
ХХ ғасыр басында Патша үкіметі тарапынан бұратана халықтарға ұлттық газет-журнал шығаруға мүмкіндік берілмеді. XVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында жарық көрген «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттері орыс әкімшілігі тарапынан басқарылды және үкіметтік насихат мақсатында шығарылды. Бұл газеттер қазақ жеріндегі отаршылдық әділетсіздікті, қарапайым қазақтардың жаншылған хақын, қазақ зиялыларының анық позициясын көрсете алмады.
1905 жылы «Қарқаралы құзырхатында» негізгі талаптардың бір тармағы цензураны жойып, ұлттық газет-журналдарға еркіндік алу еді. Бірақ, ұлттық баспасөздің қалыптасу кезеңі 1911 жылдан кейін басталды. Дегенмен, 1911 жылға дейін орыс-қазақ, татар баспасөзі арқылы қоғамға өз үнін естіртіп, ашық көзқарасын таңбалаған, алғашқы қазақ журналистикасының негізін қалаған азаматтардың бірі – Әлихан Бөкейхан болды.
Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі Күншығыс баспасына жұмысқа тұрған кездегі толтырған анкетасында мамандығын журналист деп көрсетеді. Оның ең алғашқы журналистік жолы 1899 жылы «Дала уалаяты» газетіне «Қ.оязының молласының баяны» атты мақаласын жариялағаннан басталды. Сондай-ақ осы газетке әңгіме, фельтондарымен қатар, «Ықтиятты болыс», «Бұрыныдан қалған жақсы мұра» мақалалары жарық көреді. Әлихан бұл кезеңде Омбы техникалық училищесінің 3 курс студенті еді. Яғни, қалам қайраткерінің журналистік жолы студент шақтан басталды деп анық айтуға болады.
Ә.Бөкейханның журналистік жолы басталған «Дала уалаяты» газеті
Оның журналистік жолы қайта өрлеп, Ташкентте басылатын «Туркестанские ведомости» газеті арқылы ол Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ахуалды саралап, мұсылман халықтарының өзара ынтымақтастығы мен саяси сергектігі жайында өз пікірін газетке жиі жариялап тұрды. Оның 1895-1901 жылдар аралығындағы Омбы, Петербор кезеңі Ресей баспаларының ортасында өтті. Омбыдағы «Степной край» газетінде марксизм идеясы туралы өзекті мақалалары саяси ұстанымын нақтылап, қаламгерлік тәжірибесін арттыра түсті. Қаламгердің терең мазмұнды, сыни және талдамалы мақалалары Санкт-Петербург қаласында шығатын беделді газеттер мен журналдардың беттерінен орын алды. Мысалы, ол «Сын отечества», «Наша жизнь», «Речь», «Слово», «В мире мусульманства», «Мусульманская газета» сияқты басылымдарда ұлттық, қоғамдық, дін, саясат және мәдениет мәселелерін қозғап, өз заманының өзекті проблемаларын талдады. Сонымен қатар, Сібір өңірінің әлеуметтік-саяси ахуалын зерделейтін «Сибирские вопросы» журналына да мақалалар жазып, сол арқылы қазақ даласының тыныс-тіршілігін, жер мәселесі, ұлт тағдыры сынды тақырыптарды көтеріп отырды. Әлихан Бөкейхан өзінің қоғамдық-саяси көзқарастарын тек астана басылымдарында ғана емес, сонымен қатар аймақтық және өлкелік газеттер мен журналдар арқылы да кеңінен насихаттап отырды. Оның публицистикалық мақалалары Ресей империясының түрлі өңірлерінде шығып тұрған беделді басылымдарда жарық көріп, сол арқылы қазақ қоғамының түйткілді мәселелерін ел арасына жеткізудің маңызды құралына айналды. Мәселен, Омбы қаласында жарық көрген «Акмолинские областные ведомостидің» арнайы қосымшасы – «Особое прибавление» және «Киргизская степная газета», сондай-ақ жастарға арналған ағартушылық бағыттағы «Степной пионер» сынды газеттерде Әлихан өзінің ұлттық идеяларын, жер мәселесі мен әкімшілік реформаға қатысты ойларын ашық жазды. Бұл басылымдар арқылы ол қазақ даласындағы әлеуметтік өзгерістерді, білім беру ісіндегі кедергілерді және отарлық саясаттың зардаптарын ашып көрсетті. Семей өңірінде шығатын «Семипалатинские областные ведомости» мен «Семипалатинский листок» газеттері де оның публицистикалық алаңына айналды. 1905 жылы абайтанудың бастауында тұрған Абайдың қайтыс болғанына бір жыл толуына арналған некролог жоғарыдағы журналда жарық көрді. Бұл басылымдарда жарық көрген мақалаларында ол туған өлкесінің тыныс-тіршілігі, қазақ шаруаларының жай-күйі, ұлттық мәдениет пен тілдің жағдайы жайында журналисттік зерттелерін ортаға салды. Сондай-ақ Томск қаласында таралған «Сибирская жизнь» газеті арқылы ол жалпы Сібір аймағындағы саяси үрдістерге үн қосып, қазақ және орыс халықтарының өзара қатынасы, өңірлік реформалар мен ұлттық теңдік мәселелері жайлы көзқарасын білдіріп отырды. Орынборда жарық көрген «Степь» газеті де оның ой-пікірлерін халыққа жеткізуде маңызды рөл атқарды. Бұл басылымда Әлихан, әсіресе, Алаш қозғалысының бастауындағы алғашқы идеяларын ашық жариялап, ұлттың бірлігі мен өзіндік дербестігі туралы жазды.
Оқи отырыңыздар: ХХ ғасырдағы ең үздік 5 қазақ журналисі кімдер?
1908–1910 жылдар аралығында ол Ресейдің саяси және қоғамдық мәселелерін көтерген ықпалды басылымдардың бірі – «Сибирские вопросы» журналының редакциялық алқасына мүше болды. Бұл журналда ол Сібір халықтарының, соның ішінде қазақтардың саяси құқықтары, жер мәселесі және отарлық саясаттың салдары туралы мақалалар жариялап отырды. Әлихан бұл басылым арқылы өзінің ұлттық мүдде мен демократиялық құндылықтарға негізделген көзқарастарын жеткізіп, зиялы қауымның назарын қазақ даласындағы өзекті түйткілдерге аударды.
Бұған қоса, ол 1895–1897 және 1902–1903 жылдар аралығында шығып тұрған «Степной край» газетінің де редакция құрамында еңбек етті. Семейде жарық көрген «Семипалатинский листок» газетінің редакциясында 1905–1907 жылдары қызмет атқаруы оның туған өлкесіндегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына жол ашты. 1906 жылдан 1917 жылға дейін Томскіде шығып тұрған «Сибирская жизнь» газетінің редакциясымен де тығыз қарым-қатынаста болған. Бұл басылым сол кезеңдегі либералды-демократиялық бағыттағы ақпарат құралдарының бірі ретінде танылды.
Ол 1906 жылы жарық көре бастаған «Иртышъ» және «Омичъ» атты газеттердің редакциялық жұмысын басқарды. Бұл екі басылым сол кезеңде Омбы қаласындағы саяси-әлеуметтік ахуалды, жергілікті тұрғындардың мүддесін және ұлт мәселесін ашық көтеретін сирек басылымдардың қатарында болды. Әлихан бұл газеттер арқылы отарлық әкімшіліктің әрекеттерін сынға алып, қазақ халқының құқықтарын заңды жолмен қорғаудың маңызын түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар, ол қоғамдық жаңғыру, білім беру, аграрлық реформа сияқты тақырыптарды қозғап, жергілікті интеллигенцияны қоғамдық күреске үндеумен болды.
Ал 1907 жылы ол редакциясын басқарған «Голос степи» газеті де сол кездегі өзекті мәселелерді қозғаған, демократиялық бағыттағы басылымдардың бірі болды. Бұл газеттің де редакторлық қызметін Әлихан Бөкейхан атқарды.

Ә.Бөкейхан редакторлық қызмет атқарған «Иртышъ» «Омичъ» және «Голос степи» газеттері
Қаламгер орыс баспасөзінде «А.Н.», «Сын степей» немесе «Сын степи», «Туземець», «V», «А.Б.», «Статистикъ», «Киргизъ-кайсакъ», «Алиханъ», «Ал.Кочевникъ», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степнякъ», «К.Степнякъ», «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», «Уакъ» бүркеншік есімдерін пайдаланады. Ал 1899 жылы «Дала уалаяты» газетінде жарияланған мақаларында «Қыр ұғлы» деген бүркеншік есімін көп қолданысқа енгізеді. Бұл қаламгердің кең танылған «Қыр баласы» бүркеншік есімінің алғашқы нұсқасы деп айтсақ та болады.
Бұл қаламгердің 1913 жылға дейінгі ғұмыр кезеңінде атқарған журналистік қызметі еді. Ол орыс баспасөзінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына, қазақ журалисттерінің газет-журнал ашуына ықпал етті. 1913 жылы ұлттық баспасөздің бастауы болып, ұлт мінберіне айналған «Қазақ» газетінің шыға бастауы Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының қажырлы еңбегінің жемісі еді.