Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Бодандықтан бостандыққа

2163
#100шайқас: Бодандықтан бостандыққа - e-history.kz
Алғашқы Түрік қағанаты құлап, Күлтегін жазуында айтылғандай, түрік халқы елу жыл бойы Қытайға тәуелді болып «ісі мен күшін» беріп келді

Осы уақыт ішінде еркіндігін аңсап, тәуелсіз ел болуға ұмтылған халықты бастап талай хан, қаған қару көтеріп, бұлғақ бастады. Соның ішінде жекелеген ру-тайпалардың ғана емес, біртұтас бір елдің, мысалы, он оқ халқының қолдауына ие болғандар да болды. Сондай бірегей ердің бірі – Құтлық Елтеріс қаған еді.

Қытай тарихындағы Таң династиясы 618 жылы құрылған. Оның негізін  алғыр да өжет болғанымен, мінезі қытайланып кеткен Ли Юань атты түрік бекзадасы қалаған болатын. Ол империяның барлық дәстүр-салтында, мемлекеттік саясатында, қысқасы патша сарайында биік-биік билік тұтқасын  өз жақтастары мен қандастарына түріктерге ұстатқаны анық жайт еді.

Т. Жұртбайдың «Дулыға» тарихи әфсаналар кітабында «641 жылдың өзінде Таң династиясының сарайы маңындағы түркілердің саны 100 000 адамға жетті. 40 000 саптағы сарбазы, 90 000 сәйгүлігі бар-тын»  деп Н.Я. Бичуриннің, «олар өздерін «түрік – қыпшақпыз» десті» деген «Селенгі тас жазуындағы» қызықты деректерді келтіреді.

Таң патшалығындағы сарайдағы әбігер тарих арнасын басқа жаққа бұрып жіберді. Императордың ұлы сарайға аманатқа берілген У есімді әйелге ғашық болып, ақырында ол ханым атанып шыға келеді. Ол түріктердің сарайдағы еркіндігін шектеп, қытай киімін кигізуге мәжбүр етті. Сарай маңындағы қулық-сұмдықты көріп, түркілерге өшіккен ханым атақты әскербасыларды шетінен өлтіріп, олардың кейбірін сарай маңынан қуа бастайды. Аяқ астынан билікке жеткен қатыгез ханымның бұл қорлығына шыдамаған түріктер көтеріліп, жеке ел, жеке қаған болуға ұмтылды. Алғашқы бұлғақ 679 жылы басталды. Бұл – түрік халқы үшін асқан тәуекел болатын.

«Төрт құбыласы бірдей жау еді» деп сипаттайды бұл кезеңді тастағы жазу. Алып империяның қақ ортасында қалған оларға қолын созар досы, сүйенер одақтасы болмады. Түріктер өз ортасынан Нишу бекті хан сайлап, алғашқыда жазалауға шыққан қытай әскерінің 10 сарбазын тұтқынға түсіреді. 680 жылы қытайлар үш есе көп армия шығарып, императордың Пэй-Хин-хань атты қолбасшысы оларды алдап қоршауға алады. Арадан шыққан опасыз сатқындар түрік ханының әзіз басын қолбасшыға сыйға тартқаннан кейінгі жағдай мүлде шиеленісіп кетеді.

Алған бетінен қайтпаған қайсар түріктердің сонда да қылыштаса жүріп Сарыөзеннен (Хуанхэ) өтті де, Қарақұмды бетке алады. Мың шықпыртсаң да аттап баспайтын мимырт жүрісті өгіздер жегілген арбадағы әйелдер мен балаларды, азық-түлікті қуғыншы жасақтар қолға түсіреді. Тығырыққа тірелген түріктің жаңа көсемі Бұлан хан ұйғырлардың баскесер жасақтары Қарақұмнан шыға берісте бес қаруын сайлап, қырып салуға дайын тұрғанын біліп, қытай императорымен бітім жасасуға мәжбүр болады. Өз басын бәйгеге тігіп, халқына кешірім алып берген Бұлан оғланның басы Чаньань қаласының шығыс алаңында алынады.

Осындай қаралы тарих беттерін көріп өскен Құтлық әскери өнерді жетік білуінің арқасында ең алдымен өз жорығында көштің алдын қауіпсіздендіруден бастайды. «Таң шежіресінде»: «Фуньяньның көтерілісі жаншылғаннан кейін барлығы да (түркілердің) Цзунцайшань тауының етегіне қоныстанып, Хэйшаген қалашығын салды. Олардың саны 5000 адамға жетті. Құтлық тоғыз тайпаны (яғни, ұйғырларды немесе тоғыз-оғызды) барымталады, бірте-бірте көп жылқы жиып алды да, өзін хан деп жариялады» деп жазылған.

Құтлық дұшпанының осал тұсын білетін және соны дұрыс пайдаланып, қалың жұртты қоныста қалдырып, тек жасақтарды ғана жанына топтастырды. Шежіре деректеріне қарағанда, ол кіші інілері Мочоға (Қапаған) шад, Түзелбекке жабғы атағын береді. Патша сарайының іс басқарушысы Вань Вэнь-ли күзетіп, қатаң бақылауға қойған қытай ғылымын меңгерген түрік текті Ашидэ Юань-Чженьді орайын тауып, қамақтан құтқарып әкетеді. Ғалымның ұрпақтарына сауын айтып, өзінің кінәларын жууы туралы сөз беруді сұрайды. Құтлық олармен ақылдаса отырып, көтеріліске шығады.

Құтлықтың жанына жақтастарын жинағаны жайлы Тоныкөк абыз: «Ойда-қырда қалғаны жиылып, жеті жүз болды. Екі бөлігі атты еді, бір бөлігі жаяу еді. Жеті жүз кісіні ерткен ұлы шад еді. «Ілесіңдер!» – деді. Ілескен мен едім – білге Тоныкөк. ... Сөйтіп, тәңірі ақыл берген соң өзім оны қаған еттім», – дейді.

Бұған дейінгі шайқастарымызды жазғанымыздай, түріктерге тән соғысу тәсілі – қаша жүріп ұрыс салу. Құтлық көшпелілердің соғыс тәсілін пайдаланып, қаша жүріп соғысып, күш-қуатын молайтады. Ең бірінші қылышын түрікердің қыр желкесінен төндіріп тұрған ұйғыр әскеріне қайрап, қару-жарақ, ең бастысы, мінер атты олжалап алады. Ат дегеніміз – жойқын соғыс құралы. Осылайша алдымен тірелген тығырықтан жол тауып, тұншыққан халықтың тынысы ашады. Ал 683 жылы Құтлық – Елтеріс қаған елінің астына ат мінгізіп, жаяудан жылқы жалына қолы жеткен соң, табғаштардың өзіне қарсы жолбарыстай атылып шабады. 

Тақымына тұлпар тиген түріктер қойсын ба, империяның ішінде құйындай ұйтқып, жайындай жүйткіді. Ордос түбегінен шығысқа қарай созылған Ұлы Қытай қорғанын бойлай шабуылға шығып, оның бойындағы барлық бекіністердің быт-шытын шығарып отырды.

686 жылы мұздай қаруланған Шунь-юй Кхяньпиннің (кейбір әдебиеттерде Чу Пин) армиясы түріктердің үй-іш, бала-шағасы қоныстанған Цзунцайшань тауына аттанады. Чу Пиннің қалың қолы солтүстікке бет алып, Ұлы қорғанның ішіндегі Синьчжоу аймағына жеткенде Елтеріс қаған жаудың келе жатқанынан хабардар болды. Садақ жебесіндей аспаннан жауғалы дайын тұрған тегеуріні қатты түрікке Чу Пин түк те істей алмады. Синьчжоудың сары даласындағы өлім мен өмірдің тағдыры шешілетін қанды қырғында Елтеріс қағанның ержүрек жасағы қытайдың 5 мың әскерін жойып жібереді.

«Мұндай масқара жеңіліске әйел император У төзіп тұра алмады. Соның алдында ғана туған баласын тақтан тайдырған долы ханым 687 жылы ерекше жаттығудан өткен Чан-чжидің атты армиясын соғысқа шығарды» дейді Л. Гумилев.

Белгілі тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлының «Мәңгітас» романында қырылған қосынын майдан шебіне тастап, қалған жасағын бастап тайып тұрған Чу Пиннің әрекеті У-Мэй патшайымнан тарапынан айыпқа танылып, сүргінге ұшырайтыны жан-жақты сипатталған.

Бұдан кейін  Елтеріс Құтлық қаған Чанпин аймағына басып кіріп, сол кезде Табғаш қолын Хици Чанчжэ атты тай санғұнмен екі жақ ұзын күн шайқасып, ақыры Табғаш қолының қисапсыз көптігіне байланысты Құтлық қаған кейін шегінеді. Чанчжэ оларды қырық шақырымдай жерге қуып барды. Құтлық әскерін бастап қашқан бойы Бөрілі таудың теріскейіндегі үлкен шөлге жетті.

Жаудан жеңіліп, жолы болмай оралғанмен, жауынгерлік рухын түсірмеген Құтылығ сақтықты бір сәт естен шығармай, қуғыншы жау әскері осы арамен келеді-ау деген жерлердің бәріне бірнеше қабат қарауыл қойғызады. Жауынгерлерін дем алуға таратқанда да әскер басшыларына қамсыз болмау жағын баса ескерткен болатын. Содан да болар, қытай әскерінің тақағаны жөніндегі алғашқы хабар жеткенде-ақ бүкіл жауынгер атқа қонып жаумен алысуға дайын тұрады.

Бұдан соң жазалау жорығын Цуан-Бао-би (Суан Баоби, Бау-би)) деген әскербасы бастады. Ол жіті жүріп Ұлы қорғаннан мың шақырым шалғайға шығып кетті. Бұл шамамен Гоби Алтайының шығыс жақ беті еді. Жаудан қара үзіп кетіп, көшті тынықтыру үшін алқа-қотан қоныстанып отырғанда түріктердің үстінен түседі. «Сол жерде жасанып тұрған түріктер ойдан-қырдан лап беріп, табғаш қолын аяусыз қидалады. Жиырма мың қол ажалына қойдай шұрқырап келіп мойын ұсынды. Дала тағылары – бөрілер оларды алқымынан алып өлтіріп, сілікпе ғып ойнады. Суан Баоби суішерлігімен әрең дегенде қоршаудан қашып құтылды. Бұл оның түркі жеріне алғаш және ең соңғы аяқ басуы болды» деп баяндайды Т. Зәкенұлы.

Тарихшы ғалым Қойшығара Салғараұлы қытай қолбасшысының кейінгі тағдыры жайлы былай деп жазады: «Қайқы қылыштан қашып, бас сауғалағанмен, Бау-би алайда император әйел Ву-хыудың қаһарынан қашып құтыла алмайды. Барған жерінде тұтқынға алынып, өлім жазасына кесіледі».

Осылайша, Қытай әскерімен арадағы ең соңғы шайқастан бірде-бір империя әскері аман қалмайды. Көк жүзінде еркін қалықтаған көк түріктер Сарыөзенді тастап, Ұлы Далаға ат басын бұрып, атамекені Алтайға қарай шеру тартады.

Құтлық – Елтерістің «Гудолу» атын өзгертіп, «Бу-цзулу» (қанішер) деп басқаша атаған император әйел өз сарайында қала берді.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?