Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уезд бастықтарының құқықтары, міндеттері және іс-әрекет тәртібі

888
Уезд бастықтарының құқықтары, міндеттері және іс-әрекет тәртібі - e-history.kz

1891 жылы 25 наурызда император ІІІ Александр «Дала облыстарын басқару туралы ережені еңгізу және Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің кейбір баптарын өзгерту» атты жарлыққа қол қойып «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ережені «жоғары деңгейде бекітіп, орындалуын бұйырды» [1, 500 б.]. 1891 жылғы Дала ережесі патшалық Ресейдің барлық заңдары сияқты «отаршылдық тәртіптің тікелей жүргізушісі болуға тиісті орыс басқару жүйесін құруға бағытталған» [2, 18 б. ] және оны іске асыруда Қазақстанның далалық облыстарының уездік басшылығы маңызды рөл атқарды.

Уезд бастықтарының билігі, оның құқықтары, міндеттері және іс-әрекеттері туралы аталмыш заңның: І Бөлімі. Әкімшілік басқару, ІІ тарау. Уездік басқару жүйесіне арналған бөлімшелерінде белгіленген. Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында уезд бастықтарын жоғары лауазымды қызметке – Дала генерал-губернаторы, ал Орал, Торғай облыстарында – әскери губернаторлар бекіткен. 1891 жылғы заң бойынша, Дала Генерал-губернаторлығының бес облысына: Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай, жиырма төрт уезд енген. Олар: Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау, Атбасар, Семей, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Верный, Қапал, Лепсі, Пржевальск, Пішпек, Жаркент, Орал, Калмыковск, Гурьев, Темір, Ақтөбе, Николаев, Ырғыз, Торғай. Реформа бойынша уездік аттас қалалар уездік әкімшіліктердің орны болып тағайындалды. Мысалы, Ақмола уезд басшысының басқарма мекемесі Ақмола қаласында орналасты, немесе Омбы уездік басшылық – Омбы қаласыңда және т.б. қалалар. 

Уездердің аумағы жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен бекітілді. Қазақстандық зерттеуші Ксенжик Г. «Картографические материалы по истории Казахстана ХVІІІ-начало ХХ вв.: в контексте формирования государственных границ» атты көлемді еңбегіңде, Ресей империясы картографтарының жасаған сексеннен астам карталарын зерттеп, оларға сипаттама беріп, облыс, уезд, болыс, хутор т.б. әкімшілік объектілердің шекаралық шеңберін көрсеткен, және де уездік басқарулардың белгіленген жерлерін баяндаған [3, 233-234 б.]. Бұл Жоғары әкімшілік биліктің қазақ жерінде басқару жүйесін реттеп, уақытында қажетті өзгерістерді еңгізіп отырғанын байқатады. Заңға сай, уезд басқарушы, оның көмекшісі және полицеймейстер қызметіне әскери атағы бар шенеунік тағайындалды. Уезд бастығының қызметі жалпы ресейлік уездік заңмен белгіленгендіктен, ол полиция бастығына және аудандық ішкі істер бөліміне жүктелген құқықтарды да жүзеге асырып, осыған сай міндеттерді орындаған. 1867-1868 жж. әкімшілік-территориялық реформалармен салыстырғанда, 1891 жылғы Ереже уезд бастығының құқықтары, міндеттері және іс-әрекеттерін нығайтқанын көре аламыз. Әрбір уезд бастығы қарамағындағы халықты бақылауға, өз қалауы бойынша немесе жоғары қызметтегі басшылардың тапсырмасы бойынша тексеру, ревизия жүргізуге толық құқы болды. Оған болыс немесе ауыл басшыларының және селолық съездер мен жиындардың (сход) шығарған үкімдерін қарап тексеруге рұқсат берілді. Келіспеген жағдайда, заңға сай емес немесе жеке адамдардың заңды құқығы сақталмаса, уезд бастығы үкімді бекітпей, орындауын тоқтатып, өзіңдік қорытынды жасап облыс басқармасына тапсыру құқығы құжатта анық айқындалған.

Төменгі сатылы жоғары билік басшысы жеке адамдардың тағдырын қарастырып, тексеріп, шешімін шығарып, облыс басшылығына қажетті құжаттарды жеткізуге міндетті болды. Мысалы, әртүрлі заң бұзушылық  жасаған шаруа мен бұратана қоғам (общество) мүшесін ортадан шығару немесе керісінше оны қабылдау туралы мәселелерді шешу, іс-әрекеттерге шағым жасау, қылмыстық істер үшін қамалға алу т.б. іс-шаралар. Сонымен қатар, 1891 жылғы заң бойынша, уезд бастықтары бұратана халықты (орыс емес), үкімет органдарының заңды бұйрықтарына бағынбағаны үшін немесе әртүрлі іс-қимылдар, оның ішінде: қоғамдық орындарда дау-дамай, ұрыс-керіс немесе өзге де зорлық-зомбылық жасау және жалпы қоғамдық тыныштықты бұзу, мемлекеттің немесе мемлекеттік органдардың құзырындағы адамдарға құрметтемеушілік таныту және дөрекілік көрсету, ата-анаға бағынбау және оларды қорлау орын алса, қазақтарды жеті күннен аспайтын мерзімге қамауға алуға немесе он бес сомнан аспайтын ақшалай айыпқа бұйыру құқысы берілген. Бұл жазалар уезд бастықтарының қаулылары бойынша белгіленіп, қамауға алу туралы қаулылар дереу орындалу қажет деп көрсетілген. Қамауға алу ордерлерінің көшірмелері қамауға алынғандармен бірге қамау орындарына жіберілуі талап етілген. Осындай істерден түскен қаражат, аймақтардағы бас бостандығынан айыру орындарын салуға және капиталды ұлғайту үшін мекемеге жіберілуі тиісті болды. Бұратана халық бұл уезд әкімдерінің қаулыларына шешім шығарылған күннен бастап екі апта ішінде шағым жасауға мүмкіндігі болды. Заң бойынша шағымдарды облыс басшыларына әкеп тапсыру қажет екені көрсетілген.           

Іс-әрекет жасау үшін уезд басшысының қасында көмекші мен кеңсе қарастырылған. Құжатта, көмекшінің міндеті, уезд басқарушының өкімдерін орындау, сондай-ақ ол, әртүрлі жағдайлармен жұмыс орнында болмаған немесе ауырып қалғанда оның қызметін атқарады деп жазылған. 

Құжатта, уезд бастығының қарамағында төменгі полиция міндеттерін орындау үшін азаматтық полиция қызметкерлері белгіленген. Сонымен бірге, Қытай империясымен шекаралық бақылау бекеттерін басқару үшін: Жетісу облысындағы Вахты, Хоргос және Теректі уездік бастықтардың қарамағында жергілікті диалектілерді білетін арнайы шенеуніктер қажет болды .

Әр уезде, 1891 жылғы реформаға сай, уездік дәрігер, фельдшер және акушерка (повивальная бабка) болу керек екені бекітілген. Учаскелік дәрігер емделушілерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, облыстық үкіметтің қарамағында осы үшін бөлінген арнайы қаржат есебінен медициналық жәрдемақыны тегін беруге міндетті болған. Сонымен қатар, шешекке қарсы екпе тарату және оны жергілікті тұрғындардан шыққан оқушыларға үйрету мәселесі уезд дәрігерлеріне жүктелген. Іс жүзінде заңға сай бола берген жоқ. 

Әрбір уезде ветеринария бөлімін басқару үшін уездік ветеринарлық дәрігер тағайындалуы қарастырылған және империя басшылығының пікірінше, ол облыстық медициналық инспектордың тікелей бақылауында болғаны дұрыс деп шешілген. Қаншалықты пайдалы және нәтижелі болды?

Заң бойынша болыс пен ауыл басшылары уезд бастықтарына бағынды және де сайлау нәтижесіне сай қызметтеріне тағайындалды. Сайлау кезінде болыстық съездер уезд бастығының бақылауымен өтті. Ауылнайлар мен олардың кандидаттарын уезд бастығы бекітті. Болыс басқарушылар уезд бастығына бағынып, оның барлық бұйрықтарын орындауға міндетті болды. 

Ресей империясының заңдарын басшылыққа алған уездік соттар мен әскери сот комиссиялары да уездік бастықтың назарында болды. Ресей империясының заңдарын басшылыққа алған уездік соттар мен әскери сот комиссиялары да уездік бастықтың назарында болды. Мысалы, әскери соттарда әртүрлі істер қарастырылды, оның ішінде, ресей мемлекетіне қызмет атқарып жүрген шенеуніктерді өлтіру, империялық билікке наразылық білдіру, қоғамдық көлік пен поштаға шабуыл жасау т.б. істер.

Уезд бастықтары 1000 рубльден асатын дауларды, болыс пен уездік арасындағы мал ұрлығы, жер мәселесіне қатысты дауларды шешуге іс-әрекет жасады. Ол үшін, уезд басқарушысы әскери губернатормен келісіп, төтенше съезд шақырып мәселені үлкен жиында шешуге тырысу қажет болды. 

Уезд бастығының қызметі кең және ауқымды болды, сондықтан абырой мен атқару үшін уездік басқармада біршама орыс шенеуніктері еңбек етті. Олардың деңгейі, еңбек өтілімі, білімі, адамгершілігі, қызметіне деген жауапкершілігі т.б. бірдей болған жоқ. Сонымен қатар, Дала облыстарының әр уезінде шенеуніктердің саны да әртүрлі болды. Ол уездің территориялық ерекшелігі, халық саны, оның ішінде жергілікті халықтың саны, табиғи байлығы т.б. ескерілген. Мысалы, Жетісу облысында алты уезд болса, уездік  басқару мекемесінде 66 шенеунік еңбек етті, Ақмолада – уездер саны бес болды, ал шенеуніктердің саны-108. Мемлекет олардың барлығына жалақы төлеу, баспана жалдау және азық-түлік кұнын өтеу үшін едәуір қаражат бөлді. 

Уездік шенеуніктердің тізіміне уезд бастығы, оның көмекшісі, хатшы (письмоводитель), аудармашылар, уезд дәрігері, фельдшер, акушерка, ветврач т.б. қызметкерлер кірді. Мысалы, «Дала генерал-губернаторының басқару штаты» атты құжатта шенеуніктерге жұмсалатын қаржы көрсетілген. Атап айтсақ, штат бойынша уезд бастығына 1000 руб. қызметақы, 1000 руб. азық-түлік құны, 500 руб. пәтер жалдау үшін берілді. Оның көмекшісіне 450 руб. еңбекақы және осындай сомма тамаққа бөлінсе, 100 руб. үй жалдау ақысы төленген. Басқа да шенеуніктердің қажеттілігіне жұмсалатын қаражат көрсетілген, олардың жалақылары 240 рубльден 600 рубльге дейін болған, пәтер ақысы -50 руб. азық-түлік ақысы -50 рубльден 100 рубльге дейін белгіленген. Сонымен қатар, құжатта, фельдшерлерге тек еңбекақы төленетіні көрсетілген, ал ветврачтарға – үй жалдау үшін қаражат қарастырылмаған. [4, 101,103,105 бб.]. Жоғарыда көрсетілгендей, уездегі шенеунік санына байланысты және де әр уездің өзіндік ерекшеліктеріне сай, уезд басқармасында еңбек еткен шенеуніктердің қажеттіліктері бірдей қамтамасыз етілген жоқ. Ең негізгі мәселе, ол заң бойынша, қазақ жерінде қызмет еткен шенеуніктерге, Ресей мемлекеті толық билік, қомақы жер, әртүрлі атаулы жеңілдіктер берген. Оның ішінде, генерал губернатор, әскери губернаторлар, уезд бастықтары және әр билік сатысындағы басқармаларда еңбек еткен шенеуніктерді де жатқызамыз. 

ХХ ғасырдың басында, қазақтың дала облыстарында славян халықтарының (переселен саясаты мен Столыпинның аграрлық реформасына байланысты) көбеюі, уезд бастықтарының шаруалар істеріне араласуға міндетті немесе мәжбүр болды. Сонымен қатар, уезд басшылары өздеріне жүктелген құқықтары, міндеттері және іс-әрекеттерін талапқа сай атқара алмағандықтан, қазақ жерінде Ресей империясының европалық бөлігінде енгізілгендей шаруа бастығы атты қызмет орнатылды.       

Уездік жүйе және уезд бастықтарының қызметі патшалық Ресейде империялық биліктің жойылғанынан кейін, кеңес үкіметінің ХХ ғасырдың 20- ші жылдары қабылдаған административтік-территориялық реформаларының  нәтижесінде, ауданға айналды. Жаңа саяси өзгерістерге сай, мәні мен мазмұны өзгеріске ұшырады. Ал, «1891 жылғы Дала ережесі басқару құрылымының жалпыресейлік принциптерін ескере отырып», қазақ жерінде «басқару жүйесінің қайта құру үдерісін аяқтады» [5, 42 б.].

 

Пайдаланған әдебиет: 

                                                                                                                           

1. Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер =Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық. /Бағдарлама жетекшісі: С.З. Зиманов. Қазақша, орысша, түрікше, ағылышынша. – Алматы: Жеті жарғы, 2005. («Интеллектуал – Парасат» заң компаниясы). 5 том. – 2005. –  500 б.

2. Отепова Г.Е. Законодательные акты Российской империи как источник по истории колонизации Казахстана ХҮІІІ-начала ХХ века. Автореф. дисс. ... док. истор. наук. – Алматы,  2009. – С.18.

3. Ксенжик Г. «Картографические материалы по истории Казахстана ХҮІІІ-начало ХХ вв.: в контексте формирования государственных границ». – Алматы: «N-PRESS», 2020. – С. 233, 244.

4. Штаты управления в Степном генерал-губернаторстве (нач. ХХ века). ҚР ОММ. 64 қор. 1 тізбе. 2738 іс. 101,102,103 пп. 

5.Ремнев А.В. Степное генерал-губернаторство в административных планах самодержавия конца ХІХ –начала ХХ вв. //Степной край Евразии: Историко-культурные взаимодействия и современность: ІҮ Международная научная конференция, посвященная 170-летию со дня рождения Г.Н. Потанина и Ч.Ч. Валиханова: Тезисы докладов и сообщений / под ред.А.П. Толочко. – Омск: Изд-во ОмГУ, 2005. –  С.42. 

 

Ахметжанова А.Т. – ҚР ҒЖБМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

 Тарих және этнология институтының ЖҒҚ, т.ғ.к. 

 

Садвокасова З.Т. – ҚР ҒЖБМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

 Тарих және этнология институтының БҒҚ, т.ғ.д, проф. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?