Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тылсымға толы аңыз өлке - Қарқаралы

1573
Тылсымға толы аңыз өлке - Қарқаралы - e-history.kz

«Арқаның алтын тәжі» деп бағаланатын Қарқаралының құпияға, жұмбаққа толы аймақ екені рас. Екі мың жылдық тарихы бар елді мекеннің аңызға айналған жерлері көп. Таулы, орманды, ерекше табиғаты бар, тылсымға толы өңір жайлы тарихи әңгімелерді тыңдаудың, оқудың өзі бір ғанибет. «Қарқаралы» аталуының өзіне байланысты бірнеше аңыз бар. Жалпы, «қарқара» дегеніміз әйелдердің бас киімі, пішіні үшкір боп келеді. Бір аңызда Баян сұлудың бас киімі осы жерге тасталған десе, келесі бір аңызда қосыла алмаған екі ғашық жайлы айтылады. 

Аңыз бойынша Қарқаралыда көршілес екі бай балаларын бел құда боп, атастырған екен. Кейін екі ауыл арасында кикілжің болып, қыз бен жігітті үйлендірмейтін болады. Ал көркіне қоя тоймайтын сұлу боп өскен қызға ғашық жігіт біраз жылдан соң кездеседі де, екеуі қашуға бел буады. Қыздың әкесі мұны біліп қойып, қуғыншы жіберіп, жігітті өлтіртеді. Ал қыз мұндай қатыгездікке шыдамай, жігіттің жанында өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасады. Сол кезде жігіттің үстіне құлаған  қыздың басындағы қарқарасы жерге ұшып түскен екен. Осыдан соң жер Қарқаралы аталыпты. Міне, осындай тылсымға толы киелі мекен жайлы аңыздар көп.

Қарқаралыдағы ерекше мекеннің бірі –Шайтанкөл. Республикалық маңызы бар, теңіз деңгейінен 1200 м биік орналасқан көлге ешқандай өзен де, бұлақ та құймайды. Сонда да судың деңгейі қар ерісе де, жаңбыр жауса да, құрғақшылық болса да не көтерілмейді, не түспейді.  Әлі зерттелмеген көлдің тереңдігі қанша екені, суының химиялық құрамы белгісіз. Жұмбақ көлдің Шайтанкөл атануы жайлы аңыздар көп. Соның бірі Әулие Жиренсақалмен байланысты. Бірде көлге жақындағанда жүзіп жүрген екі адамды көреді. Бір-бірімен сөйлескен екеудің «Әбілет, Жәбілет» деп жатқанын естіп, олардың малғұн екенін түсініп, көбейіп кетпесін деп, дұға оқиды. Содан екі жын жоқ боп кеткен екен. Бұдан кейін Әулие көл басына келіп, жиі дұға оқып тұратын болыпты. Көлдің «Шайтанкөл» аталуы осыдан қалыпты деседі. Тағы бір аңызда Михаил деген  архиепископ жындар мен шайтандарды шығару үшін көлдің батыс жағалауына орнатқан кресті суға құлап кеткеннен кейін «Шайтанкөл» атаныпты дейді. Бұл көлдің Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасына да арқау болғанын білеміз. Орыстың археолог-зерттеушілері де келіп біраз зерттеу жұмыстарын жүргізген. Туристердің қызығушылығын тудыратын тағы бір көлдің атауы - «Бассейн көлі». Пішіні бассейн тәріздес болған соң солай аталған болуы керек. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан көлдің аумағы – 0,14 гектар. Биік тауда орналасқан көл әдемі көрінеді. Жағасынан бұлан, арқар, ақсуыр, марал, бизон секілді аңдарды көруге болады.  

Тағы бір аңызға толы ерекше орын – Жиренсақал шыңы. Ол теңіз биіктігінен 1403 м. орналасқан Қарқаралы ұлттық саябағының ең биік нүктесі. Шыңның батыс жақ тұсы сары түсті ерекше болғандықтан, Жиренсақал аталған. Екінші атауы – Қабан шошағы. Бұлай аталуына қабандардың көп болуы себеп болған. Ал шыңды 1936 жылдан бастап Комсомол шыңы деп атайды, себебі сол жылы шыңның басына 100 комсомол қыз-жігіт  шыққан екен. Бұл жердің ерекшелігі «тілегің орындалады» деп, көпшілігі тілек тілеуге келеді. Аңыз бойынша осы таудың етегінде өмір сүрген отбасының тілектері орындалған көрінеді. «Әйел үңгірге келгенде үңгір иесін көреді. Қариядан өзін жас әрі әдемі етуін өтінген әйел демде жас келіншекке айналады. Күйеуі мен баласына асыққан келіншек күйеуінің кәрі түрін көріп, үйінен кеткісі келеді. Оны білген күйеуі тау иесінен әйелінің қайтып оралуын тілейді. Тау иесі оның тілегін орындап, екеуін де қартайтып жіберген екен. Бұны көрген баласы да «Әке-шешемнің жасы үш күн бұрынғыдай болсыншы» деген тілегін айтады. Тілегі қабыл болып, бұрынғы шақтарына оралған  отбасы бақытты күн кешіпті» деген аңыз қалыпты. Сондықтан болар осы жерге дертіне шипа іздеп, тілек тілеп келетін адамдардың қарасы көп дейді. 

Қарақаралының солтүстігінде орналасқан «Үш үңгір» деп аталатын жер бар. Мәліксай шатқалында әртүрлі көлемдегі үш бірдей үңгір тұр. Академик Әлкей Марғұлан жүргізген зерттеу жұмысында ежелгі тас дәуірінде өмір сүрген алғашқы адамдардың қонысы болған екені анықталған. «Қарабайыр адамның үңгірі» деп аталып кеткен бұл үңгір қазір туристік орынға айналған. Бұл жерде қола дәуірінен басталатын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің белгісі саналатын қорымдар бар. Этнограф ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп, жебе, қола, тас құралдарын, қыш ыдыстар табады. Обаларды қазу жұмыстары ХХ ғасырда жақсы жүрген. Үш мың жылдық тарихы бар Қызыл кеніш сарайы ең көрнекті сәулет ескерткіштерінің біріне айналды. 15 мың гектар жерді алып жатқан сарайды 5000-ға жуық адам мекен еткен. Ірі сауда орны болған қаланың астынан Будда храмын тауып алған. Бұл ғибадатхананы алғашында халық Қыз әулие мазары деп, қасиетті жер деп ойлап, басына тәу еткен. Кейіннен зерттеушілер табылған бұйымдардағы өрнектерге қарап, оны будда дінінің лама тармағын ұстанушылардың ғибадатханасы екенін анықтаған. Қызыл Кеніш сарайына қатысты аңыздар да көп. Сондай бір аңыздың бірінде екі хан бір-бірімен құда болып, жүк артып, осы Кент тауларымен жүрген екен. Қыс кезі болғасын керуенге ілескен қалмақ пен қазақтың батырлары жылынбақ боп күресіп-алысады. Қазақ батыры қалмақтың белін сындырып қояды. Қалмақ қызы қазақ жігітін ұнатып, көңіл қосады. Күннің суықтығына байланысты әрі қарай жүрмей, сол жерде қыстамақ болады. Сөйтіп қызыл граниттен сарай салады. Сарайдың Қызыл Кеніш аталуы осыдан екен. Ғибатхана осы қалмақтардың сыйынатын орны болуы да әбден мүмкін. Тарихтағы Қарқаралыны қалмақтар мекен еткенінің белгісі де осы сарай екенін болжау қиын емес.  

​Қарқаралы тауларын көмкере қоршап, Суық бұлақ, Мәлік сай бұлағы, Тұнық бұлақ, Тас бұлақтар қысы-жазы тоқтамай ағып жатыр. Тау шатқалында Самал, Үлкен көл, Шортанды, Жартас көлдері де ерекше сән беріп тұр. Табиғаттың әдемі үйлесімділігін беріп тұрған ғажайып мекеннің ортасында Қарқаралы қаласы менмұндалап көрінеді. Қарқаралының әрбір тасы, көлі, бұлағы аңыз бен ақиқатқа толы екені даусыз. Әрбірінің атауларының өзінен сол жердің ерекше жұмбақ мекен екенін сезесің. Қасиетті болмаса Қарқаралыға Құнанбай қажы мешіт салдырар ма еді? Бір мезгілде 300 адам намаз оқи алатын мешіт киелі орын саналады. КСРО кезінде мешітті бұзуға бірнеше рет оқталады. Дегенмен бұзуға ешкімнің шамасы келмейді. Себебі Имаш деген кісі «өзім-ақ бұзам» деп, төбесіне шыққан кезде, аяғы тайып, құлап кетеді де,  мерт болады. Сондай-ақ мұнарадағы айшықты атып түсірген мерген де жұмбақ жағдайда көз жұмады. Кеңес Одағының кезінде түрлі күй кешкен мешіт тәуелсіздік алғаннан кейін қалпына келтіріліп, бүгінде жұмыс істеп тұр. 160 жылдық тарихы бар  киелі мешіт туристердің арнайы келіп тамашалайтын орнына айналды  

Тарихтың алтын діңгегіне айналған Қарқаралы ашық аспан астындағы мұражайға, халықтың көп келетін туристік мекеніне айналдыру бүгінгі күннің еншісінде. Мың бұрала билеген жасыл орманы мен қатпар-қатпар тасы сонау Қаз дауысты Қазыбек бидің өнегелі өмірінен, Тәттімбеттің тәтті күйінен, өр дауысты Мәдидің дауысынан, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің өмірінен сыр шертетін киелі мекенді мәдени-танымдық қызмет көрсету орталығына айналдыруды мақсат тұту керек. Сарқылмас сырға толы, тарихы тереңде жатқан мекеннің ашылмаған ғажайыптары әлі де ашылатыны анық.  Қасиет пен кие қонған мекеннің ашылмаған жұмбағын, тылсымға толы тіршілігін танып-білу, зерттеу әлі де жалғасады деп ойлаймын.

Лаура Халел,

Л.Н Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті

Қазақ журналистика факультетінің 2 курс студенті

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?