Жарияланымдар

Тұлғалар тоқайласқан Тараканов үйі

19 Сәуір 2017
1037
0
Тұлғалар тоқайласқан Тараканов үйі
«Алаш» музейі 1918-1919 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары басқарған Күнбатыс Алаш Орда үкіметі орын тепкен тарихи ғимаратта орналасқан.

Күнбатыс Алаш Орда орталығы болған Жымпитыға барған  әр қазақ «Алаш» музейіне соқпай кетуі мүмкін емес. Тарихи музейлік кешен аудандық Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің құрамдас бөлігі. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдығына арналған шаралар барысында көрерменге есігін айқара ашқан болатын. Содан бері бес жыл уақыт ішінде музей қоры құнды жәдігерлер мен алаш тарихына қатысты құжаттармен толықты. Музей төріне Сәбит Мұқановтың, өзге де куәгерлердің сипаттауы бойынша қалпына келтірілген Алаш Орданың жасыл туы ілінді.

Музей 1918-1919 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары басқарған Күнбатыс Алаш Орда үкіметі орын тепкен тарихи ғимаратта орналасқан. Бұл тарихи ғимарат өткен ғасырдың орта шеніне дейін «Таракановтың үйі» деген атпен белгілі болды. Бүгінде тарихи ескерткіш мемлекет қорғауына алынған замана жәдігері.

«Таракановтың үйі» деп аталатын бұл екі қабатты ағаш үй 1867 жылдары салынған. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Алмагүл Ойшыбаеваның айтуынша, орыс саудагері  осы ғимаратты салғаннан кейін 1890 жылдың аяғында астық тартатын механикалық диірмен салады. Онда сөктен бастап ең қымбат сапалы астық тартып, Орынбор, Оралға дейін жеткізіп сатқан.  

1917 жылы  шілде  айында  Алаш партиясы құрылды. Осы ғимаратта 1918 жылдың ақпан айынан 1920 жылдың қазан айына дейін «Алаш Орда» үкіметі орналасты. Үкімет басшысы болып Жаһанша Досмұхамедұлы, орынбасары болып Халел Досмұхамедұлы сайланды. 1920 жылы ғимаратқа Жымпиты уездік партия комитеті орналасқан.

Тарихи ғимарат 1925 жылы аудандық партия комитетінің қолына өтіп, әр жылдары түрлі мекеменің мекен-жайы болды. Әскери комиссариат, аудандық ветеринарлық станция, аудандық саз мектебі, мәдениет үйінің құрамдас ғимараты болды. 2007  жылдың 9-қыркүйегінен Сырым Датұлының туғанына 265 жылдығына орай  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Сырым Датұлы музейі ретінде ашылды. Алаш Орданың 95 жылдығы қарсаңында «Таракановтың үйін» алаш музейі ретінде ашып, арнайы көрме залдарын толықтырған. Содан бері жымпитылықтар «Алаш» музейі деп кеткен тарихи мұражайлық кешен қызмет атқарып келеді.

«Бірақ, көп адамдардың шатасатын жері оны бөлек музей ретінде көреді. Атауымыз жалғыз Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі болсада, оны «Алаш музейі» деп халық атап кетті. Келген қонақтар да Алаш музейін көрейік деп айтып жатады. Әлде Сырым батыр мен Алаш тарихының арасында жатырған екі ғасыр уақыт осылай айтуға себеп пе, болмаса, осы бір тарихы терең құнды ғимараттың өз киесі бар ма, кім білсін?! Қалай болғанда да, биылғы мерейлі жылдарға байланысты ғимаратымызды жаңару жұмыстары күтіп тұрғаны анық. Бұл да мәдениетке бей-жай қарамайтын әкімшіліктің назарына байланысты.  Төбесінен су кетіп, әлі күнге электрмен жылытылып отырған көне ғимаратқа  жөндеу керек-ақ.  Биыл міне Алаш Орда үкіметі мен партиясының құрылғанына 100 жыл, Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 130, репрессияға 80 жыл (1937-2017) толмақ. Ауқымды шаралар аясында тарихи ғимаратта, жаңа маусымды бастан кешірмек. Қолда барды бағалап, келер ұрпаққа сақталымы жақсы күйінде табысталса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз», – дейді музей меңгерушісі А. Ойшыбаева.

 

Досмұхамедовтердің жұмыс кабинеті

«Алаш» музейін тамашалауда келген көрермендер мен қонақтарды баурап алатын ерекше картина Сырым батырдың дәуірін сипаттайтын диарамма. Бұл диарамма музей үйіне кірген бетте алдыңыздан шығатын ерекше тарих шежіресі. Диараманы жағалай жүріп, алаш арысы Жаһанша және Халел Досмұхаметовтердің жұмыс кабинетін көреміз. Сырым дәуірін сипаттайтын диораманың «Алаш» музейінде тұруының да өзіндік мәні бар. Жаһанша Досмұхамедұлының өмірдегі ұстанымы мен саяси көзқарасы үшін Сырым Датұлының реформаторлық еңбектерінен үлгі алып, шешендік сөздерін үнемі өзінің өмірдегі ұстанымына айналдырғанын жас ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатта қойылған.

Бөлменің  дәл ортасында тұрған айшықты қоңыр үстел мен орындықтардың Жаһанша дәуірінен жеткен көне көз жәдігерлер болып табылады. Бұл жиһаздардың көбісі еуропа үлгісіндегі жиһаздар санатына жатады. Суретте – Вен орындығы. 

Ал, төрдегі жасыл ту алаш үкіметінің   негізгі рәмізі болғанын біреу білсе, біреу білмесі анық. Алаш туында төте жазумен «Жасасын Алаш автономиясы!» және араб жазуымен «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі» деген жазу бар.

Тудың екі жағында екі Досмұхамедұлы туралы фотошежіре олардың өмірлері туралы сыр шертеді. Олардан басқа бұл жерде алғашқы дәрігерлер, заңгерлер, алғашқы баспа түрлері, алғашқы журналистер туралы және ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым өкілдерінің киім үлгілерін  тағы басқа көп нәрсе көре аласыздар. Сонымен қатар қазіргі таңда алаш ақтаңдақтарын жазып жүрген тарихшыларымызбен олардың еңбектерінің жинақтарын да осы жерден кездестіруге болады.

Алаш милициясының қару-жарағы

1918 жылы мамыр айында өткен құрылтай жиналысында мына мәселелер қаралып, шешім шықты.

1. "Алашорда" үкіметінің батыс бөлімі құрылсын, оның құрамы 7 адамнан болсын.

2. Халықтық милиция және үкіметті ұстап тұру үшін халықтан қаржы, әр тұрбадан 200 сомнан ақша жиналсын.

3. Алашорда үкіметі жанынан 2000 адамнан құрылған халықтық атты милиция жасақталсын, оның ат құралдары, ер-тоқымы халықтан алынсын.

4. Ойыл мен Жымпитыда офицерлер даярлайтын юнкерлер мектептері ұйымдастырылсын.

Осыған орай, Күнбатыс Алашорда үкіметі құрылысымен оның арнайы әскері, Уәлаят милициясы жасақталған. Сол милицияның ұстаған қару-жарақтар топтамасы – оның ішінде, бесатар мен алты атар тапаншаларды, мылтық, қайқы қылыштарды, винтовка мен зеңбіректің оқтарын көруге болады.

ХХ ғасырдың басындағы  қазақ зиялыларының тұрмысы

Бұл залдан төрт тартпалы суырмаларымен айшықты айна, буфет, шай құралдары қойылған үстел, киім ілетін шкаф пен  әлі күнге дейін жүз жылдан асса да уақыттың бір орнын да тұрмайтынын дәлелдегісі келген дей сырт-сырт соғып тұрудан талмай тұрған жар сағатын көруге болады.

Бір кездері Алаш қайраткерлерінің Мәскеуде білім алғанын ескерсек, бүкіл Ресейге әйгілі Кузнецов ыдыстарын алғаш рет тұтынған да қазақ зиялыларының отбасы болатын. Сырым топырағынан түлеген көздері ашық, көкірегі ояу Жаһанша, Халел Досмұхамедұлылар сынды жалынды жастар бұл үрдістен қалыс қалмай, қолөнер бұйымдарын соның ішінде Кузнецов ыдыстарын елге әкеліп, пайдаланғаны мәлім.

Алаш қайраткерлерін еске алу залы

Төменгі бөлмелердің бірінде алаш қайраткерлерін еске алып ұлықтауға арналған, сондай-ақ жас зерттеушілерге қолжетімді ақпараттар  беріп тұру мақсатында арнайы қолжазбалар мен архив материалдары қойылған.

Зал қабырғасына ілулі тұрған екі  сурет ерекше көзге түседі. Біреуі «Дауыл» деп аталады. Сол кездегі қазақ ауылдарының басына берген саяси қуғын-сүргін алапат дауылмен бейнеленсе, «Екі аяқты» деп аталатын келесі абстракция адам баласының төрт аяқты жыртқыштан өткен жауыздығын шебер суреттеген.

Кеңестік тергеушілердің кабинеті

Советтік дәірдің сипаты мен  тергеушілердің жұмыс орны көрерменнің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Дәл осыған ұқсас түпнұсқа болып келетін былғарымен қапталған қоңыр үстелді және осы отырғыштарды да енді басқа жерден кездестіру әсте мүмкін емес.

Совет үкіметінің көсемдерінің портреттері мен туы, арнайы кітапхана жүйесі де сол кездегі ел басқарған адамдардың негізгі білім көзі болып табылғанын бәрімізде жақсы білеміз. Қабырғадағы үлкен кітап толы сөреде К. Маркстың, Энгельстың, Лениннің еңбектері қойылған.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов Сырым ауданына іссапары барысында аудан орталығы Жымпиты ауылындағы Алаш тарихы музейінде болып «Алаш» партиясы мен үкіметінің 100 жылдығына орай, Батыс Алаш Орда жетекшісі, заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының 130 жылдығына орай «Алаш» музейін қалпына келтіру, газға қосу жұмыстары жүргізілетінін айтқан болатын.   

Облыс әкімі айтқан тапсырмалардың дені іске асатын болса, Жымпитыдағы ұлт зиялыларының арманы мен мақсаты, идеялары жүзеге асқан орынның талай қала қонақтары мен облыс тұрғындарының құт ордасына айналары анық. 

Астана-Орал-Жымпиты-Астана

 

Материалды әзірлеуде ақпараттық қолдау көрсетіп, Жымпиты төріне баруға мүмкіндік қарастырған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысына, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне Портал редакциясының атынан алғыс айтамыз.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан не күтесіз?