Абылайхан Қалназаров: Қажымұқан – отарлық дәуірдегі қазақтың саяси мәлімдемесі

2116
Абылайхан Қалназаров: Қажымұқан – отарлық дәуірдегі қазақтың саяси мәлімдемесі - e-history.kz

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров. Әңгімеміздің өзегі 1871 жылы 7 сәуірде дүниеге келген алып күш иесі, қазақ тарихындағы бірегей феномен Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы. Әйгілі күш атасының биыл 155 жылдығы тойлануда. Бір қарағанда оның тұлғасы мен ғұмырнамасында саясат жоқ сияқты. Бірақ ғалым бар дейді. Ол не саясат, соны назарларыңызға ұсынамыз! 

– Атамыз туралы талай айтылып, жазылып та, фильм-деректі фильмдер де түсіріліп жүр ғой. Ал сіз ол кісіні армансыз зерттеп зерделеген адамсыз. Пәлен жылдық ізденісіңіздің шөкімдей түйіні болсын: Қажымұқан кім?

– Қажымұқандай еренді «балуан» деп қана айту – оның болмысын тарылту. Ол – бір дәуірдің желбіреген байрағы. Алаштың іштен булыққан, бірақ сыртқа шығатын тіл таппай тұрған зарының бұлшық етке айналған формасы. Егер оның биік тұлғасын тек спортшы ретінде қарастырсақ, тарихи қателік жіберер едік. Қажымұқан – отарлық қысымдағы қазақтың күрес өнері арқылы сөйлеген саяси мәлімдемесі.

– Саяси мәлімдеме дейсіз бе?

– Иә. Еркін сөзі, өзіндік қожайын мінбері жоқ кезде, төл мемлекеті жоқ кезде – халық басқа тіл табады. Бодан халықтарда әрқалай, бірінде музыка, екіншісінде сурет болған. Қазақта ол тіл – күш жолы болды.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы – қазақтың ең күрделі кезеңдерінің бірі. Жерінен айырылған, билігінен айырылған, мал-мүлкінен айырылған мұңлық жұрт, әдебиетте «Зар заман» деп сипатталған кезең. Бірақ толық жойылып кетпеген жұрт. Неге? Себебі оның ішінде қарсылықтың бір түрі сақталды. Сол форманың бірі – Қажымұқан. Ол күреске шыққанда, тек қарсыласын жеңіп жатқан жоқ. Ол қасаң да қатал империялық басым дискурсты бұзып жатты. «Сен әлсізсің, құл мен күңсің» дегенге – өз жеңімпаз үлгісімен жауап берді.

Қажымұқан өз қолымен еккен ағаш

– Сонда қалай?

– Кішкене бала күнімде ауылдың қарт кісілері Қажымұқан туралы айтқанда, бір нәрсе мені таң қалдыратын. Олар жеңістерін санай бастайды: Поддубный, Лурих, Збышко-Цыганевич! Бұл аттардың бірі – орыс, бірі – поляк, бірі – америкалықтікі. Жапон Саракикиі тағы бар. Яғни, ол кезде бүкіл отарлаушы дүниенің дөй-апайтөстерін жыққан адам туралы айтып отырады.

Енді ойланып көрейікші. «Түзем халық», «мешеу», «надан» деп айдар тағылған ортада өсті. Сол кезде далада туып, академиясыз, мектепсіз өскен бір жігіт Санкт-Петербурда, Берлин, Парижд, Рио-Де-Жанейро, Нью-Йоркта – дүниенің ең мықты балуандарын бірінен соң бірін жыққан.

Мұны «тек спорт» деп айту – теңізді шелекпен өлшегенмен бірдей. Ол жеңген кезде бүкіл қазақ жеңді. Ол еңсе тіктегенде бүкіл халықтың еңсесі тіктелді. Мұны ешбір патша жарлығы, ешбір саяси манифест бере алмас еді. Тек тірі адамның «тірі» жеңісі ғана бере алады. Міне, сондықтан Қажымұқан – саяси мәлімдеме. Қамығып, тұншығып шыққан, бірақ бүкіл дүние естіген мәлімдеме.

– Қажымұқанның қазақ тарихындағы символдық мәні қандай?

– Символ дегенде біз көбіне жай белгіні түсінеміз. Ал Қажымұқан – белгіден де терең. Ол – халықтың өзі туралы жоғары түсінігінің жер басып, ашық аспан астында тыныстап, тірлік кешіп өткен айқын дәлелі.

«Мен де осындаймын. Мен де осылай күштімін. Мені жеңуге болмайды. Менің басымнан бақ бүгін ғана тайғаны болмаса, тереземіз тең» деген ұлттық сенімнің ет пен сүйектен жаралған нұсқасы.

Ойлап қарашы: көшпенді халықтың баласы. Жазба академиясы жоқ, кәсіби спорт мектебі жоқ заманда өсіп, бүкіл империялардың мықтыларын қирата жеңді. Бұл – жай спорт емес. Бұл – сол шақтағы отарланға Ұлы даланың үнсіз ұраны.

– Оны мәдени феномен деп атауға бола ма?

Болғанда қандай! Тек солай атау керек. Мәдени феномен – бір ғана салада емес, бірнеше кеңістікте бір мезгілде із қалдырған тұлға. Қажымұқан дәл сондай. Әлбетте, ол бірінші кезекте күресші болды. Бірақ домбыра да тартты, ән айтты. Ескі эпостар мен жырларды жатқа айтып, Майраның әндерін орындады. Өлең шығарды: «Бір тас бар, Қояндыда балуан тас…» деп басталатын жолдар оның ішкі әлемінің айнасындайын. Ақынгерлікпен айтысқа дайындалды, кейде түсті. Тәуіп болды. Диқан болды. Балалар оқытты. Соғыс кезінде ел үшін қаражат жинады. Бұл – бір адамның өмірбаяны емес. Бұл – тұтас дала өркениетінің тұлғалық моделі. Оны тек балуан деу – Абай Құнанбайұлын тек ақын деумен бірдей. Дұрыс, бірақ тар.

– Оның азаматтық портреті туралы не айтар едіңіз?

– Қажымұқанның азаматтығы – оның ең биік қыры. Ол өзін ешқашан жеке адам ретінде көрсеткен жоқ. Әрқашан халық өкілі болды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел аралап, өнер көрсетіп, қаражат жинады. Сол қаржыға майданға ұшақ жіберілді деген дерек бар. Бұл – жай көмектесу емес. Бұл – азаматтық акт.

Тағы бір мысал: қуғын-сүргін жылдары ол Шәуілдірде Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтардың жақындарын қорғаштап, ашық қолдау көрсеткен. НКВД-ның қылышынан қан тамып тұрған заманада-ақ: «Сәкен, Ілияс, Бейімбет – жау емес» деп айту – ерлікпен тең. Яғни, ол тек дене күшінің ғана емес, азаматтық батылдықтың да иесі болды.

Қажымұқанның ұрпақтары қолындағы өзі тұтынған ожау

– Қажымұқан бейнесі халық жадында қалай сақталды?

– Екі деңгейде сақталды. Біріншісі – нақты адам ретінде. Оның тұрған үйі, ұстаған заттары, жүрген ізі – бәрі халық есінде. Тіпті, кей елдімекендерде жантайып жатқан жеріне дейін ұмытылмаған.

Екіншісі – миф ретінде. Ол бірмезгілде екі түйені тартып тоқтатты дейді. Жүк көлігін көтерді дейді. Кеудесіне тас қойып, ауыр балғамен ұрғызды дейді. Тоннаға жуық тастар көтердісі бар. Бұл рас па? Бұл жерде мәселе рас-өтірікте емес. Мәселе – халық нені есте сақтауға лайық деп тапты. Әзелден қазақ мифі – өтірік емес, негізі бар дүние. Ол – шындықтың ұлғайтылған символы. Кей-кейде гипербола. Бұл тұрғыдан алғанда Қажымұқан – мифке айналған ғана емес, миф тудырған тұлға. Бұл туралы менің «Балуан тас» қостомдығымда кеңінен айтылған. 

– Алыптың шыққан тегі де мифология емес пе? Сәтті пайдаланып сұрап алайық, эпостағы баһадүр Қобыланды ұрпағы деген не сөз?

– Мұнда бір керемет бар. Қажымұқанның өзі 1946 жылы Отырарда отырып, барлығын өз аузымен айтып, жанындағылар араб әрпімен хатқа түсірген. Демек, бұл – бұрмалануы мүмкін емес деректер. 

Қобыландылық тізбек енді шежіресі бойынша ғой. Бірақ мен ешкім айтпаған мынаны айтып өтейінші. 

Оның әжесі Айсары – керемет тұлға. Тіпті аңызға кіреді. Қажыекеңнің түп нағашысы, яғни Мұңайтпастың нағашысы Сары Тарақтыдан шыққан атақты батыр Байсеу деген кісінің қызы. Жас келіншек болып түскен күннің өзінде атан түйе құдыққа құлап, ауылдың жиырма-отыз жігіті жабылып ала алмағанда, басынан сәукелесін жерге қойып, түйені бір өзі сүйреп шығарыпты. Егде тартқан шағында Өзбекстаннан Қара балуан деген алып келіп, «Мені жыққан кісіге бір пұт өрік, бір пұт мейіз, бір пұт жаңғақ беремін» деп бүкіл Қараөткелге жар салғанда, ешкім шыға алмаған жерде Айсары шығып, Қара балуанды тік көтеріп: «Бәйгемді бересің бе, жоқ қабырғаңды күйретейін бе?» деген.

Міне, осы Айсарының қолында өскен Мұқан – кім болмақ? «Алып анадан, ат биеден» дейді қазақ. Бұл тегіннен тегін айтылмаған.

Атасы Ернақы болса – Кенесарының қырық батырының бірі. Бас батырлар қатарында Бөгенбай, Қабанбай, Иман, Жәнібектермен бірге аталады. Яғни Қажымұқанның тамыры – жай ғана дала тамыры емес. Бұл – батырлықтың, ерліктің, рухтың тамыры.

Қажымұқанның Темірлан музейіндегі “Күш” лекциясы

Қажымұқан қайда туылды деген мәселе әлі де даулы. Сіздің ойыңыз қалай?

Бұл тарихшылардың дауы. Маған оның нақты нүктесі емес, мәні маңызды. Ресми дерек бойынша Ақмола аймағы, Қараөткел. Бірақ оңтүстіктіктер басқаша дейді: Отырар ауданының Шілік өңіріндегі «Қаратөбе» яки «Ақтөбе» деген елдімекенде туылған деседі. Мұның артында да нақты дәйектер бар. Ернақының мазары Шіліктің ескі қорымында жатыр. Жергілікті ақсақалдар «Ернақының жайлауы» деп нақты жерді нұсқайды.

Ақын Мұхтар Шаханов өзінің Шыңғыс Айтматовпен бірге шығарған ««Құз басындағы аңшының зары» кітабындағы сұхбатында мынадай сөзді айтады: «Қажекеңнің төлқұжатында туған жері Ақмола облысы деп көрсетілгені болмаса, негізгі кіндік қаны тамған топырақ – Отырар ауданының Ақтөбе ауылы».

Бірақ мен бұл дауда бір жаққа шығып кетпеймін. Өйткені маңызды нәрсе мынау: ол он жылдан аса осы оңтүстік жерінде, Отырарда тұрды. Өлерінде де осы маңды арман етті. Сыйласы Нұралы ақынның жанына жерленгісі келді. Яғни, жаны да, арманы да осы топырақта.

Ұрпақтарынан сұрасаңыз да әрнені айтады. Сондықтан да не деп болмас. Атам қазақ: «Әрбір адам жаралған жерінің топырағына қайтады» дейді. Оның сүйегі Темірланда жатыр. Басты факт осы. 

– Сіз «символикалық Балуан тас көтеру» теориясын айтып жүрсіз. Қажымұқанмен байланысы қандай?

– Менің «Балуан тасын символикалық көтеру» ұғымым – күштің физикалық актіден мәдени-рухани, зияткерлік те актіге айналуын білдіреді.

Қажымұқан нақты тастарды ғана көтеріп қойған жоқ. Ол қазақтың тарихи ауырлығын да көтерді. Мысалы, осы ойды жуырда ғана елордамыздағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында біздің бастамамызбен қойылған «Қажымұқан» драмасында барынша көрсетуге тырыстық. Өз кезегінде, бұл идеяны үкілеген үмітімізді ақтап, қойылым авторлары Наурызбай Асылбек пен режиссері Ақниет Жақсығали және басқа да осы жобаға қатысы бар талантты жігіттер мен қыздар тамаша алып шықты. Ол өзімен бірге қазақтың намысын, қорланған санасын, басылған рухын әлемдік деңгейге көтеріп шығып, тиісті орнына қойды. Көрініс соңында Қажының алып зілтасты әкесінің моласына көтеріп әкеліп қоюы осыны нышаналайды. Сол себепті ол батпан ауыр балуан тасты тура да, ауыспалы да мағынасында көтерген адам десек артық емес. Сол үшін ол – тек балуан емес. Ол – символдық субъект. Бұл жерде әйгілі пәлсафашы Эрнст Кассирер айтқан «адам – символдық болмыс» деген тұжырым өзекті. Қажымұқан – сол символдың айғақты формасы.

– Оның өміріндегі қандай оқиға сіз үшін ең маңызды?

– Мен үшін оның Семейдегі Абай Құнанбайұлы тойынан кейінгі елге кеп айтқан сөзі. Ол: «Мені жұрт күшті дейді. Бірақ нағыз күш сөзде. Абай сөзі тау болса, менің күшім соның бір тасындай да емес» деген сарында айтқан.

Ойлап көр: әлемді жеңген адам осылай дейді. Бұл – кішіпейілділік емес. Бұл – философия. Бұл – күштің шекарасын түсіну.

Қажымұқанның немересі Нұрлан Айдарханұлы

– Қажымұқанды әлемдік герой-кейіпкерлермен салыстыруға бола ма?

Әрине. Геракл, Илья Муромец сияқты образдар бар. Бірақ олардың бәрі – миф. Ал Қажымұқан – шындық. Ол өмір сүрді. Жеңді. Қиналды. Сүйді. Қателесті. Онысын түзеді. Құлады. Тұрды. Сондықтан ол қандай да бір әлемдік легендалардан да биік.

– Оның күресі спорт па, әлде мәдени-әлеуметтік құбылыс па?

– Әлгінде айтып өттім емес пе, тек спорт деу – тым тар. Оның күресі, әрине, ең алдымен, экономикалық акт болды. Тартысып жүріп табыс тапты. Екінші жағынан, брендтік-имидждік, яки дипломатиялық акт болды. Яғни түркі-мұсылман мен қазақты танытты, ешкім тағайындамаса да бренд-амбассадор қызметін атқарды. Үшіншіден, психологиялық акт болды. Халықтың еңсесін көтеріп, өз-өзіне деген сеніміне отын тастап отырды. Және соңғысы, мәдени акт болды. Ұлттық толағайлық архетип пен күштік кодты сақтады. Яғни, бұл – толыққанды өркениеттік құбылыс.

– Қазіргі күш мәдениеті туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі күш мәдениеті әлсіреген. Сүлдерін сүйретіп әрең жүр. Бүгін күш – килограмм, секунд, медаль. Ал бұрынғы күш – рух, парасат, жауапкершілік болатын.

Бұрынғылар «Балуан келсе – құт келеді» дейтін. Бүгін балуан – жүлдегер ғана.

Сондықтан бізге Қажымұқанды қайта оқу керек. Неге оқу керек? Себебі, қазақ палуандарына рөлдік модел ретінде қайта таныту ләзім. Бүгінгі қазақ күресінде Дәулет Тұрлыханов, Арман Сүлеймен, Дамир Бекбосынов секілді санасаң саусағың бітіп қалатын  жандар болмаса, жалып есепте кесек тұлға жоқ, азамат аз. Бәлкім маған кездеспей жатыр. Маған біреулер барыстарды сілтей береді. Алайда олардың да біршамасын көрдік. Барыстың да барысы бар. 

– Қалай оқу керек?

– Оны «спортшы» ретінде емес, «код» ретінде. Оның образында халық өзін қалай сақтайды – соны көру керек. Қажымұқан – өткен шақ емес. Ол – дап-дайын рөлдік модель.

– Соңғы сұрақ. Егер сіз Қажымұқанды үш деңгейде сипаттасаңыз…

– Халық үшін Қажымұқан – мақтаныш. Ғылым үшін отарлық жағдайда қалыптасқан ұлттық өзін-өзі репрезентациялау формасы. Ал адам ретінде – ауыр тағдыр арқалаған алпауыт. Миссиялы адам және ол миссиясын толық орындап кеткен адам. 

– Ал бір сөйлеммен түйіндесек қалай?

– Қажымұқан – қазақтың сол бір қиын замандағы суға батып, тұншығып, су бетіне қайта шыққанда жанталаса демін алып, «мен әлі тірімін» деген булыққан сөзі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз