Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қоянды ауылы. Кеше. Бүгін

2980
Қоянды ауылы. Кеше. Бүгін - e-history.kz

Қоянды – Ақмола облысы Целиноград ауданындағы ауыл. Қоянды ауылы Астана қаласының шығыс-солтүстік бөлігінде орналасқан. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласынан – 340 км, аудан орталығы Ақмол кентінен – 52 км, ал ел астанасы Астана қаласынан – 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Астанадан Павлодар бағытына, яғни шығыс бетте орналасқан Қоянды ауылының өзіндік құрылу тарихы бар. 

Қоянды ауылы Астана-Павлодар тасжолының бойында орналасқан. Ең жақын елдімекендер: оңтүстік-батысында – Астана қаласы, оңтүстігінде – Шұбар және Қостомар ауылдары, солтүстігінде – Тасбұлақ (Софиевка) ауылы бар.

Ауыл халқының өсу көрсеткішіне қарайтын болсақ, 1989 жылғы санақ бойынша Қояндыда 389 адам өмір сүрген екен. Тұрғындардың 68 пайызы қазақ ұлтынан болған. 1999 жылы Қоянды ауылында 319 адам өмір сүрген. Олардың 172-сі ерлер, 147-сі әйелдер болған. Ал 2009 жылғы жалпыхалықтық санақ бойынша Қояндыда 2954 адам өмір сүрсе, олардың 1537-сі ер, 1417-сі әйел адам болған.

Қоянды ауылында жалпы білім беретін екі мектеп бар. Сонымен қатар үшінші мектептің құрылысы басталып жатыр. Ауылда оншақты балабақша, «Эндохиргургия клиникасы» ЖАҚ, емдеу амбулаториясы, дәріханалар мен дүкендер, мейрамханалар мен дәмханалар, т.б. даяшылық қызмет көрсету нүктелері жұмыс істеп тұр.

Қояндының жол қатынасы жыл сайын дамып келеді. Астана-Павлодар тасжолы бойындағы айналма көпір мен ауылға жақын жердегі Астана айналма жолы арқылы батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке автобандар арқылы шығу мүмкіндігі бар. Қала тұрғындары Астана қаласына қаламаңына арналған №307 қоғамдық автобус арқылы қатынап тұрады.

Қазіргі Қоянды ауылы – қарқынды дамып келе жатқан елдімекен. Мұнда әзірге көпқабатты тұрғынүйлер кешені салына қоймағанымен, болашақта Астананың серік қаласы ретінде бас жоспарға еніп, биік көппәтерлі үйлер салынып, жол қатынасы барынша жетіле түсері сөзсіз. Астана қаласының Байқоңыр ауданы аумғындағы сауда, сервистік нысандары да уақыт өткен сайын біртіндеп шығысқа қарай қанат жайып келеді. Болашақ даму мүмкіндігі мол Қоянды ауылының атауы – осы арадан ағып өтетін шағын ғана Қоянды өзеніне байланысты қойылған. Қоянды өзені бастауын ауылдың оңтүстік бетіндегі аласа шоқылардың баурындағы саздауыт бастаулардан алады. Қоянды – Солтүстік Қазақстан облысының шығысындағы Сілетітеңізге барып құятын Сілеті өзенінің бір тармағы. Қоянды өзені Ерейментау ауданы жеріне қарай құлдай ағады және оған Ақмырза, Жартас т.б. өзендер қосылып, суы молая түседі. Бұдан соң Сілеті өзенінің арнасы жартасты, шатқалды бола түседі. Өзеннің арнасы шатқалдана ағатын тұсы – Астана тұрғындары көптеп баратын табиғи көрікті орын. Осы тұста Сілеті суқоймасы салынған. Сілеті суқоймасы – Ақмола облысындағы ірі қала Степногорскіні сумен қамтамасыз етеді.

Қоянды ауылының жанында да кеңес дәуірінде негізі қаланған суқоймасы бар. Қоянды су қоймасы деп аталатын суайдынына жиналған өзен суы Қоянды ауылының аяқ жағындағы саяжай аумағына беріледі, сонымен қоса суармалы егістікке және басқа да қажеттіліктерге пайдаланылады. 

Жаз мезгілінде мұнда Астана қаласының тұрғындары көптеп келетіндіктен, Қоянды суқоймасының жағасында соңғы жылдары демалыс орындары мен жағажайлық қызмет көрсету нүктелері жандана түскен. Қала тұрғындары аптап ыстықта суқойманың жағасында демалып, суға түсіп салқындап, шатырлар мен киіз үйлерде отбасылық демалысын, мерекелік шараларын өткізіп, волейбол, баскетбол т.б. ойнай алады.

Қоянды ауылының шығыс бөлігінен Қоянды өзенінің көпіріне дейінгі аралықта көлемді саяжай алабы орналасқан. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап Ақмола (Целиноград) қаласы тұрғындарының жазғы демалыс уақытын өткізуіне таптырмас мекен болған саяжай алабының қазіргі кезеңде біртіндеп тұрғындары тек көктемнің соңы мен күздің басында ғана уақытша өмір сүретін мезгілдік сипаты өзгерген. Себебі Астана мен оның айналасына әр жерден көшіп келушілер Қоянды саяжайларына соңғы онжылдықта көптеп қоныстанды. Олар мұнда баспана тұрғызды. Осылайша қалаға қатынап жұмыс істеп, балаларын Қоянды мектебіне, қалаға оқытатын бір қауым елдің тіршілігі қалыпасты. Дегенмен, мұндағы көптеген саяжайлар әлі де болса Астана қаласы тұрғындарының көктем соңында келіп бау-бақшамен шұғылданып, күзге қарай өнімдерін жинап алатын, ауасы таза, тыныш демалыс орны ретінде қызмет етуде. Қазірдің өзінде Қоянды ауылы мен саяжай алабы өсе түсіп, қосылуға айналған. 

Әр ауылдың өз қалыптасуы, дамуы болатыны сияқты, Қоянды ауылының да өз тарихы бар. Қоянды ауылы – ХХ ғасырдың картасында пайда болған елді мекен. Қоянды ауылы орналасқан жер – ерте замандардан-ақ Қараөткелден Павлодарға қарай беталған керуен жолының бойы. Осы арамен шығысқа қарай арбалы, түйелі керуендер үнемі өтіп жатыпты. Күре жол бойындағы төбешіктер Патшалық Ресей, одан бергі Кеңес Одағы тұсындағы көптеген ірі оқиғалар мен сабылысты әскери жорықтардың куәсі.

Кеңес үкіметі құрылған жылдарға дейін бұл жерде көшпелі малшылардың қыстауы болған екен. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында және соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдар да елдің еңсесін езген кезең болыпты. Ашқұрсақ халықты етпен, сүтпен, өзге де азық-түлікпен қамтамасыз ету керек болды. Міне осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1945 жылдың көктемінде қазіргі Қоянды елді мекеніне ет комбинатының әкімшілігінің бұйрығымен Тұраров Төлеубай Тұрарұлы деген азамат жайылымдық жерлерді игеруге жіберілген екен. Ол кісіні Қоянды ауылының іргесін көтерген алғашқы тұрғыны деуге болады. Жұмыс күші жетіспейтін сол жылдары саяси сенімсіздігі, т.б. себеппен қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды осы араға еріксіз жер аударып отырған. Түрлі жағдайлармен бас бостандығынан айрылған бұл адамдардың Қоянды аулында қолайлы өмір сүруіне ешқандай жағдай жасалмағаны түсінікті жағдай.

Ерікісіз мәжбүрлі жұмысқа жегу – казармалық социализмнің айнымас «дәстүрі» болды. Бұл «дәстүрді» совет дәуірінде миллиондаған адам бастан кешті. Қояндыға жұмысқа бөлінген бұл адамдар өздеріне міндеттелген істі атқарды. «Социалистік жоспар» аталған арнайы жұмыс көлемін орындау қатаң талап етілді. Оны қалайда орындау керек және орындамаса түрлі жаза жүктелетін болған.

1948 жылдарға таман Қоянды ауылындағы халықтың саны едәуір арта түскен. Мал шаруашылығымен шұғылданған ауыл тұрғындары қолда бар күш-көлік: азғана өгіз бен соқаны пайдаланып осы төңіректе егін салумен де айналысқан. Бірақ жері қаратопырақты болмағандықтан, өнім көлемі тым көп болмапты. Тұрғындар саны біртіндеп артып келе жатқан Қоянды ауылының тұрғындарына сол кезде Айтбекова Нағима дейтін әжей көп көмек көрсеткен екен. Соғыс аяқталса да, зардабы тәлі де арылмаған уақытта мұндағы халық өз бетімен еңбек істеп, бала-шағаларын аш қалдырмау үшін тырбанып жатқан тұста Нағима әжей қалаға, яғни қазіргі Астана орталығына дейін жаяу-жалпы, қол шанасын сүйретіп шикізат өнімдерін әкеліп өткізетін болған. Қолына тиген ақшасына қаладан халыққа азық-түлік алып, Қояндыдағы елдің тұрмыстық қажетін өтеуге аз да болса септігін тигізген.

Соғыстан кейінгі жылдарда ел еңсесі біртіндеп тіктеле бастайды. Қояндыда аса үлкен өзгерістер болай қаймайды. 1954 жылы Қазақстанда Тың және тыңайған жерлерді игеру атты зор науқан басталды. Тың өлкесі құрылып, Ақмола қаласы Тың өлкесінің орталығы болып белгіленді. Қала Целиноград аталды. Ақмола облысы орталығының аумағын қоршай жатқан аудан Целиноград атанды. Бұл атау қазіргі күнге дейін өзгеріссіз келе жатыр. Целиноград ауданының аумағындағы Қоянды ауылы да осы тұста үлкен өзгерістерге қарай, жаңа бағытта дамуға бет алды.

Бүкіл республиканы, оның ішінде солтүстік өңірлерді қамтыған Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан Қоянды да шет қалған жоқ. Ауыл тіршілігінен қан жүгіріп, абыр-сабырға ілесе бастайды. Осылайша өткен ғасырдың елуінші жылдары кішкентай ғана Қоянды ауылында қызу еңбек қайнап жатты. Тың өлкесінің жүрегі Целиноград облысында жаңа астықты аудандар құрылып, мемлекетке миллиард пұт астық тапсыру міндетін орындау жолында тер төгіп жатты. Бұл жауапты міндетті орындауға Қоянды аулының халқы, жераумағы да атсалысуы қажет болды.

Тың және тыңайға жерлерді игеру науқаны өз нәтижесін көрсете бастаған кезеңде Қоянды ауылын басқаруға Жүнісов Мұхаммедрақым Жүнісұлы атты азамат басқаруға жіберілді. Мұхаммедрақым Жүнісұлы басқаруымен Қоянды ауылының маңындағы егістік жерлер игеріле бастады. Техникалар жеткіліксіз болса да, жұмысшылар, тыңгерлер тынбай еңбек етті. Біраз жылда еселі еңбектің нәтижесі көріне бастайды. Егін өнімі, малдың саны көбейіп, елдің ауқаты арта түсті. Осы кезде облыс аумағынан, шет республикадан, жан-жақтан адамдар көптеп келіп, келіп ауыл тұрғындарының саны да еселеп өсе бастады. 

Мұхаммедрақым Жүнісов Қоянды ауылын 1962-1983 жылдар аралығында үздіксіз жиырма жылдай басқарды. Осы кісінің күш салуымен, 1963 жылдың 23-тамызында Қоянды ауылы «Киров» кеңшарының №4 бөлімшесі мәртебесін алды. Ауылда сиыр ұстап өсіруге қоралар (коровник), кешенді мал базалары, жем-шөп сақтайтын қоймалар салынып, жоғары кернеулі электр тогі тартылды. Халыққа жұмыс орындары көбейді. Оның ішінде әсіресе веттехник, зоотехник, агроном қатарлы мамандармен қатар, механизаторлар, мал бағушылар, сауыншылар, жүргізушілер қатарлы кәсіп иелерінің саны көбейіп, кеңшар бөлімшесі орталығы Қоянды ауылы көркейе түсті.

Ауылға орталықтандырылған су арнасы келтіріліп, электр жүйесі тартылып, жасқартылған жол салынды. Осы жұмыстардың барлығы бір орында тоқтап қалмауы үшін, подстанцияның қызметкерлері күні-түні жарықпен қамтамасыз ететін болды. Осы жылдары Қояндының мақтанышына айналған жұмыскерлерге, ауыл тұрғындарына мәдени тұрғыда даяшылық жасауға арналған мәдениет ошағы – клуб салынды. Клубта сенбі, жексенбі күндері кино көрсетіліп, түрлі би кештері, салтанатты жиындар, ойын-сауықтар өтіп тұратын болған. Ауыл халқы мұнда белсенді түрде жиналып, іс-шараларға қатысып, концерттер тамашалайтын болған. Қоянды ауылындағы шағын клубтың меңгерушісі – Жакупова Күлзияр деген кісі болыпты.

Қазақстанға, соның ішінде Қояндыға келген Тың игерушілер Кеңес Одағының әр түкпірінен жиылған адамдар болатын. Сондықтан бұл үрдіс Қоянды ауылының демографиялық құрамына да әсер еткен екен. Бұл ауылда өткен ғасырдың 60-80 жылдары жергілікті қазақтармен бірге көптеген ұлт өкілдері өмір сүрді. Атап айтқанда орыс, неміс, татар, башқұрт, молдаван, чуваш, қырғыз, шешен ұлтының өкілдері – бәрі бір отбасындай болып тату-тәтті өмір сүріп, қуанышты тойларын да, қазалы қайғыларын да бірге бөлісіп, өз-өзінің кәсібі бойынша еңбек етіп жатты.

Ауылда кеңшардың қызметтік кеңсесі ауқымында пошта бөлімшесі қызмет жұмыс істеумен қатар, бастауыш мектеп ұжымы тұрғындардың балаларының алаңсыз білім алуына қызмет етті.

Қоянды ауылын жиырма жылдай үздіксіз басқарған Жүнісов Мұхамедрахым 1983 жылы зейнетке шығып, өзінің ісін жалғастыруға ол кісінің ұлы Хамидолла кіріседі. Сөйтіп Жүнісовтер әулеті Қоянды ауылының қалыптастып дамуына өздерінің үлкен үлестерін қосады. Қоянды ауылының негізін қалаушы Жүнісов Мұхамедрахым 1987 жылы өмірден озады. Осы азаматтың ұзақ жылдар бойы ауылды тұрғызып көркейтудегі өшпес еңбегін мәңгілік есте қалдыру үшін Қоянды ауылының ең басты көшесіне есімі берілген.

Осы ауылдың негізін қалаушылардың бірі – Тұраров Төлеубай деген кісі екен. Ол кісінің ұлы Тұраров Амангелді де он алты жасынан бастап еңбекке араласып, осы Қоянды ауылында механизатор болып жұмыс істеп, ауылды көркейтуге өз үлесін қосады. Тұраров Амангелді 1985-1991 жылдары бөлімше бригадирі қызметін атқарып жүргенде, Қоянды ауылы мал өсіру, мемлекетке ет тапсыру, егін жинау т.б. еңбек саласындағы үздік нәтиже көрсеткіштерімен Целиноград аудан бойынша үнемі алдыңғы қатарлардан көрініп отырады. Әсіресе ет пен сүтті мемлекет тарапынан қойылған нормадан асырып тапсырып, марапатқа ие болады. Ауыл еңбекшілерінің ерен еңбектері туралы аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жазылып, тиісті нәтиже көрсеткен еңбекшілер орденге, медальдарға, төсбелгілерге ие болды. 

Үздік нәтиже көрсеткен озат жұмысшыларға кәсіподақтың, компартияның арнайы жолдамасымен, шетелдерге, атап айтқанда Кубаға, Венгрияға, одақтас республикаларға демалуға жолдама беріледі. Бұл да болса еңбектің бағалануы болды. 

Ауылдың мәдениетін көтеруге бригада басшысы Жүнісов Мұхаммедрахым зор еңбек сіңірген екен. Іскер басшы Мұхамедрахым Жүнісұлының бастамасымен, жоспарлы басқаруымен жазғы жайылымдық іс-шаралар қондырғылары қойылады. Қазіргі Астанадан 15 шақырым жердегі бұл қондырғының негізінде, ол жерде республикалық, облыстық түрлі конкурстар көп өтіліп тұрған. Оған дәлел – сол кездегі іс-шаралар түсірілген бейнематериалдар болып саналады. Мұхамедрахым Жүнісұлының өз заманында жасаған жақсылығын, әр ұлт өкілдері алдындағы түрлі жағдайлардағы мінезінің кеңдігін оны көз көрген ауылдастары мақтанышпен, үлкен құрметпен еске алып, айтып береді. Ол кісі Қоянды ауылының тұрғындары Целиноградтың іргесінде тұрғанымен, әлі де жол азабын тартып жүргендігіне жан ауыртатын болған. Ақыры 1987 жылы Целиноград пен Қояндының ортасын қосатын асфальт жол Павлодар тасжолынан бері қарай тартылып, ауылдың орталық көшесіне төселді. Бұл жол қазіргі күнге дейін халыққа сенімді түрде қызмет етіп келеді.

1991 жылы алып империя Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан егемен мемлекет атанған тұста бұрынғы жоспарлы экономикаға негізделген шаруашылық құрылымдары да өзгерді. «Жоспарлы экономикадан еркін нарықтық экономикаға көшу» науқаны басталып кетті. Осы заманда, яғни 1995 жылы Қоянды ауылы «Киров» кеңшарының құрамынан шығып, өз бетінше ауыл болып өмір сүре бастайды. Бұл кезеңде тұрғындарының кәсібі егін шаруашылығы болғандықтан, ауыл адамдары бірігіп «Қоянды» атты ЖШС құрады. Осы шаруашылық өз қызметін жүргізіп жатқан кезеңде, яғни 1997 жылы Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Ақмолаға көшіретіндігі туралы шешім шықты. Мемлекеттің бас қаласы Астана аталып, онда құрылыс қызу жүрілді. Осы кезден бастап, Астана қаласы мен оның айналасындағы ауылдардың бағы жанды деуге болады. Осы жылдардан бастап Астанаға, маңындағы елді мекендерге Қазақстанның әр өңірлерінен, тіпті алыс шетелдерден қазақтар көптеп көшіп келе бастады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Кеңес Одағы тұсында кеңшар бөлімшесі болған шағын ғана Қоянды ауылының қазіргі үлкен елді мекенге айналып гүлденіп дамуы, яғни жаңа тынысы ашылуы 2007 жылдан бастау алды. Бұған дейін 60 үйлі шағын ауыл ірі елді мекенге айнала бастады. 2003 жылдан бастап шетелдерден келген қандастар Астана маңынан жер телімдерін беру жөнінде үкіметке өтініш жазған екен Осы өтініштерді қарастырған Қазақстан Республикасы Көшi-қон және демография жөніндегі агенттiгiнiң төрағасы Алтыншаш Жағанова мен сол кездегi Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың атсалысуымен қандастарға арналған 96 гектар жерді Қоянды ауылының аумағынан бөлініеді. Осылайша Қоянды ауылының аумағы біршама кеңейе түседі. 

Сөйтіп 2007 жылдың 7 мамырында Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылы болып қайта құрылды. Қоянды ауылы біртіндеп шетелдерден, республиканың түкпір-түкпірінен көшіп келген қазақтардың құтты мекеніне айналды. Тұрғындар саны жыл сайын арта түседі. Осыған орай ауылдың аумағы да үлкейе берді. Қазіргі күні Қоянды ауылының ауданы – 10 856 гектарға жетті. Бұдан ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы – 3 879 гектар болса, егістік жерлері – 2 219 гектар, ал жайылымдық жері – 2 063 гектар, тыңайған жерлер – 149 гектарлық үлеске ие. Қоянды ауылының өзінде, айналасында тұрғындар жылқы, сиыр, ешкі ұстап, сүтін сауып, қымызын ашытып, ауылдың, сонымен қатар Астана қаласының азық-түлік қажеттілігін өтеуге де аз да болса үлес қосып отыр. Мал бордақылаумен айналысатындар, союмен, бие байлап қымыз ашытатындар, аскөк, көкөністер өсіретіндер бар. Сонымен бірге ауылда ондаған ет сататын павильондар да жұмыс істейдіЖалпы алғанда Қоянды ауылында шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған деуге болады.

Кейінгі жылдары жүрілген санақтың нақты қорытындысы қолымызда жоқ және мұнда ресми тіркелген адамдар 12 мыңның төңірегінде деген мәлімет бар. Мұндағы тұрғындардың көбі Астанаға қатынап жұмыс істейтіндіктен, олардың тіркеуі қалада немесе өздерінің бұрынғы тұрған мекенінде болады. Сол себепті де Астана маңындағы елді мекендерде тұратын адамдардың нақты санын шығару қиын.

2023 жылдың басындағы мәлімет бойынша Қоянды ауылындағы ресми тіркелген тұрғындар саны – 22 400 адам болған. Сонымен бірге ауылдың есебінде тіркелмеген, Қазақстанның өзге өңірлері мен қалаларында, Астана қаласында тіркелген. Қоянды ауылы әкімдігінің болжамдауынша, шын мәнінде Қояндыда тұратындар саны шамамен 20 мыңнан астам адамды құрайды. Осы есеппен алғанда Қояндыда 2023 жылдың наурыз айындағы есеппен 42 мыңнан астам адам, 8 мыңдай отбасы бар екен. Қоянды ауылында жер телімі кезегінде тұрған 10 мыңнан астам адам барлығын ескерсек, алдағы кезеңде Қоянды халқының саны әлі де өсе түспек. Ауыл халқының ұлттық құрамы туралы талдау жасағанда, қазақтар – 98,37 пайыз, өзге ұлттардың үлесі 1,63 пайыз екендігі анықталды. Мұнда қазақтардан өзге орыс, неміс, поляк, татар, өзбек, тәжік т.б. ұлт өкілдері тұрып жатыр. 

Қоянды ауылы халқының көп бөлігін әр жылдары шетелдерден көшіп келген қазақтар құрайды. Қазақтар Қоянды ауылына Моңғолиядан, Қытай Халық Республикасынан, Ресей Федерациясынан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Түркіменстаннан, Тәжікстаннан және т.б. елдерден көшіп келіп орналасқан. Оның ішінде 2021 жылғы мәлімет бойынша Қояндыға мына елдерден келіп қоныстанған:

- Моңғолиядан – 8835 адам;

- Қытайдан – 6895 адам;

- Ресей Федерациясынан – 1105 адам;

Өзбекстаннан – 400 адам.

Сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарынан – 3510 адам көшіп келіп орналасқан. Бұл елді мекеннен Қазақстанның, әлемнің барлық бұрышынан келген қазақтарды кездестіруге боладыАуылдағы демографиялық ахуал көңіл көншітерліктей жақсы. Тек табиғи өсімнің өзімен-ақ жылына бірнеше мың адамға қосылып отырады. Ауылдың миграциялық тартымдылығы жоғары. Мұның себебі – Қоянды ауылының Астана қаласына жақын орналасқандығында. Және де Астанамен салыстырғанда мұндағы жалдау ақысы да анағұрлым арзан. Сонымен бірге мұнда тұрып, Астанадан жұмыс іздеуші адамдарға жұмыс көп табылады. Ауыл  тұрғындары Астана қаласында және Қояндының өзінде алуан түрлі жұмыс істеп отбасыларын асырайды. Көптеген тұрғындар Астана қаласының шығыс бетіндегі, Алаш тасжолы бойындағы «Орталық базар», «Көк базар», «Орда базар», «Шарын», «Әмір» базарларында, сондай-ақ «Самғау», «Магнум» дүкендерінде, бензин құю бекеттерінде жұмыс істеп нәпақасын табады. 

Қоянды ауылындағы жалғыз ғибадат орны – мешіт өз жұмысын жүргізуде

Қазіргі күнде Қоянды ауылы – Ақмола облысы Целиноград ауданындағы ең ірі елді мекендердің бірі болды. Бұл ауылды соңғы оншақты жыл жүзінде басқарған адамдар Қояндыны дамытып гүлдендіру бойынша әр кезеңде өздерінің лайықты үлестерін қосты. Қоянды 2022 жылы қыркүйек айында Ақмола облысы бойынша алғашқылардың бірі болып ауыл әкімі сайлауын өткізген болатын. Осы сайлаудың нәтижесі бойынша жеңіп шыққан осы ауылдың тұрғыны Бақытхан Солтанбайұлы қазіргі күні Қоянды ауылының әкімі болып қызмет атқаруда.

2014 жылы Астана-Павлодар автобаны іске қосылғанда Қоянды ауылына айналма жол салынған болатын. Осының арқасында көлікпен тасжолға шығу мүмкіндігі жақсарды. Ауыл көшелеріне асфальт төсеу жыл сайын қарқын алып келеді. Қоянды ауылының іші жыл өткен сайын абаттанып келе жатыр. Дегенмен Астанаға қатынау мұндағы жұртшылық үшін әлі күнге дейін біршама қиындық тудырып отыр. Күн сайын 20 мыңнан астам тұрғын Астана қаласына қатынап барып келеді деген есеп бар екен. Бұрын қалаға қатынайтын №38 автобус қаланың дәл ортасына дейін жолаушыларды жеткізіп тұрған болса, қазіргі №307 автобус халықты Астананың қиыр шетіндегі «Алай» көтерме сауда базарына дейін ғана жеткізеді. Жолаушылар қалаға жету үшін ары қарай басқа автобусқа мінеді. Міне сондықтан 2015 жылдан бері қарай Қоянды ауылының тұрғындары қалаға барғанда және кері қарай Қояндыға жету үшін автобус ауыстырып мініп, қосымша шығынға батып отыр. Сондықтан алдағы кезеңде Астана қаласынан Қоянды ауылына тікелей қатынайтын қоғамдық автобус мәселесі шешілуі тиіс деп білеміз. Астанаға қатынайтын халық, әсіресе мектеп оқушылар саны мол болуы себепті, №307 автобуста әрдайым адамдар көп. Қыс пен жаздың қатты аязы мен қапырық ыстығында адамдардың автобуспен жүруіне аса қолайсыздық тудырып, адамдар салонға сыймай жататыны – мұндағы күнделікті көрініске айналған. Астана қаласына қатынайтын қоғамдық көлік санын көбейтіп, олардың жүру аралығын арттыру – алдағы күндердің емес, бүгінгі күннің тәртібіндегі мәселе деп білеміз. Әкімшілік және көлік қызметі өкілдерінің айтуынша, қазіргі күнде «№307 автобустың жүру аралығы – 8-15 минут, автобус саны – 7 дана», деп көрсетілген екен. Ауылдан күніне төрт жүзден астам студент пен екі жүзден астам оқушы Астана қаласына барып білім алады. Қалаға қатынап жүрген екі жүз оқушының өзі алыс ауылдардағы үлкен бір мектепте білім алушылардың санына тең. Қоянды ауылындағы жалпы білім беретін екі мектепте оқитын оқушылардың саны тым көп. 900 орындық №1 жалпы білім беретін мектепте 2022-2023 оқу жылында 1919 оқушы екі ауысыммен білім алып жатса, 1200 орындық №2 жалпы білім беретін мектепте 2253 екі ауысыммен оқып жатыр. Бұл – ауылдағы мектеп мәселесінің өткір екенін көрсетеді және Қояндыдағы екі ауысым мәселесін шешу үшін кемінде үш мектеп керек. Бір қуаныштысы – №1 жалпы білім беретін мектепке жақын маңнан тағы бір мектептің тағаны тартылып, құрылыс жүріліп жатқандығы бұл мәселенің аз да болса шешілетіндігінің кепілі болып отыр. 

Алдағы кезеңдерден Қоянды ауылы тұрғындары да зор үміт күтеді. Мұнда газ құбыры тартыла батстағаны көңіл қуантады. Осы арқылы өңірдің атмосферасына, жалпы экологиялық ахуалына оң серпін туғызу мүмкіндігі қолға келіп отыр. Сонымен қатар Қоянды ауылын орталықтандырылған су, электр, кәріз, жүйелерімен толықтай қамту, көшелердің бойында суағар арықтар жүргізу, көше жарығын тарту жоспары да біртіндеп жүзеге асар. Қоянды тұрғындарының әл-аухатын арттыру, осы елді мекенді абатты, жайлы етіп құрылымдау мақсатын жүзеге асыру үшін жалпы білім беретін мектептердің, балабақшалар мен ауруханалардың, емханалардың санын көбейту де күн тәртібіндегі өзекті шаруалар. Бұл шаруалар өз уақында лайықты атқарылуы қажет болмақ. Қоянды ауылы халқының бос уақытын дұрыс, лайықты өткізуін қамтамасыз ету үшін мәдениет үйін, кітапхана, спорт кешенін, спорт алаңдарын, ойын алаңдары мен балалардың ойын-сауық кешенін, демалыс саябағы мен бизнес орталықтарын салу қажет деп танимыз. Осы мақсаттарды таяу жылдар ішінде жүзеге асыру арқылы Қоянды ауылын қазіргі Қосшы қаласы сияқты, Астана қаласының дамыған серік қалаларының бірі ретінде таныта аламыз деп білеміз. Оған Қояндының толық мүмкіндігі бар.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 31 қаңтар күні Астана қаласын дамыту мәселері жөнінде кеңес өткізген болатын. Аталған кеңесте ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Астана қаласы маңындағы қалаларды, яғни қаланың агломерациясын жүйелі дамыту стратегиялық маңызды бағыт», - деп атап көрсеткен болатын. Аталған стратегияны жүзеге асыру үшін Астана қаласының айналасында орналасқан Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Шұбар, Тайтөбе, Жібек жолы т.б. ауылдардың инфрақұрылымын өзгертіп, жақсарта отырып, қала деңгейіне жеткізу мақсаты жақын кезеңде жүзеге асырылатыны сөзсіз. Астана қаласы мен екі ортада күндіз-түні көлік қатынасы бір үзілмейтін Қояндының тарихына жасалған азғана шолуымызды аяқтай келе, елді мекеннің болашағы жарқын болсын дейміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?