«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Жұлдыздар биікте жанады»

1470 0
«Жұлдыздар биікте жанады»
«National Digital History of Kazakhstan» интернет порталы «Тәуелсіздік күнделігі» айдарымен «Егеменді Қазақстан» жалпыұлттық басылымының тарихи сандарынан арнайы материалдар топтамасын ұсынады

Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар қазақ баласының ғарышқа ұшқанына да тура 25 жыл.Тек Қазақстан ғана емес, алты алаштың, одан да зор түрік әлемі мен араб-мұсылман дүниесінде де теңдесі жоқ оқиғаға баланған ғарыш сапары туралы қанша айтсақ та артық емес.

Осынау тарихи сәттің қарсаңында «Егеменді Қазақстан» газетінде жарық көрген «Жұлдыздар биікте жанады» мақаласының авторы – Мақсұм Омарбеков екен.

Мақаланың негізгі кейіпкері – ғарыш көгіне ұшпай тұрып-ақ Совет одағының батыры атанған Тоқтар Әубәкіров. Автор шағын ғана очеркінде алдымен қазақ даласынан шыққан ұшқыш батырларды еске түсіріп, олардың көп айтылмай жатқанына, ерліктері ескерусіз қалғанына қынжылыс білдіреді. Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіровтің жолын жалғастыратын қазақ қашан дүниеге келеді деген ең маңызды сауалды оқырман алдына тартады. Сөйтеді де, ғарыш әлеміндегі соңғы жаңалық ретінде енген «Тоқтар Әубәкіров» есімді адамның ғарышқа ұшатыны туралы ақпаратты келтіріп, ғарышкердің кім екеніне, өткен өмір тарихына барлау жасайды. «Совет одағының батыры» атағын иеленген бұл кісінің жай адам болмағанын, қай жерден шыққанын, ұлты қазақ па, басқа ма – мақала авторы өз көкейіндегі сауалға жауап іздейді.

Ғарыш сапарының алдында автордың кейіпкермен кездесуі болған және екеуі қасиетті Қарқаралы өңірінде сұхбаттасады. Туған өлкесінде жүрген Тоқтар Оңғарбай ұлы балалық шағы өткен әсем өңірді, әке-шеше, туыстарын сағына еске алады, өмірінің ең тәтті кезеңдеріне шолу жасап, қимастықпен ойға оралтады.

Мақалада мектеп жасындағы Тоқтардың өзге балалардан ерекшелігі, оқуға зейіні мен еңбекке деген жігері, ынтасы артығырақ болғаны кейіпкер аузымен баяндалады. Кейінгі авиациялық оқулардағы қиындықтар мен жолдастары, «МИГ-29» реактивті ұшағын сынау барысындағы тапқырлығы, батырлығы да еске түсіріледі. Сынаушы-ұшқыш бола жүріп, тәжірибесін молайтып, 1-класты сынаушы-ұшқыш мәртебесін иемденгені, сол бай мүмкіндікті тиімді пайдалану арқасында кеме бортына ұтқыр ұшақты қондырғаны үшін «Совет Одағының батыры» атанғанын әсерлі әңгімелеп береді. Сонымен қатар туған жеріне өзімен бірге келген әріптесі, ол да Совет Одағының батыры, ұшқыш П.М. Остапенкоға елін таныстырып, Қарқаралыдағы қазақ мектебіне қонақ ретінде қатысып, оқушылармен ашық-жарқын әңгімелескені, олардың арманына қанат бітірердей сөздер айтып, қиялын шарықтатқаны жайында да сөз болады.

Қысқасы, уақыттың тегершігі 25 жылды артқа тастағанда бұрынғы шақты, әсерлі де әсем кезеңді, тарихи оқиға туындайтын сәттің алдындағы батыр болмысы барынша ашылған мақаланың берер тағылымы мол.

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 
 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English