Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 23 маусым - әлем және Қазақстан тарихында

959
Күндерек. 23 маусым - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

23 маусым - Григориан жылнамасының 174-күні. Осы күні әлем елдерінде көптеген айтулы мерекелер атап өтіледі. Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді. 

23  маусымда дүниеге келген танымал тұлғалар

Анна Андреевна Ахматова – ақыны, аудармашы, әдебиеттанушы. ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің көрнекті өкілі.  1889 жылы 23 маусымда Одесса қаласында дүниеге келген. Балалық шағы «Царское селода» өтеді, кейіннен ол 16 жасқа толғанда Петербургке көшіп, сонда тұрған. 

Ахматованың арғы атасы Ахмат — татар ханы, Шыңғыс ханның ұрпағы. Өзі Киевтегі жоғары әйелдер курсында, Киев университетінің заң факультетінде оқыған. Алғашқы шығармашалар жинағы – «Кеш» атты кітап болып жарияланды. Кейін «Жел мені жерле» (1917), «Ақ түн» (1911), «Үйеңкі» (1940), «Ән» (1917) т.б. поэтикалық жинақтары жарық көрген. Ахматова лирикалық миниатюраның әлемге танымал шебері. Оның поэзиясында түркілік пафос, азиялық таным, көркемдік қабылдау ерекше аңғарылады. 

Шығыс пен Батыс поэзиясының үздік дәстүріне үндескен Ахматова шығармалары өзіндік дара стилімен өзгешеленеді. 1965 жылы «Замана ағымы» жинағы үшін Ахматоваға Италияның Энт Ахматова Таормин әдеби сыйлық берілді. Оксфорд унивеситетінің құрметті докторы болды. Ахматова өлеңдері ағылшын, неміс, француз, итальян, жапон, поляк, чех және басқа да тілдерге аударылған. 1966 жылы Ресей астанасы Мәскеу қаласында дүниеден өтті. 

Асылбек Ғазизұлы Нұғыманов – кинорежиссер, мәдениет қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының иегері. 

Атақты режиссер 1933 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. 1964 жылы Ресей астанасы Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған. Еңбек жолын «Қазақфильм» АҚ бастаған.  студиясында режиссер болып бірнеше деректі ленталарды түсірді. 1978 жылы Үндістанмен кездесу және Йеменнің аптабында деген деректі-хроникалық фильмдерді жасаған. Медеу. Ерлікке толы күн мен түн, Армысың Тың өлкесі, Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және Ерлік туралы аңыз атты деректі фильмдер топтамасы үшін 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алған. 

КСРОның «Құрмет белгісі» орденімен, «Құлагер» Ұлттық киносыйлығының иегері. Асылбек Ғазизұлы 2013 жылы 10 қаңтарда Алматыда қайтыс болды. 

Есмұхан Несіпбайұлы Обаев – актер, театр режиссері, өнер қайраткері. Қазақстан Республикасының халық әртiсi, өнертану ғылымының профессоры, тәуелсіз Платиналы Тарлан сыйлығының иегері. Ол 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінің режиссерлік бөлімін үздік тәмамдаған. Еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы - режиссері болып бастаған. 

Жас режиссер шеберлігін шыңдай түсу үшін Қазақстанның Мәдениет министрлігі Коллегия алқасының шешімімен Мәскеудегі М.Горький атындағы академиялық театрына (МХАТ) екі жылдық жоғарғы курсқа жіберілді. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы режиссері, Абай атындағы Семей облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ректоры болған. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, орынбасары, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 

Есмұхан Несіпбайұлы Германия, Үндістанда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және тағы басқа алыс-жақын шетелдерде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің күндерінің көркемдік жетекшісі болды. Режиссердің қолынан Н. Гогольдің «Ревизор», У. Шекспирдің «Асауға – тұсау», О. Иоселианидің «Арбаң аман болсын», М. Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларын, С. Шаймерденов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, С. Жүнісовтердің драмалық шығармаларымен қатар, драматургияға 1975-1990жж. келген жас буын өкілдері О. Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», Д. Исабековтің «Әпке», «Перизат», Р. Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде», «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог», Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді.

Ұзақ жылғы режиссерлік қызметінде Абайдың 150 жылдығы, Жамбылдың 150 жылдығы, М.Әуезовтың 100 жылдығы және Түркістанның 1500 жылдығы, Тараздың  2000 жылдық мерйтойларында ұлттық мерекелік қойылым топтарын басқарып, шығармашылық ізденістерін жоғарғы дәрежеде екеінін тағыда дәледеді. 

Нұрзада Тұрсымбекқызы Тәшімова – актриса, өнер қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Актриса 1957 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ академиялық драма театры (Қазақ ұлттық өнер академиясы) жанындағы студияны бітірген. Көп жылдар бойы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының кұрамында болды. 2005 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының құрамында еңбек етеді.

Театр сахнасында Нигара (С.Ахмадтың Келіндер көтерілісінде), Қарлығаш, Ажар (М.Әуезовтің Қарақыпшақ Қобыландысы мен Абайында), Шырын (Н.Хикметтің Фархад - Шырынында), Нәзиля (Д.Исабековтің Әпкесінде) рөлдерін сомдаған. Сондай-ақ, Абай (Мағыш), Беу, қыздар-ай! (Айсұлу), Шоқан Уәлиханов (Фатима) телефильмдерінде ойнаған. Гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық облыс орталықтарында, алыс-жақын шет елдерде болып өнер көрсетті.

Нұрлан Құбайдоллаұлы Шаймарданов – ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Нұрлан Құбайдоллаұлы Семей мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Семей мемлекеттік медицина академиясы) тәмамдаған. 1986–1995 жылы осы оқу орнында ординатор, ассистент, ғылыми қызметкер, профессор.  1995-1997 жылдары Қазақ ұлттық медицина университетінде зертхана меңгерушісі болды. 1997 жылдан Семей мемлекеттік медицина академиясында зертхана меңгерушісі қызметін атқарды. Ғалымның ғылыми еңбектері иммунология және жұқпалы аурулар мәселелеріне арналған. Нұрлан Құбайдоллаұлы 1963 жылы Абай облысының орталығы Семей қаласында дүниеге келген. 

23 маусым - әлемде

23 маусым - Қазақстан полициясы күні. 1992 жылғы маусымның 23-інде ҚР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы Заң қабылдады. Бұл Тәуелсіз Қазақстан Республикасы полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы маусымның 5-інде Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен маусымның 23-ін - Полиция күні деп бекітті. 

Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді.

23 маусым - мемлекеттік қызметшілер күні. 2014 жылдан бері 23 маусым - елімізде мемлекеттік қызметшілер күні тойланып келеді. 2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған. Бұл тәжірибе Қазақстанға 10 жылдан кейін енгізілді. Президент Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады. 

Мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.

23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Қазіргі Олимпиадалық қозғалыстың басшы органы - ХОК-тың құрылған жылынан (1894 жылғы маусымның 23-і) бастап атап өтіледі. Олимпиада қозғалысына арналған мереке құру туралы алғашқы идея 1947 жылы Стокгольмде Халықаралық Олимпиада комитетінің 41-сессиясында айтылды, ал бір жылдан кейін, Санкт-Мориц қаласында ХОК-тың 42-сессиясында бұл жоба ресми түрде мақұлданды. Бұл мерекенің датасын таңдауға тарихи оқиға себеп болды. 1894 жылы Парижде дене тәрбиесі проблемалары жөнінде халықаралық конгресс өтті. Оған 12 елдің өкілдері қатысты. Олимпиадалық қозғалыстың жандануына ынталы болған Барон Пьер де Кубертен 23 маусымда баяндама жасап, Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылық негіздері әзірленетінін жариялады. Конгрессте  Барон Пьер де Кубертеннің төрт жылда бір рет Олимпиада өткізу үшін ежелгі грек олимпиадаларының дәстүрін жандандыру туралы ұсынысын мақұлдады. 

Дәл осы есте қаларлық күн Халықаралық Олимпиада күнін атап өту үшін таңдалды және оның мақсаты бүкіл әлемде спортты насихаттау және жасына, жынысына немесе спорттық дағдылары мен қабілеттеріне қарамастан барлық ниет білдірушілерді спорттық қозғалысқа тарту болды. Қазіргі заманғы I Олимпиада ойындары 1896 жылы Грецияда өтті, 14 елден 241 спортшы арасында 9 спорт түрінен медальдар ойналды. Бір ғасырдан астам уақыттан кейін Грециядағы 2004 жылғы Олимпиада ойындарына әлемнің 202 елінен 11 мыңға жуық спортшылар мен шенеуніктер қатысты. Медальдар спорттың 28 түрінде ойналды.

23 маусым - Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні. 2003 жылы наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні (United Nations Public Service Day) деп жариялаған 57/277 қарар қабылдады. Содан бері ол жыл сайын тойланып келеді.

БҰҰ мүше мемлекеттерді осы күні Мемлекеттік қызметтің қоғамды дамыту процесіне қосқан үлесі мен маңыздылығын көрсететін арнайы іс-шаралар ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметшілерді марапаттауға, сондай-ақ жастардың өмірлік мүдделерін мемлекеттік қызметшінің мансабы туралы шешім қабылдауға бағыттауға шақырды.

23 маусым - Люксембург Ұлы Герцогтігінің Ұлттық мейрамы - Ұлы Герцогтың туған күні. Жыл сайын 23 маусымда атап өтілетін Ұлы герцогтің туған күні — дәстүрге бай. Кешке, мереке қарсаңында отшашулар мен концерттер ұйымдастырылады және бұл түннің бір уағына дейін созылады. Мемлекеттік мереке түске дейін басталады, сол кезде армия Парламентке барып, үкімет мүшелерін Ұлттық соборға ертіп барады. Онда Үкіметтің басқа мүшелері, корольдік отбасы, дипломатиялық корпус және көптеген жұртшылық жиналады.

Люксембург Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және батысында Бельгиямен, шығысында Германиямен, оңтүстігінде Франциямен шектеседі. Әкімшілік жағынан 3 округке бөлінеді. Астанасы - Люксембург қаласы. Мемлекеттік тілі - француз және неміс тілдері. Ақша бірлігі - еуро. Люксембург - конституциялы-монархиялы ел. Мемлекет басшысы - Люксембург Ұлы Герцогы. Жоғары заң шығарушы органы - парламент (Депутаттар палатасы). Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы Герцогтігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 29-да орнатылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?