Наурызнама – көктеммен бірге жаңаратын қазақтың көне дәстүрі

Автор:
13.03.2026
222
Наурызнама – көктеммен бірге жаңаратын қазақтың көне дәстүрі - e-history.kz

Наурыз – қазақтың дүниетанымында жыл басы. Көшпелі өмір салтын ұстанған халық үшін көктем – жаңа тіршіліктің басталатын шағы. Мал төлдеп, жер көгеріп, тіршілік қайта жанданатын осы кезеңде ел бір-бірімен қауышып, өкпе-назын ұмытып, жаңа жылға ақ тілекпен қадам басқан. Халық арасында «Ұлыстың ұлы күні» деп аталуы да бекер емес. Бұл күндері тек той-думан емес, адамдар арасындағы татулық, қайырымдылық, бірлік пен жаңару идеясы басты орын алған. Соңғы жылдары бұл мейрм жаңа мазмұнмен жаңғырып, Наурызнама онкүндігі ретінде кең көлемде тойланып жүр. 14 наурыздан басталып, 23 наурызға дейін жалғасатын бұл күндердің әрқайсысы белгілі бір рухани құндылыққа арналған. Осылайша көне мейрамның мәні тереңдеп, халықтық дәстүр жаңа мазмұнмен толықты. Ендеше солардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып өтейік.

14 наурыз – Көрісу күні / Амал мерекесі

Наурызнама онкүндігі 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Бұл күн қазақ халқына ежелден таныс «Амал мерекесі» немесе «Амал күні» деген атаумен белгілі. Әсіресе Батыс Қазақстан өңірінде кең сақталған бұл дәстүрде адамдар бір-бірімен қауышып, қос қолдап амандасып, «Бір жасыңмен!» деп құттықтасады. Бұл сөздің астарында «Жаңа жылға аман жеттің, жасың ұзақ болсын» деген ізгі тілек жатыр. Көрісу – жай ғана амандасу емес, ұзақ қыстан кейін адамдардың қайта қауышып, бір-бірінің амандығына шүкіршілік ететін ерекше сәті. Көшпелі өмір салтында қыс мезгілі ауыр өткен. Қарлы боран, жұт, суық сияқты табиғат сынақтары талай шаңырақты қыспаққа алған. Сондықтан көктемнің келуі – халық үшін тіршіліктің қайта жанданғанын білдірген. Осы себепті адамдар бір-бірінің үйіне арнайы барып, үлкендерге сәлем беріп, көрісіп, амандық сұрасқан.

Жазушы, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы амал күнінің маңызын табиғатпен байланыстырады. Оның айтуынша, қазақ халқы ежелден аспан денелерінің қозғалысына қарап уақыт пен жыл мезгілдерін болжаған.

«Амал күні дегеніміз – тек бір күннің атауы емес. Қазақтың көне дүниетанымында бұл табиғаттың жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін ерекше уақыт. Ата-бабаларымыз аспан әлемін жіті бақылап, Үркер жұлдызының қозғалысына, ай мен жұлдыздардың белгілі бір сызыққа түсуіне қарап жыл мезгілдерінің ауысуын болжаған. Сол арқылы алдағы ауа райын, көктемнің келуін аңғарған. Сондықтан амал келгенде адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасқан. Бұл – қыстан аман шыққан елдің қуанышын бөлісу, жаңа жылды таза көңілмен қарсы алу дәстүрі».

Сонымен қатар бұл күн – адамдардың өкпе-назды ұмытып, бір-бірінен кешірім сұрайтын уақыты. Қазақ «Жаңа жылды таза көңілмен қарсы алу керек» деп есептеген. Сол себепті көрісу кезінде адамдар бұрынғы реніштерін ұмытып, татуласуға тырысқан.

15 наурыз – Қайырымдылық күні

Наурызнама онкүндігінің екінші күні «Қайырымдылық күні» деген атауға ие. Бұл күн қоғамда мейірімділік пен жанашырлықтың маңызын еске салатын ерекше дата. Қазақ халқы ежелден «Жақсылық жасағанның жолы ашылады» деп, мұқтаж жандарға қол ұшын беруді адамгершіліктің ең биік белгісі санаған. Сондықтан бұл күні адамдар бір-біріне қамқорлық көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарды қолдауға ерекше көңіл бөледі.

Қайырымдылық – қазақ қоғамының дәстүрлі құндылықтарының бірі. Көшпелі өмір салтында адамдар бір-біріне сүйеніп өмір сүрген. Ауыр кезеңдерде ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-біріне көмектесіп, жоқ-жітікке жәрдемдесуді парыз санаған. Мәдениеттанушы Асылбек Байтанұлының айтуынша, қайырымдылық – халқымыздың болмысында ертеден қалыптасқан қасиет.

«Қайырымдылық, мейірімділік – қазақ халқының табиғатына тән қасиет. Бұрын Наурыз кезінде хандар мен байлар халыққа шүлен таратып, көмек көрсеткен. Бұл – ел ішіндегі теңдікті сақтап, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығын арттырудың бір жолы болған. Бүгінгі күні де осы дәстүр жалғасып, аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға қол ұшын беру – қоғам үшін аса маңызды», – дейді ол.

Қайырымдылық күні тек материалдық көмек көрсету ғана емес, адамдардың бір-біріне жылы сөз айтып, қолдау білдіруі, көңіл бөлуі де үлкен мәнге ие. Бұл күні түрлі қайырымдылық акциялары, игі бастамалар ұйымдастырылып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, қарттар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға көмек көрсетіледі.

16 наурыз Шаңырақ күні

Бұл күн қазақ қоғамындағы ең басты құндылықтардың бірі – отбасы институтының маңызын еске салуға арналған. Қазақ дүниетанымында шаңырақ жай ғана киіз үйдің бөлігі емес, ол – әулеттің, ұрпақ жалғастығының, бірлік пен берекенің символы. «Шаңырағың биік болсын», «Шаңырағың шайқалмасын» деген ақ тілектердің өзі отбасының берік болуы – бүкіл қоғамның тұрақтылығы деген ұғымнан туған.

Көшпелі өмір салтында әрбір шаңырақ – өз алдына бір шағын әлем саналған. Оның ішінде бірнеше буын бірге өмір сүріп, үлкендер ақыл айтып, жастар еңбек етіп, балалар тәрбие алған. Сондықтан қазақ мәдениетінде шаңырақ тек отбасының баспанасы ғана емес, тұтас әулеттің рухани тірегі ретінде қабылданған. Әр шаңырақтың амандығы – елдің амандығы деп есептелген.

Этнограф Айдана Сейдрахменқызы шаңырақтың қазақ дүниетанымындағы маңызы туралы былай дейді:

«Шаңырақ – қазақ халқы үшін аса қасиетті ұғым. Жас жұбайларға айтылатын “шаңырағың биік болсын” деген тілек отбасының берік, баянды болуын білдіреді. Қазақ дәстүрінде жаңа отау көтерілген кезде шаңырақты кез келген адам көтермеген. Көбіне елге сыйлы, отбасын берік ұстап отырған, өмірлік тәжірибесі мол азаматқа көтерткен. Өйткені сол адамның қасиеті жас шаңыраққа дарсын деген ырым болған».

Бүгінгі күні Шаңырақ күні осы дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған. Бұл күні отбасы бірлігін дәріптейтін түрлі мәдени және тәрбиелік шаралар өткізіліп, жас ұрпаққа отбасының қадірі түсіндіріледі. Өйткені бала тәрбиесі ең алдымен отбасыдан басталады. Қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген сөзі де осы шындықты аңғартады.

17 наурыз – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Бұл күн халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын, әдет-ғұрпын, тұрмыс салтын дәріптеуге арналған. Қазақ қоғамында салт-дәстүр тек рәсім немесе ғұрып қана емес, ұлттың дүниетанымын, өмірлік қағидаларын, моральдық құндылықтарын қалыптастыратын маңызды мәдени жүйе саналады.

Қазақтың салт-дәстүрлері адамның өмірімен бірге жасасып келеді. Бала дүниеге келген сәттен бастап орындалатын шілдехана, қырқынан шығару, тұсаукесер сияқты рәсімдерден бастап, ер жету кезеңіндегі сүндет той, тіл ашар, ал кейінгі өмір кезеңдеріндегі үйлену, беташар, келін түсіру сияқты ғұрыптарға дейін әрбір дәстүр адамның өмір жолымен тығыз байланысты. Мұндай рәсімдер тек отбасы қуанышын білдіріп қана қоймай, ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің де маңызды құралы болған.

Этнограф Қарлыға Жұмаділова ұлттық дәстүрлердің маңызын ұлттық код ұғымымен байланыстырады. Оның айтуынша, халықтың мәдени болмысы дәл осы салт-дәстүр арқылы сақталады.

«Ұлтты ұлт ететін – оның мәдениеті, өнері және салт-дәстүрі. Ұлттық мәдениет дегеніміз – адамның дүниеге келген сәтінен бастап өмірінің соңына дейінгі барлық әдет-ғұрыптар мен салт-жоралғылардың жиынтығы. Қазақ қоғамында бала ана құрсағында жатқан кезден бастап-ақ түрлі дәстүрлер орындалған. Мысалы, құрсақ шашу, шілдехана, қырқынан шығару, одан кейін ер балаға сүндет той жасау, тіл ашар сияқты көптеген ғұрыптар бар. Осындай дәстүрлердің барлығы халықтың өмір салтынан, дүниетанымынан туған. Сондықтан бұл дәстүрлерді сақтау – біздің ұлттық кодымызды сақтаудың бір жолы. Жаһандану дәуірінде әр халық өзінің болмысын жоғалтып алмауы керек, ал қазақ үшін сол болмыстың негізі – оның салт-дәстүрі мен мәдениеті».

Сонымен қатар салт-дәстүрлер ұлттық мәдениеттің ғана емес, тіл мен ділдің де сақталуына ықпал етеді. Қазақы дүниетаным, әдеп нормалары, адамгершілік қағидалары осы дәстүрлер арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Сондықтан оларды сақтау – ұлттық болмысты сақтаудың маңызды шарты. 

Ұлттық салт-дәстүр күні аясында еліміздің әр өңірінде мәдени шаралар, этнографиялық көрмелер, ұлттық қолөнер жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Бұл күні халыққа қазақтың бай мәдени мұрасы таныстырылып, әсіресе жас ұрпаққа дәстүрдің мән-маңызы түсіндіріледі.

18 наурыз – Ұлттық киім күні

Наурызнаманың бесінші күні аталып өтілетін бұл күн қазақ халқының дәстүрлі киім мәдениетін дәріптеуге, ұлттық болмысты айқындайтын сән үлгілерін жаңғыртуға арналған. Ежелгі қазақ қоғамында адамның үстіндегі киіміне қарап оның қай өңірден екенін, қандай әулеттен шыққанын, тіпті қандай қызмет атқаратынын да шамалауға болатын. Әсіресе бас киім, шапан, камзол, тон сияқты киім үлгілері өңірлік ерекшеліктермен, ою-өрнектермен, түсімен дараланған. Осы арқылы ұлттық киім халықтың мәдениеті мен дүниетанымының айқын көрінісіне айналған.

Жазушы, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы ұлттық киімнің тек сыртқы сән емес, терең рухани мәні бар екенін атап өтеді. Оның айтуынша, қазақтың киіміндегі әрбір ою мен өрнектің өз тарихы мен мағынасы бар.

«Ұлттық киім – ұлттың белгісі. Адам ұлттық киім киген кезде оның рухы көтеріліп, өзіңнің кім екеніңді айтпай-ақ айналаңдағы адамдар танып тұрады. Бұрын қазақ қоғамында адамның қай рудан, қай өңірден екенін киімінен-ақ ажыратып отырған. Мысалы, найман тымақ, керей тымақ, арғын тымақ деген сияқты бас киім үлгілері болған. Ою-өрнек те жай сәндік үшін салынбаған. Ол – біздің ата-бабаларымыздың мәдениетін, дүниетанымын білдіретін өзіндік жазуы іспетті. Кейде адамдар бір-біріне хабарды да ою арқылы жеткізген. Сондықтан ұлттық киім мен оюға аса жауапкершілікпен қарау керек».

Ғалымдардың айтуынша, қазақтың ұлттық киімдері табиғатпен үйлесімділігімен де ерекшеленеді. Мал шаруашылығына бейімделген көшпелі өмір салтына байланысты киімдер ыңғайлы, жылы әрі төзімді материалдардан тігілген. Теріден, жүннен, киізден жасалған киімдер қыстың суығына төтеп берсе, жазғы киімдер жеңіл әрі кең пішілген. Бүгінде ұлттық киімдер тек тарихи мұра ретінде ғана емес, заманауи сәннің де бір бөлігіне айналып келеді. Дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнектер мен пішіндерді жаңа үлгілермен үйлестіріп, ұлттық стильді қазіргі заманға бейімдеп отыр.

19 наурыз – Жаңару күні

Бұл күн көктеммен бірге табиғаттың ғана емес, қоғам мен адамның да жаңаратын кезеңін білдіреді. Көшпелі дүниетанымда көктем – жаңа өмірдің басталатын шағы. Қыстың қыспағынан шыққан табиғат қайта түлеп, жер көгеріп, тіршілік қайта жанданады. Осы өзгерістер адам санасына да әсер етіп, жаңа үміт пен жаңа бастамаларға жол ашады. Тарихшы Өтелбек Шнанов бұл күннің мәнін қоғамның жаңғыруымен байланыстырып түсіндіреді. 

«Наурыз мерекесін атап өтудің жаңа форматы енгізілгені белгілі. 14 наурыздан бастап 22 наурызға дейін әр күнге ерекше мазмұн беріліп, онкүндік ретінде белгіленді. Соның бірі – жаңару күні. Жаңару тек табиғаттың жаңаруы ғана емес. Бұл – ұлттық сананың жаңаруы. Көктем келген кезде адамдар жаңа жоспар құрып, алдағы уақытқа үмітпен қарайды. Сол себепті бұл күн әр азаматқа, әр отбасыға жаңа бастамалар жасауға, болашаққа жаңа мақсат қоюға мүмкіндік беретін ерекше күн деп ойлаймын».

Жаңару күні көбіне табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны тазартуға бағытталған шаралармен ерекшеленеді. Бұл күні ағаш отырғызу, аула мен көшелерді тазарту, экологиялық акциялар өткізу сияқты игі бастамалар жүзеге асырылады. Мұндай шаралар қоғамды табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын көрсетеді.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні

Бұл күн қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойындары мен спорт түрлерін дәріптеуге арналған. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ қоғамында дене шынықтыру, ептілік пен батылдық ерекше бағаланған. Сондықтан халықтың көптеген ұлттық ойындары тек көңіл көтеру үшін ғана емес, жауынгерлік дайындықтың мектебі ретінде қалыптасқан. Ұлттық ойындар жас ұрпақты батылдыққа, төзімділікке, ептілікке баулып, оларды өмірдің түрлі сынақтарына дайындаған. Соның нәтижесінде қазақтың ұлттық ойындары халық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.

Этнограф Бекен Қайратұлы ұлттық спорттың шығу төркіні көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты екенін айтады. 

«Ұлттық спорт – көшпелі өмірдің жауынгерлік өнерінің бейбіт күндегі көрінісі. Көкпар, жамбы ату, теңге ілу сияқты ойындардың бәрі жауынгерлік машықтан туған. Ат үстінде шапшаң қимылдау, нысананы дәл көздеу, ептілік көрсету – мұның бәрі ертеде жауынгер үшін аса қажет қасиеттер еді. Сондықтан ұлттық ойындар арқылы жастар батылдыққа, шыдамдылыққа, ерлікке тәрбиеленген».

Қазақтың ұлттық спорт түрлері өте көп. Олардың ішінде көкпар, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақша күрес сияқты ойындар ерекше танымал. Бұл жарыстарда қатысушылардың күш-қайраты ғана емес, ептілігі мен шеберлігі де сыналады. Бүгінде ұлттық спорт түрлері жаңа деңгейде дамып келеді. Қазақстанда ұлттық спорт федерациялары құрылып, көкпар, қазақша күрес, асық ату сияқты ойындар халықаралық деңгейде де таныла бастады. Бұл ұлттық мұраны сақтап, оны әлемге таныту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Ұлттық спорт күні аясында еліміздің түрлі өңірлерінде ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылып, халықтық дәстүрлер кеңінен насихатталады. Мұндай шаралар жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттырып, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға ықпал етеді.

21 наурыз – Ынтымақ күні

Қазақ халқы ежелден бірлік пен ынтымақты ең басты құндылықтардың қатарына қойған. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Ырыс алды – ынтымақ» деген мақал-мәтелдердің өзі халықтың осы ұғымға қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Наурыз мейрамы – тек бір халықтың ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық этностардың ортақ мерекесіне айналған. Бұл күні түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақтың астында жиналып, ортақ қуанышпен бөліседі. Осындай ортақ мерекелер қоғамдағы татулық пен өзара құрметтің нығаюына ықпал етеді.

Тарихшы Өтелбек Шнанов Ынтымақ күнінің маңызын Қазақстан қоғамының көпұлтты болмысымен байланыстырып түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл күн әртүрлі мәдениеттердің бірлігі мен өзара сыйластығын көрсететін ерекше мереке.

«Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақ жерінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Сондықтан Наурыз мерекесінің аясында белгіленген Ынтымақ күні – осы халықтардың арасындағы достықты, бірлік пен бауырмалдықты нығайтатын ерекше күн. Әртүрлі мәдениет пен дәстүрдің өкілдері бір-біріне құрметпен қарап, ортақ құндылықтарды дәріптеген кезде қоғамда тұрақтылық пен татулық сақталады».

Ынтымақ күні түрлі мәдени шаралармен, достық фестивальдерімен, халықтар арасындағы ынтымақтастықты насихаттайтын кездесулермен ерекшеленеді. Бұл күні әр этностың мәдениеті, өнері мен дәстүрлері таныстырылып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің маңызы көрсетіледі.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні

Наурызнама онкүндігінің ең басты әрі ең салтанатты күні – 22 наурыз, яғни Наурыз мейрамы. Бұл күн – көктемгі күн мен түн теңесіп, табиғаттың жаңа кезеңге аяқ басатын шағы. Қазақ халқы ежелден бұл мезетті жаңа жылдың бастауы деп қабылдаған. Халық арасында бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп аталып, ерекше құрметке ие болған. Таң атқаннан бастап адамдар бір-бірін құттықтап, үйлерінде мол дастархан жайып, қонақ күткен. Көшпелі дәстүрде бұл күні ел ішіндегі өкпе-наз ұмытылып, адамдар бір-біріне ақ тілек айтып, жаңа жылды татулықпен қарсы алған. Қазақ «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп бейнелеп айтатын осы күнде тіпті ең қатал адамның өзі жұмсарып, реніштер кешірілген деген түсінік бар.

Наурыз күні әр үйде міндетті түрде наурызкөже әзірленген. Бұл тағам жеті түрлі дәмнен жасалып, береке мен молшылықтың белгісі саналған. Дастархан басында үлкендер бата беріп, жастарға ақ жол тілеген. Ауыл-аймақ болып жиналып, ән айтылып, ұлттық ойындар ойналып, үлкен думан ұйымдастырылған. Осылайша Наурыз мейрамы халықтың бірлігін арттырып, адамдарды жақындастыратын ерекше мерекеге айналған.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес Наурыз мейрамының мәнін көшпелі өркениетпен байланыстырып түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл мереке тек астрономиялық құбылыспен ғана емес, көшпелі қоғамның шаруашылық өмірімен де тығыз байланысты.

«Наурыз мерекесінің тарихы өте ежелгі дәуірлерден басталады. Қазір ресми түсінікте үш мың жылдық тарихы бар деп айтылады, бірақ одан да ертерек деп айтуымыз керек. Мал шаруашылығымен айналысқан халықтар үшін көктем мезгілі – ерекше кезең. Бұл уақытта төрт түлік төлдеп, тіршілік жаңарады. Мал төлдеген кезде ең алғашқы алынатын тағам – уыз. Сондықтан менің жеке түсінігімде, Наурыз табиғаттың ғана емес, бүкіл шаруашылық өмірдің жаңарған шағын білдіреді».

Ғалымдардың пікірінше, Наурыз мейрамы тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі және шығыс халықтарына ортақ көне мереке. Бірақ қазақ қоғамында ол ерекше мазмұнға ие болып, халықтың дүниетанымымен, салт-дәстүрімен тығыз байланысып кеткен. Сондықтан Наурыз – халықтың мәдени жадын сақтайтын, ұлттың рухын жаңғыртатын мейрам. Бүгінде Ұлыстың ұлы күні Қазақстанда кең көлемде атап өтіледі. Елдің барлық өңірінде ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мәдени шаралар өткізіліп, халықтық дәстүрлер жаңғырады. Бұл күні адамдар бір-біріне ізгі тілектер айтып, жаңа жылды үміт пен сеніммен қарсы алады.

23 наурыз – Тазару күнімен

Наурызнама онкүндігі Тазару күнімен қорытындыланады. Бұл күн бүкіл мерекенің рухани мәнін түйіндейтін ерекше күн саналады. Қазақ дүниетанымында тазалық тек сыртқы тәртіппен ғана өлшенбейді, ол адамның ішкі жан дүниесімен, ниетімен және қоғамдағы татулықпен тығыз байланысты. Сондықтан Тазару күні табиғатты да, айналаны да, адам көңілін де жаңарту идеясын білдіреді. Көшпелі дәстүрде көктем келген кезде адамдар қыстан қалған ескі дүниелерден арылып, айналаны тазалап, жаңа тіршілікке дайындалған. Ауыл-аймақ болып бірігіп, қора-қопсыны, ауланы, бұлақ-көздерді тазарту сияқты жұмыстар жүргізілген. Бұл тек шаруашылық қажеттілік емес, жаңа жылды таза ортада, таза көңілмен қарсы алудың белгісі болған.

Этнограф Бекен Қайратұлы Тазару күнінің маңызын Наурыз мейрамының негізгі философиясымен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл күннің астарында адамдардың өзара қарым-қатынасының да жаңаруы жатыр.

«Наурыздың негізгі өзегі – татулық пен тазалық. Көктем келген кезде табиғат қыстың салмағынан арылып, жаңарады. Сол сияқты адамдар да бір-бірімен татуласып, өкпе-назды ұмытуы керек. Бұрын ауыл адамдары көктемде бұлақтардың көзін ашып, айналаны тазалап, ел болып бірлесіп еңбек еткен. Сондықтан тазару – бұл мейрамның басты мәні, ол табиғатты ғана емес, адамның ішкі дүниесін де жаңартуды білдіреді».

Бүгінде Тазару күні экологиялық мәдениетті насихаттаумен де байланысты. Бұл күні түрлі тазалық акциялары ұйымдастырылып, саябақтар мен көшелер, өзен-көлдердің маңы тазаланады. Мұндай шаралар қоғамда табиғатқа деген жауапкершілікті арттырып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын көрсетеді. Сонымен қатар Тазару күні адамдарды рухани тұрғыдан да жаңаруға үндейді. Өткен реніштерді ұмытып, жаңа жылды таза ниетпен бастау – Наурыз мейрамының басты идеяларының бірі. Қазақтың «Көңіл кірі кетпей, тірлік түзелмейді» деген сөзі де осы ұғыммен сабақтас.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз