Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ

7082
ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ - e-history.kz
85 жыл бұрын Кеңес Одағы Ғылым Академиясының президиумы КСРО ҒА Қазақстандық базасын құру туралы шешім қабылдады

Республикалық академияның қалыптасу тарихы 1932 ж. 8 наурызында Кеңес Одағы Ғылым академиясының президиумы Базалар және филиалдар жөніндегі комиссияның ұсынымын қарастырып, зоология және ботаника секторларынан тұратын КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасын ашу туралы шешім қабылдаған күннен басталады. Базаның төрағасы болып академик А.Н. Самойлович, Президиум мүшелері – академик Б.А. Келлер, профессор С.Ж. Асфендияров, М.Н. Төлепов бекітілді.

1938 ж. қарашасында база құрамында 100-ге жуық ғылыми қызметкер – үш ғылым докторы, 14 ғылым кандидаты қызмет ететін республикадағы ең ірі ғылыми мекеме – КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы болып қайта құрылады. Филиалдың қызметі ел үшін ауыр кезең – Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Табиғи қорларға бай Қазақстан майданды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуде ерекше рөлге ие болды. Ұлы Отан соғысының жеңісті аяқталуына қарай Қазақстанда республикалық Ғылым академиясын ұйымдастыруға барлық қажетті жағдай жасалды.

Қазақстанның Ғылым академиясының құрылуы оның тұңғыш президенті Қ.И. Сәтбаевтың КСРО ҒА Қазақ филиалын басқарып тұрған жылдардағы атқарған жұмыстарының нәтижесі еді. Бұл істе сонымен қатар соғыс жылдарында Қазақстанға Мәскеу, Ленинград және т.б. қалалардан уақытша қоныс аударған ғалымдардың көмегін де атап өткен жөн. Олармен бірге жоғары білікті ғылыми қызметкерлер – қазақтар арасынан ғылым докторларын дайындау шаралары жасалды; негізгі мекемемер анықталып, ғылыми бағыттар бойынша аспирантура ұйымдастырылды. Жас ғалым-қазақтардың тобы КСРО Ғылым академиясына докторантураға, өндіріс саласының мамандары аспирантураға жіберілді.

Қазақстан КП ОК және Халық комиссарлар кеңесінің 1944 ж. 18 тамыздағы «Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастырылуына дайындық іс-шаралары туралы» қаулысында «республикадағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мәдениеттің жедел дамуы ең алдымен бір орталықтан ұйымдастырылып, үйлестіріліп отыратын ғылым деңгейіне және ғылыми-зерттеу жұмыстарының қарқынды өркендеуіне байланысты болғандықтан, Қазақстанның республикалық Ғылым академиясының құрылуына мұқтаждығы» атап көрсетілген. Осы қаулы негізінде Ғылым академиясын құру бойынша жұмыстарды басқару мақсатында Үкіметтік комиссия құрылып, оның төрағасы болып Н. Оңдасынов және орынбасарлары ретінде Н.А. Скворцов, Ж. Шаяхметов, А.П. Заговельев және Қ.И. Сәтбаев бекітіледі. Комиссия ғылыми мекемелердің құрылымын айқындап, штатты қарастырып, Қазақстан ғылымының жетістіктері көрмесін және Академияның салтанатты ғылыми сессиясын дайындау керек болды.

1945 ж. 1 наурызында Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов пен КСРО ҒА президенті В.Л. Комаров «...Қазақстандағы ғылымның нақты орталығы 1932 ж. құрылған және Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды кеңейткен КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы болып табылады. КСРО ҒА Қазақ филиалының ғылыми-зерттеу институттарында 40-тан астам доктор мен профессор, 100-ден аса ғылым кандидаты мен доцент (ғылыми дәрежесі мен атағы бар Алматы қаласының 389 ғылыми қызметкерінің ішінде) жұмыс істейді. Қазақ КСР-нің экономикасы мен мәдениетінің дамуындағы жетістіктері биылғы Кеңестік Қазақстанның 25 жылдық мерейтойын Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастырылумен байланыстыруға болады» деп жазған еді.

Ғалымдар ҚазКСР ҒА ашу мәселесін талқылау үстінде. Солдан оңға қарай: КСРО ҚазҒАФ Қ.И. Сәтпаев,  В.А. Белый, ҚазКСРО ХКК төрағасы Н.Д. Оңдасынов, КСРО ҒА  президенті В.Л. Комаров. 1945 ж.  ҚР ПА. Қ.896. Тізім.1. Іс.5347. Б.1. 

1945 ж. 26 қазанда КСРО Халық комиссарлар кеңесінің Қазақстанда Ғылым академиясын ұйымдастыру туралы қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес 1946 ж. 1 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы, Министрлер Кеңесі және Қазақстан КП ОК-нің біріккен қаулысымен КСРО Ғылым академиясының филиалы негізінде Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылады.

1950-1980 жж. Қазақстан экономикасы жалпы Одақ бойынша жоғары қарқында дамыды. Бұл үрдіс ғылыми-техникалық бағытта да алға басулармен қатар жүрді. Республикада бұл жылдары бірқатар жаңа ғылыми-зерттеу және жобалық-конструкторлық ұйымдар құрылды, оның ішінде Ғылым академиясының құрамында 6 институт ашылды. 1980 жж. басына қарай Қазақстанда 21,1 мың адам жұмыс істейтін 140 ғылыми мекеме болды. Негізігі ғылыми күштер Ғылым академиясында шоғырланды – мұнда 31 ғылыми мекеме, оның ішінде 24 ғылыми-зерттеу институты орналасты. Ғылым академиясының ғалымдары ғылым мен экономиканың барлық бағыттары бойынша зерттеулермен айналысты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасу міндеттеріне сай республикада ғылымның дамуына жаңа тәсілдерді қолдану қолға алынды. Еліміздегі дербес ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру және елдегі ғылымды басқару мәселелері 1992 ж. қаңтарында қабылданған «Қазақстан Республикасының Ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы» ҚР заңына негіз болды.

1996 ж. 11 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ауылшаруашылық ғылымдарының академиясы және ҚР Ғылым және технологиялар министрлігі ҚР Үкіметінің құрамындағы орталық атқарушы орган – Қазақстан Республикасының Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясына біріктірілді. Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясы мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыратын, ғылым және техника саласындағы бірегей мемлекеттік басқару органы болып анықталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2003 ж. Жарлығына сәйкес Ғылым академиясына «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» Республикалық қоғамдық бірлестік мәртебесі берілді. Академия республикадағы ғылымның дамуының басым бағыттарын анықтауға қатысып, Мемлекет басшысына ғылым жөніндегі жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындайды. Сонымен қатар еліміздегі ғылымның дамуының жетістіктерін академиялық ғылыми журналдар мен басқа да басылымдарды шығару арқылы насихаттап, ғылым және техника саласындағы мемлекеттік премияларға симпозиумдар, конкурстар мен көрмелердің өткізілуіне атсалысады, халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен инновациялық қызметтің дамуына көмектесіп, іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми сараптамаларды өткізуге қатысады.

Мұхаммед ЖЫЛГЕЛДИНОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?