Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ең атақты ас – Сүлейменнің асы

1165
Ең атақты ас – Сүлейменнің асы - e-history.kz

Сурет: Ералы Оспан

Қазақ тарихындағы ең атақты ас – Сүлеймен бидің асы екені белгілі. Тарихшы Құрбанғали Халиди өз еңбектерінде бұл асты «Абылай асынан кейінгі ең ұлы ас осы болды» деп суреттейді. 

Ең қызығы, ас кезіндегі қонақтардың қауіпсіздігін Бақты шекарасындағы орыс әскері мен Қытайдың Шәуешек өңірлік армиясы қамтамасыз еткен. Ал астың өзіне орыстың атақты ояздары мен қытайдың дутыңдары келіп қатысқан. 

Енді зерттеуші Зейнолла Сәніктің осы атақты Сүлеймен бидің асы туралы деректеріне оралайық:

«Сүлеймен Әділбекұлының асы туралы және сол замандағы көптеген тарихи уақиғалар туралы ілгерінді-кейінді «Жаридай жадида» (1889) және «Тауарих хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты көлемді шежірелік еңбектері жарық көрген атақты тарихшы Құрбанғали Халиди (1829-1913) былай деп жазады: «Қазақ қай заманда ас беріп, ат шаптырғаны мағлұм болмаса да, Абылайға ас берілгені жұртқа белгілі. Арғын елінен Құсайын мырза ибн Поштабай 85 жасында дүние салды. «Мен сол кезде 13-те едім, – дейді ол, – бабам 17 жасында Абылай хан асында атқа шауыпты. Үш жүз баласы бас қосып, 40 атқа бәйге тігілген. Ас Қызылжарға жақын Қарой деген жерде берілген. Абылай асынан кейін ешкім 40 атқа бәйге тігіп көрмеген. Тек Әділбекұлы Сүлеймен мырзаның асында ғана 40 атқа бәйге тігілді. Бұтабайдың асында 25 атқа бәйге тігілді. Асты тоқтатқан атақты кісі 1873 жылы опат болған Жаментік төре балалары. 1908 жылы бұрынғы салтты қайта қалпына келтіріп, Қанағат болыс әкесі Сүлейменге ас беріп, 40 атқа дейін бәйге тікті. Ас Бақты тауы түбінде өтті. Абылай асынан кейінгі ең ұлы ас осы болды... («Атаның алтын іздері» 480-481-бб.).

Таяу жылдары Сүлеймен бидің асы туралы сүйіне отырып, тебірене жазған қаламгер Аманжан Жақыпұлы болды», – деп атап өтеді. Әрі қарай Аманжан Жақыпұлының еңбектерінен үзінді келтіреді: 

«Қазақта Абылай ханның асынан кейінгі үш жүзге сауын айтқан атақты ас және соңғы ас – Сүлейменің асы. Аста 300 ат шауып, 40 атқа бәйге берілген. Ат Еміл өзенінің өткелінен Қос келіншек пен Дастарды шаңдатып, Құтидан құйғытып, Сабаздың батыс жағындағы «Бәйге төбенің» түбінен өткен. Еміл мен Бәйге көмбесінің арасы – 60 шақырым. 300 аттың жартысына жуығы жолда қалған. Асқа орыстың оязы, Қытайдың дутыңы қонақ болып қатысқан. Аста тәртіп сақтау үшін Бақты шекарасындағы орыс әскері мен Қытайдың Шәуешектегі шерігі жалданған. Аста Әбділдабек болыс балуанға түсіп, шынжырлап әкелген Жетісу балуанын шаң қаптырған. «Құж қара» атанған Жетісу балуанын Әбділдабек іштен шалып, оның ұршық сүйегін шығарып жіберген. Әбділдабекті «Қабанбайлаған» халық көтеріп әкеткен. Әбділдабек болыстың атқосшылары оның цирк балуандары үлгісімен өзіне арнайы тіккізген спорт киімін кілем қоржынға салып, бөктеріп жүретін. Асты басқарушы, қытай жеріндегі Қаракерей-Мәмбетке 30 жыл үкірдай болған Жалбағай өзі Әбділдабекті артына мінгестіріп әкеліп, майданға Қаракерей атынан салтанатпен түсірген. Үстіндегі жібек желеңін шешкенде, бұтымен бұт лыпа киген Әбділдабектің күндізді жарық қылатындай әппақ етіне, көркемдігіне, үйелмені үйдей бітіміне жұрт қайран қалған.

Осы астан соң, Әбділдабектің «балуанға түскен болыс», «Әбділдабек балуан» аты үш жүзге жайылған.

Дәл осы Сүлеймен асының шарапаты «Әсет пен Кәрібай» айтысын дүниеге келтірген. Бұл айтысты Көктума сиязында болған деп те айтады. Айтыста Әсетті Кәрібай жеңген.

Қазақтың асы – олимпиадасы. Астың салты бойынша, ат, балуан, ақындар бәйгесі – ас берген елдің намысы. Оны сыртқа жібермеген. Алайда «үш жүзге ұран болған», «адамның бұлбұлы» атанған, құбылыс іспетті әнші, құдіретті ақын Әсеттің Сүлеймен асында ұлы өнерпаз болып танылғандығы мәлім. Сүлейменнің асына қазақта тұңғыш гимназия салдырған, романға бәйге жариялап, «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу», «Қалың мал» сынды әдебиетіміз тарихындағы төлбасы романдардын тууына ықпал еткен, «Қазақ Нобелі», руы матай, Маман Тұрысбектер де барған. Барғанда қара нарға қалы кілем жауып, саба артып, жібек қоржынға тоғыз-тоғыздан қара жамбы, жанат ішік бастатқан сиыт салдырып, сойысқа үйірлі жылқы айдатып, ақын, әнші, күйшісімен, бақсы-балгер, сыншысымен, колына қыран құс қондырған, жүйрік тазы ерткен, бәйге ат жетелеген, балуан, мерген, сал-серісімен, салтанатты көшпен пәуеске-күймеге мініп барған. Бұлардың ішінде қазақтың болашақ дүлдүл ақыны, 12-13 жасар Ілияс Жансүгіров те бар-тын. Ілияс осы аста атқа шапқан. Сүлейменнің асы бала Ілиястың ұлттық мақтанышын, махаббатын оятқан.

 «Қызығы – қырдың үлкен бәйге шапқан,

Күңірентіп көк жайлауды атты тартқан. 

«Бала деп әрі пысық, әрі жеңіл», 

Иесі талай аттың мені тапқан. 

Мен-дағы мұндай кезде жылмаң қаққам, 

Мінгенмін не саңлаққа сумаң қаққан», – деп жырлаған Ілияс.

Сүлеймен асынан мәнгілік есінде қалған ғажайып әсерін Ілияс қазақ поэзиясының інжу-маржан мұнарасы «Құлагер» поэмасында жазып, дертінен шыққан. «Құлагердің» алтын арқауы: «Ақан», «Ас», «Балуан», «Бәйге», «Көмбе», «Ат қайтқанда», «Аттың азалы әні» деген бөлімдерінде халқымыздың ұлттық ұлы сипатын Ілияс асқан сүйіспеншілікпен, көзінің майын тауысып, тілінің балын тамызып жырлаған.

Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің профессорлары Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен, Есмағанбет Ысмайыловтың тексеруінен өткізіп, біз 1961 жылы «Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының көркемдік ерекшелігі» деген диплом жұмысын жазып, сонда айта алмаған сырды қырық жыл өткен соң, ақтарып отырмыз.

Аста Ілияс «Ән құмар әлеуметі анталаған, ақ орданың ішінде, «аспанның аясында ән шалқытқан» Әсетті көрген. Ән мен өлеңнің піріндей Әсеттің өнеріне бала күнінде арбалған Ілиястың алғашқы «Тұңғыш тоғысу», «Бұлбұлға», «Әсет» аталатын арынды өлеңдері кейін «Құлагер» мен «Күйдің» көк теңізіне құйды.

«Құлагер» поэмасындағы Сағынайдын асы – Сүлейменнің асы. Ақын – Әсет. Құлагердің үстіндегі бала – Ілиястың өзі. Жыққан балуаны – Әбділдабек. Құсақ көлі – Алакөл. Бұлар – символ.

Біз бұл жерде бірді айтып, бірге кетіп отырған жоқпыз. Қазақтағы соңғы ас болып саналатын Сүлеймен асының халқымыздың әлеуметтік өмірінде қанша ғибрат қалдырғанын, соншама тарихи оқиға болғанын баяндап келеміз. Басында айтқанымыздай, астың бас бәйгелерін ас берген елдің абырой-намысын жатқа жібермеу салтымен де, шын қалпымен де найман-қаракерей басқаға бермеген. 300 аттан адақтап шыққан ат Қанағат болыстың «Қызкүреңі», одан кейінгі Қоңыр төренің аты. Жетінші келген Тума Жәментік ауылының Түгелбай мініп шапқан «Жымбыл» деген аты.

Цирк балуаны «Құж қараның» жілігін сындырып жыққан Әбділдабек – Жұмық Тәуке ұрқы. Әбділдабек 1945 жылы мартта, жеті күн соққан қатты боранда, Қытайда Еміл бойында қайтыс болды. Жұрт: «Әбділдабектің иесі «Дауыл» деуші еді», – дескен. Ал айтыста алдына жан салмаған Әсетті жеңген Кәрібай ақын Байыстың бір баласы Жеті Жолымбеттен еді. Кәрібай 1931 жылы Қытай жерінен Ақсуатқа асып келген жерінде аңдып жүрген қызыл жендеттер жағынан атылған».

Осылай деп атап өткен зерттеуші «біздің де айтарымыз осы, «Құлагердегі» сөз болатын ас – Сүлейменнің асы. Онда сөз болатын қазақы салт-дәстүр, өнер жарыстары, балуан, бәйге бәрі-бәрі Сүлеймен бидің асында болған уақиғалар», – деп Аманжан Жақыпұлының пікірін қуаттай түскен. Айтуынша, Арқа жеріндегі Сағынайдың асы 1876 жылы өткен. Сағынайдың асына 100 үй тігілген, ал Сүлейменнің асына 300-дей үй тігілген. Ал Ілияс Жансүгіров 1894-1938 жылдары аралығында өмір сүрді. Яғни Сағынайдың асында Ілияс әлі өмірге келмеген. «Сүлеймен бидің асы 1908 жылы болған, осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек», – дейді зерттеуші. 

Айтпақшы, зерттеуші бұл еңбегінде бірі қызықты оқиға баяндалады. Аста арнайы жәрмеңке ұйымдастырылған. Алайда тойға жиналған қалың халық саудаға кенелеміз деп келген сарт-сауан, тарат-өзбек, орыс, қытай саудагерлерінің дүниесін талап алып кеткен. Яғни саудагерлер жер сипап қалған. Олардың бар шығынын Қанағат болыс өз қалтасынан төлеп беріпті.

Оған дәлел ретінде де сол А. Жақыпұлының «Сүлейменнің асына арбаға тиеп, түйеге теңдеп, есекке артып Құлжа, Шәуешек, Семей саудагерлері қант пен шай, өрік-мейіз, тана-моншақ, жіп-су, ыдыс-аяқ, айна-тарақ, киім-кешек тасып, жайма базар-жәрмеңке ашып, бүкіл Бұғыбай жазығын жайнатып тастаған-ды.

Асқа келген қара нөпір қазақтың көптігі сонша, атқа мініп, ормандай болып, жердің жүзін, күн көзін алып, тұс-тұсқа тарап қайтқандардың арасына түлкі тұйықталып, қолға түскен. Қара құр ұша алмай, ат тұяғының астында қалған.

Осылай қайтқан қазақ, астың әсерінен асып-тасып, қуанып, бу алып қайтқан қазақ, басы қосылса, керемет күш екендігін сезініп, оянып қайтқан қазақ, бәске тірідей бақа жұтқанда, жылқы астаудағы тайдың етін қос қолдап асағанда, қымызды сабасымен басына бір-ақ төңкергенде ұран салған қазақ, балуан, бәйге, ақынға жер жаңғыртып, аруақ шақырып, қаны қызып алған қазақ, батырлығы мен байлығына әбден мастанған қазақ, үстіндегі киім үлгісінде қалта болмайтын, қалтасы болса да, қорасындағы малы болмаса, калтасына ақша салмайтын қазақ астан қайтар бетте жолында соқтығатын қырғыз, қалмақ болмаған соң, айтылмыш жәрмеңке базарды астың сарқыты санап, үйдегі жеңгелері мен қарындастарына сәлемдеме, балаларға базарлық ретінде хан талау қып, қойны-қонышына салып, түгел жайпап кетті» деген дерегін келтіреді. Яғни бұл астың жай ғана мал шашпақ ас емес, құрылтай секілді өткенін көрсетеді. 

Міне, бұлар ас туралы аға буын айтып кеткен аныздық деректер мен ауызекі дерек. Осының өзінен-ақ ас берудің данқын, салтанатын, ондағы көрсетілген өнерді, балуандары мен топ жарған тұлпарын халқымыздың қалай бағалап, калай баптап отыратынын аңғаруға болады. Оны қаламдас досымыз марқұм Аманжан Жақыпұлының «Қазақ даласының олимпиадасы» деуі дұрыс айтылған деп қараймыз», – деп көрсетілген зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде. 

Деректер Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағынан алынды. Сүлеймен би. 5-том. – Алматы: Ан Арыс, 2017.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?