Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ғарыштан байқалған түтін»: Қазақ мұнайының тарихы

736
«Ғарыштан байқалған түтін»: Қазақ мұнайының тарихы - e-history.kz

Сурет: e-history.kz

Ертеректе жарық көрген «Менің елім» Қазақстан балалар энциклопедиясында мынадай қызық дерек айтылады:  Онда 1985 жылдың күзінде Атырау облысының Құлсары қаласына таяу манда тосын оқиға болғаны сөз болады.

«№ 37-скважинаның бұрғышылары мұнай қабатына жеткен кезде, ішкі қысымның күшімен клапанның тұтқышы жұлынып кетті. Сөйтіп мұнай мен газ сыртка қарай лап қойған. Мұнай бұрқағының күшті атылғаны сондай оншақты метр жоғары көтерілген. Іс жүзінде мұнай бұрқақтарының болуы сирек кездесетін оқиға. Тығындарды бітегеннен кейін барып, жер қойнауынан сұйық отынды сыртқа қарай айдауға болады. Сыртқа мұнаймен бірге улы күкіртсутегі бірге атқылаған. Оның айналаны уландыруы әбден мүмкін еді. Ондай болмауы үшін сырттағы газ бен мұнайды жағып жібереді. Бірақ соған қарамастан, скважинадағы қысым күшейіп, күркіреген отты бұрқақтың биіктігі 40-50 метрге дейін жеткен. Шалқыған от көз ұшынан жалындап көрініп түрды. Облыс басшылығы оқиға болған жерге өртке карсы қолданылатын техникаларды үсті-үстіне жіберді. Бірақ жалындаған от сөнер емес. Қолдан келген шаралардың бәрі қолданылды. Тіпті гаубица аталатын үлкен зеңбірекпен де от ошағы атқыланды. Бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Бұл өрт қысқа дейін созылды. Тіпті оны орбитадан ғарышкерлер де көрген екен. Түтіннің ізі аспан астын айғыздап жатты. Сөйтіп адам қолынан жасалған тағы бір экологиялық апат айналаға қауіп төндірді», - делінген аталмыш дерек көзінде. 

Сол уақытта бұл экологиялық апаттың зардабы өте ауыр болғанымен, Теңіз кенішінің әлеуеті ғалымдарды таңғалдырды. Зерттеулер нәтижесінде мұнда бірнеше ғасырға жететін ірі мұнай мен газ қоры бар екені анықталды. Бұл ашылу Қазақ елін әлемдегі минералдық шикізат өндіруші елдердің алдыңғы қатарына шығарды.

Кеңестер елі алапат өртті сөндіре алмады. Өрт бір жылдан астам уақыт бойы жалындап, түтіні ғарыштан да көрінді. Ғарышкерлер орбитадан аспанды айғыздаған түтіннің ізін байқаған. Ақыры АҚШ-тан арнайы мамандар шақырылды. Олар бетоннан жасалған үлкен шар дайындап, скважинаның аузын тығындау арқылы өртті ауыздықтады. Бұл оқиға Қазақстанның мұнай тарихындағы маңызды бетбұрыс болып, бұған дейін томаға-тұйық күй кешіп келген Теңіз кеніші еліміздің экономикалық өрлеуіне жол ашты.

Алғашқы мұнай кеніштері және барлау жұмыстары

Қазақстан – әлемдегі мұнай қоры бойынша жетекші елдердің бірі саналады. Мұнай өнеркәсібі еліміздің экономикасының негізгі драйвері ретінде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі мақаламызда қазақ даласынан табылған алғашқы орындары, табылу алғашқы кеніштер, барлау жұмыстары, мұнайдың қоры мен сапасы, тасымалы және мұнайшы мамандарды дайындау мәселелері қарастырмақпыз.

Қазақ даласында мұнайдың бар екені ежелден белгілі болған. XVIII-XIX ғасырларда Жайық пен Жем өзендерінің аралығында жер бетіне шыққан мұнайды жергілікті көшпенді қазақтар мал мен адам ауруларын емдеуге сондай-ақ тұрмыстық қажеттіліктерге қолданды. Мысалы, мұнайды тері илеуге және май шамдарын жағуға пайдаланған. 

Яғни Қазақ даласында мұнайдың бар екені туралы алғашқы мәліметтер ежелгі замандардан белгілі болғанымен, жүйелі барлау және өндіріс тек индустриялық дәуірде басталды. 

Ресми түрде мұнай өндірісінің тарихы 1899 жылы Қарашұңғыл шатқалында 40 метр тереңдіктен мұнайдың шығуымен басталды. 

1911 жылы Атырау облысындағы Доссор кеніші ашылып, жоғары сапалы мұнай алына бастады. Бұл жаңалық бірден әлемнің назарын аударды. 

1914 жылы Мақат кеніші іске қосылды, бұл екі кеніштен сол жылы 200 мың тоннадан астам мұнай өндірілді. 

Атырау өңірінде де барлау жұмыстары қарқын алды. 1934 жылы «Эмбанефть» тресі құрылып, гравиметрия, электрокаротаж сияқты геофизикалық әдістер алғаш рет қолданылды. Бұл әдістер Доссор, Мақат сияқты кеніштерді кеңейтіп, жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік берді. 

Бұл кеніштердің ашылуы Атырау өңірін Қазақстандағы мұнай өндірісінің орталығына айналдырды. Доссор мен Мақат кеніштерінен өндірілген мұнай Ресей империясының өнеркәсіптік орталықтарына, соның ішінде Баку және Орталық Ресейге тасымалданды.

1959-1969 жылдары Солтүстік Каспий ойпатында Прорва, Ақтөбе, Қараарна, Тереңөзек сияқты оншақты мұнай-газ кеніштері ашылды. 

1960-жылдардың ортасында барлау жұмыстары Маңғыстау облысына ауысты. Бұл кезеңде Өзен (1961), Жетібай (1961), Қаражанбас (1974), Қаламқас (1976) және Солтүстік Бозашы сияқты ірі кен орындары ашылды. Маңғыстау алабындағы мұнай қорлары жоғары сапалы және мол болды, бұл аймақты Қазақстанның мұнай өндірісінің екінші орталығына айналдырды.

1980-жылдардың басында Оңтүстік Торғай алабындағы Құмкөл кеніші ашылып, Қызылорда облысында мұнай өндірісінің дамуына серпін берді. 

1990-жылдардың басында Каспий теңізінің қайраңында Қашаған кеніші табылды, ол әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып саналады. Қашаған кенішінің ашылуы Қазақстанды халықаралық мұнай нарығындағы жетекші ойыншылардың біріне айналдырды.

Алғашқы барлау жұмыстары қолмен және қарапайым құралдармен жүргізілсе, XX ғасырдың ортасынан бастап геологиялық барлау технологиялары едәуір жетілді. 1960-1970 жылдары сейсмикалық зерттеулер мен бұрғылау технологиялары дамыды. Каспий қайраңындағы кеніштерді ашу үшін теңіздегі бұрғылау платформалары қолданылды, бұл сол кездегі ең озық технологиялардың бірі еді.

Барлау жұмыстарына мемлекеттік қолдау да маңызды рөл атқарды. Кеңес Одағы кезінде мұнай-газ саласына үлкен инвестициялар құйылды, ал тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдік компаниялар, соның ішінде ChevronExxonMobilShell сияқты мұнай гиганттары Қазақстандағы барлау және өндіріс жұмыстарына қатыса бастады. Мысалы, Теңіз кенішінің игерілуіне Chevron компаниясы 1993 жылдан бастап қатысып, жобаны әлемдік деңгейге шығарды.

Алғашқы мұнай кеніштерінің ашылуы және барлау жұмыстарының дамуы Қазақстанды әлемдік мұнай нарығындағы маңызды ойыншыға айналдырды. Доссор, Мақат, Өзен, Жетібай сияқты кеніштер елдің экономикалық дамуына үлкен үлес қосты. 

1911-1914 жылдар аралығында Доссор мен Мақаттан өндірілген 200 мың тонна мұнай сол кездегі шағын инфрақұрылымға қарамастан өнеркәсіптік серпіліс болды. 

Ал 1960-1980 жылдардағы Маңғыстау мен Торғай алаптарындағы кеніштердің ашылуы мұнай өндірісінің көлемін ондаған есе арттырды.

Қазіргі кезде Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындары әлемдік мұнай қорының едәуір бөлігін құрайды. 

Барлау жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанның расталған мұнай қоры 4,8 миллиард тоннадан асады, ал болжамды қорлар 17 миллиард тоннаға жетеді. Бұл қорлардың басым бөлігі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған.

Мұнай қоры

Қазақстандағы көмірсутек шикізатының жалпы болжамды өндірілетін ресурстары 17 миллиард тоннаны құрайды, оның 8 миллиард тоннасы Каспий теңізінің қазақстандық секторына тиесілі. Расталған мұнай қорлары бойынша Қазақстан әлемдегі 15 жетекші елдің қатарына кіреді және әлемдік мұнай қорының 3,3%-ын иеленеді. 

Мұнай қорының 90%-дан астамы 15 ірі кен орнында шоғырланған: Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозашы, Әлібекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское. Бұл кен орындары Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан, мұнай қорының 70%-ы батыс өңірлерде шоғырланған.

Қашаған кеніші мұнай қоры бойынша әлемде бесінші орында, шамамен 4,8 миллиард тонна шартты отын қоры бар. Теңіз кеніші 1 миллиард тоннадан астам мұнай мен газ конденсатын, ал Қарашығанақ 1,2 миллиард тонна мұнай және 1,35 триллион текше метр газ қорымен ерекшеленеді.

Қазақ мұнайының сапасы

Қазақ мұнайы жоғары сапалы болуымен танымал. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде Атырау өңірінен өндірілген мұнайдың сапасы соншалықты жоғары болған, оны өңдеусіз тікелей майдандағы танктерде қолдануға болатын еді. Мұнай құрамында көмірсутектер 85%-ға дейін жетеді, сонымен қатар оттегі, азот, күкірт, асфальтты шайыр қосындылары болады. Доссор және Мақат кеніштерінен алынған мұнай әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Алайда, кейбір кен орындарында, мысалы, Қаламқас кенішінде мұнаймен бірге газ және минералды тұздардың болуы өңдеу процесін күрделендіреді.

Мұнай тасымалы

Қазақстан мұнайы негізінен құбырлар, темір жол цистерналары және Каспий теңізі арқылы танкерлермен тасымалданады. Магистральді мұнай құбырларының жалпы ұзындығы 7,585 км-ден асады, оларды «ҚазТрансОйл» АҚ басқарады. Ең ірі құбырлар: Атырау-Новороссийск, Атырау-Самара, Атасу-Алашаңкоу және Омбы-Павлодар-Шымкент. 2017 жылы мұнай тасымалы 58,5 миллион тоннаны құрады, оның ішінде экспортқа 4%-ға төмендегенімен, ішкі нарыққа жеткізу 3%-ға артты. Теңіз арқылы тасымалдауды «Қазмортрансфлот» ЖШС жүзеге асырады.

Мұнай негізінен Қазақстандағы Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа (Еуропа, Қытай, Ресей бағыттары) жөнелтіледі. Тасымалдау кезінде логистикалық шығындар мұнай-химия өнімінің өзіндік құнын арттыруы мүмкін, әсіресе Еуропа мен Қытай нарықтарына жеткізу қашықтығына байланысты.

Мұнайшы мамандар және оларды дайындау

Мұнай-газ саласында білікті кадрлардың болуы – өндірістің тиімділігін арттырудың маңызды факторы. Алайда, қазіргі уақытта кәсіби мамандардың, әсіресе орта және жоғары буын инженерлерінің тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін кәсіби стандарттар әзірленіп, біліктілік талаптары жетілдірілуде.

Алғашқы мұнайшылар

Қазақ жеріндегі мұнай өндірісінің тарихындағы тұңғыш қазақ мұнайшысы ретінде Нәсіпқали Марабаевтың есімі ерекше аталады. Ол – Қазақстанның мұнай-газ саласының негізін қалаушылардың бірі әрі осы саладағы алғашқы кәсіби мамандардың бірегейі.

Нәсіпқали Марабаев 1898 жылы Атырау облысының (сол кездегі Гурьев уезі) Доссор ауылында дүниеге келген. Ол қарапайым отбасынан шыққан, бірақ білімге құштарлығы мен еңбекқорлығының арқасында мұнай өндірісінің алғашқы мамандарының қатарына қосылды. XX ғасырдың басында Ресей империясы кезінде қазақ даласында мұнай өндірісі дами бастағанда, Нәсіпқали жас кезінен осы салаға тартылды.

Марабаев Доссор және Мақат кеніштерінде мұнай өндірісінің алғашқы кезеңдерінде жұмыс істеді. 1911 жылы Доссор кеніші ашылғанда, ол сол жердегі бұрғылау және өндіріс жұмыстарына қатысты. Ол кездегі техникалық мүмкіндіктер шектеулі болғанымен, Марабаевтың табандылығы мен кәсіби біліктілігі оны ерекшелендірді. Ол мұнай скважиналарын бұрғылау, өндіріс процестерін ұйымдастыру және жергілікті жұмысшыларды оқытуда маңызды рөл атқарды.

1920-жылдары, Кеңес өкіметі орнаған соң, Марабаев мұнай өндірісін дамытуға белсене қатысты. Ол Ембі мұнай кеніштерінде де еңбек етіп, қазақ жастарына мұнайшы мамандығын меңгеруге жол ашты. Осылайша жергілікті қазақтар арасында мұнай-газ саласына деген қызығушылықты арттып, білікті мамандар шыға бастады. 

Нәсіпқали Марабаев сонымен қатар ұлттық кадрларды дайындап кетті. Ол қазақ жастарына мұнай өндірісінің күрделі технологияларын үйретіп, олардың осы салада білікті маман болуына ықпал етті. Оның есімі Доссор мен Мақат кеніштерінің тарихымен тығыз байланысты және Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің алғашқы қадамдарының символына айналды.

Қазақ мұнайының дамуына үлес қосқан геологтардың бірі - Мәжит Маташев болды. Ол Қазақстанның мұнай-газ саласында елеулі із қалдырған көрнекті геологтардың бірі. Ол, әсіресе, Атырау облысының мұнай кеніштерін зерттеу және игеру жұмыстарына белсене қатысқан. 

Маташевтың ең басты жетістіктерінің бірі – Прорва кенішінің мұнай қорын анықтау және оны өндіріске енгізу жұмыстарына қатысуы. Ол кездегі геологиялық барлаулар заманауи технологиялардың жетіспеушілігіне қарамастан, кәсіби біліктілік пен табандылықтың арқасында табысты болды. Оның еңбегі Қазақ мұнайының дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде тарихта қалды.

Оқи отырыңыз: Мұнайшы Зәуре: Қазақтан шыққан тұңғыш мұнайшы әйел туралы дерек табылды

Биыл Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығы қарсаңында алғашқы мұнайшы әйел - Зәуре Құмарованың есімі белгілі болды. Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында кәсіпорын тарихын терең зерттеу жұмыстары барысында 70 мыңнан астам құжатты қамтитын өндірістік архивте сақталған 20 мыңға жуық жеке іс қағазының арасынан табылған тың деректер зауыттың алғашқы қызметкерлерінің бірі – Зәуре Құмарованың есімін жарыққа шығарды. Осылайша Зәуре Құмарова мұнай өңдеу саласында еңбек еткен тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихқа еніп отыр.

1928 жылы Атырау облысының Бақсай ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген Зәуре бала кезінен өмірдің ауыр сынақтарына тап болды. Әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдер үйінде тәрбиеленген ол 1943 жылы Жамбыл мектебінің 5-сыныбын бітіріп, Гурьевтегі №9 қолөнер училищесіне түседі. 1945 жылы оқуын тәмамдаған Зәуре небәрі 17 жасында, 29 қарашада №441 мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданады. Алғашқы қадамын электр-дәнекерлеуші болып бастаған ол бір айдан соң №1 цехқа оператордың көмекшісі ретінде ауысады. Кәсіби біліктілігі мен еңбекке деген адалдығының арқасында 1947 жылы оператор қызметіне тағайындалады.

Оның есімі қызмет еткен жылдарда бірнеше рет зауыттың Құрмет тақтасына еніп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Мұнайшы мамандарды дайындау 

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында жүргізіледі. Негізгі оқу орындары:

Сәтбаев университеті (Алматы): Геология, мұнай және газ ісі бойынша мамандар дайындайды.

Атырау мұнай және газ университеті: Мұнай-газ саласына мамандандырылған білім береді.

Қазақ-Британ техникалық университеті (Алматы): Инженерлік және техникалық мамандықтар бойынша халықаралық стандарттарға сай білім береді.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті: Мұнай-газ саласына мамандар дайындауға бағытталған.

Қазақ мұнайы – еліміздің экономикалық әлеуетінің негізгі тірегі. Алғашқы кеніштердің ашылуынан бастап, қазіргі заманғы технологиялармен игерілетін алып кен орындарына дейін Қазақстан мұнай өнеркәсібі зор жетістіктерге жетті. Жоғары сапалы мұнай, дамыған тасымалдау инфрақұрылымы және білікті кадрларды дайындау жүйесі елімізді әлемдік мұнай нарығындағы маңызды ойыншыға айналдырды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?