«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Құндызай Ерімбетова: Бекмахановтың түрмеден босаған күні туған күніне айналды

2372 0
Құндызай Ерімбетова: Бекмахановтың түрмеден босаған күні туған күніне айналды
Ермұхан Бекмахановқа 1954 жылы 16 ақпанда Мәскеудегі Бутырка түрмесінде қолына қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы анықтама тапсырылғанда ол қайта дүние есігін жаңадан ашқандай күй кешті

– Панкратованың өз шәкірті Ермұхан Бекмахановқа көрсеткен қамқорлығы мен жанашырлығы қазір аңызға айналды. Ал аңыз – абсалютті ақиқат. Тарихты кері шегіндірер болсақ, осы кезеңдегі оқиғаның күрделілігі сондай, қарсы тараптың айтып отырған уәждеріне де адам сенгендей. Алайда, ақиқат біреу. Анна Михаилқызының Бекмахановты қорғауда шәкірті болуынан өзге қыры бар ма?

– 1942 жылдан басталған тарихшылар арасындағы талас-тартыстар легі – ғылыми алаңның ашық болмауынан. Авторлық ұжым мүшелерінің өздерінің тақырыптары бойынша қорғауға мұрсат бермегендіктен болған дүние. Қанша топқа бөлінсе де ғалымдар өздерінің тұжырымын жеткізеді емес пе? Мәселенің ушығуы – тарихтың саяси құралға айналғанында. 1943 жылдың 28 маусымында Мәскеу қаласындағы КСРО ҒА Тарих институтында «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресі (1837-1947жж.)» тақырыбында Е. Бекмаханов кандидаттық диссертация қорғайды. Оның оппоненттері ретінде Анна Панкратова, Михаил Вяткин және Ян Зутис тағайындалды. Диссертация тақырыбын таңдаудағы заңдылықтарға тоқтала келе Анна Панкратова оның тарихи өзектілігін айшықтайды:

«Қазақтың жас ғалымы диссертациясына туған халқының тарихының, өзінің елінің тарихының қызықты да өзекті бөлігі болып табылатын тақырып таңдауының қажеттілігі – табиғи құбылыс».

Ермұхан Бекмаханов бұл еңбекте болашақ ұрпаққа аманаттай «Ұмытуға болмайтын – ұлы күрес» тұжырымын қалдырды. Оның «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күресі (1837-1847жж.)» тарихи еңбегіндегі Кенесарының ресейге мәлімдеген «ұлы күресін», бқл көтеріліске берген Абай Құнанбайұлының бағасы – «ұмытылмайтын көтеріліс» шеберлікпен ұштастырылған. Ермұхан Бекмахановтың зерделеуіндегі «Ұмытуға болмайтын Ұлы күрес» идеясы мәңгі халық жадында сақталмақ.

Анна халық тағдыры мен ұлтаралық ынтымақтастықты (интернационализмді) жікке бөліп қараған жан емес. Оның осы ынтымақтастық идеясының тұрақтылығы мен ауқымы КСРО аймағы емес, алыс және таяу шетелдер халықтары достастығымен тікелей ұштасқан-ды. Оның мұндай ұстанымы кейбір жоғарғы лауазымды партия мүшелерінің ойынан шықпады. Бірақ, Аннаның әділетті тіршілік бағытындағы даңғыл жолы түпкілікті таңдалған болатын. Ол ес білгелі адамдардың бір-біріне жиіркенішпен қарау, ұлттық, этностық ерекшелігіне қарап алалаудың адамзат дамуына кері әсерін білді және оны болдырмау жолын іздестірді. Оның бүкіл ой-санасын жеке басының емес, адамзаттық құндылық мазалады. Анна Коммунистік партия бағдарламасы идеясынан өзінің арманын тапқандай болды. Бірақ ол алғашқы қадамында ғана солай болып көрінді. Сонан соң коммунистер арасынан интернационалистік ұғымды мүлде басқаша қабылдайтын, жалған «патриоттар» қауымының өсіп-жетілгеніне көзі жетті. Сондықтан да Панкратованың аз ұлттың құқығы ғана емес, тарихын қорғау қағидаты, болашақ кеңестік «Коммунизм құру жолы» қағидатына қайшы бола түсті.

Демек, көпұлтты Одақты құраушы «ұлы орыс халқын» көлеңкеде қалдырмау мақсатында, тарихи сананы басқаша тұжырымдау үшін, енді академик Анна Панкратованың тұжырымдамалық идеясының маңызы өтімді емес болатын. Осылайша, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, түбінде КСРО халқының достастық ынтымақтастығының ыдырауына негіз болатын «жаңғыртылған», технократтық бәсекелестік кезеңге жол берілді. Ол дәуір, Анна Панкратова сияқты айтары бар тұлғаларды ғылымнан аластатудан басталды. Анна Панкртатованың Қазақстан тарихында алатын орны қандай? Бұл сұраққа бір ауыз сөзбен жауап қайтару өте қиын. Бірақ дәйектелген бір ақиқат бар. Берілген замана бағасы. Ол бойынша, қазақ халқының ғылыми әлеуетін көтеруде ғалымдарға көмек қолын (С. Асфендияров, Е.Б. Бекмаханов, С.Н. Покровский, А.Б. Тұрсынбаев, Г.Ф. Дахшлейгер және басқаларға) соза білген қайырымды жан, ұлағатты ұстаз. Қазақ тарихы бойынша іргелі зерттеумен айналысқан ғалымдардың жұмыстарының жүйелінуіне және оның баспадан «Қазақ КСР тарихының» (ежелгі дәуірден бүгінге күнге дейін) шығуына күш салған – дара тұлға. Қазақ халқының түп-тұқиянындағы тарихы мен бай мәдениетіне күдік келтірмеген бірегей тұлғаға айналды. 

Анна адами қасиетімен, рухани және тарихи мұрасымен болашақ ұрпаққа үлгі болатындай өшпес, өрнекті із қалдырды. Заманауи ұрпақ үшін, Анна Панкратова ұстаздардың ұстазы. Ермұхан Бекмаханов, Бахтажар Мекішевтер оның баласы болса, олардың шәкірттері Әбу Сақтағанұлы Тәкенов және басқалар немересі, ал бұл кісілерден дәріс алған біздер, бүгінгі орта буын – ғалымның шөбересі іспеттес. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Анна артына көлеңке қалдыра, көкке қалықтаған бірегей жан! Ұлы дала тарихының құпиясын аңдаған ғалымға, қалайша алғыс айтпайсыз!

Ата тарихын асқақтатқан ғалым рухына қазақ халқы мен тарихшылар қауымы тағзым етеді! Болашақта академик-тарихшы есімі ұлықталып, көше атауы мен ғылыми-орталықтар ашылса игі іс болар еді.

Анна – ХХ ғасырда қазақ тарихшыларының қамқоршысы ғана емес, жоқтаушысы да бола білді. Дәл осындай лебізді белорус, украин, қырғыз, тәжік және басқа да ұлт өкілдері өздерінің тарихына қатысты айтқан болар еді. Халыққа жасалған жақсылық – халық  жадында жалындап тұрады. Ол заман өткен сайын нұрлана түсері хақ.

– «Қазақтың ұлы тарихшысы» деңгейіне көтерілген Ермұхан Бекмахановтың қадірі қазіргі ғылымға сезіліп жатыр. Кенесары қозғалысын халықтық көтеріліс бағалаудағы батылдық пен ұстанымды қалыптастыруда Панкратовның ролі болды ма?

– Ресей империясының Қазақстан мен Орта Азия халықтарын отарлау мәселесі бойынша отандық тарихшы-ғалымдардың көпшілігінің ортақ ойларының тоғысатын тұсы болатын. Ол – Қазақстанның Ресейдің отары болғандығы. Осыған қатысты айрықша мән берген КСРО Ғылым академиясының академигі А.М. Панкратова, Қазақстанның Ресей империясының отары болғаны және ол оның көп отарларының бірі болғаны туралы нақты тұжырымды ұстанды. Сонымен қатар, биліктегі және тарихшылар тарапынан  тарихты монополияландыру мен түрлі «фальсификация» жасау үрдістеріне қарсы өзінің әлеуеті жеткенше күресті.

А. Панкратова өзі және өзінің әріптестері туралы былайша ойын «тарихты белгілі бір дәрежеде боямалай отырып, жолдастар, өздерінің партиялық большевиктік борышын орындап жүрмін деп есептейді», – деп ашық білдірген.

Әдетте, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жөнінде әңгіме қозғалғанда Ермұхан Бекмахановпен бірге Анна Панкратова қатар жүреді. Олардың Қазақ тарихындағы азаттық көтерілістерге қатысты тарихи заңдылықтар алғышарттарын зерттеген ғалымдардың  тұжырымдарын ғылыми айналымға енуіне және оның кейінгі тарихи санада сақталуына ықпал еткендігін ескеру де абзал. Тарихшылар замананың тар жолында, қиын жолды қайсарлықпен қарсы алды. Ермұхан Бекмахановқа 1954 жылы 16 ақпанда Мәскеудегі Бутырка түрмесінде қолына қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы анықтама тапсырылғанда ол қайта дүние есігін жаңадан ашқандай күй кешті. Кейін осы күн оның туған күніне айналды. Ғылымның сара жолына түсуіне ықпал еткен – Анна Михайловна Панкратова да, 1897 жылдың 16 ақпанында (ресми мәлімет бойынша) Одесса қаласында дүниеге келген болатын.

1946 жылы Е. Бекмаханов Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясының Тарих институтының Ғылыми кеңесіне «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» жұмысын, докторлық диссертация ретінде ұсынады. 1946 жылдың 14 қазаны күні институттың Мәжіліс залында пікірталас пен қаптаған сұрақтарға берілген жауаптар легі ұштасқан диссертациялық кеңес жұмысы өтеді. Диссертанттың ғылыми еңбегін түйіндей, ашық тұжырым жасағандардың бірі, академик Николай Дружинин былайша баға береді:

«Бекмахановтың материалдарды нақты, ашық, қалыпты қағидаттарға негіздегені өте маңызды... Ол шындығында, өзінің материалының қожасы болып табылады».

Ғылыми кеңес мүшелерінің құрамында КСРО көлемінде танымал тарихшы-ғалымдар: академик Борис Греков, Анна Панкратова, Николай Дружинин болған-ды.

Е. Бекмаханов докторлық диссертация жұмысын қорғап шығады. Бұл ғылыми шараға кеңестік және отандық тарих ғылымының маңдайалды тарихшылары қатысты. Қазақтың белгілі тұлғалары Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтпаев, Мәлік Ғабдуллин, Кәрім Мыңбаев және басқалар ғалымның рухани жебеушілері болды. Бұл зиялы қауыммен Анна жақсы таныс болатын.

Ермұхан Бекмаханов докторлық диссертация жұмысын қорғаған соң,  оның негізінде 1947 жылы жазда қазақ тарихының «ақтаңдақ» беттерін айшықтайтын «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясын баспадан шығарады. Небәрі отыз жастағы доктор іргелі ғылыми еңбектің авторы атанды. Бірақ, монографияның шығуымен, тарихшылар арасында дүрбелең басталды. Кенесары бастаған оқиғаны бұрынғы айқындалғандай «феодалдық-буржуазиялық» көтеріліс емес, «халықтық-ұлттық» көтеріліс ретінде сипаттаған Е. Бекмахановтың монографиясына қатысты, оң бағасын бергендер де, оның соңына түскен өзге пікірдегі әріптестер де пайда болды. Олар оған тарихи фактіні бұрмалаған, «буржуазиялық ұлтшыл» атағын таңа бастады. Нәтижесінде, Жоғары аттестациялық комиссия  Ермұхан Бекмахановтың докторлық ғылыми дәрежесін беруді кешеуілдетті.

Алайда бұл кезеңде халықаралық ахуалға орай, жаулап алу, отарлау саясатына қатысты көзқарастар реакциялық сипатқа ие бола бастады. Алда кезекті саяси науқан күтіп тұрды. Қазақстанда 1947 жылдың мамыр айында өткізілген Тарих институтының тұңғыш ғылыми сессиясында Қазақстанның тарих  ғылымы дамуының тұжырымдамасы талқыланды.

1947 жылдың наурыз айында Қазақ КСР Ғылым академиясы Хабаршысының 3-ші нөміріне жарияланған көлемді Қазақ КСР ҒА толыққанды мүшесі С.К. Кеңесбаевтың «Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» ҚК(б)П ОК Қаулысының жүзеге асырылуы жөніндегі» мақала-есебінде, Институтқа тағылған айыптарға байланысты жауап беруге әрекет жасаған.  Онда төмендегіше есеп беріледі: Институт жанынан партбюро басшылығымен өзіндік Жарғысыз партия ұйымы ұйымдастырған; жетекші ғылыми қызметкерлер (Кенжебаев, Маметова, Балақаев, Кеңесбаев, Сауранбаев және басқалар) сынға ұшыраған және олар өздерінің қателіктерін мойындаған, Ғылым академиясы институтының жалпы партия жиналыстарына институттың коммунистері мен қызметкерлері белсенді қатысқаны; институт жанынан жиналыстар және іскерлік отырыстар өткізілгені баяндалған. Осындай, «өрескел қателіктер» науқанының сызы соққан еңбектердің бірі –  Е. Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясы. Бұл еңбекті талқылау төрт жылға созылды. 1948 жылы ғалымның ғылыми жетекшісі А.М. Панкратова осы бір саяси науқанның оңай еместігін ескертеді: «Бұл мәселені қоздырушы – Саяси басқарманың (Мәскеудегі – Қ.Е.) әсіребілгіштері, олардың пышағы сенен гөрі маған бағытталған. Б(б)КП Орталық Комитетіне арызданып, олардың шовинистік қылықтарын әшкерлеген 1944 жылғы хаттарымның есесін қайтармақ... Ермұхан, сен үшін қолымнан келгеннің бәрін де істеймін, жасыма, түптің түбінде ақиқат жеңеді». Ұстаз уәдесінде тұрды.

1949 жылдың қазан айында Анна Панкратова Қазақстан К(б)П ОК жанындағы үйлестіруші, «Қазақ КСР тарихының» жаңа басылымы редакциясының бас редакторы және ОК-ның  Үгіт және насихат бойынша хатшысы Ілияс Омаровқа өтініш хат жазады: «...Сіз «Вопросы истории» журналындағы Ким жолдастың пікірін оқыдыңыз ба? Менің ойымша, кейбір тарихшылар ішінде, шындыққа қарамастан қазақ халқы тарихын төмен түсіруге талпынушылар бар. Мен тіпті де түсінбеймін, неге грузин патшалары немесе өзбек хандары сондай ұқсас тарихи жағдайларда прогрессивті қайраткер бола алады, ал қазақтар Абылай немесе Кенесары Қасымовты қаралауы тиіс? Мен қазақ тарихының танымал қайраткерлеріне баға берудегі, тарихқа жат бағыты жолына, қандай жағдайда да тұра алмаймын. Оның үстіне сынаушы аталып жүргендер, өздерінің қорытындыларын ешқандай нақты құжаттар мен фактілер арқылы дәйектемейді».

Тоталитарлық жүйенің соғыстан кейінгі жылдары Одақ көлемінде буржуазиялық идеологияның әдебиет пен өнер саласына тигізген зиянды зардаптарымен күрес деген желеумен жүргізілген саяси науқанның салқыны Қазақстанға да қатты тиді. Көп адамдар жазықсыз жазаланды немесе қудаланды (Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, Қ. Сәтпаев, М. Әуезов, Ә. Марғұлан және басқалар).

Анна Панкратова қарапайым ғалым ғана емес, берген уәдеге келгенде мықты ұстанымы бар қайраткер болатын. Расында, Үкімет билігі Н. Хрущевтың қолына өткенде аз да болса үміт оты жағылды. 1953 жылдың соңына қарай өзінің бар беделін пайдаланып, мүмкін болатын барлық есікті қақты, билік сатыларын, тіпті бас хатшы Н. Хрущевқа дейін арыз жазды, қабылдауларында болды. Оны былайша түсіндіреді: «Сіз партия жолын бұрмалағандарға көзсіз күрескерлік таныттыңыз, сондықтан да біз, Ресей тарихшыларының бір тобы, Сізден бізге көмек қолыңызды созуыңызды өтінеміз, тек Сіз ғана екі жыл бұрын Қазақстанда жіберілген сорақы әділетсіздікті түзей аласыз!... Қазақтың дарынды тарихшысы Бекмаханов, 37 жастағы ғылым докторы, оның қызғаншақ әріптестерінің ұйымдастырып, азғыруы нәтижесінде 25 жылға кесілді және Сібірге айдалды. Біз, мына хатқа қол қойғандар, 12 адамбыз, барлығы да орыс тарихшы-коммунистер. Бекмахановтың адалдығына кепілдік береміз және келешек оның ғылымға  лайықты үлес қосатынына үміт артамыз!...». Осындай іс-қимылдар жемісін де берді. Ермұхан Бекмаханов сотталғандар ішінен алғашқылары болып босатылды және ақталған болатын. Жазықсыз жанның жазасын өтеп жүргенде, 1953 жылдың 5 қаңтарында түрмеден жазған хатына бір сәт назар аударсақ: 

«Жылдар өтер, бастың қызуы басылар, сонда біздің өткенімізге салиқалы түрде адамдар баға береді. Бірақ, мен сенімдімін, бұл жасалған у-шулардың барлығының көк тиындық құны жоқ. Мұның барлығын ешқандай құрбансыз-ақ жүзеге асыруға болатын еді. Мен өзіндік ойы бар адам ретінде өзімнің қазіргі жағдайымды ой елегінен өткізіп, мен еркіндікте болуым қажет деген қорытындыға келемін...»

(Жалғасы бар...)

Құндызай Ерімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері. Көптеген тарихи-танымдық мақалалардың авторы. Жуырда ғалымның «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен «Қалдырған ізі мәңгілік» атты екі томдық еңбегі жарық көрді. 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English