Наурыз – жыл басы, тіршіліктің жаңаруы, көңілдің тазаруы, дастарханның молаюы. Қазақ дүниетанымында Наурыздағы ас-су тек тойып ішу үшін емес, ырыстың, татулықтың, тілеудің белгісі саналған. Сондықтан бұл күнгі дастарханға қойылатын тағамдардың әрқайсысы мағына арқалайды.
Соның ішіндегі ең бастысы – наурыз көже. Наурыз көже негізінен жеті дәмнен жасалады. Ол жеті санының киелілігіне байланысты болса керек. Су, ет, тұз, май, дәндер, сүт, қатық немесе құрт секілді ырыс пен тоқшылықты білдіретін азықтар қосылады. Көп жерде көжеге міндетті түрде сүр ет салынатыны да айтылады.
Дегенмен наурыз көженің бір ғана өзгермейтін рецебі бар деу жаңсақты болар. Қазақ даласының әр өңірі, әр шаңырағы оны өзінше дайындаған. Бір үй бидайды көбірек салса, екінші үй арпаны молдау қосқан. Бірі қатықпен ашытса, бірі құрт езіп құйған. Бірақ осы сан алуан нұсқаның бәрін біріктіретін ортақ өзек бар: наурыз көже – қыстан қалған сүрдің соңын, көктемнің алғашқы ақ дәмін, жаңа жылға айтылған ақ тілекті бір қазанға тоғыстырған тағам. Сондықтан оны кей жерлерде «көп көже», «тілеу көже» деп те атаған.
Көнекөздердің айтуынша, наурыз көженің дәмін кіргізетін кәделі жіліктің бірі – кәрі жілік. Ескі дәстүрде соғымның екінші кәрі жілігін бүтін күйінде арнайы наурызға сақтап, «жолы үлкен жілік» деп қастерленетіні айтылады. Қазақ сүйекті де сөйлеткен халық қой, әр мүшенің жолын, орнын, берілер кісісін білген. Кәрі жілікті шаққызбай асу да сол қадірдің бір көрінісі болса керек.
Наурызға сақталатын кәденің тағы бірі – жая. Бүгінгі көпшілік жаяны көбіне сүрленген, жұқалап тілімделген дәм ретінде қабылдайды. Ал дәстүрлі түсінікте жая – ірі қараның сауырындағы етті, майлы, кәделі бөлік. Ол наурыз көжеге нәр беретін, сорпаға қуат қосатын ас ретінде бағаланған. Ескі үрдісте оны ұсақтап бөлшектемей, бүтінге жақын қалпында асу да сыйластықтың, молшылықтың белгісі болған. Бұл тұста қазақ дастарханының бір ерекшелігі анық көрінеді: тағамның құндылығы тек дәмінде емес, мүшелеу мәдениетінде де жатыр.
Наурыз көженің айналасында айтылатын ырымның да, аңыздың да көп болуы бекер емес. Қазанның төрт құлағына төрт кесек май қою, оны алғаш көрші-қолаңнан сүйінші сұрап келген балаға ауыз тигізу, «төрт құбыла тең болсын, ел майлы, жыл жайлы болсын» деп тілек айту – соның бәрі тағамды тұрмыс деңгейінен көтеріп, ырымдық, тәрбиелік кеңістікке шығарады. Ресми түсіндірмелерде де көжедегі әр ингредиенттің мәні бар екені, мысалы судың – өмірдің, еттің – молшылықтың белгісі ретінде қаралатыны айтылады. Наурыздағы ас мәдениеті, шын мәнінде, қазақтың дүниені қалай танығанын көрсетсе керек.
Бұл күні дастархан наурыз көжемен ғана шектелмеген. Қазақы ортада қыстан аман шыққан жұрт көктем мерекесінде сүр ет асып, бауырсақ пісіріп, құрт-ірімшік жайып, барын ортаға салған. Өйткені Наурыз – «жоқтан бар жасаудың» емес, «барды бөлісудің» мейрамы. Үй-үйді аралап көже ішу, дәм ауыз тию, өкпе-ренішті ұмыту – осы астың әлеуметтік қызметін де аңғартады. Бір қазаннан дәм тату ағайынның арасына жылылық орнатқан. Сондықтан «наурыз көже ішкен адамның наз-өкпесі тарқайды» деген ұғым ел ішінде бекер таралмаған.
Бүгінгі тоқшылық заманда ұлттық тағамның басқа түрлерін де дайындауға мүмкіндік мол. Өйткені ұлттық тағамдарға бүгінгі ғылым да басқа қырынан баға беріп отыр. Мәселен, бауыр секілді мүшелер В12 дәруменіне бай. АҚШ Ұлттық денсаулық институтының дерегінде В12 дәрумені жүйке жүйесінің қызметіне, эритроциттердің түзілуіне және ДНҚ синтезіне қажет екені көрсетілген. Ал жүрек етінде кездесетін коэнзим Q10 жасушалық энергия түзілуіне қатысатын маңызды антиоксиданттардың бірі ретінде сипатталады. Демек, бабалар жасаған жаужүрек, үлпершек, әсіп секілді тағамдардың қадірін тек салтпен емес, қоректік құндылықпен де түсіндіруге болады.
Мысалы, жаужүрек – атауының өзінен-ақ қуат, қайрат ұғымы сезілетін ас. Оны жаңа сойылған малдың бауырын шарбы майға орап пісіру арқылы дайындаған. Бұл тағамның тарихында жортуыл, сапар, күш-қуатпен байланысты мән бар. Дәл сол сияқты үлпершек те жай ғана тағам емес, сағыныштың, іңкәрліктің, аналық мейірімнің белгісі. Жүрекке ет пен май салып, пісіріп беру арқылы «жүрегімдесің» деген ишара жеткізілген. Яғни қазақ тағамы – тек ас мәзірі емес, сезім тілі.
Жөргем, көмеш, әсіп секілді ас түрлері де көшпелі тұрмыстың ақылын танытады. Бірінде ішек-қарынды кәдеге жарату, бірінде азықты ұзақ сақтаудың амалы, бірінде сапарға алып жүруге ыңғайлылық бар. Бүгінгі көзбен қарағанда бұлар этнографиялық сирек тағамдар сияқты көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, мұның бәрі – табиғатты да, малды да, уақытты да үнемдей білген өркениеттің белгісі.
Осы тұрғыдан алғанда, Наурыздағы ұлттық тағамды жаңғырту дегеніміз – тек ескі асты қайталап пісіру емес. Бұл – ұмытылып бара жатқан ұғымдарды қайта тірілту. Мысалы, наурыз көжеге неге міндетті түрде сүр салынады, неге жеті дәм қосылады, неге қазанның мәні бөлек, неге кей мүшелер арнайы сақталған – осының бәрін балаға түсіндіріп беру ұлттық жадыны жаңғыртады. Ас арқылы ұрпақ салтты таниды, салт арқылы дүниетанымды ұғады.
Бүгінгі заманда дұрыс тамақтану, ұлттық өнімге оралу, табиғи асты көбейту туралы көп айтылады. Осы тұста Наурыз дастарханы бізге бір маңызды шындықты еске салады: дәстүрлі тағам мен денсаулық ұғымы бір-біріне қарсы емес. Қайта, ұқыпты әзірленген, табиғи өнімнен жасалған, мағынасы мен мөлшері сақталған ұлттық ас – бүгінгі ас мәдениетіне де үлгі бола алады. Сондықтан Наурыздағы ұлттық тағамды өткеннің сарқыншағы ретінде емес, ұлттың тұрмыс философиясы ретінде қабылдаған жөн.
Ендеше, әз Наурызда әр шаңырақтағы қазан берекеден кенде болмасын. Наурыз көже мол болсын, дәм-тұз тасысын, дастархан басындағы тілек қабыл болсын. Ұлттық тағамды ұлықтау – ұлттың өзін ұлықтау екенін ұмытпайық.