Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ тарихындағы жануарлар культі

2920
Қазақ тарихындағы жануарлар культі - e-history.kz
Қазақ тұрмысының білгірі Ә. Диваев шамандыққа, киелі заттарға, қазақтардың әртүрлі әдет-ғұрыптары мен түсініктеріне сипаттама берді

Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – қай сала болса да барынша еңбек етіп, қазақтың материалдық, рухани байлықтарын әлемге танытуға әрекет жасау.

Еліміздің егеменді ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізуі өткен дәуірдегі тарихты сол кезеңнің шыңдығына сай қайта қарастырып, жаңа баға беруге мүмкіндік берді. Тарихтың ақтандақ беттерін бүкпесіз ақиқатпен толықтыру арқылы өшкенімізді тірілтіп, өткенімізді білуге оны бүгінгі қалыптасқан ойлау жүйесі мен көзқарастар тұрғысынан түсінуге жұрттың ынтасы бұрынғыдан да артып отыр. Сондықтан да бүгінгі күні ұлттық санасы оянған қазақ халқының өткенін әділ баяндау қажетті.

Жануарлар культі – кез-келген халықтың несібесіне тиген, оның өзі өмір сүріп отырған ортасының қажеттілігіне сай қалыптасқан рәсімдер (салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар және наным-сенімдер) жиынтығын көрсететін дүние және жануарлар түріне байланысты ерекшеленеді. Сондай-ақ күн тәртібінде қазақ тарихының аз көңіл бөлінген рухани-дүниетанымдық аспектілерін зерттей түсу мақсаты қойылуда. Қарастырылып отырған мәселені зерттеу қажеттілігі ғылыми еңбектердің жоқтығымен шектелмейді және оны зерттеудің саяси, танымдық, экологиялық тәрбие беру, тірі табиғатқа аяушылықпен, құрметпен қарауға тәрбиелеушілік маңызы бар.

Бұл тақырыпты зерттеудің келесі бір өзектілігі  ежелгі халықтардың мифологиясы мен дүниетанымының қалыптасуындағы тірі табиғатты кие тұту идеясының рөліне байланысты негізделген.

Қазақстан және онымен шектес аумақтар әрқашанда үнді-еуропалық, түрік-моңғолдық және ішінара финно-угорлық басқада халықтардың қарқынды байланыстарының алаңына айналды. Осындай ортада жануарлар культінің реминисценциясын қарастыру қазақ халқының этникалық тарихының әр қырлы және әртүрлі аспектілерін қалпына келтіруге көмектесуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар өлкедегі этномәдени үрдістерді ұғынуға да өз үлесін қосады, этникааралық өзара байланыстардың бағыттары мен түрлерін айқындауға, қазақтар мен басқа да халықтардың мораль, инабаттылық-этикалық және эстетикалық нормалары мен рухани құндылықтарының пайда болуы және қалыптасуының заңдылықтарын және ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі.

Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына қайта оралудың рөлі туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз еңбегінде былай деп жазған: «Әр халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге – дәстүрлерге назар аудару керек. Оның халық өміріндегі рөлі еш даусыз. Мәдени дәстүрлер қашан да әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келді. Өзінің тарихи-мәдени тамырларына қайта оралу – бұл, әрине оң процесс» [1, 10-б.]. Осындай халықтың жадында сақталып бүгінгі күнге жеткен байлығымызды жинап, толық меңгеріп, өзіндік нақыш-бояуымен келесі ұрпаққа табыс ету – бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі.

Зерттеу жұмысының тарихнамасына келер болсақ әлемдік классикалық зерттеу еңбектерімен әйгілі ретінде мойындалған Батыс зерттеушілерінің бірқатар еңбектеріне шолу жасауымыз керек, өйткені бұл еңбектер осы тақырып бойынша нақты жазылған туындылар. Әйгілі ағылшын этнографы, алғашқы қауымдық мәдениетті зерттеуші Эдуард Бернетт Тэйлордің (1832-1917 жж.) – «Первобытная культура: Исследования развития мифологии, философии, религии, языка, искусства и обычаев» атты 1870 жылдардан бастап жарық көрген еңбегінде жануарлар культіне байланысты тұңғыш этнографиялық көзқарастарын білдірген [2].

Бұл еңбектің жарық көруі көпшілік ғалымдардың көңілінен шыққан Фрэзердің «Тотемизм» (1887) еңбегін жазуға түрткі болды, кейіннен төрт томдық «Тотемизм және экзогамия» (1910) атымен шықты, ал 1890 жылдардан бастап жарыққа шыға бастаған «Алтын бұтақ» 1923 жылы 12 томдық ретінде толық қанды басылып шықты. Ағылшын этнографы Джеймс Фрэзер оны тегіннен-тегін «Алтын бұтақ» деп атамаған. Онда өмірден озған бабаларымыздың көне мәдениетінің алтын тамыры сақталған, магия, тотемизм, анимизм, табу, көптеген халықтардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптары туралы зерттеу жасалған [3].

З. Фрэйдтің «Тотем және табу» атты еңбегінде жоғарыдағы ғалымдардың салған сүрлеуімен зерттеу жүргізіп жануарлар культіне байланысты өз пікірлерін білдірген [4].

Л.Я. Штернбергтің 1936 жылы жарық көрген «Первобытная религия в свете этнографии» атты енбегінде жануарлар культінің генезисін этнографиялық тұрғыда ғылыми негізде баяндаған. Л.Я. Штернберг алғашқы қауымдық құрылыстағы аңшылық кезеңнің жоғары деңгейіне жеткен адамдар мифологиялық қағида бойынша өзгелерден ерекшеленіп тұратын «иесін» тауып, олар «зооморфтық» сюжетте берілсе, тарихи дамудың сатыларында оларда өзгеріп, зооантропоморфтық және антропоморфтық бейнеге көшкен деп жазған [5].

Осы тұжырымға сүйене отырып, Қазақстан территориясындағы қола дәуірінің жәдігерліктерінің біріне саналатын – жартас беттеріне салынған андроновшылардың ескерткіштері петроглифтерде жануарлар мен мал пірлерінің шығу тегін мифологиялық тұрғыдан даму үрдістеріне байланысты алғашқы зооморфтық, одан кейін зооантропоморфтық және антропоморфтық бейнеге көшіп, отырғандығын байқаймыз.

Қазақстан территориясындағы петроглифтерді зерттеуші ғалымдар З.С. Самашев [6], М.К. Қадырбаев [7] және А.Н. Марьяшевтер [8] олардың мән-мағынасын түпкі тегіміздің үнді-ирандық негізіне сүйене отырып, өз еңбектерінде ежелгі Үндістан мен Иранның әдебиеттері мен мифтеріне сүйене отырып талдаған.

Археологиялық осы тектес деректі Ә. Марғұлан өзінің «Ойсылқара» атты мақаласында б.з. III ғасыр бұрын қоладан құйылған Өр Төстегі ғұн обасынан табылған Ойсылқарының зооантропоморфтық бейнесін ұлы күш иесі ретінде танылады деп жазады [9].

Ежелгі замандағы жазба деректемелерден антик заман авторлары тарихтың атасы Геродот пен Страбонның мәліметтерінен сақтар мен массагеттердің мал шаруашылығымен айналысқандығы және жылқы түлігін ерекше қастерлеп, оны өздері табынған күнге арнап құрбандыққа шалатыны кездеседі [10, 14-15 б.].

Отандық тарихнамада жануарлар культіне арналған толық қанды еңбектер жазылмасада өзіндік зерттеушілік қолтаңбасын қалдырған зерттеулер баршылық. Жалпы қазақ этнографиясы туралы алғашқы мәліметтер соның ішінде төрт түлікке және жануарларға байланысты әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер жүйелі түрде XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басында хатқа түсе бастаған еді.

Ресейдің отаршылдық саясатының қазақ даласына енуі, қазақтардың тарихы мен этнографиясы жайлы деректердің XIX ғасырдың соңына молая түсуіне әкелді.

Алғашқы кезде тек нақты тақырып бойынша болмаса да қосалқы мәлімет беретін наным-сенімдерге байланысты этнографиялық мәліметтер қалдырған зерттеушілер туралы сөз қозғасақ.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі этнография саласы үшін Ш.Ш.Уәлихановтың орны ерекше. Ғалымның еңбектері тікелей зерттеу түрінде жазылып, өзінің құңдылығымен бағалы. Ш.Уәлиханов өзінің «Қазақтардағы шамандық іздері», «Тәңір» еңбектерінде тұңғыш рет қазақтардың наным-сенімдерін кешенді зерттеуші ретінде қарастырады. Менің көзқарасым бойынша діннің пайда болуы және оның түп тамыры туралы мәселеде ол материалисттік көзқараста болды. Өз еңбектерінде қазақтың төрт түлікке қатысты дәстүрлі дүниетанымдық түсінігін діни, анимистік, фетишистік сенімдер негізінде келтірген [11].

Қазақ тұрмысының білгірі Ә. Диваев шамандыққа, киелі заттарға, қазақтардың әртүрлі әдет-ғұрыптары мен түсініктеріне сипаттама берді. Төрт түлікке қатысты көне наным-сенімдер мен ырымдар, әдет-ғұрыптарды зерделеген. Ә. Диваевтың еңбектерінде мал пірлері туралы аңыз-әңгімелер, шаруашылыққа қатысты әдет-ғұрыптар, тіршілік циклі жүйесіндегі жосын-жоралғылардағы төрт түліктің қызметі, ауру адамды төрт түлік пен түрлі магиялар арқылы бақсылардың емдегендері, мал шаруашылығы, қазақ ырымдары туралы жазылған. Оның мәліметтері түпнұсқа және нақты дәлелді. Автордың күдіктері және интерпретациялары күмән тудырмайды [12].

Қазақтардың мал шаруашылығын этнографиялық тұрғыдан зерттеушілердің бірі, атақты түркітанушы В.В. Радлов өз еңбегінде төрт түліктің қазақ өміріндегі маңызын, олардың түрлерін, алынатын өнімдерін, әсіресе шаруашылыққа байланысты қыры – қой қырқу, сүтті оң жақ керегедегі сабаға құюы, алғаш май алу кезеңінде жаңадан алынған майды есіктің жақтауларына жағу және оны адамдарға ауыз тигізгенде оң алақанға салып беруі, секілді әдет-ғұрыптар мен ырымдар жасалуына ішінара тоқталып өтсе, келесі оның «Опыт словаря тюркских наречий» атты сөздіктерінен мал піріне байланысты мәліметтер де келтірілген [13].

Қазақтардың наным-сенімдері тұңғыш рет біршама нақты жазып қалдырған М. Миропиев [14] мақалалары қосалқы дерек бола алады.

Қазақ наным-сенімдері туралы мақалалар тізбегін (сериясын) Түркістандық археологияға және этнографияға қызығушылар үйірмесінің мүшесі И. Кастанье «Қазақтардың наным-сенімдері облысы» атты мақалалары [15] құрайды. Автор тек сипаттап қана қоймай, шамандық, бақсылық және жын-перілер туралы толық зерттейді. И. Кастанье еңбектері Ә. Диваев, М. Миропиев еңбектері секілді оңтүстік қазақтары арасында жиналған мәліметтер бойынша жазылған. Сондай-ақ ішінара Н.И. Ильминский [16], И.И. Ибрагимов [17], Р. Карутц [18] т.б. мақалаларын да тап өту керек.

Ұлт зиялыларының бірі С. Сейфуллин еңбектерінде төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптар, мысалы малдың түр-түстері мен қасиеттері, мінезі, құрбандыққа шалу, мал пірлері, адамды жылан, қарақұрт секілді улы жәндіктер шаққанда сөз киесінің магиялық-мистикалық сенімдері арқылы емдеу тәсілдері туралы сан-алуан мәліметтерді кездестіруге болады [19]. Осыған ұқсас, жылан адамды, малды шаққанда жылқы терін ішкізіп емдеу шаралары туралы деректерді қазақ жерінде XIX ғасырдың екінші жартысында айдауда болған А. Янушкевичте жазған [20].

Қазақ тарихының негізін қалаушылардың бірі С.Аспендияровтың еңбектерінде де қазақтың төрт түлікке байланысты жосын-жоралғылары жайлы мәліметтер кездеседі [21].

Қазақ этнографиясындағы мал шаруашылығына тікелей қатысты монографиялық еңбекті алғаш рет Х. Арғынбаев 1969 жылы жазған және онда дәстүрлі мәдениетіміздің негізі төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптар жайлы құнды мағлұмат сол кезеңдегі саяси идеологияның тұрғысында жазылса да, өте құнды [22].

Қазақтың төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптарына қажетті мағлұматтарды қазақтың мәдениетін, археологиясы мен этнографиясын зерттеуші ғалым Ә. Марғұланның «Ежелгі жыр аңыздар» атты еңбегінде мал пірлері туралы аңыз-әңгімелер мен әдет-ғұрыптар жазылған [23].

Ә.Т. Төлеубаевтың монографиясында қазақтың отбасылық әдет-ғұрыптарын жан-жақты талдай отырып зерттеуде төрт түлікке қатысты әдет-ғұрыптар қамтылып өткен. Төрт түлік ішінен жылқыға байланысты туған көне наным-сенімдер өз дәрежесінде ғылыми тұрғыда сараланған [24].

Ә.Т. Төлеубаевтың келесі «Қазақтың мал шаруашылығына байланысты кейбір көне-сенімдері» атты мақаласында тақырыбымызға қатысты түрлі магиялық наным-сенімдер түздік этнографиялық мағлұматтар арқылы жете талданып, қамтылған [25].

Ал, К.М. Байпақовтың еңбегінде археологиялық ескерткіштер арқылы зороастрлық фарнға байланысты қой түлігіне табыну [26] және діни түсініктер мен патша таңбаларында ертеден-ақ маңызды роль атқарған түйе бейнесі туралы деректер кездеседі [27].

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының шығарған «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні» атты мақалалар жинағында тақырыбымызға қатысты біршама мәліметтер бар. Жинақтан тақырыбымызға қатысты Б. Хинаятұлының «Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары» атты мақаласы жан-жақты төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптар мен ырымдарды келтіріп, оларды жете талдаған [28].

Жылқы түлігінің шаруашылық және тіршілік цикліндегі жосын-жоралғылар жүйесіндегі қызметін дәстүрлі дүниетанымдық төлтума негізінде көне наным-сенімдер арқылы жан-жақты жазған А.У. Тоқтабайдың қазақтың жылқы шаруашылығына арналған еңбегі жылұы культіне байланысты мәлімет береді [29]. Қазақтың төрт түлікке байланысты наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптарының фольклорлық, археологиялық, лингвистикалық және жазба деректермен салыстырыла зерттелген авторлар ұжымы еңбегінің маңызы айрықша [30].

Нақты жануарлар культіне қатысты болмаса да қазақтың наным-сенімдерін тілдік қолданыс жағынан арнаулы зерттеген Ә. Ахметовтың [31], фольклорлық тұрғыда зерттеген Б. Абылқасымовтың [32], Б. Қанарбаеваның [33] еңбектеріне үңілдік.

Сондай-ақ жануарлар культінің шығу тарихын зерттеу барысында археологиялық-этнографиялық зерттеулермен жүйелі түрде танысуға тура келді, онсыз халықтық наным-сенімдердің пайда болу тарихын зерттеу қиын. Әкелі-балалы археологтар: К. Ақышевтың [34], Алишер Ақышевтың [35], М.К. Қадырбаевтың [36], З.Самашевтың [37] еңбектеріде пайдаланылды.

Қазақтардың жануарлар культін тек бір ғана этностық дәрежеде зерттеу ғылыми жұмысымызды шектеу болатындықтан, оны көне түркілер түсінігі мен көршілес славян халықтары және әлем халықтарының ұғымымен салыстыра зерттеуге қол жеткіздік. Сол себепті жануарлар культіне байланысты жалпы адамзаттық, ішінара түркі тектес халықтардың тотемдік нанымдарын зерттеген орыс зерттеушілері С.П. Толстов [38], Н.А. Алексеев [39], А. Золотарев [40], Д.Е. Хайтун [41], З.П. Соколова [42], С.А. Токарев [43] еңбектеріндегі тұжырымдамаларын пайдаландым. Сондай-ақ жекелеген халықтардағы жануарлар культіне байланысты зерттеулер жүргізген ғалымдар: ислам діні таралғанға дейінгі дағыстан халқының әдет-ғұрпын зерттеген Г.А. Гаджиевтің [44], қырғыздардың исламға дейінгі әдет-ғұрпын зерттеген Т.Д. Баялиеваның [45], өзбек халқының әдет-ғұрпын зерттеген Г.П. Снесаревтің [46], башқұрттардың жануарлар культін зерттеген А.Ф. Илимбетованың [47] еңбектерін де назардан тыс қалдырғам жоқ.

Осынау еңбектермен танысу бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру біздің асыл парызымыз. Екіншіден, әлем халықтарының зерттеулеріне үңілу, саралай зерттеу, олардың наным-сенімдерінің біздердікімен ұқсастықтарын, айырмашылықтарын зерделеу ұлт арасындағы түсіністікке ықпал етіп, нанымдарымызды жүйелі талдауға мүмкіндік берді, бір-бірімізге менсінбей қараушылықтан сақтандырып, бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуге дағдыландырады.

 

Бекболат ОРОСХАН, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-інің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімі:

  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстаннның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде. – Алматы, 1993. - 32-б.
  2. Тэйлор Э. Первобытная культура. – М., 1990. - 730 с..
  3. Фрэзер Д.Д. Золотая ветвь: исследование магии и религии/ Д.Д.Фрэзер; пер. с англ. - 2-е изд. - М.: Политиздат, 1986. - 703с.
  4. Фрейд З. Тотем и табу. – Тбилиси, 1991. – 452 с.
  5. Штернберг Л.Я. Первобытная религия в свете этнографии. – Л., 1936. - 544-с.
  6. Самашев З. Наскальные изображение Верхнего Прииртышья. – А., «Ғылым», 1992. - 215 с.
  7. Қадырбаев М.Қ., Марьяшев А.Н. Наскальные изображения хребта Каратау. – Алма-ата: Наука, 1977. – 232 с.
  8. Марьяшев А. Н., Рогожинский А. С. Наскальные изображения в горах Ешкиолмес. Алма-ата: Ғылым, 1991. – 80 с.
  9. Марғұлан Ә. Ойсылқара // Жұлдыз. 1984. №4. - 172-174-б.
  10.  Прошлое Казахстана в источниках и материалах. /Под ред. Асфендиярова С.Д. и проф. Кунте П. А. -2-е изд. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 383 с.
  11.  Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Толағай групп», 2010. Т.1. -376-б.
  12.  Диваев Ә. Тарту./Құрастырған, алғы сөзін және түсініктемелерін жазған Флора Оразбаева. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 256-б.
  13.  Радлов В.В. Из Сибири. Страницы дневника./Пер. с нем. К.Д.Цивиной и В.Е.Чистовой. Прим. И послесл. С.И.Вайнштейна. – М.: Наука, 1989. – 749 с. В.В.Радлов. Опыт словаря тюркских наречий. Т. ІҮ. Ч.2. СПб., 1911.
  14.  Миропиев М. Демонологические рассказы киргизов.// ЗРГО. СПб., 1888. Т.10. Вып. 3
  15.  Кастанье И. Из области киргизских веровании.//ВРУР. – 1912. №3,6; 1913. №3, 4, 6.
  16.  Ильминский Н.И. Древний обычай распределения кусков мясо, сохранившийся у киргизов.// Известия археологического общества. – СПб., 1860.
  17.  Ибрагимов И.И. Этнографические очерки киргизского народа.// РТ. 1872. Вып. №2.
  18.  Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке.// Пер. Е.Петри. – СПб.: Изд-во А.Ф.Девриена, - 1910. – 189 с.
  19.  Сейфуллин С. Шығармалар. Т. 6. – Алматы: Жазушы, 1964. - 455-б.
  20.  Янушкевич А. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. – Алматы, 1966.
  21.  Аспендияров С. История Казахстана. – 1997.
  22.  Арғынбаев Х.А. Қазақтың мал шаруашылығы жайындағы этнографиялық очерк. – Алматы, - 1956. - 251-б.
  23.  Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр-аңыздар. – Алматы: Жазушы, 1985. - 368-б.
  24.  Төлеубаев Ә.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (XIX - начало XX вв.). - Алматы, «Ғылым», 1991. 214-б.
  25.  Төлеубаев Ә.Т. Қазақтың мал шаруашылығына байланысты кейбір көне сенімдері.// Ветник АН КазССР. 1984. №12. – 56-59-б.
  26.  Байпақов К.М. Культ барана у Сырдаринских племен.// Археологические исследования древнего и средневекового Казахстана. – Алма-ата: Наука, 1980. – 203-б.
  27.  Байпақов К. М., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. – Алматы: Қазақстан, 1992. - 208-б.
  28.  Хинаят Б. Қазақтардың рухани мәдениетіндегі магияның орны (Төрт түлікке қатысты қырларынан).// Қ. Р. БҒМ мен Ұ. Ғ. А-ның хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. – 2000  -№5, -78-83-б.б. Хинаят Б. Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары// Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Алматы, Ғылым, 2001.
  29.  Тоқтабай А.У. Қазақ жылқысының тарихы/ А. У. Тоқтабай; жауап. ред. О. Смағұлов. - Алматы: Алматыкітап, 2010. – 496-б.: сур.
  30.  Тоқтабай А. Төрт түліктің қасиеті: Қазақтың төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптарының фольклорлық, археологиялық, лингвистикалық және жазба деректермен салыстырыла зерттелуі / А.Тоқтабай, Ж.Сейтқұлова. - Алматы, 2005. – 192-б.
  31.  Ахметов Ә. Түбі бір түркі өркениеті. – А., 2009. – 285-б.
  32.  Абылқасымов Б. Телқоңыр. Қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклор./ Е. Абылқасымов; жауап. ред. С.А.Қасқабасов. - Алматы: Атамұра, 1993. – 165-б. Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры. - Алматы, 2004. – 160-б.
  33.  Қанарбаева Б. Қазақтың наным-сенімдерінің фольклордағы көрінісі. Зерттеу. - Алматы: Жазушы, 2004.-288-б.
  34.  Ақышев К. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. – Алма-ата, 1963. - 187 с.
  35.  Алишер Ақышев. Искусство и мифология саков. – А., «Ғылым», 1984.
  36.  Қадырбаев М.К., Курманкулов Ж. Культура древних скотоводов и метеллургов Сарыарки. – А., «Ғылым», 1992. – 184 с.
  37. Самашев З. Наскальные изображение Верхнего Прииртышья. – А., «Ғылым», 1992. – 174 с.
  38. Толстов С.П. Древний Хорезм. Опыт историко-археологического исследования. М., 1948. - 301 с.
  39.  Алексеев Н.А. Ранние формы религии у тюркоязычных народов Сибири. Новосибирск, 1980. - 205 с.
  40.  Золотарев А.М. Пережитки тотемизма у народов Сибири. Л., 1934. Родовой строй и первобытная мифология. М., 1964. - 157 с.
  41.  Хайтун Д.Е. Тотемизм. Его сущность и происхождение. Сталинабад, 1958. - 304 с.
  42.  Соколова З.П. Культ животных в религиях. – М.: Наука, 1972. - 213-с.
  43.  Токарев С.А. Ранние формы религии и их развитие. М., 1964. - 401 с.
  44.  Гаджиев Г.А. Доисламские верования и обряды народов Нагорного Дагестана. – М., Наука, 1987. - 182-с.
  45.  Баялиева Т.Д. Доисламские верования и их пережитки у киргизов. – Фрунзе: Илим, 1972. -170-с.
  46.  Снесарев Г.П. Реликты домусульманских верований и обрядов у узбеков Хорезма. – Москва: Наука, 1969. - 336-с. Хорезмские легенды как источник по истории религиозных культов Средней Азии. – Москва: Наука, 1983. – 211-с. 80-100-б.
  47.  Илимбетова А.Ф. Культ животных у башкиров. – Уфа., 2006. – 288-с.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?