бір мың үй,

Болған соң жердің тарлығы.

Түзу бастап келтірген,

Бабам да қыдыр барлығы.

Үкірдай мен ілгідай,

Мирас боп қалған хандығы.

Тінжан, Шолтық, Оспанның,

Қақ жарған қылды жарлығы.

Құлыншақ, Еңсе, Қасеннің,

Белгілі жұртқа нарлығы.

Жақсыбай, Еспай арда өскен,

Сөзінің болмай шамдығы.

Мазақбай, Шәкең, Жиренше,

Болмаған жұртқа паңдығы.

Ілгідай болған Әлібек,

Көрінген жұртқа маңызды.

 

Ақыш, Қоңыр, Зейнолла,

Жұмыққа қорған, елге бас.

Қыдырмолда, Нұғыман,

Заманы бір тұрғылас.

Әбділдәбек, Ыдырыс,

Қызайбай қажы замандас.

Нұреке мен Атабай,

Сүйікті құда бір қимас.

Еліне жаққан жақсылар,

Жақын мен жатқа қылмай қас.

Төлеусіз кеткен ақсұңқар,

Қайырылып бізге айналмас.

Тұрғысына туыстасы,

Заманында даң құрдас.

Уағында шыққан жақсылар,

Тоқтасын, Қали жан жолдас,

Емілбай зәңгі, Тұрдыбай,

Заманы бір құрбылас.

Жасынан атқа бір мінген,

Мәсәлім, Оспан шын мұңдас.

Туыстарың келгенде,

Өгейсір орның, қайран жас.

Ойласам сізді жақсы әкем,

Бара-бар у мен ішкен ас.

 

Қызыл қыршын жас кендір,

Мінезің жердей сабырлы.

Үш Байжігіт ішінде,

Абыройлы, қадірлі.

Айтқаны жерде қалмаған,

Ардақты әкем әмірлі.

Ойлаған пенде бір аяр,

Жұртқа керек тәуір-ді.

Ауызына сусын бермедік,

Сапарда жүріп ауырды.

Ағайынға тапсырдық,

Иесіз қалған ауылды.

Алла сақтап аман қыл,

Берекелі қауымды.

Зарланып жылап отырмын,

Құлатып жалғыз тауымды.

Ғайыпта болдың, ақ тұйғын,

Үзіпті бір жібек бауымды.

 

Алысқа барса атақты,

Ақ ниет асыл зерегім.

Өнерден бұлақ өрбіткен,

Миуалы жалғыз терегім.

Табыңдағы тапқышқа,

Ақылға серік бірлікке.

Құрбыдан асқан бөлегім,

Ойласам у мен бара-бар.

Ауызыма алған жүрегім,

Алшақтап аяулы өскенім.

Жалғыз да сіздің себебің,

Ауызыңа сусын, жастық сап,

Жас әкем, қош бол демедім.

 

Топырағы, сұрағы,

Жеңіл болсын асылдың.

Дариядай тасыған талабы,

Толқындай барып басылдың.

Тұғырдан ұштың, ақ иық,

Кермеден тұлпар қашырдым.

Орныңда жанған шырақ жоқ,

Сәулемді, тағдыр жасырдың.

 

Күшті қуат құдірет

Әміріне көндірді.

Жүрекке жаққан қайғы отын,

Қалайша қып сөндірді.

Қыршын күйде қиып тұр,

Қырмызы жібек кендірді.

Құдықтай құрғақ қылып тұр,

Қайнардан аққан мөлдірді.

Тайында отпен жарысып,

Байгеден Алла келтірді.

Иесіз иен ордаңда,

Екі-үш балаң телмірді.

 

Амалым жоқ тағдырға,

Қуаты күшті құдірет.

Жұмықтың елін сүйінте,

Неше жыл қылдың қызмет.

Қаһарлы ханның уәзіріндей,

Тараған сізден ғәділет.

Оқылсын құран артыңда,

Қайырлы Алла, қабыл ет.

Шапағаттан тастама,

Нұрмұхаммед хәзірет.

Асыл зат әкем қызыл гүл,

Мақсұтыңа барып жет.

Ажалдан қиын нарсе жоқ,

Тірі күйік қасірет.

 

Сиынып зікір қасірет,

Жаратқан жалғыз иені.

Бабамыз біздің Байжігіт,

Байыстың басқы жиені.

Он болыс болған ұрпағы,

Затыңа жауған нұр еді.

Бабасы Тоқтар хәзірет,

Әулеті қожа пір еді.

Үш Байжігіт ішінде,

Халыққа мәлім сыр еді.

Арманда ғазыз жас манап,

Жайнаған қызыл гүл еді.

Тұлпардан туған жорға кер,

Бақидан көңіл тіледі.

 

Көз тартар келбет бар еді,

Бидай өңді нұрында.

Қайтпас болат белгісі,

Қажымас мықты сырында.

Қырмызы жібек қиылып,

Қырықтың қыршын жылында.

Артылар құрбың жоқ еді,

Қазақтың қатар ұлында.

Аққудай жүзген жас әкем,

Дәулеттің дария суында.

Құрбысы келсе жиылып,

Қайғысы түсер буынға.

Төре де құрбың Тұрысбек,

Көгедай ханның тұсында.

 

Тоғжанменен жарасқан,

Таза ниет бірлігің.

Қаяусыз Болат шын асыл,

Данышпан Дегдар жүйрігім.

Анық белгі қалмады,

Қанат–шалғы құйрығың.

Лажы барма Аллаға,

Бұзуға шарт бұйрығын.

Арманда кеттің, дариға-ай,

Қалмады белгі кіндігің.

Үкірдайға аманат,

Иесіз қалған түндігің.

 

Шәй үкірдай, Жалбағай,

Әлімғазы, Қанағат.

Құрметті болған құдалар,

Жақсыға сөзім аманат.

Құлаққа суық қатты сөз,

Дүниеден қайтқан жаман ат.

Ең ашты өлім, шын қаза,

Ұрпақсыз кеткен азамат.

Алдыңда аға, інің жоқ,

Балаң жоқ қалған қолғанат.

 

Асылдан туып артылып,

Бақ-дәулеті өрледі.

Ат жалын тартып мінген соң,

Алысқа қолын сермеді.

Толымды заттың нәсілі,

Тұяқсыз қалар ер ме еді.

Жамағаты оң жақта,

Өз үйіне келмеді.

Бұдан ашты қайғы жоқ,

Артынан қозы ермеді.

Сапарда қылып жан тәсілім,

Жолдасын әкем көрмеді.

Жолдастығы ниеті,

Анық достай белгі еді.

Құсылима, Зияда,

Осылардан кем бе еді.

Жансыз тәнді бір көріп,

Жан жолдасы шөлдеді.

Амал барма Аллаға,

Осы арман бізге жөн бе еді?

Азғана шерді тарқатып,

Арманда тілім сөйледі.

 

Шілде түспей суалды,

Қайнардан асқан бастауым.

Санаулы күндер жан қиып,

Өлшеулі күннен аспады.

Хақ Расул Алла бастаған,

Төрт шаһар жар асқабын.

Аждаһадай ашты өлім,

Зәріңді кімге шашпадың?

 

Осы күні біздерге,

Заман ақыр болып тұр.

Жарық дүние қараңғы,

Байшешегім солып тұр.

Жаратқан Алла жарылқап,

Қабырыңа жаусын нұр.

Артыңда қалып арманда,

Жас әкем сізге, айттым жыр.

Ақ еділ, Жайық, жампозым,

Жүрегімнен кетпес кір.

Жаның болсын сәлемет,

Иманың жолдас болып нұр.

 

Ол жақтағы манаптар,

Күшекемнің4 қатары.

Жантүкеш, Кенже, Мәненбай,

Жұмықтың ыңғай сарбазы.

Осындай ғазиз ерлердің,

Шолпандай туып батары.

Не татуды айырған,

Ажалдың қиын шатағы.

Қырық жаснда қызыл гүл,

Ажалдан шарбат татары.

 

Түсінік:

1 Бұтаекем деп отырғаны – аға сұлтан Бұтабай Жондыұлы (1825-1895).

2 Ботаекем – Ботабай болыс Сегізбайұлы.

3 Қонжа-екең деп отырғаны – Қонжа ілгәдай.

4 Күш-екем – Күшікбай. Еңсе қажының әкесі.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English