Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 15 наурыз - әлем және Қазақстан тарихында

1298
Күндерек. 15 наурыз - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

15 наурыз айтулы даталар мен тарихи тұлғалардың дүниеге келген күні .  Qazaqstan tarihy порталы солардың кейбіреуіне тоқталып, қызықты даталарды оқырмандар назарына ұсынады.  

15 наурызда дүниеге келген тарихи тұлғалар

Қанабек Байсейітұлы Байсейітов – қазақ опера өнерінің іргетасын қалап, әлемдік дәрежеге көтерген өнер қайраткері, әнші-актер, драматург. 1936 жылы Қазақстанның халық әртісі атанған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Дарынды өнер иесі Қанабек 1905 жылы 15 наурызда қазіргі Жетісу облысы, Қаратал ауданы Қалпе ауылында дүниеге келген. Бір атадан жалғыз өскен ол әкесі Байсейіттің ықпалымен ауыл молдасынан хат таниды. 

Қанабек Байсейітұлы 1925 жылы Алматы педагогикалық техникум жанындағы оқытушылық курсқа қабылданады. Оның өнерге қанат қағуына Манарбек Ержанов пен қазақтың тұңғыш режиссеры Жұмат Шаниннің көп көмегі тиеді. 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатты. Қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин Қанабектің талабын байқап, жұмысқа шақырады, Мәскеуге оқуға кеткен Құрманбек Жандарбеков орындап жүрген басты рөлдерді ойнауға тартады. Жұмат Қанекеңді Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Кебектің роліне, «Айман-Шолпанда» Арыстан, Бейімбет Майлиннің «Шұға», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» драмасында негізгі рольдерге қатыстырады.  1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. 

Қанекең кино өнері саласында да айтарлықтай көзге түсті. Отызыншы жылдардың аяғында түсірілген атақты "Аманкелді" фильміндегі болыс рөлін ойнаған Қанекең баршаның есінде. Беріде қойылған Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек" фильміндегі тұтқын батыр, "Қыз бен жігіт" фильміндегі бастық, Абдолла Қарсақбаевтың халықаралық сыйлықтарға ие болған "Эй, ковбой", "Жүйрік болсаң қуып жет" балалар үшін жасалған фильмдеріндегі қарт кісілердің бейнесі Қанекеңнің актерлік шеберлігін басқа қырынан танытты.

Дәмеш Берсүгірова – жазба әдебиетіміздің көрнекті өкілі, ақын. Ол 1905 жылы қазіргі Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Бақалы ауылында дүниеге келген. Жеті жасыңда атасынан ескіше сауат ашып, арабша хат таныған. 1920 жылы Алматы қаласында қазақ-қырғыз жастарынан оқытушылар даярлайтын курста оқыған. 1921 жылдан бастап ауылдағы мәдени-ағарту жұмысына белсене қатынасады, комсомол ұйымының хатшысы, әйелдер бөлімінің жетекшісі сияқты қоғамдық қызметтер атқарады. Көп жылдар бойы мектептерде ұстаздық қызметте болған. 

Демеш ақын тұңғыш ақындық қадамын өзі жетекші болған көркемөнерпаздар үйірмесінде ұсақ тақпақтар, шағын пьесалар, «Тілші» газетіне мақалалар жазудан бастаған. Ақынның көптеген шығармалары кітап болып басылып, әдебиетімізге үлес болып қосылды. Олардың қатарында «Қоңыр жорға», «Меңді-қыз», «Жауынгер ұлыма»  атты көлемді туындылары бар. «Қоңыр жорға», «Ағады Ақсу» кітаптары «Жазушы» баспасынан көп таралыммен оқырманға жол тартты.  Ақын Дәмеш  Берсүгірова 1984 жылы дүниеден өтті. 

Апбаз Қаражігітұлы – қазақстандық ұстаз, ағартушы, қаламгер.  Ұлытау ауданының құрметті азаматы. Ол  1923 жылы 15 наурызда қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Сарысу ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Алматы қаласындағы әл – Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын туған ауылында есепші болып бастаған. Сарысу ауылындағы мектепте ұстаздық қызмет атқарып, мектеп басшысы лауазымында атқарды. Қаламгер Апбаз  1970— 1984 жылдары Қарағанды облыстық газетінде тілші, Жезқазған облыстық газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Жезқазған балалар театрының әдеби меңгерушісі, 1990— 1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы болды. Алғашқы өлеңдері облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде (1956) жарияланған. «Жетім», «Тас жарған емен» поэма, балладалары жарық көрген (1958). «Ақмон-шақ» (1976), «Шақпақ» (1978), «Әке дауысы» (1982), «Май-қоңыр» (1988), «Қайран шеше» (1991), «Абыздар биігі» (2001), «Жанайқай» атты прозалық кітаптардың авторы. 

Тамара Өкіметқызы Қосыбаева — советтік өнер қайраткері, актриса. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Өнер қайраткері Тамара Өкіметқызы 1928 жылдың 15 наурызда Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты №4 елдімекенде дүниеге келген.  Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Өнер институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Қазақ Балалар мен жастар театрында әртіс болып бастаған.  20 жылдан астам уақыт Қарағанды облыстық драма театрының актрисасы болды.   Осы театрлар сахнасында А.Н. Толстойдың «Алтын кілтінде» Буратино, Д.А. Фурмановтың «Бүліншілігінде» Зауре, Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз-аруында» Аягөз, Ш.Байжановтың «Әлиясында» Әлия Молдағұлова, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-айында» Айсұлу, Б.Брехттің «Әйдік апай және оның балаларында» шеше рөлдерін сомдаған.  Тамара Өкіметқызы көптеген фильмдерге түскен. Атап айтсақ, «Балалық шаққа саяхат», «Күсен-Күсеке», «Сүйкімді», «Нан мен тұз», «Адамдар арасында», «Жамбылдың жастық шағы», «Сен он екіге толғанда», «Саған күшік керек пе?» атты фильмдер бар.  1958 жылы Қазақ академия балалар мен жасөспірімдер театрының құрамымен Мәскеу қаласында өткен өнер мен мәдениет  онкүндігінде өнер көрсеткен.  1986 жылдан құрметті демалыста.

Баян Рақышұлы Рақышев – қазақстандық ғалым. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Парасат орденінің иегері. Баян Рақышұлы 1934 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Алматы қаласындағы Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ – ды тәмамдаған. Еңбек жолын туған өлкесіндегі Балқаш кен-металлургия комбинатында қатардағы жұмыскер болып бастады. Көп жылдар бойы өзі білім алған ҚазҰТУ-да жұмыс атқарып, аға оқытушылықтан ректорлық қызметке дейін абыройлы еңбек атқарды. 1978 жылы техника ғылымдарының докторы атанды. Совет одағының «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталған. Ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстанның мемлекеттік степендиясының иегері және де Қ.Сәтбаев атындағы арнайы сыйлықтың тұңғыш иегері атанды. Баян Рақышевтің ғылыми еңбектері жер қойнауын тиімді игерудің, құрылысқа қажетті тау жыныстарын жарылыссыз өндірудің, жартастарды ұңғылап бұрғылауда жаңа техникаларды пайдалану мен кен байлықтарын ашық әдіспен өндіру мәселелеріне арналған. Ғалым төрт жүзден астам ғылыми еңбек пен он үш монография жазған. «Пеленгация источников возмущения в массиве горных пород», «Системы и технологии открытой разработки» атты оқулықтардың авторы. 

Қапа Құдайберенов – қазақстандық ғалым, дәрігер. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1937 жылы Ақтөбе облысы, Хромтау ауданында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі. Еңбек жолын Қызылорда облысы, Арал ауданының аудандық ауруханасында дәрігер болып бастаған. 1970-1983 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарған. Ғалымның ғылыми еңбектері акушерлік және гинекология мәселелеріне арналған. Жиырмадан астам ғылыми еңбектердің авторы. «Әйелдер босанғаннан кейін жұқпалы ауруларды дарытпау» атты еңбегі қазақ медицина ғылымында ауқымды тақырыптардың бірі. Ғалым Қапа  Құдайберенов 1995 жылы ақпанның үші күні Ақтөбе қаласында дүниеден өтті. 

15 наурыз - әлемде

15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні. Жыл сайын 15 наурызда әлем халықтары Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні н (World Consumer Rights Day) атап өтеді. Халықаралық қауымдастық бұл атаулы күнді 1962 жылдан бері атап өтеді. Дәл осы күні 1961 жылы 15 наурызда АҚШ-тың 35-ші президенті  Джон Кеннедидің Конгресс алдында сөз сөйлегеннен кейін таңдалды.  Президент өз сөзінде «тұтынушы» ұғымына анықтама беріп, оның төрт негізгі құқығы тұжырымдалды. Олар: қауіпсіздік құқығы, ақпарат алу құқығы, таңдау құқығы, тыңдау құқығы. Кейінірек оларға тағы төртеуі қосылды. Залалды өтеу құқығы, тұтынушылық білім алу құқығы, негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру құқығы, салауатты қоршаған ортаға құқығы. Осылайша әлемнің көптеген елдеріндегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдардың негізі қаланды. 

Бұл атаулы күн алғаш рет 1983 жылы 15 наурызда атап өтілді. Ол халықаралық мереке күнтізбесінде Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні ретінде бекітілді. Содан бері жыл сайын өткізіліп келеді.  Дүниежүзілік тұтынушылар одағының ұйымы (Consumer International, CI) - 1961 жылдан бері өз тарихын жүргізіп келе жатқан  тәуелсіз коммерциялық емес ұйым. Бұл ұйым 100-ден астам елдің тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады. Дүниежүзілік тұтынушылар одағының ұйымы  - бүкіл әлемдегі тұтынушылардың мүдделерін қорғайды, қоғамдық тұтынушылар қозғалысын және тұтастай алғанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға ықпал етеді. ЮНЕСКО-да, БҰҰ құрылымдарында, бірқатар басқа да экономикалық және әлеуметтік бағыттағы халықаралық ұйымдарда тұтынушылардың мүдделерін білдіреді. Сондай-ақ өз мүшелеріне мамандарды оқытуда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратты қамтамасыз етуде көмек көрсетеді.

15 наурыз - Беларусь Республикасының Конституция күні. 1994 жылы Беларусь Республикасының Жоғары Кеңесі елдің жаңа конституциясын қабылдады. 1996, 2002 және 2004 жылдары халықтық референдум нәтижесінде Беларусь Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылғы 26 наурызда Президенттің №157 Жарлығымен  15 наурыз - Беларусь Республикасының Конституция күні арнаулы атап өтілетін мемлекеттік мереке санатына қосылды. Беларусь Кеңестік Социалистік Республикасының (КСРБ) алғашқы Конституциясы 1919 жылы 3 ақпанда Беларусь кеңестерінің I съезінде қабылданды. Оның мазмұны Конституцияда тікелей бекітілген пролетариат диктатурасының идеясына толы болды. Кейінірек ол бірнеше рет өзгерді. 1990 жылы 27 шілдеде «Беларусь Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» Жоғарғы Кеңестің Декларациясы қабылданды. Декларацияда «Беларусь Республикасының толық мемлекеттік егемендігі, оның аумағының шекарасындағы Республиканың мемлекеттік билігінің үстемдігі, дербестігі және толықтығы, оның заңдарының заңдылығы, сыртқы қатынастардағы Республиканың тәуелсіздігі»деп жарияланды. Әрі қарай, 1991 жылы 25 тамызда мемлекеттік егемендік туралы декларация арнайы заңмен Конституциялық заң мәртебесі берілді. Беларусь Республикасының Конституциясы - елдің негізгі заңы. Ол кіріспеден, 9 бөлімнен тұрады. 8 тарау және 148 бап бар.

15 наурыз - Дүниежүзілік ұйқы күні. Дүниежүзілік ұйқы күні (World Sleep Day) алғаш рет 2008 жылғы 14 наурызда халықаралық ұйқы күні комитетінің (ағылш. World Sleep Day Committee) халықаралық ұйқы медицинасы қауымдастығының (ағылш. World Association of Sleep Medicine, WASM) шешімен жыл сайын өткізіліп келеді. Содан бері жыл сайын, көктемгі күн мен түннің теңелу күні қарсаңында өтіп отырады. Жыл сайын күн шеңберіндегі іс-шаралар оның әлеуметтік-сауықтыру бағытын көрсететін белгілі бір тақырыпқа арналған. Ұйқы - бұл организмнің өмір сүруінің ерекше түрі, күндізгі ұйқыдан кем емес. Дұрыс ағып жатқан ұйқы кезінде дене күндізгі белсенділікке жұмсалған күштерді қалпына келтіреді. Сондықтан дені сау адам сергектік пен күш-қуат сезімімен оянады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?