Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың қобызын дәріптейтін байқау

2454
Қазақтың қобызын дәріптейтін байқау - e-history.kz
Астанада Тілеп Аспантайұлы атындағы ІІ Халықаралық ішек аспапта орындаушылар арасында байқау басталды

Атақты қобызшы әрі композитор Тілеп Аспантайұлының туылғанына 260 жыл толуына және Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астананың 20 жылдығы  орай ұйымдастырылып отырған халықаралық байқауға әлемнің 15-тен астам елінен 30-ға жуық конкурсанттар келіп отыр. 

Олар бірінші кезеңде Тілеп Аспантайұлының бүгінгі күнге дейін жеткен «Бақсы», «Аллам жар», «Толғау» атты үш шығармасының бірін орындауы тиіс. Ал екінші айналымда өз халқының дәстүрлі туындысын таныстырады. 

Байқаудың шымылдығы Елорда төріндегі қобыз сарайы алдындағы Тілеп Аспантайұлының мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Шараға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, мәжіліс депутаттары, өнер қайраткерлері және де байқауға қатысушы шетелден келген конкурсанттар қатысты.

Байқауға Еуропа және Азия мемлекеттерінен қатысушылар келген. «Ішекті аспаптар ішінде қобыз күйшілерінің арасындағы байқау елімізде екінші рет болайын деп жатыр. Оған Азия, Еуропа құрлықтарының 15-тен астам елдерінен өнерпаздар келіп отыр», - дейді байқау ұйымдастырушысы, Тілеп Аспантайұлының ұрпағы Сапар Ысқақов.

Сондай-ақ байқау басталардан бұрын байқау ұйымдастырушылары журналистерге баспасөз конференциясын ұйымдастырып, Халықаралық байқаудың мақсатын, әділ-қазы мүшелерін таныстырды. Қазылар алқасының қатарында Қазақстаннан Раушан Мұсақожаева, Ресейден Болот Байрышов, Замудин Гучеев, Жапониядан Такечи Такеучи бар. Қазылар алқасының төрағасы Сапар Ысқақов (Қазақстан).  

- Бүгінгі игі шараны өткізудегі басты мақсатымыз қазақтың қара қобызын дүниежүзіне танытып, қазақтың мәдениетін көтеріп, бір сөзбен айтқанда қазақты әлемге таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Қобыз аспабы шежірелі тарихы бар, көне музыкалық аспап. Моңғолияның Алтай бауырынан VI ғасырда пайда болған қобыз аспабы туралы естіген шығарсыздар. Сол көне музыкалық аспаптың көшірмесін «Бабалар ізімен» тарихи экспедициясы барысында Ватикан папасына сыйладық. Сондай-ақ қазақтың Алтайында Берел жерінен жауынгер табылды, оның бір жағында семсер, бір жағында қобыз жатыр. Сол уақытта біздің бабаларымыз жауынгер болған, бірақ қарумен қатар қобызды да қатар ұстаған. Соған қарағанда, түркілер, қыпшақтар, қазақтар қобызды қатты сыйлаған. Бүгінгі халықаралық байқауда шетел өнерпаздарының бағын сынап, шын жүйрікке бәйгесін үлестіретін боламыз. Екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шараның қатысушылары да өте көп, және де территориялық аумағы да ұлғайған,-дейді Сапар Ысқақұлы. 

Баспасөз конференциясында белгілі музыкатанушы Раушан Мұсаходжаева байқаудың бірегей жоба екенін айтып, ешбір елде мұндай кең көлемде қобызшылар байқауы өтпегенін айтып өтті.

- Қобызшылар арасындағы Халықаралық байқау бұған дейін ешбір елде, тіпті елімізде де өткен емес. Осынау бірегей жобаны, қазақтың қобызының қоңыр үнін әлемге танытқан да Сапар Ысқақұлы. Байқау екінші мәрте өткізіліп отыр. Қобыздың дыбысында үлкен құпия, әуез жатыр. Соны іздеп табуда сапар Ысқақұлының еңбегі зор,- деді Раушан Мұсаходжаева.

Байқау жеңімпазы гала-концертте көне қобыз аспабында күй ойнау құқығына ие болады. Бұдан басқа, қатысушылар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталмақ. Бас жүлдегерге 5 мың АҚШ доллары беріледі. Өнер бәйгесі 14 қыркүйек күні мәресіне жетеді. 

Қысқаша айта кетер болсақ, Тілеп Аспантайұлы - XVIII ғасырда өмір сүрген, ішекті аспаптардың дамуына үлкен үлес қосқан атақты қобызшы әрі әйгілі композитордың бірі.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?