«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Билер династиясы: Нар дауысты Нарынбай әулеті

2795 0
Билер династиясы: Нар дауысты Нарынбай әулеті
Осы Нар дауысты Нарынбайдың кіндігінен өрбіген ұрпақтың бойынан тектілік, қолынан билік тізгіні ұзамаған

Шежіреде Сыбанның бес баласының бірі Жанкөбек деп таратылады. Сол Жанкөбектің ұлы Нарынбай – заманында Нар дауысты Нарынбай аталған ұлы билердің бірі. 

Би, батыр Нарынбай Жанкөбекұлы өмір сүрген ортасының салтына, дағдысына қарай билік жүргізіп, қол бастап, қоғам, мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген тарихи тұлға саналады. Халқына жаққан әділ би, от ауызды орақ тілді шешен Тәуке ханның тұсында басқыншы дұшпанға қарсы шайқастарда көзге де түскен. Сондағы ерліктеріне Ташкенттің он екі қақпасының біріне бек болып тағайындалыпты. Оның атымен «Нарынбай қақпасы» деп аталатын нысан бертінге дейін сақталған екен. 

 

8c185ca870d5ed4b5dba59404211dc2c.jpg

Осы Нар дауысты Нарынбайдың кіндіген өрбіген ұрпақтың бойынан тектілік, қолынан билік тізгіні ұзамаған. Билер династиясының ұлт тарихындағы орнын алаш арысы Мұхамеджан Тынышпаев жоғары бағалаған. «...Нарынбайдан бастап Жұмаханға дейінгі 7 ұрпақ бойы ең атақты билер болған. Атадан әкеге, әкеден балаға мұндай билер болу қазақ тарихында кездеспейді», – деп жазады тарихшы М. Тынышпаев. 

Билер династиясының екінші буыны Құттыбай болып саналады. Нарынбайдың бұл ұлы қазақ арасында «Қу дауысты Құттыбай би» деп дәріптеледі. Тәуке ханның билер кеңесінің құрамына еніп, мемлекет басқару ісіне араласқан, Қытайға барған тұңғыш қазақ елшілерінің бірі. Бұл – атақты бидің мәмілегерлік қабілетін аңғартса керек. 

Құттыбай бидің 1760 жылы Абылай ханның тапсырмасымен Қытай астанасына қазақ елшілерін бастап барған сапары оңды шешіліп, екі елдің шекаралық аймақтарына қазақ руларының қоныстануына келісім жасалған. 

Жетім-жесірге пана болып, халқын – қара орманының қамын ойлаған тура би, шешен тілдің иесі Байғара Құттыбайұлы билер династиясының үшінші буынын құрайды. Оның өмірінің бір ерекшелігі, Сыр бойында туып, Сарыарқа басып, Аягөзге тоқтап дамылдайтыны. 

Атасы Нарынбай мен әкесі Құттыбайдан жеткен билік айту дәстүрін адал сақтаған бидің ақындығы да бір төбе. Байғара би ел арасындағы дау-шараларды шешу кезінде сот қызметін атқара жүріп, өз заманының сүреңсіз қылықтарын аяусыз әшкерелеп өлеңдер шығарған. Оның өмір туралы, адамгершілік, адамдық асыл қасиеттер жайлы философиялық толғаулары мен отбасылық құндылықтар, ата-ана тағылымы мен жас ұрпақ тәрбиесі туралы тәрбиелік ғақлиялары сақталған.

 

809436bea9fdb0b85cf0dc84ab748b9f.jpg

М. Тынышпаев «Байғара орта орданың даңқты биі Қазыбектен (арғын) кейінгі беделді би болған» деп сипаттайды. Осындай екіншілікке жетудің өзі үлкен күш-жігерді, зор парасат-пайымды қажет ететіні дау тудырмайды. «Қазақтың қара тілі, хас биі» деген мадақтаулар бұл әулетте ұрпаққа мирас етіліп отырған. 

Байғара бидің баласы Ақтайлақ бидің заманы қазақтың жаны қусырылып, басынан бағы тая бастаған уақытқа келеді. Ата-бабасынан үзілмей келе жатқан қара сөзді тауып айтып, ел арасындағы түрлі дау-жанжалдарды бір ауыз сөзбен шешу дәстүрі Ақтайлақ бидің кезеңінде де жалғасын тапты. Бұл туралы қазақ би-шешендерінің сөздерін зерттеуші профессор Серік Негимов: «Ақтайлақ би ел арасындағы дау-шарларды әділ билігімен, парасатты ақылымен, тапқыр, ойдағыдай кесімді пайымдауларымен мүлтіксіз тындырған. Әрине, өзінің жаратылысы, кісілік болмысы, кіршіксіз таза пейілі, дүниетанымы, көзқарасы, әдептілігі аса жоғары болғандығын мына бір қасиетке толы мөлдір тізбектерден тануға болады: «Асқа арыңды сатпа, ілінбе жаманатқа», «Еріншек болма, елгезек бол, еңбексіз босқа жатпа», «Жақсысын ешкім бермейді, өз қолыңда барыңды мақта», «Алтының болса әсерленбе, арыңды сақта, арамдықтан аулақ бол, адалдықты жақта», «Береке-бірлік іздесең, ең әуелі үй-ішіңмен бол ынтымақта», «Қайырымды бол қарындасқа, өзі тимегенге ұрынба босқа», «Мұзға бұзаулап, жеріме тасқа» т.с.с.», – деп жазады. 

 

3bfced5ef782f09857bbce8c55f61331.jpg

Ал М. Тынышпаев мынадай пікір келтіреді: «Оның (Байғараның) ешкімнен даңқы кем емес ұлы Ақтайлақ би шешімдерінің тапқырлық болғаны соншама, әдет заңдарымен бекітілген ережелер кейінгі уақытқа дейін соған сүйенетін болған». 

Ақтайлақ биден кейінгі қазақтың уақыты – Кенесары заманы. Ол – Қазақ хандығының соңғы дәурені. Азаттық үшін ақырып теңдік сұрап, қылыш көтердік. Қару арқылы шешу мүмкін болмады. Ендігі керек технология не? Білім, оқу-ағарту. 

Қазақтың ұзақ жылдар бойы қалыптасып келген сот, билік жүйесінің бұл кезеңде орындалуына көп қажыр-қайрат жұмсаған билер династиясының соңғы буындарын Ақтайлақ бидің ұлы Кеңесбай, немересі Жарқынбай, шөбересі Жұмахан билер құрайды. Совет үкіметінің келуімен билер кеңесі, соты толық күйреді. Алдымен ауыл-аймағының, қауым-қарасының қорғаны болған ел ағаларын, сол айналасын айтқанымен жатқызып тұрғызатын ақсақалдардың алқасын құрту арқылы дала сахнасында үстемдік еткен билік жүйесінің күл талқанын шығарды. 

Билер әулетінің соңғы тұяғы Жұмахан би Жарқынбайұлы 1925 жылы 55 жаста еді. 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English