Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ауылым» - әр қазақтың жүрегін тербеген ән

8300
«Ауылым» - әр қазақтың жүрегін тербеген ән - e-history.kz

«Кіндігімнің жас қаны тамған жерім ауылым» деп келетін «Ауылым» әнін білмейтін қазақ аз шығар. Кезінде атақты Алакөлдің шығыс жағында тұратын Жабайыл ағамыз сөзін, сол Алакөлдің Алматы жағында тұрған Теміржан ағамыз әнін жазған, содан бері бүкіл жиын-тойының көркі болып, Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын жалғап, шарлап, тіпті дүниежүзі қазақтарына дейін сүйіп салған ән еді бұл. Ауылда отырып та ауылды сағынар бөлек сезіммен шырқалатын әннің шыққанына  былтыр елу жыл толыпты.

Осы керемет дүниенің әнін жазған Теміржан Базарбаев он жеті жыл бұрын өмірден өтіпті. Ол қазақтың үлкен композиторы еді, өзі Семейде музыкалық колледжде сабақ беріп жүріп «Қаздар қайтқанда, «Студенттік кештер» деген әндері ел арасына тараған, соның ішінде «Ауылым» әніне халықтың ықыласы әлі де бөлек. Композитор симфониялық туындылар да жазған. 

Осы «Ауылым»  әнінің сөзін жазған ақын Жабайыл Бейсенов ағамыздың жасы бүгінде тоқсанды алқымдады. Махат Садық ағамыз: «Жабайыл Бейсенов туралы неге жазбайсыңдар, «Ауылым» әнімен қанша қазақ баласы, бүтін бір ұрпақ өсті ғой» деген кезде ойланып қалғанымыз рас. «Ауылымның» сөзінің  тыңдаушы жүрегіне жеткені – оның авторы Жабайыл Бейсеновтің тағдырымен байланысты болуы да мүмкін. Іштегі сыр мен шер өлеңге түскенде шынайылығымен жүректі қозғайды. Бала жастан естіп келе жатқасын ба, бұл ән шынымен де көңілге ыстық. Сөзі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, жүрек қылын шертер сиқыры бар, елден жырақта жүрген, туған жердің топырағына табан тигізіп, жусанын бір иіскесем дейтін адамның сағынышы есіп тұр. 

Әуелі ақынның өзіне телефон шалып сөйлесіп көрмек болып едік, онымен жасы тоқсанға жуықтаған ақсақалмен алыстан тілдесу қиындау болғасын, Жабайыл ағаның ұлы Елдоспен хабарластық. Ұлы Елдос Жабайылұлының айтуынша, өмір бойы ауылдан ұзамай, Қабанбай (бұрынғы Жарбұлақ) ауылындағы Б.Майлин атындағы орта мектепте 36 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, білім беру ісінің үздігі атанып, Үржар ауданының құрметті азаматына айналған ақсақал бүгінде немере-шөберелерінің ортасында шүкір айтып отыр. Жас шағында қытайдың қысастығын көп көріп, елге оралған ақын кітаптарының шыққанына,  өзінің өлеңдеріне жазылған әндердің ел арасында шырқалып келе жатқанына риза көрінеді.

Жайырда туған шайыр

Ұлының берген мағлұматына қарағанда, ақын Жабайыл Бейсенов 1934 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты (Қытай) Тарбағатай аймағы Толы ауданы Жайыр тауының етегінде дүниеге келген. Жайыр деген атау  құлағымызға жылы естіледі. Бұл Жайыр тауын барып көрмесек те Жәркен ақынның өлеңі арқылы білуші едік.  Оқыған болсаңыз, ақын Жәркен Бөдештің Жайыр туралы өлеңінде осы тауды бозінгенге теңейтіні бар-ды. 

Тұратын өлең тілеп дәйім менен,

Бір тау бар Тарбағатайда Жайыр деген.

Сол таудың тасында ойнап, гүлін теріп,

Сол таудың суын ішіп, майын жегем.

Жәйірдің ауылым жатыр сағасында,

Бауырым, ағайыным бәрі осында.

Жәйіртау боз інген ғой бошалаған,

Алтай мен Тарбағатай арасында…

Міне, ақын Жабайыл Бейсенов те осы жерде, Жайырдың етегінде туған. «Ауыл әуендері», «Алтын бесік ауылым», «Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің», «Балалық қызық, бал күндер», «Тасадағы тұма», «Жырлайды жылдар» сынды сегіз кітап шығарған ақынның поэзиясы оқырманға таныс. 

«Ауылым» әнінің сөзін жазды, одан басқа  Қытайда аймақтық композиторлар одағының басшысы, белгілі композитор Ерболат Қызыкенов Жабайыл ақынның «Күнгейім менің» деген өлеңіне, Амантай Әліпов «Достық толғауы», «Үржар вальсі», Ахметхан Алпысбаев «Кезіп кеткім келеді», Кентау Назарбек «Үржарым – құтты мекен»,  күйші Қизат Сейітқазин «Қайран, Дәм», «Шопанай сазы» деген өлеңдеріне ән жазған. Жабайыл Бейсенов – «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. 

Өлең тарихы

 

«Ауылым» өлеңі 1972 жылы жазылған. Сағыныштан туған өлең. Дегенмен, автордың өзі кейін әннің кей сөздерінің өзгеріп айтылып жүргеніне қынжылыс білдірген екен.   Автордың айтуынша, «Ауылымның» толық, дұрыс мәтіні былай:

 

Кіндігімнің жас қаны

Тамған жерім, ауылым.

Шабытымның асқары

Самғау жерім, ауылым.

 

 Жастығымның куәсі

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы

Бұрқыраған, ауылым.

 

 Биік-биік шың-құзға

Құмар қылған, ауылым.

Бүлдіршіндей бір қызға

Сыңар қылған, ауылым.

 

 Тоймен таңды атырып

Ән салдырған, ауылым.

Сары қымыз сапырып

Тамсандырған, ауылым.

 

 Көк түтіні шұбалып,

Жібек созған, ауылым.

Ай көрмесем құмартып

Жүрек қозған, ауылым.

 

 Көк торғындай көктемде

Сағым буған, ауылым.

Алыс сапар шеккенде

Сағындырған, ауылым.

 

Өлеңнің жазылып, кейін әнге айналу тарихы да қарапайым. Бұл жайында ақынның: «Ауылым» деп туып-өскен мекенімді жырладым. Әлі есімде, Жайыр тауының қойнауында жұмыртқадай әппақ киіз үйлер тұратын, көк түтінін жібектей созып. Күркіреп өзен ағып жатады, әудем жердегі тепсеңде бие байланып, желіде құлын тұрушы еді. Жерошақта от лаулап, кешқұрым жастар алтыбақан ойнап, мәре-сәре болып жататын... Бір сәт қол босағанда артта қалған елімді, жастық шағымды еске алып, сағынып жүргенде туған өлең ғой. Бірде үйге белгілі әнші, атақты «Хасен-Жәмила» көркем фильмнің басты кейіпкері Абылай Түгелбаев келді. Өткен-кеткенді айтып, шер тарқатыстық. Бір кезде ол: «Жабайыл, сен Шыңжаңда жүргенде әжептәуір ақын едің. Осы жаққа келгелі үнің шықпайды ғой», - деді. Мен: «Оның рас, денсаулығым да, көңіл күйім де болмай жүр. Бір елден бір елге көшу оңай дейсің бе!һ? Көңілім ойпыл-тойпыл», - дедім. Үстел үстінде жатқан қағаздарды қарап отырғанда көзіне төтеше жазылған осы өлең түскен ғой. «Япырай, Жәке, мына өлеңің әнге сұранып тұр екен. Мен осыны бәленше деген (атын ұмыттым) композиторға берейінші», - деп алып кеткен. Кейін әлгі айтқан композиторы емес, Теміржан  Базарбаев ат-түйедей қалап алыпты. Бұл 1972 жыл еді. Келесі жылдан бастап, Ришат Абдуллин радиодан айта бастады» деп өрілетін естелігі бар.

 

Ақын тағдыры

Жабайыл ағамыздың 2018 жылы қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде Берікхан Тайжігітке берген сұхбатында өзінің жас кезінде қытайдан көрген қысастығы, кейін де қаншама қиындық алдынан шыға бергені жайлы айтып ақтарылғаны бар. Ол былай болған. Ақын кезінде Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде түрлі ұлттардың балалары жиналған мектепте қазақ балаларын басынғандарға қарсы әрекет көрсетеміз деп «Сыр-дәптер» деген өлең жазып ол парақтарын аулаға шашып, кейін балалардың осы қылығын ұлтараздық алауыздық деп бағалап, соңдарынан тыңшы түсіп, қалалық сақшылар жауаптайды. Тіпті бозбалалардың «А.Фадеевтің «Жас гвардия» атты кітабын оқығаны да өздеріне  пәле болып жабысады. Ақыры бұларды оқудан шығарып жібереді. Ең қиыны, олар сол оқудан шыққандарынан бөлек, не Алтайдың, не Тарбағатайдың, не Іленің оқуына алынбайтын бұйрық қоса шығады. Ақырында  Шыңжаң университетінің сурет факультетіне түсіп, сол кезде атақты «Қылмыс» романының авторы, өмірін түрмеде өткізген Қажығұмар Шабданұлының үйінде тұрады. Сол кезде «Шұғыла» журналының бастығының орынбасары болған Қажығұмар Шабданұлы Жабайыл ағамыз бен оның досы Төлеубектің өлеңдерін журналға басып, қаламақыдан көмектеседі. Бірақ, 2-3 айдан кейін екі жігіттің артынан «бұлар Олег Кошевой сияқты ұйым құруға әрекет қылды, сөйтіп жастар арасына іріткі салмақ болды» деген қағаз келіп, тағы да сол жақтағы оқудан шығарылады. Ақын ағамыз 1955 жылы атамекенге бару турасында ойлһға беріледі, ол кез Кеңес елінде «тың және тыңайған жерлерді игеру» қарқынды жүріп жатқан кез еді, сол дүрмекпен біраз адам атамекенге келіп қалады, бірақ, жас Жабайылдың бұл ойын әкесі құптай қоймайды. Сол жақта қалуын қалғанымен тергеуден көз ашпайды, оларға «сендер Фадеевтің романындағы көтерілісшілерге еліктеп Жуңгоға (қытайға) қарсы ұйым құрмақшы болдыңдар» деп жала жабады. Арада бірнеше жыл өткен соң барып яғни 1962 жылы ақын Қазақстанға өтеді. Бірақ бұл жақта да тергеу жалғасады. Жетпісінші жылдардың басында Жарбұлақтағы Б.Майлин атындағы орта мектепке тексеру жүргізілгенде Жабайыл ағамыздың Қытайда, Үрімжі педагогикалық институтынан алған дипломы жоғары білімге жатпайтын болып, он жылдай алып келген еңбекақысының бір бөлігі мемлекетке қайтарылсын деген шешім шығарылады. Осы кезде Қабдеш Жұмаділовтың көмегі тигенін ерекше атап айтып өтетіні бар. Ақыры не керек, іс оңынан шешіледі. «Сол кезеңдегі Үрімжі педагогикалық институтында сабақ берген кадрлардың түгелге жуығы Ташкент қаласынан білім алғандар,  сол кездегі бағдарлама ортақ, сондықтан диплом жарамды деп танылсын», деп СССР оқу министрлігі жоғары оқу орындары басқармасының  бастығы Усанов қол қойғаннан кейін барып, қайтадан дәріс беруді жалғастырдым» деп сыр ашады ақсақал сол сұхбатта.

 

Шәкірт лебізі

Талдықорғанда Жабайыл ағамыздың шәкірті Дәулетхан Тастамбеков деген азамат тұрады екен. Телефон арқылы тілдестік. Ақынжанды азамат «Ауылым» әнін алғаш орындаған әнші, Семейдегі музыкалық училищеде сабақ берген Дауыл Хайруллин екенін айтты (бұл кісі біраз жыл бұрын о дүниелік болған екен).  Сонымен бірге Дәулетхан ағамыз композитор Теміржан Базарбаев пен Әбілахат Еспаев арасындағы үлкен сыйластық туралы да бір үзік сыр айта кетті. 

Ақынның шәкірті Дәулетхан Тастамбеков ұстазға деген құрметін былай жеткізеді:

- Мен 7-сыныптан 8-сыныпқа өткенде ұстазым Жабайыл Бейсеновтің «үшкіруімен» өлең жазып, кішкене «дімкәстене» бастадым.  Жазда Тарбағатайда мал бағып жүріп, әлгіндегі «жұққан дерттің әлегімен» жиырмашақты өлең жазып, қыркүйекте сабақ басталған соң ұстазыма бір қалың дәптерге әдемілеп жазған өлеңдерімді әкеліп көрсеттім. Жәкең қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін, жырларымды оқып ерекше қуанып:

- Әй, Дәукентай, сен бір-ақ жазда үлкен ақын болып кетіпсің ғой, әсіресе, мына шумақтарың керемет, метафора мен теңеуге тұнып тұр екен! – деп аспанға тік көтеріп, қолымды бұлтқа бір-ақ жеткізді.  Сондағы «Тарбағатай таулары» деген өлеңім:

... Бүлкілдеп көкшіл тастан мөлдір бұлақ,

Сарқырап өзендері таудан құлап...

Арқасын күнге беріп, қыздырынып,

Тарбағатай таулары жатыр сұлап... – деп келетін.

Жәкең  поэзиямен «ауыртса», Заманғазы Бекарысов ағамыз (баянды беріліп тартатынын көрсеңіз)  хорды 5 дауысқа бөліп орындатушы еді, ән шығару, оны домбырамен орындау, сахнада әзіл-сықақ айтуда алдына жан салмайтын Дәулетхан  Қабдолдин (Әй, «адаш» деп еркелетуші еді), Сейітқан Сағымбаев ағатайым болса актёрлық шеберлік сынды  өнерге баулыды.  Мен осындай ұстаздарыма мәңгі қарыздармын! Ойласам, кеуде тұсым ашиды, қимастық сезімі баурап алады…

Былтыр ақынның жерлестері ақын Жабайыл Бейсенов туралы деректі фильмді жарыққа шығарды. Ютубте бар. Фильм «Жабайыл ата. Ауылым» деп аталады. Елдос Жабайылұлының әкеге деген ілтипат-құрмет сөзімен басталады. «Алакөлдің табиғатын жырлаудан бастадым, «Ауылымнан» кейін Дарынның жазған «Күндер, күндер» деген әні ұнайды» деп ағынан жарылған ақын Жабайыл Бейсенов сөзінің соңында көпшілікті адам болып дүниеге келген соң  қандай жағдайда да адамгершілік туын биік ұстауға шақырады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?