Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шоқан Уәлиханов – тұңғыш ғалым

2326
Шоқан Уәлиханов – тұңғыш ғалым - e-history.kz

Сурет: kk.wikipedia.org

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген талантты ақындарымыздың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» атты өлеңін – автордың өзінің өмірлік мақсаты деуге болады. Сұлтанмахмұт ақын жазғанындай, тек қазағының ғана емес, барша әлемдік ғылымның көгіне өрмелеп шығып жарқыраған күн болған әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов небәрі отыз жасында өмірден өтті. Өзінің орыс достары айтқанындай «ғылым көгінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен» осы бір тамаша тұлғаның азғана ғұмырында тындырған орасан зор еңбегін туған халқы еш ұмытпайтыны анық. Себебі, ол өзі өмір сүрген кезеңдегі туған халқының бодандықтағы аянышты халіне жаны ашып, Абай атамыз айтқандай, «мыңмен жалғыз алысып» өмір сүрді. Отыз жылдық ғұмырын мәнді де мағыналы өткізген, көптеген ғылымдарға өлшеусіз үлес қосып, қазақ деген халықты әлемге танытып кеткен Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі– шынымен де таңғажайып.

Шоқан Уәлихановтай сан қырлы тұлғаның болашақта ел қамын жеген елеулі азамат болуына оның туып-өскен отбасы, әулеті ықпал ететіні анық. Кез келген белгілі тұлғаның ата-тегі, өскен өлкесі, қалыптасқан ортасы оның болашақ өмірінде үлкен маңызға ие екені белгілі.

«Тектіден текті туады» дегендей, Шоқан Уәлихановтың ата-тегі, шыққан әулеті де халқы үшін қызмет еткен, тамаша адамдар болғаны тарихтан белгілі. Түп бабасы – өз заманында Еуразия құрлығына билік жүргізген Шыңғыс қаған. Шыңғыс қағанның Жошы атты үлкен ұлынан тарайтын ұрпағы Керей мен Жәнібек хандар1465 жылы Қазақ хандығын құрған болса, одан кейінгі Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандардың қазақ халқының азаттығы мен гүлденуі жолындағы еңбегін қазақ халқының есінде мәңгі қалды. 

Шоқан Уәлихановтың ұлы атасы Абылай ханның да ұлтымыздың тарихындағы орны ерекше. Сексен көлді Көкшетауды мекендеген елде алғаш сұлтан болып, кейіннен бүкіл қазақтардың басын қосып хан сайланып, қырық сегіз жыл билік құрып, соңынан ерген елінің бірлігі мен тыныштығы, жарқын болашағы үшін аянбай арпалысып, қажет болғанда қан мен терін төккен Абылай ханның ерлікке толы өмір жолы көршілес мемлекеттердің архив құжаттарында таңбаланған, сол дәуірде өмір сүрген Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара, Шал қатарлы жыраулардың толғауларында көрініс тапқан.

Арқада жер жетпейді Бурабайға,

Ертеде қоныс болған Абылайға, -

деп әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев жырлаған, тұнығы мөлдіреген кеседей сексен көлді, көрікті Көкшетау өңірі – Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған ата қонысы болып табылады. Шоқан Уәлиханов (шын аты – Мұхаммед-Қанафия) 1834 жылы Көкшетау тау жүлгесінің солтүстік жағындағы Сырымбеттің баурайында, Шыңғыс сұлтан мен Зейнеп ханымның отбасында дүниеге келеді. Шоқанның әжесі Айғаным ханым Сарғалдаққызы – көзі ашық, көкірегі ояу, алты тілді еркін меңгерген сауатты адам болған екен. Айғаным ханым хан ордасын Бурабай маңынан Сырымбет тауының баурына көшіртіп, осы жерде орыс дворяндарының үлгісімен арнайы кешенді қоныс салдырып, сонда тұра бастайды. 

Айғаным ханымның тұңғышы Шыңғыс сұлтан Көкшетау уезін осы қоныста тұрып басқарыпты. Шыңғыс сұлтан мен Зейнеп Шорманқызының тұңғышы болып өмірге келген сәбиге Мұхаммедқанафия деген ат қойылады. Анасының «шоқиып отыратын кішкентайым, Шоқаным» деп еркелеткен лақап атауымен болашақ ғалым Шоқан атауымен әлемге әйгілі болады. 

Айғаным ханымның тұңғышы Шыңғыс сұлтан Көкшетау уезін осы қоныста тұрып басқарыпты. Шыңғыс сұлтан мен Зейнеп Шорманқызының тұңғышы болып өмірге келген сәбиге Мұхаммед-Қанафия деген ат қойылады. Анасының «шоқиып отыратын кішкентайым, Шоқаным» деп еркелеткен лақап атауымен болашақ ғалым Шоқан атауымен әлемге әйгілі болады. 

Әжесі Айғаным ханымның баурында алаңсыз еркелеп өскен бала Шоқан жасынан ақылдылығымен, зеректігімен ерекшеленген екен. Ақылды әжесі Айғаным ханым да немересіне ерекше ықылас білдіріп, болашағынан зор үміт күткені анық. 

Айғаным ханымның сол кезде қазақ даласында жиі кездесе бермейтін ерекше қонысы өз заманының озық өнер ордасы қызметін атқарса керек. Сырымбет бауырындағы көп бөлмелі, жанында мешіті мен диірмені бар қарағай үйге келіп түсетін өнерпаз әншілер, күйшілер мен жыршылар, билер мен шешендер, діни ғұламаларды Шоқан жастайынан тыңдап өседі. Тіпті Ресейдің үлкен қалаларынан, алыс Еуропа елдерінен келетін зертетушілер мен жиһанкездер де ат басын тірейтін қоныстан қыс бойы қонақ үзілмейтін болған. Болашақ ғалым Шоқан Уәлихановтың бақытты балалық шағы осындай әсерлі де ғажайып ортада өтеді. 

Орынбай, Үкілі Ыбырай, Ақан, Біржан қатарлы әйгілі ақындар мен сал-серілер – осы өңірдің адамдары болғандықтан, олардың өнерін жасынан тамашалап өседі. Шоқанның Қанғожа қатарлы туыстары да өнерге бейім, жан жақты адамдар болады. Осындай шығармашыл, сауатты ортада өскен Шоқан Уәлихановтың көкірегі ояу, санасы сергек болуы айқын да еді.

Шөже, Жанақ, Арыстанбай сияқты жыршылардың бір жырлағанда бірнеше күн мен түнге жететін батырлар жырларын, ғашықтық, діни қиссалар мен дастандарды тыңдайды. Шоқан ауыз әдебиетінен өзге, араб, парсы, шағатай, орыс тілдеріндегі әдеби шығармаларды да әжесінің, айналасындағы өзге де көзі ашық зиялылардың айтуымен жадына тоқып өскені – болашақ ғылым жолындағы жетістіктеріне әсерп еткені анық. Осылайша, жастайынан ұлтының тарихына, әдебиетіне жақын болып өседі. Шоқанның нағашы жұрты, яғни анасы Зейнептің төркін жұрты да Арқаның әйгілі шонжар тұқымы – Шормановтар әулеті. Нағашы ағасы, аға сұлтан Мұса Шорманов – көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адам болған. Мұса Шорманов – соңына өлеңдер мен қазақ халқының салт-дәстүрі туралы еңбек қалдырған шығармашыл тұлға. 

Анықтап айта кететін дерек – Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы мен нағашы ағасы Мұса Шормановтар Ресей Ғылым академиясының тапсырмасымен қазақ арасындағы ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен айналысқан екен. Бала Шоқан жастайынан әкесі мен нағашысына осы жауапты жұмысқа көмектесе бастайды. Мұның өзі болашақ ғалымның зерттеушілік қабілеті дамуына зор ықпал еткені анық. 

Жасынан сурет салуға құштар болған Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде Сырымбет тауының басында отырып Айғаны әжесі салдырған қоныстың сызба суретін қағазға түсіреді. Кейіннен Кенесары хан бастаған азаттық соғысы тұсында өртеніп кеткен қонысты өткен ғасырдың екінші жартысында Шоқанның сызбасы бойынша қалпына келтіріп, қазіргі күні музей ретінде қызмет етіп тұрғанын атап өткен жөн. 

Шоқан осы жерде алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, білім жолына қадам басады. Осылайша, туған Көкшетауында асыр салып, балалық шағын өткізген дарынды бала Шоқанды әжесі мен әкесі арнаулы еуропалық білімге ие болдыру қажет деп біледі.

Бала кезінен білім-ғылымға құштар болып өскен Шоқан он екі жасында Омбы қаласындағы әйгілі оқу ордасы Кадет корпусына оқуға аттанады. 

1847 жылы күзде әкесі ертіп келіп, орналастырып еліне аттанады. Ата-анасының, әжесінің баурынан алғаш рет алыстап, үлкен қалаға оқуға барған Шоқан алғашында орыс тілінен біраз қиналғанымен, бірнеше айдың ішінде жетік меңгеріп алып, еркін сөйлейтін деңгейге жетеді. Мұны Шоқанмен бірге оқыған сыныптастары ерекше атап, таңданыспен жазып қалдырған екен. 

Омбыдағы оқу мерзімінің алғашқы жылынан кейін-ақ әр нәрсеге қабілетті, айтатын әңгімесі ересек адамдай байсалды, жан-жақты білімді қазақ баласына сабақ беретін ұстаздары да ерекше мән беріп, оған құрметпен қарай бастайды. Қатарластарынан білімі мен зеректігі арқылы ерекшеленген қазақтың осы бір аса дарынды, қабілетті баласына зор сенім білдіреді. Кадет корпусының басшылығы мен сабақ беретін мұғалімдері Шоқанды болашақта үлкен ғалым болады деп үміт күтіп қана қоймай, оның жан жақты білім алуы үшін кейбір ұстаздары өздерінің жеке кітапханасындағы сирек әдебиеттерді де оқуға ұсынады. Кадет корпусында бірге оқыған ең жақын досы Григорий Потанин де Шоқанның дарыны өзге кез келген балалардан артық болғанын, бәрі де оны мойындап, құрметтегенін жазып қалдырғанын білеміз. «Шоқан қазақ «оқушылары үшін жазатын қазақ публицисі немесе жазушысы болуға шын жаралған еді, ал жағдай оны шығысты зерттеуші ғалым немесе қазақтар туралы орыс тілінде жазатын әдебиетші болуға итермеледі», - деп жазған екен, досы жайлы естелігінде.

Батыс Сібір өлкесіндегі ғана емес, сол кезеңдегі Ресей империясындағы аса беделді оқу орны болған, күні бүгінге дейін ресей халқына қызмет етіп келе жатқан Омбы кадет корпусын он жеті жасында, 1853 жылы үздік тәмамдаған жас офицер Шоқан Уәлихановтың алдында үлкен таңдау тұрған еді. Яғни, бірінші жол – әкесі мен нағашысы сияқты, ел басқару ісімен шұғылданып, патша үкіметінің шенеунігі ретінде туған жерінде немесе әскери салада қызмет ету болатын. Екінші жол – білім жолын қуып, алыс-алыс жерлерге ғылыми экспедицияларға қатысып, туған халқының өткені мен бүгінін зерттеп, келешек үшін барлығын аманттап жазып қалдыру еді. Шоқан Уәлиханов осы екінші жолды нық сеніммен таңдап алады. Ол үшін тәжірибе жинау қажет болатын. Әрі әскери қызметші ретінде өзіне жүктелген қызметті атқару қажет болатын.

Армия кавалериясының корнеті деген шенмен кадет корпусын бітіріп шыққан Шоқан Уәлиханов алғашында Сібір казак әскері 6-полкінің офицері болып тағайындалды. Бірақ қызмет орны Батыс Сібір генерал губернаторы кеңсесінде болады. 

Бір жылдан соң генерал-губернатор Г.Г.Гасфордтың адьютанты қызметіне тағайындалады. Кеңсе қызметін атқарып жүрген Шоқан Уәлиханов 1855 жылы генерал-губернатор Г.Г.Гасфордтың Омбыдан Жетісуға жасаған экспедициясына қатысады. Бұл – Ресей империясының Жетісуға толықтай табан тіреп, қанатын кеңге жаю үшін жанталасып жатқан кезеңі болатын. Осылайша Г.Г.Гасфорд экспедициясы құрамында Ш.Уәлиханов 1855 жылы Омбыдан шығып, Семей, Аякөз, Қапал арқылы, Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін жетеді. Жетісудан кері қайтарда Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралап, танысады. Бұдан соң Орталық Қазақстанның Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау уездері арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинайды.

Осы сапарында Шоқан Уәлиханов өзінің терең білімімен, өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпына, заңдарына жетіктігімен губернаторды таң-тамаша қалдырады. Осы сапардан келе салысымен генерал-гутернатор Г.Г.Гасфорд Ш.Уәлихановқа поручик шенін беру туралы бұйрыққа қол қояды.

Осыдан былай Шоқан Уәлихановтың жиһанкез зерттеушілік сапарлары басталады. Ол Орта Азия даласын шарлап, ғылыми экспедицияларға қатыса бастайды. Осы арқылы ол тарих, этнография, әдебиеттану, география, археология, т.б. ғылым салаларына өз үлесін қосады. 

Шоқан Уәлиханов қазақ даласының оңтүстігінде және осы өлкемен көршілес жатқан Ыстықкөлдегі қырғыз рулары арасында болып, сондағы халықтардың тұрмысы мен салты, дәстүрі мен әдебиеті, мәдениеті туралы зерттеулер жүргізеді. Қырғыздың әлемдегі ең көлемді, миллион жолдан асатын «Манас» эпосының үлкен бір тарауын манасшы жыршыларының аузынан алғаш жазып алып, алғаш реті аталған эпосты әлем жұртшылығына танытқан да Шоқан Уәлиханов болды. 

Шоқан Уәлихановтың өмір жолындағы ең үлкен белес – Қашғарияға сапары. Әлімбай көпес деген лақап есім иеленген Шоқан Уәлиханов Семейден шыққан керуенге 1858 жылдың 28 маусымында қосылып, Қырғыз Алатауын басып өтіп Қашғарияға жетіп, аман-есен 1859 жылдың 12 сәуірінде қайта оралады. Алты қостан тұратын керуенге басшылық жасаған семейлік көпес Мұсабай болса, онда қызмет ететін адамдар негізінен Қарқаралы, Аягөз, Көкпекті уездерінен шыққан қазақтар болады.

Ресей империясы XVIII-XIX ғасырларда өзінің аумағын барынша ұлғайта отырып, Тынық мұхит жағалауына жетіп, Америка құрлығының Аляска түбегіне дейін иелік етті. Орыс билігінің ендігі мақсаты – Үнді мұхитына жету болатын. Ол үшін Орта Азияға иелік ету мәселесін шешу қажет болды. Орта Азияның бір бөлігі – Манж-Цин империясының иелігіндегі Алты шаһар атанған өлкені барлау, ықпал жүргізуге Ресеймен қатар, Ұлыбритания империясы да мүдделі болды. Шоқан Уәлихановтың Қашғарға сапарының басты мән-мағынасы осы мақсатты жүзеге асыру болғаны анық. Саудагер атын жамылып жасаған бұл сапар қиыншылыққа толы болды. Ресей армиясының поручигі Шоқан Уәлиханов Омбыда игерген картографиялық, геодезиялық білімі арқылы өзі жүрген өңірдің шекаралық бекіністерін, таулары мен өзендері, көлдері мен жолдары т.б. жер бедерін құпия картаға түсіріп отырады. Сәл қателессе, яғни карта немесе жазба Цинь үкіметі адамдарының қолына түссе, Шоқанның өзінен бастап, керуендегі қырық үш адамның басы кететіні анық еді. Бұл өлкеге келген ресейлік, еуропалық ғалымдардың ешқайсысы да елдеріне тірі оралмаған екен. Жергілікті билік басшылары олардың басын кесіп, көшеге іліп қоятын болған. Шоқан Уәлиханов алты ай осы өлкеде өмір сүріп, жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясы туралы зерттеулер жүргізеді. Көктем туа елге беталған керуендегі Шоқан Уәлихановтың саудагер емес, зерттеуші-ғалым екендігін білген сол елдің басшылары ұстап алу үшін әскер жібереді. Алайда әлемдік ғылымның бағына қарай, ұлы ғалым қатерлі сапардан мол олжамен аман-есен оралады.

Қашғар сапары – Шоқан Уәлихановтың жиһангез ғалым ретіндегі даңқын Ресей мен Еуропаға әйгіледі. Оның қауіп-қатерге толы бұл сапарын Ресей патшалығы ерлік жасаған еңбек деп жоғары бағалайды. «Әскери кавалерияның поручигі, сұлтан Шоқан Уәлихановтың қажырлы еңбегін, ортаазиялық шекараларды тексеріп қайту тапсырмасын орындау кезіндегі қауіп-қатерлерді жеңіп шыққан азабын ескеріп, штабс-ротмистр шені беріліп, төртінші дәрежелі, қасиетті «Владимир» ордені қоса тапсырылып, 500 сом күміс ақшамен біржолғы жәрдем көрсетілсін», - деген деректі шоқантанушы ғалым, академик Әлкей Марғұлан келтіреді.

Шоқан Уәлиханов – өзінің туған халқын үлкен жүрегімен шынайы сүйген, оның өткені мен бүгінгісін сабақтай отырып, әлем жұртшылығына таныстырып, қазақ халқының бай тарихы мен тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын орыс және еуропалық қауымға паш еткісі келді. Қазақ халқы туралы: «...бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп ризашылықпен жаза отырып, өз халқының болашақта әлемдік өркениет көшіне ілесіп, лайықты орын алатынына сенеді. Сол себепті де Шоқан Уәлихановтың Еуропаға, тіпті Ресейдің өзіне бұған дейін жұмбақ болып келген қазақ халқының тарихы, мәдениеті, діні мен әдебиеті туралы тамаша еңбектер жазды. Осы арқылы қазақтардың мал баққан жабайы жұрт емес, тамаша мәдени құндылықтары бар халық екенін дәлелдеп көрсете білді. Бұл кезең – Ресейде басыбайлылықты (крепостнойлық) жою туралы жарлық шығып жатқан уақыт болатын. Шоқан да өз халқының азат болуын аңсағандығы анық. Шоқан өзі өмір сүрген тұста қазақ даласында жылдам күш ала бастаған орыс әкімшілігінің зорлық-зомбылықтарын көзімен көрді. Әділетсіздіктерге ашынды. Бұл кезеңде Далалық сот пен Ресейлік сот қатар қолданылып тұрды. Орыс заңының бюрократиясы мен қазақ халқының тыныс-тіршілігіне үйлесімсіздігін еске отырып Шоқан былай деп атап көрсетеді: «Өркендеудің қандай сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін өздігінен дамуы, өзін-өзі қорғай білуі, өзін-өзі басқаруы және өзіндік сот жүргізу ісі қажет.» Өкінішке қарай Шоқан армандаған, атап көрсеткен бұл бағыт Ресей империясы тұсында да, советтік дәуірде де ескерілген жоқ.

Шоқан Уәлиханов – ғылымның көптеген салалары бойынша еңбектенген ғалым. Бұл тұрғысында ол «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабасына ұқсайды. Шоқан Уәлиханов мұраларында оншақты түрлі ғылымға азық болатын деректер мен зерттеулер бар. Солардың бірі – филологияның әдебиеттануы, оның теориясы. Шоқан Уәлиханов қазақ әдебиетін тұңғыш рет теориялық тұрғыда зерттеп, құнды пікірлер айтты. Ол қазақ өлеңін беске бөле отырып, әрқайсысының қолдану мақсаты туралы түсіндіреді.

Этнограф ғалымШоқанның қажырлы зерттеуі арқылы Қытай жерін мекен еткен ұйғыр халқының өмірі мен тіршілігі әлемге таныстырылды. Сонымен қатар ол Алатауды мекен еткен қырғыз халқының тарихына терең зерттеу жасады. Шоқан Уәлиханов қырғыздар бұл араны ХҮІІ ғасырдан бері ғана емес, ерте замандардан бері мекендеп келе жатыр деген қорытынды жасады.

Ата-бабасынан асүйек төре тұқымы қазақ халқын билеп келген сұлтандар институты ХІХ ғасырдағы ресейлік заңдар мен жарлықтарға байланысты бұзыла бастады. Хандық билік жойылды. Шоқан Уәлиханов заманында сұлтандар басқара алатын ең ірі әкімшілік аумақ – дуандар немесе округтер болды. Бұл лауазымға тек ақсүйек тұқымынан шыққан сұлтандар ғана емес, қарадан шыққан белгілі адамдар да үміткер бола алатын еді. Шоқан Уәлиханов та туған халқының болашағы үшін осы қызметте бағын сынап көрмекші болды. ХІХ ғасырдың 60-жылдары ел басқарып, халқына әділ заңмен қызмет ету арманын жүзеге асыру үшін Атбасар уезінің аға сұлтандығына сайлауға түседі. Алайда патша әкімшілігіне Шоқан Уәлихановтай білімді де халықшыл басшы керек емес еді. Сайлауда Ерден Сандыбайұлымен бірге шарға түсіп, жеңіліс тапқан соң Шоқан Уәлиханов сол кезде Шымкент, Ташкент, Әулиеата т.б. қалаларды басып алу үшін оңтүстік өлкеге аттанған генерал М.Г.Черняевтің корпусымен бірге оңтүстік өлкеге аттанады. Өзінің жаулаушылық операциясы барысында Әулиеата қамалының тұрғындарын қатыгездікпен қырған М.Черняев жасағының асқан қатігездігінен түңілген Шоқан Уәлиханов әскери жорықтан соң Верный қамалы арқылы айналып кері оралмақ болады. Осы сапары барысында ол Жетісудағы қайын жұрты Тезек төренің аулына келіп жетеді. Осы Алтынемел деген жерде көкірек ауруы асқынған Шоқан Уәлиханов отыз жасында өмірден өтеді. Отыз ғана жас жасаған талантты ғалымның еңбегін өзі өмірден өткен соң-ақ әлем ғалымдары мойындап, оның жастай қайтыс болғанына қайғыра өкініш білдіреді. 

Шоқан Уәлиханов ағантай ғұмырында өзі өмір сүрген ортаны білім-парасатымен анық мойындата алған тұлға. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады. 

Шоқан Уәлиханов ана тілінен өзге батыс пен шығыстың көптеген тілдерін меңгергендігіне қоса, өз тұсында әлемдік классикалық әдебиет пен соңғы жаңалықтарды ағылшын тілі арқылы тұтынып отырғандығы туралы деректер бар. Жасында араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін игерген болса, Омбыға оқуға барған кезеңнен бастап орыс, неміс, француз, ағылшын тілдерін жақсы білгендігі туралы айтылады. Ғалым Г.Н.Потанин былай деп жазған екен: «Ағылшын әдебиеті жөнінде, көбіне аудармалар бойынша, әрине Шоқаннан құлақтанатынбыз. Ол Англия және ағылшын өмірі туралы оқуды жақсы көретін», - деп еске алады. Осы сарындас пікірді П.П.Семенов Тянь-Шанский де айтады: «Уәлиханов өз еліне жан-тәнімен берілген еді, ол қазақ өмірін сүйетін, сонымен бірге батыс өркениетін жоғары бағалай алды», - деп жазған досы Г.Н.Потаниннің сөзінен біз Шоқанның өз қатарынан озық шыққан білімділігін аңғарамыз.

Замандас зиялы тұлға Л.Н.Плотников: «Петербургте Шоқанмен кездесуім» атты мақаласында: «Мен Уәлихановпен Петербургте өте жақын таныстым және бірнеше кеш бірге болып көңілді өткіздім, оның қабілеттілігіне Мұхамед-Ғани Бабажанов, біз Небольсин екеуіміз де тең келмеспіз», - деп Шоқан Уәлихановтың қабілетіне, талантына таңданады. Ал Шоқанның заманында өмір сүрген ірі ғалым  П.И.Небольсин «Петербургте қырғыздар сирек кездеседі, бес-алты адам жинала қояр ма екен? Солардың ішінде өмірде мен бармын деп ерекшеленбейтін бір ғана адам бар. Ол өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов», – деп қазақ ғалымының қарапайымдығын тамсана жазады. 

Орыс халқының әлемге әйгілі жазушысы Д.М.Достоевский Шоқан Уәлихановпен айнымас дос болды және оған жазған хатында ыстық ықыласын білдіре отырып быдай деп жазады: «Мейірман достым! Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен сізге қысылмай-ақ тура айтайын. Мен сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да, ешкімге де тіпті туған ініме де, тап сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған талай дәлел келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай берем. Ал енді сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз деймін.»

Сөзсіз, Шоқан Уәлиханов әлі де болса біраз жас жасағанда әлемдік ғылымдар бойынша үлкен еңбектер қалдырып үлгерген болар еді. Шоқан Уәлихановтың ерте үзілген ғұмырының өкініші туралы көрнекті академик Н.И.Веселовский былай деп жазады: «Ш.Уәлиханов Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы ғалымнан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз қазасы біздің бұл үмітімізді үзіп кетті.» Иә көптеген үміттер ерте үзілді. Алайда кейбір жағдайдарда аз ғұмыр сүріп, көп іс тындырып кету – Шоқан сияқты жандардың пешенесіне жазылған тағдыр болар деп шамалауға болады.

Шоқан Уәлиханов өзі арқылы өзінің халқын әлемге лайықты танытумен қатар, кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге қалдырып кетті. Осының арқасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлікей Марғұлан, Ермахан Бекмаханов сияқты дарынды ғалымдар да өз кезінде қазақ ғылымын биікке шығарды. Шоқан Уәлиханов барша адамзатқа, соның ішінде түркі халықтарына ортақ ұлы тұлға. Қазақ халқынан шыққан осындай тамаша талантты адамның мен туып-өскен топырақтан екендігі ерекше мақтаныш. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дегендей, өзі өмір сүрген дәуірінде ғалым да, жақсы да болған Шоқан Уәлиханов бабамыздың аты туған халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Ол жаққан ғылым шырағы да мәңгілік жарқырай берері сөзсіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?