Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ойыл уәлаяты құрылған үй немесе Мырзалиевтің жездесі кім?

2285
Ойыл уәлаяты құрылған үй немесе  Мырзалиевтің жездесі кім? - e-history.kz

Біздің республикамыз аумағындағы Алаш автономиясы мен зиялыларына қатысты құнды құжаттар мен архивтік деректер мен Алаш арыстары тұтынған тұрмыстық бұйымдар, жәдігерлер топтастырылған бірден-бір іргелі мәдени орын – Жымпитыдағы «Алаш музейі».

Кезінде Күнбатыс Алашорда үкіметінің орталығы болған Жымпитыға жасаған тарихи-мәдени экспедициямыздың аясында «Алаш музейіне» соғып, әйгілі ескі ғимарат болып саналатын «Таракановтың үйімен» таныстық. Ол туралы «Қазақстан тарихы» порталында «Тұлғалар тоқайласқан Тараканов үйі» деп арнайы мақала да жазған болатынбыз.

Сол барған сапарымызда «Алаш музейінің» «ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тұрмысы» атты залында тұрған үлкен де көне скрипканы көрген болатынбыз. Біздің білуімізше, Күнбатыс Алашорданың төрағасы болған Жаһанша Досмұхамедұлының зайыбы Ольга Константиновна өнерге жақын адам болған екен. Бастабында: «Бәлкім, сол кісіден қалған жәдігер шығар», - деп топшылаған болатынбыз. Сөйтсек, тарихи жәдігер Алаш зиялыларымен дос болған жергілікті орыс адамы Иван Сергеевич Федяниннің мұрасы екен. Бұл туралы бізге музей басшысы Айнагүл Ойшыбаева айтып берді.

Иван Федяниннен мұраға қалған скрипка, «Алаш музейі», Жымпиты

«Бұл музыкалық аспапты Федяниндер әулетінің ұрпақтары музейге тапсырды. Олардың атасы Иван Сергеевич Федянин Алашорда қозғалысының жетекшілері Жаһанша, Халел Досмұхамедовтермен өте тығыз достық байланыста болса, анасы – қазақ қызы Карима Даулетбайқызы (руы қарабура) партия мектебін бітірген, өте талантты жан болатын. Иван Сергеевич Федяниннің ұрпақтары – ұстаздық жолда көп жыл еңбек еткен ұлағатты педагогтер. Осы Жымпиты өңірінің тумалары», – деді А.Ойшыбаева.

Әңгіме төркінін музей басшысынан түсінген соң Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған Иван Сергеевичтің қазіргі ұрпақтары туралы сұрастырдық. Олар қазірде осы Жымпиты ауылында тұратын болып шықты. Иван Сергеевичтің немересі Ким Борисович Федянинге қоңырау шалған музей басшысы мекемеге келуін өтініп, бізбен жолықтыруға мұрындық болды.

Бір сағатқа жетер-жетпесте «Алаш музейіне» ұзын бойлы, кең иықты, аққұба келген, түрі орысқа да, татарға да ұқсайтын ақсақал келіп кірді. Бұл кісі – Ким Борисович Федянин екен. Амандасып, жөн сұрастық. Келген мақсатымызды айттық. Қазақшаға судай Ким Борисович әңгімешіл кісі екен. Атасы мен әкесі туралы естелікті бастамастан бұрын арғы бабаларының бұл өлкеге қашан келгенін айтып өтті.

Федянин Иван Сергеевич ұлы Николаймен, «Алаш музейі», Жымпиты

«Біздің атамыз  Ресейдің Саратов облысынан көшіп келіпті. Қазақтар бұл жерді де ертеден қоныстанып келген. Негізгі атауы – Сарытау. Ол жерде де атамыз қазақтармен жақсы қарым-қатынаста болған екен. Атамыздың, әкеміздің үйінде қазақтар жиі бас сұғатын. Біздер қазақ балаларымен бауырластардай бірге ойнап өстік. Сондықтан да қазақ тілін жастайымыздан үйрендік. Атамыз Саратовтан көшкенде жалғыз сиырын арбаға жегіп, Жымпитыға қоныс аударыпты. Осында келген соң даяшылық шаруашылығына икемделіп, үй салып, трактирь (қонақ үй) тұрғызыпты», – деді Ким Борисович.

Ким Борисовичтің әкесі Николай Иванович революцияға дейін гимназияда білім алыпты. Еңбек жолын қаржы саласында бастап, Жымпиты ауылының құрылуына атсалысыпты. Кеңшар директоры қызметін де атқарған. Партия, кеңес қызметкерлігімен қатар, ұстаздық жолда еңбек еткен. Бір айта кетерлігі – ол кісі қазақтың марғасқа ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы  Қадыр Мырза-Әлінің ұстазы болған. Қадыр ақынның «Жезде яки Николай Иванович Федянин туралы жыр» атты толғауы осы кісіге арналған. Бұл туралы «Алаш музейіндегі» Ким Федяниннің «Автобиографиясында» жазылған.

Николай Иванович өте мәдениетті, көпшіл, қазақ, татар, неміс, француз, латын тілдерінде мүдірместен сөйлейтін адам болыпты. Баласы Ким Николаевич айтуынша, әкесі скрипка аспабында шебер ойнап, «Зәуреш», «Айнамкөз» «Япурай» қатарлы халық әндерін тамылжыта шырқайды екен. Оны тыңдаған қазақтар: «Қазақтан кем айтпайсың!» - деп таңдай қағысады екен.

Федянин Иван Сергеевичтің немересі Ким Николаевич

Николай Ивановичтің Борис, Надежда, Ким атты әке жолын қуған балалары – Жымпиты өңіріне белгілі ұстаздар. Батыс Қазақстанға танымал «Әйгілі Федяиндер әулеті» деген атаққа ие. Кейіпкеріміз – Иван Сергеевичтің немересі. Ардагер ұстаз. Сырым ауданының құрметті азаматы. Жымпитыдағы Қадыр Мырза-Әлі атындағы орта мектебінің директоры болған.

Ким Борисовичтің өз әкесі мен атасы, олардың қазақ еліне көшіп келгені жайында мол ақпаратқа қанық болған соң, біз ол кісіден атасы Иван Сергеевичтің Алаш қайраткерлерімен достығы туралы баяндап беруін өтіндік. Қазақшаға судай, қазақ тарихы мен әдебиетіне жаны құмар ақсақал  әңгімесін бірден Алаш тақырыбына бұрып, әңгімесін бастап кетті.

«Биыл Алаш қозғалысы мен автономиясына 101 жыл толды. Осынау айтулы датаны, біз өз әулетімізде ерекше еске алып отырамыз. Алаш қозғалысы, оның ірі қайраткерлері Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер туралы айтқанда біздің аталарымыздың да бұған біршама қатысы бар екендігі біз үшін мақтаныш. Соны сізге әңгімелеп берейін: біздің Федяниндер әулеті – үлкен отбасы. Әулетіміз бірнеше ұлттан тұрады. Менің әкем – орыс, анам – қазақ,  жұбайым – татар.

Енді Алашқа қатысты дүниені өздеріңе баяндайын. Бұл менің ойдан құрастырған әңгімем емес. Әкемнің, анамның сөзінен естігендерді айтайын... Сонау 1946-50 жылдары ол кісілер көзі тірі болғанда, өзім ет құлағыммен естігендерім ғой. Сонда әкеміз бен шешеміз: «Біздің әулеттің Алаш қозғалысына қатынасымыз болған. Бірақ бұл сырды ешкімге айтушы болмаңдар. Айтсаңдар, біздер құрып кетеміз», - деп бір сырды бізге айтқан болатын. Содан біз ол құпияны ешкімге айтпай келдік. Тек 1991 жылы егемен ел болып, тәуелсіздігімізді жариялаған уақытта бұл ақиқатты айтпасқа болмады.

Алаш қайраткерлері Халел, Жаһанша Досмұхамедұлдарымен атам жақсы қарым-қатынаста болған. Атамның аты – Федянин Иван Сергеевич. Әкем – Николай Иванович. Сол атамыздың үлкен үйінде болған оқиға. Ол кезде трактирь деп аталған. Бір жағында қонақ үйі болған. Атамның трактирінде екінші құрылтай (Бұл шамамен екінші құрылтай емес, Орал қазақтарының төртінші құрылтайы. Бұл жиында Ойыл уәлаяты деген үкімет құрылады. Төрағасы – Жаһанша Досмұхамедұлы – А.Қ.) өткені туралы әкем мен анам өзара әңгіме қылып айтып отыратын. Менің әпкемнің аты – Надежда. Ол кісі қазір Ақсайда тұрады. Апайым келіп бұл әңгімеге қатысқанда бәрін жақсылап тұрып айтатын еді. Өйткені, апам ол кезде маған қарағанда естияр. Жасы үлкен болатын. Бірақ әңгіменің құлағымда қалғанын мен сіздерге айтпақпын.

Әкем осы өлкедегі сауатты адамдардың бірі болған. Семинария бітірген. Алаш қайраткерлері бар, сосын әкемнің үстінде гимназия бітіргендегі киімі бар, әкем шынтақтап жатып түскен фотосурет бар еді. Сол фотоға қарап әке-шешем көп адамдардың атын айтатын еді. Фотосуреттегілердің арасында татарлар да бар деп оларды көрсетті. Сол жиынға қатысқандар қатарында орыс, татар, қазақ ұлт өкілдері болған. Соған қарағанда, Алаш қайраткерлері Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы сол кездің өзінде мұндағы халықты ұлт-ұлысқа бөлмегендігін аңғарамыз. Сол татулықтың белгісі – бүгіндері Қазақстанның құтты шаңырағында түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Елбасымыздың сарабдал саясаты арқасында барша ұлтты бір шаңырақ астына жинап, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз ғой. Президенттің бұл саясатына мың да бір рақмет. Мың да бір ризамыз.

Әңгімесінің бірінде әкем триктирьді күзеткен оқиғасын айтады. «Трактирьдің ауласы – биік дуалмен қоршалған, трактирь ғимараты да биік еді», - дейді. - 300-дей адам атамның трактирьдің ауласына сыйып кетіп тұр ғой. Осылайша, түнде күзетте тұрғанда тарсылдаған мылтықтың дауыстары естіліпті. Олай-былай шапқылап жүрген салт аттылардың дауыстары да шығады. Айқайлап: «Ұстаңдар! Ұстаңдар!» - деген дауыстар естіледі. Сол оқиғаны әкем, анам айта отырып: «Тістеріңнен шығарушы болмаңдар, ешкімге айтушы болмаңдар!» - дейтін. Демек, Алаш съезі өтіп жатқанда, бұл кісі күзетте тұрған ғой. Сол оқиғаны жарты ғасыр бойы ешкімге айта алмай, ішімізде сақтап келдік. Атамның өзі әкеме: «Мені нағыз сыйлайтын адамның бірі – Жаһанша Досмұхамедұлы еді», - деп айтқаны бар-ды.

Екінші құрылтайында (бұл Орал қазақтарының төртінші съезі – А.Қ.) үкімет құру туралы бастама көтерілген. Жеті адамның басқаруындағы үкімет жасақталған. Оның басшысы – Жаһанша Досмұхамедұлы болған. Орынбасары – Халел Досмұхамедұлы. Менің таңғалатыным – қаншама адамды бір трактирдің ішіне кіргізіп, 4-5 күн бойы ың-жыңсыз құрылтай өткеніне таңғаламын.

Әкемнің әкесі Иван, оның әкесі Сергей – Оралға жақын өңір Самарадан келгендер дедік емес пе. Самараны кеңес жылдары Куйбышев дейтін еді ғой. Алашқа қатысты жағдайлар осы», – деп әңгімесін аяқтады, Ким Борисович.

Қазақ руханиятына етене өскен, нағашылы-жиенді болып, қыз алысып қыз беріскен, қазақтың дәстүрі мен тілін бойына сіңірген Федяниндер әулеті – өзге ұлттардың барлығына үлгі. Өз заманында Алаш арыстарына қамқорлық танытып, Жымпитыдағы Алаштың қазақ құрылтайын өткізуге атсалысқан атасы Иван Сергеевичтің өнегелі өмірі ұрпағына ғибратты іс.

Ақкөңіл де жайдары мінезді Ким Борисович ұзақ жылдар ішке сақтаған сырын бізге бүкпесіз әңгімелеп беріп, қазақтың қонақжай дәстүрімен қонақ болуға үйіне шақырды. Біз қарттың ақеділ көңіліне рақметімізді білдіріп: «Қауырт жұмыстармен жүргенімізді, келесі жолы келгенде арнайы қонақ боламыз!» - деп жылы қоштастық. Алаш арыстарына қатысты құнды естелік тыңданғанымызға қуанып, Жайықтан Астанаға жол тарттық. Жымпитыдағы жақсы күндерімізді Қадыр Мырза-Әлінің Жымпитыдағы жиені Ким ақсақалдың бір сағаттық әңгімесі қорытындылады. Саратовтан қарашекпен болып келген Иван Сергеевичтің ұрпағы қазақ ортасында төрге озған даңқты тұлғаларға айналғанын көз көріп, көңіл марқайды десек болады.

Астана-Орал-Жымпиты-Астана

Фотосуреттер: Алаш музейі қорынан алынды

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?