«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Желмен жарысқан жүйрік

13526 0
Желмен жарысқан жүйрік
Алматының орталық ипподромында болған 12 шақырымдық бәйге бойынша (1970) Шығыс Қазақстанның атынан Бұланқара жарыс жолына шығады

Бойы ұзын, тұлғасы ерек тұлпарды алғаш байқап жаттықтырған Үлкен Нарын ауданындағы санаулы тәжірибелі ат жаттықтырушыларының бірі Тұрған Қыстаубаев болыпты. Бұланқара жай жүйрік емес, бойының ұзындығы бір басқа, бауырын ұзаққа созатын айрықша қадамдары мен жеңіл жүрісі ұзақ жолдарға ыңғайлы жылқы болды. Ал табиғат ана сыртқы келбетін адам қызығарлықтай етіп сұлу жаратқан.

Бошайдың Бұланқарасы аттар мәреден шығып дүркірей жөнелгенде алғашқы үздік шоғырдың ішінен көрінбейді. Бәйгенің орта тұсына келгенде ол алдыңғы толқынды тықсырған кейінгі топта мерзімді уақытта орталап барып қара көрсете бастайды. А дегенде шыға салып, алға түскен ұшқыр жүйріктердің кейі қара үзіп алға түссе, кейі тобынан кейіндеп, келесі шоғырдың басында қалып келеді. Енді бәйге ортасынан асып қыза түскен шақта Бұланқара алысқа сермейтін ерекше шабысымен айналымдарда үдете түседі. Осылай ол өз тобынан жылыстап жөнеле береді. Бұл сәтте Бұланқара ешкімді маңайлатпайды. Шабысы тұрқына сай ма, дене-бітімі шабысына үйлескен бе – әйтеуір бір ғажап құбылыс оны хас тұлпар етіп сомдап құйғанға ұқсайды. Ілияс Жансүгіровтің Құлагерді сипаттағанындай: «Сүйегі жануардың жылқыдан жат».

Алматы ипподромынан кейін тура бір жылдан соң, Абайдың 125 жылдық мерейтойында Құланқараға қайран қалған Ғабең очеркінде Бұланқараға былай сүйсінеді: «Он алты километрлік бәйгеде Бұланқара екінші болып құйрық тістесе келді. Отырған жұрт ду ете түсті:

– Озып келген көлденең қосылған ат! Көлденең қосылған  ат! – десті. Ертеңіне «көлденеңінен қосылған ат екеу екен. «Бұланқара соның біреуін басып озып, енді біреуінен құйрық тістесіп қалып еді» деген лақап тарады. Тексере қалған адам болса, анығына жеткен шығар. Ешкім тексермесе, шикілік болған екен деп ойлауға болады».

Қараулық жасалған жерде әділдік түбінде орнайды. Құдайдың құдіретіне шек бар ма, көлденең қосылып бірінші келген аттың есімін кім біледі?! Есесіне Бұланқара екінші келгенімен, біріншінің даңқында қалып, ел аузынан ауызға тарады. Бұланқараға шапқан Ершоқ Саханов чемпиондық алтын медальмен марапатталды.

Сөз зергері Ғ. Мүсірепов Бошай Кітапбаевтың жаны ақын екенін айта отырып, тұлпарларына поэтикалық атау бере алғанын жазады. Алтай ақиығы тек қана атбегі емес, өлең-жырға, ескі сөзге өрен, өрелі жан болғандығын аңғартады. «Оның ақындығы жорға-жүйріктеріне қойылған аттарынан да көрініп тұр: «Құланқара», «Бұланқара», «Желмая». Осы үш атауда қандай теңеулер, қанша поэзия жатыр!.. Бұл Құлатай, Cұратай, Жұматай деген сияқты мағынасыз ұйқастыра салған заттар емес, поэзиялық мәні берілген, ат үстінде өскен елдің поэзиясының әуені бар атаулар» дейді Ғ. Мүсірепов.

Бұланқара мұнымен тоқтамады. Қазақ әдебиетінің алып өкілі, халық ақыны, жыршы-жырау Жамбыл бабамыздың туғанына 125 жылдық меретойында да алдына ат салмаған. Ғабең сөзімен айтқанда, «Жәкеңнің тойында «Бұланқара» мен «Желмая» тағы да екі бас бәйгені әкетті».

Қысқа да ұзақ шақырым бойынша елдің атын шығарған қос жүйріктен соң, үстінен су төгілмес жорға Желмая жайлы сөз өрбітейік.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English