«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қырғыздар автономия мәселесін қалай шешті

2069 0
Қырғыздар автономия мәселесін қалай шешті
«Қырғыздар». Осындай тақырыппен 1918 жылғы 30 шілдеде Омбының «Сибирский вестник» газетінде Алаш Орда мен Әлихан Бөкейханның аты аталатын хабарлама басылып шықты

«Министрлер кеңесімен Қырғыздардың мәдени автономиясы туралы мәселені қарастыру үшін Бұратаналар ісі жөніндегі министр Шатиловтың төрағалық етуімен комиссия құрылады.  Оған Ішкі істер министрі П.Н.Михайловтың орынбасары ретінде профессор Сапожников, көшіп-қону бөлімінің меңгерушісі Ермош және әскери ведомоствоның өкілі қатысады.  Меңгеруші ретінде комиссияға «Алаш Орда» басшысы Бөкейханов тартылды». Осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын газетке шыққан шағын ғана хабарлама бізді көптеген сұрақтарға жауап іздеуге итермеледі: Министрлер Кеңесімен қандай комиссия құрылды? Ол қандай мәселелерді талқылады? Әлихан Бөкейхан кім ретінде шақырылды? Алаш Ордаға қатысты қандай шешім қабылданды?

1917 жылғы желтоқсандағы ІІ Жалпықазақ съезінде қазақ зиялыларының көшбасшылары алдында маңызды мәселе тұрды: қазақ ұлттық автономиясының ресми мойындалуы. Көп кешікпей Алаш Орда  Сібір Уақытша үкіметімен қарым-қатынас орнату бойынша жұмыстар жүргізе бастады. Сібір үкіметі Алаш Орданың дербестігін мойындаған жоқ, соның нәтижесінде басшылық органдар арасындағы қатынас шиеленісті сипатқа ие болды. Шілдеде жарияланған «Сібір ұлттарының мәдени автономиясының шекарасы туралы негізгі ережелерде» аумақтық-саяси автономия туралы мәселе  жалпыресейлік құрылтай жиналысына жолданады. Бұл Сібір үкіметінің Алаш Орданы қазақтардың ұлттық-территориялық мемлекеттік органы ретінде мойындамауына негіз болды. Алаш Орда құқықтық қатынастар орнату және автономияны мойындау үшін іс-шаралар қабылдады.  

1918 жылғы 10 шілдеде Министрліктер Кеңесіне Ә.Ермеков хат берді, онда большевиктік режимнің құлауын қолдай отырып, Алаш-Орда «Ресейдің шет аймақтары мен халықтарының саяси қайта жандануына бастама берген» Ақпан революциясының жеңістерін қорғау үшін күш біріктіруге шақырды. Алаш Орда ұсынған келісімнің жобасында, Сібір үкіметінің Алаш ұлттық автономиясын мойындауы, халықтың пікірімен санаса отырып шекараны белгілеуі керек болды.

1918 жылғы 13 шілдеде Ә.Бөкейхан Сібір Уақытша үкіметінің Министрлер Кеңесіне келіссөздер туралы Алаш-Орданың баяндамасын жолдады. Алаш-Орда үкіметі Сібір автономиясы үкіметіне талқылау үшін келісімнің келесі тармақтарын ұсынды: 

1) Сібір үкіметі Алаш автономиясымен өзара мойындаумен алмасады.

2) Алаш территориясында тұрып жатқан орыс халқының ықтиярын анықтағанға және оның шекарасын белгілегенге дейін, жағдай талабын ескере отырып, Алаш-Орда мүмкін деп санайды:

а) барлық аралас мекемелерді қазіргі күйінде сақтауды: земстов, қалалық думаларды Сібір үкіметі мен Алаш-Орда келісімі бойынша тағайындалатын комиссарлар бақылауында;

б) мемлекеттік және аралас мекемелердің, басқармалар мен өздік басқармалардың Сібір үкіметінің өкімдеріне уақытша бағынысын, бұл ретте соңғы мәселелерді шешу кезінде Алаш-Орданың өкілі қатысады;

в) Алаш автономиясының шегінде жауапты лауазымдарға тағайындау Алаш-Орданың келісімен жүргізілуі керек.

3) Алаш территориясындағы барлық ұлттар мойындайтын билік құрғанға дейін, Алаш-Орда қазақ-қырғыз халқының билік органы болып табылады. Барлық ұлттық, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер тек Алаш-Ордаға ғана бағынады. Ол өз қазынасына арнайы салық салу, үй алымын жинау құқығына ие. Алаш-Орда қалпына келтірілген земстволар мен қалалық думалардың құзырынан тыс қалған қазақ-қырғыз халқының барлық ұлт істерімен сол жерде айналысатын – Алаш-Орданың жергілікті кеңестерін, ұлттық соттарын ұйымдастырады.  

4) Қазақ ұлттық әскерін құру. Әскерді ұйымдастыру тек Алаш-Орданың бастамасымен ғана жүзеге асады және құрылады. Әскер аумақтық және ұлттық тұрғыдан жасақталатын болады, соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің әскерімен бірге жалпы басшылыққа бағынады. Сібір үкіметі әскерді қару-жарақпен, құрал-жабдықтармен, азық-түлікпен және әскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуі керек болды. Қазақ әскері, ерекше әскери бірлік ретінде, дербес шаруашылығымен және ішкі басқаруымен қолдануы керек, және Алаш-Орданың әскери бөлімі мен соның жанындағы бас штабқа бағынуы керек болды. Алаш аумағын большевиктік бандалардан тазарту және Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді Алаш-Орда өзінің басты мақсаты деп білді.

5) Алаш автономиясының аумағындағы мемлекеттік банктер мен басқа да қаржылық мекемелер әзірге Сібір Уақытша үкіметіне бағынысты болғандықтан, сібір үкіметінің Алаш-Ордаға қарыз беруін қамтамасыз етудің қажеттілігі.

6) Федералдық билікті құру мақсатында большевиктерден тазартылған автономиялық халықтар мен шет аймақтар депутаттарының конгрессін шақыру, ол, Ресейдің бытырап кеткен бөліктерін одан сайын тығыз біріктіріп, оларды мықтап жұмылдырып, сыртқы және ішкі жаулардан Одақтың мүддесін қорғау үшін оның күші мен қуатын көтерері сөзсіз, бұл ретте жуық арада Сібір, Алаш, Башқұрт және Түркістан федерация болу мүмкіндігі аңғарылады.

1918 жылдың 26 шілдесінде Сібір үкіметінің Министрлер Кеңесі Алаш Орданың өзара мойындау туралы келісімдер жобасы бар баяндамасын қарастырды. Ағарту министрі проф. В.В.Сапожниковтың басшылығымен комиссия келісім жобасының тармақтарын талқылады. Өзара мойындау туралы тармақ талқылаудан алынып тасталды. Басқару тәртібі және Алаш Орда органдарының қызметі туралы тармақ сақталынды. Ұлттық әскерді құру жөніндегі сұрақты әскери ведомствоға жіберілгені сияқты, қарыз беру туралы мәселе де Қаржы министрлігіне бағыталды. Семей, Ақмола және Торғай облыстарының жер мәселесі жалпыресейлік құрылтай жиналысында қарау үшін кейінге қалдырылды. Егіншілік және елдендіру министрлігінің өкілі А.М.Ярош ерекше пікірін білдірді. Ол «қырғыз халқының саяси құрылысы жаратылысының және оның Ресей мемлекеттілігі мен Сібір автономиясына мемлекеттік-құқықтық қатынасы мәнінің» тұрлаусыздығы болашақта қарым-қатынастардың шиеленісіне әкелуі мүмкіндігін атап өтті. Жағдай, «Ресей империясындағы өлке жағдайы туралы» күшін жойған Заңның орнына, тым болмағанда уақытша заңнамалық нормаларды қабылдауды талап етті. Алаш Орда көшбасшылары ұсынған келісім жобасы сол күйі заңды күшке ие бола алмағандығын айта кету керек.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English