Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жалшыдан жаһан таныған ұлы суретшіге айналды

3450
Жалшыдан жаһан таныған ұлы суретшіге айналды - e-history.kz
1814 жылдың 9 наурызы украиндық ақын әрі суретші Тарас Шевченко дүниеге келді. Оның әдеби және көркем өнер туындыларын әлем мойындаған

Шевченко өміріндегі қайғылы оқиғалар оны қазақ даласына алып келді. Ақын қарапайым халықпен араласты, ал айдаудағы уақыттан алған әсерлері оның өлеңдерінде сипатталды. 

1814 жылдың 9 наурызында Ресейдің түрлі губернияларында онмыңнан астам басыбайлы шаруасы бар, Балтық жағасы барондарының ұрпағы, сенатор әрі генерал В. Энгельгардтың шаруаларының қатары тағы бір шаруаға көбейді, бұл күні шаруа отбасы Григорий мен Екатерина Шевченконың үйінде ұл бала өмірге келіп, шоқындырған кезде Тарас деген ат қойылды. Бұл оқиға Киевтен шамамен екі жүз шақырым жерде орналасқан Моринцы селосында болды.

Екі жылдан соң отбасы жоғарыда аталған помещикке тиесілі Кирилловка деген көрші селоға көшеді. Бұл жерлер – тарихы бай, асқан сұлу жерлер еді. Тарастың бойындағы суретші қабілеті, ерте қалыптаса бастап, толық ұғынбаса да өлеңге деген құштарлығы ояна бастады.

Тарас 11 жасқа толғанда, 1825 жылы әкесі қайтыс болды. Аңыз бойынша, балаларына өзінің азғантай мұрасын бөле отырып, ол былай депті: «Тарас балама менің дүниемнен ешнәрсе қажет емес болар, себебі, ол жай адам болмайды, одан не ұлы адам, не өте ерекше адам шығады, сондықтан оған менің дүниемнің я маңызы болмайды, я пайдасы тимейді».  

Ерте жетімдікті сезіп, мүшкіл жағдайына қарамастан, ол бірдеңе білуге, бірдеңе үйренуге ынтық болады. Сол кездегі ауылдық жерлердегі жалғыз сауаттылар мен «ағартушылар» – дьяктың біреуіне, екіншісіне, үшіншісіне барып «мені оқытыңызшы» деп жалбарынады. Кейін «Княгиня» повесінде сол кезді есіне түсіріп, былай деп жазады: «Мен үнемі жұпыны жыртық-тесік кеудешеде және жуылмаған көйлекпен жүретін едім, ал, бас киім мен етікті жазда да қыста да тіпті ойыма да алмайтынмын». Сол кезде ол он үшке қараған еді. 

«Адасқан ұл туралы аңыз»

1829 жылы Энгельгардтың қызметшілерімен бірге ол Вильноға көшеді, дәл осында оған суретшіліктің қыр-сырын үйрететін суретші-икона салушы табылып, Тарастың талантын байқап, оны сурет өнеріне үйретуге келіседі. Бірақ, бұл үшін помещиктің рұқсаты керек еді, себебі бозбала бұл кезде жұмыс күшіне әбден жарап қалған. Дәл осы кезде жас қожайын Энгельгардт үй-ішінің қызметшілерін таңдап жатқан, суретші бозбала оған «үй суретшісі» болуға жарады. Осылайша Тарас панның жеке қызметшісі – бөлме «казагына» айналды. Тарас қайырымсыз «оқытушыларнан», байлардың қолшоқпарларынан көп жәбір көреді, өзінің құл, құқықсыз жан екенін еске салып тұратын бұл қорлықтарын ол ешқашан ұмытқан емес.  

Бірақ, ол ештеңеге қарамастан, әрбір бос уақытын пайдалана жүріп, сурет салуын жалғастыра берді, оның өзіндік көзқарастар жүйесі, қоғамдағы жағдайларға қатысты өз түсінігі қалыптасты. Алда жастық шағының ең маңызды, ең күтпеген өзгерістерге толы тамаша Петербор кезеңі күтіп тұр еді, өйткені оның қожайыны өз қызметшілерімен бірге осы қалаға көшкен еді. Бұл 1831 жыл.

Ақын өзінің өмірбаянында жазғандай, бір жыл өткеннен кейін бозбаланың «қояр да қоймаған өтініші бойынша» оны «сурет ісінің шебері» В. Ширяевқа оқуға беруге келіседі. Оның үйінде Тарас мазмұнды кітаптар оқып, гравюра жинақтарымен танысуға мүмкіндік алады.

Петербордың әйгілі ақ түндерінде ол жасырын Жазғы баққа барып, сонда тұрған антикалық тәңірлердің мүсіндерінің суреттерін салуды әдетке айналдырады. Сондай күндердің бірінде Жазғы бақта Сатурн мүсінінің суретін салып отырғанда, жерлесі И. Сошенко деген жас суретшімен танысады, соның ұсынысы бойынша Тарасқа Суретшілер одағы  қызығушылық танытып, қызметтен бос уақытында сурет класына қатысуға мүмкіншілік алады және арасында азғантай қаржылай көмек те алып тұрады. Бірақ, ең бастысы, Шевченконы басыбайлықтан босату керек болды, себебі барлық жоғары оқу орындары сияқты Көркемсурет академиясында да басыбайлы адамдарға оқуға жол жоқ болатын.

Көп ұзамай, бұл жағдайдың да шешімі табылды. Ол 1838 жылдың 22 сәуірінде 2500 рубльге басыбайлықтан сатып алынады. Тарас үшін бұл нағыз бостандық еді, енді оны ешкім де сатып алмайды, сатып жібермейді және де бұл оқуға мүмкіншілік береді.

Бұл, шын мәнінде, Тарастың  екінші рет өмірге келген күні іспеттес еді, ал бұл үшін әлем мәдениеті, болашақ ақын және суретшіні бостандыққа шығаруға ат салысқан интеллигенция өкілдеріне қарыздар. Сөйтіп, Тарас Шевченко Көркемсурет Академиясына оқуға түседі және осы жылдар тарас үшін ең маңызды жылдар болады. Кешегі құл аз уақыт ішінде ауқатты отбасыларынан шыққан үзеңгілестерінен асып түседі, бірақ соған қарамастан ол қарапайым бір беттілігі қалпын сақтап қала береді.  

Тарастың айтуы бойынша, өлең жазуды ол Жазғы бақта сурет салумен қатар бастаған-ды. Із-түзсіз жоғалып кеткен осы алғашқы талпыныстарынан, ол тек қана «Порченная» балладасын басып шығарған, «Кобзарь» жинағы да осы балладамен басталады. 1840 жылы шыққан жинаққа сегіз туындысы – лирикалық өлеңдері, балладары, поэмалары кірген. Кітабын «Кобзарь» деп атап, ақын өзі де халық жыршысы, қандас халқымен мұңдас, түгел болмысымен байланысты адам іспеттес болды.

суретші ретінде ол әртүрлі көрмелерге қатысады, үш рет күміс медальмен марапатталады. Оған үшінші күміс медальді әкелген  «Бал ашушы сыған әйел» атты туындысы күні бүгінге дейін жетті. Көркемсурет Академиясындағы ең маңызды шығармасы – өзінің 1840 жылы майлы бояумен салған бірінші «Автопортреті», бұл нағыз дербес және өзіндік шығармасы еді. 1843 жылы, өзі 15 жыл болмаған Украинаға барады, осы сапарының нәтижесінде шаруалар өміріне арналған «Живописті Украина» атты альбомы пайда болады.

1845 жылы ол Көркемсурет Академиясын тәмамдап, Украинаға қоныс аударады. Отандастарының жағдайын көріп ол  «Три лита» деген жалпы атаумен революциялық туындылар циклін жазады. Дәл осы «Три лита» қолжазбасы оның өмірінде шешуші рөл ойнап, 1847 жылы тұтқындалып, «жазуға да сурет салуға да тыйым салынады» деген үкіммен солдатқа жіберіледі. 1847 жылдың 9 маусымында ол Орынборға жеткізіледі, одан әрі Орск бекінісіне жіберіліп, 23-ші жаяу әскер дивизиясының 5-ші желілік батальонының 3-ші ротасының солдаты болады.  

1848-1849 жылдары Тарас Шевченко орыс зерттеушісі және теңізші А.И.Бутаков басқарған Арал экспедициясына қатысады. Бұл аса жемісті кезең болды, 70-тен астам өлең жазып, 160-тан астам сурет салады.

«Қазақ қызы Катя»

Шевченконың осы кезеңдегі суреттері асқан шеберлікпен дәл салынған – көркемдігі жоғары туындылар болуымен қатар, көргенін дәл сол күйінде бейнелеген деректі дүниелер болды – Арал теңізінің жағалаулары, аралдардың, таулар мен жартастардың тың табиғаты, зерттелген аумақтардың өсімдіктері мен жануарлар әлемі. Сондықтан, Шевченконың көптеген суреттері экспедицияның жұмыстары туралы есебі альбомына енді. 1850 жылдың көктемінде поручик Н. Исаевтың көрсетуімен Шевченко «жазуға және сызуға тыйым салынды» деген патша үкімін бұзғаны үшін қайтадан тұтқындалады.

Новопетровск бекінісінен 7 шақырым жердегі Маңғыстау бағы. Онда жартастардың арасында жабайы ағаштар өте көп болған. 

Шевченконың тұтқында болатын жаңа орны – 1846 жылы салынған Новопетровск бекінісі, мұнда ол 1850 жылғы 17 қазанда келіп жетеді.

Осында ақын-суретші өмірінің ең ауыр кезеңі басталады. Оның соңынан қатал бақылау қойылады, тұрмыс жағдайы өте қиын болады. Оның ерік-жігерін мұқалту, адамдық қасиетін жер қылу мақсатымен есерсоқ офицерлер оны жиі жүгіртіп, күзетке қойып, мазақ етумен болды.  

Соған қарамастан, осындай ауыр жағдайдың өзінде де ол бірқатар жоғары деңгейдегі туындыларды дүниеге әкелді. Новопетровск бекісінде жазған жиырма повестінің бүгінгі күнге дейін тек тоғызы ғана жеткен.  

Бірақ осы кезеңде ол суретші ретінде жемісті еңбек етті. Оның айналасында оған жылы қабақ танытқан, жағдайын жеңілдетуге тырысқан адамдар көптеп кездесті. Ол тамаша пейзаждар, тарихи және тұрмыстық жанрлардағы суреттер, портреттер жазады. Маңғыстау түбегінде, оның ішінде Новопетровск бекінісі маңайындағы сәулет құрылыстарының, мазарлардың, ескерткіштердің, құлпытастардың суреттерін салып материалдық мәдениет ескерткіштеріне, қазақ халқының этнографиясына қызығушылық білдіреді.

Новопетровск бекінісінде комендант болып қызмет етті. Ол Шевченконың өмірінде ерекше орын алады. Усков Тарасқа жазуға сурет салуға құқығын қайтарып беріп қоймай, оған өзінің үйінде де болуға жағдай жасап, күнделікті ауыр қызметтен босатты. Себебі, Ираклий Усков оның бойындағы талантын байқаған еді. Сондықтан, ол салған суреттерін жертөледе жасырып сақтауға рұқсат береді. Осының арқасында суреттер сақталып қалды. Ираклий Александрович Усков

Ең маңыздысы, Усков Шевченкоға бостандық берілгенде Орал мен Орынборға соқпай, тікелей Петерборға кетуіне рұқсат етті. 1853-1857 жылдар аралығында Тарас Шевченконың Маңғышлақтан жазған барлық хаттарында дерлік Усковтың аты аталады. Новопетровск бекінісінен кеткеннен кейін де Шевченко Усковпен хат алысып тұрады.

Бостандық туралы бірінші рет Тарас Шевченко өзінің күнделігінде 1857 жылы 13 маусымда жазыпты. «2 мамырда Петербордан Михайло Лазаревскийден хат алдым, онда 75 рубль ақша салған екен. Ол хабарлағаннан гөрі, бостандықпен құттықтайды. Бірақ, әлі күнге дейін корпустық штабтан ешқандай хабар жоқ, ал мен аталған штабтан жарлық күтумен жүріп, Еділ пароход шаруашылығы туралы мәлімет жинаудамын».

Ираклий Александрович Усков 

1857 жылдың 2 тамызында Шевченко Маңғышлақпен мәңгілік қоштасып, Астрахань – Новгород – Мәскеу арқылы Петерборға аттанды.  Бостандыққа шығып, жазып-сызуға мүмкіндік алғаннан кейін ол толықтай поэзия мен көркем өнерге беріледі. Өкінішке қарай, азаттық алғаннан кейін Шевченко ұзақ жасамады, бірақ, сол аз ғана төрт жылдың ішінде ол жемісті еңбек етті. 1860 жылы оған гравюра саласының академигі атағы беріледі.

1861 жылғы 10 наурызда (26 ақпанда) Тарас Шевченко қайтыс болды.

Көптеген қазақ ақындары, жазушылары мен суретшілері Тарас туындыларынан шабыт алды. Жамбыл Жабаев  Тарас Шевченкоға арнап «Тарас» атты өлеңін жазды. Жабаев өзін және Шевченконы шындықты жырлайтын бауырлар деп атаған.  

13 наурызда Украинаның Мәдени-ақпараттық орталығында Тарас Шевченкоға арналған іс-шара өтті. Маңғыстау облысының Мәдениет басқармасы «Музей кешені» МКҚК «Кобзарь тағдырындағы Маңғыстау» атты кітабының материалдары қолданылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?