Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мағжан – ер түріктің тарихи тұлғасы

2834
Мағжан – ер түріктің тарихи тұлғасы - e-history.kz

Сурет: bilimainasy.kz

Бұл мақалада Абайдан кейінгі ұлы ақын Мағжан Жұмабайдың өмірі мен шығармашылық жолындағы кейбір беймәлім беттер зерттеліп, шығармашылық мұратының сан алуан қырлары, ғылымда көп айтыла бермейтін ақындық бағыттары, ағартушылық ұстанымы мен азаматтық принциптері ұлттық, түріктік, діни тұрғыдан қарастырылады. Сонымен бірге қосымшада жазушы І. Есенберлиннің «Қатерлі өткел» романындағы прототипі Мағжан болатын Бүркіт образының сомдалуы да талданады. 

Алаш әдебиеті тарихын зерттеушілердің жазуына қарағанда, Мағжан Жұмабаевты ақтау процесі ұзаққа созылған. Оның шығармашылық мұрасына қайта баға беру тұрғысында ол ұлттық мазмұнда өлең жазған жоқ, ол дін тақырыбына қалам тербеген емес, ол түрік идеясын жырламады деп амалсыздан тиіп-қашты жауап қатуға мәжбүр болған. Өйтпейінше Мағжанды ақтау мүмкін емес-ті. Ал қазір тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасыр уақыты өткенде жаңаша баға беріп, нақты әрі толыққанды зерттеу арқылы тарихи әділеттілікті орнына қойып, қалпына келтіру қажет. Мағжан Жұмабайдың ақындық әлеміне үңілу, кейбір өлеңдерінің тақырыптық бағытын дұрыс айқындау, ұлттық, түріктік, діншілдік бағыттағы өлеңдерін саралау ғылыми жобаның өзектілігін қамтиды. 

Қазіргі кезде XX ғасырдың басындағы қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы, тұтастығы, теңдігі үшін арыстанша алысқан алашшылдардың өмірі мен қызметі – терең зерттелуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Алаш қозғалысы өз заманында халықтың ең алдыңғы қатарлы зиялы азаматтарын топтастырған, сол тұстағы аумалы-төкпелі кезеңдерде елінің мүддесі үшін жан аямай арпалысқан тұлғалардан құралған еді. Ғұмыры қысқа болса да, аталған қозғалыс төл тарихымызда өшпес із қалдырды, ең бір айтулы тарихи құбылыс ретінде елдің есінде қалды. «Алаш» қозғалысының дүниеге келуі өткен ғасырдың басында болып өткен қоғамдық-саяси уақиғалармен тығыз байланыста болғаны шындық [1, 38]. 

Бүгінгі қазақ әдебиеттану ілімі алға қойған әдеби бағыт-бағдарды айқындау, көркемдік кеңістікті тану, ақтаңдақтардан аршылған тарихи шындықты ұлт санасына сіңіру, әдеби-мәдени интеграцияны дамыту, тарихи кезеңдерді зерделеу, тұлғаларды жаңғырту сықылды аса күрделі міндеттерді ойдағыдай орындап отыр. Бұл құбылыс Қазақ елінің Азаттық алуымен тікелей байланысты болғаны анық. Осы тұрғыдан келгенде XX ғасырдың бас кезінде елінің ертеңі үшін күрескен ұлттың бір топ арда азаматтары тарих сахнасына көтерілгені дәлелденді. Әрі XX ғасыр – сыны мен сыйы қатарласа келген, Ресей империясы құрамындағы халықтардың саяси көзқарасының қалыптасқан, сана-сезімінің оянған, ұлттық бірегейлік мәселесі көтерілген ғасыр. Қазақ мәдениетіне, қазақ әдебиетіне, қазақ тарихы мен ғылымына өлшеусіз үлес қосып, тыңнан түрен салып, ерекше екпін берген Алаш арыстары-тұғын. Олардың мұраты – айқын, арзу-арманы – асқақ еді. Ұлы рух, қажыр-қайрат, ерік-жігер негізінде жаңа дүниелер туғаны сондықтан. 

Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Б. Сырттанұлы, Ж. Досмұхамедұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, Р. Мәрсекұлы, Ә. Ермек, Е. Омар, Х. Ғаббас, Ж. Аймауытұлы, Қ. Кемеңгерұлы, С. Сәдуақасұлы, С. Қожанұлылар, т.б. қайраткерлік танытқан Алаш қозғалысының алдыңғы сапында ұлт ақыны Мағжан Жұмабайдың болғаны даусыз ақиқат. 

«Жасынан оқу оқып, өнер қуған» Мағжан Жұмабай Алаш арыстарымен иық тіресіп тізе қағысып мектеп бағдарламаларын түзіп, жоспарлы түрде керекті оқулықтар мен оны үйретудің әдістерін жасауға атсалысты. Себебі Алаш қозғалысының ең негізгі және қасиетті миссиясы ағартушылық болды. Мұндай игі іс – ұлтты сауаттандырудың негізі, әрі жанкештіліктің айқын белгісі. Тегінде ұлтты оятудың ұмтылыс-құлшыныстарының барлығы дерлік ағартушылық, оқу, білім, ілім, ізденістің күшеюіне мүмкіндік туғызды.

Батыс пен Шығыс ілімін қатар үйренген Алаш қозғалысы жетекшілерінің ең басты мақсаты – Қазақ елін өзгелермен терезесі тең өркениетті, агросекторы дамыған, экономикасы өрістеген, саяси-әлеуметтік ұстыны мығым ұлтқа айналдыру болатын. «Алаш» ұғымы – қазақ үшін қастерлі ұғым. Ақын ретінде қазақ арасына аты жайылған Мағжан ұлт тарихының соқталы, соқпақты кезеңдерінен тайсалмай өтіп, ұлт жанының шырқыраған талмауыр сәттерінде жан ұшырған ұлт қайраткері деңгейіне көтерілді. 

ХХ ғасырдың басындағы оқыған қазақ зиялыларының бір идеяға топтасып еңбек етуінің астарында Алаш идеясы жатыр. Алаш идеясы, Алаш ұғымы ғана бүкіл қазақ даласының ойы мен қырындағы, қаласы мен даласындағы мұқым қазақты біріктіретін идея екенін ұқты. Алаш сөзі көне дүниетанымдағы рухты сөз, жалпақ елдің атой сөзіне айнала алатын дайын ұран. Ғасырлар бойы көктеп өтіп, ХХ ғасырдың жаңа кезеңінде тарих сахнасына алып шыққан қазақ интеллигенциясы ұлттық қозғалысқа Алаш атауын беріп, ағартушылық бағытты ұстанды. 

Ағартушылық бағыттың өзі ұлтшылдықпен астасуы керек. Әрбір адам алдымен өз ортасын танып білетіні сияқты, оқыған азаматтар әлемдік өркениет көшіне қазақ өзінің жолымен, жөнімен қосылатынын ұқты. Сондықтан тарихшы, академик М. Қойгелдиев «Алаш ағартушылығы» және «қазақ ұлтшылдығы» деген ұғымдарды жіті танып, ұғындырып, ғылыми айналымға енгізді [2].

Біртұтас Алаш идеясының төңірегінде топтасқан, өлшеусіз үлкен еңбектер атқанға Арыстар сияқты Мағжан ағартушылықты да, ұлтшылдықты да қатар ұстанды. Өмірлік миссиясына айналдырды. Зерттеушілер ақынды ақырғы ажал сәтіне жеткізгенде тағылған тергеу істерінде оның совет билігіне сенбегенін айтады. Ақынның замандасы, қаламдас досы Сайфи Құдаш өзінің берген түсініктемесінде «Неге сенбеді?» деген сұрауға «Оның жалғызғана себебі бар, ол – ақынның ұлтшыл ұстанымды болғандығы» деген жауабын береді.

Демек, Мағжан – тұла бойымен тұтас ұлтшыл ақын. Қазақ әдебиеті тарихында біздің Мағжанға дейін оқыған Қазтуған жырау, Махамбет, Ахмет пен Міржақып жазған ұлтшылдық сарындағы шығармалар қатарын Мағжан мұрасы да толықтырады. Әрине, ақын шығармашылығы сан алуан, көп қырлы, жан-жақты. Әсіресе оның махаббат пен ғашықтық, сезім сырларын айшықтайтын өлеңдері мен ерлік, батырлық, қаһармандықты дәріптейтін поэмаларын оқып білген жандар үшін оның осы қырын ғана жақсырақ білетіндей көрінеді. Шындығына келгенде Мағжан – тұтас ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын. 

Ұлтшылдықтың көрінісі Мағжан шығармашылығында «Сүйемін» өлеңінде анық көрінеді. 

Ұйқы басқан қабағын, 

Бастыра киген тымағын, 

Жалқаулықты жар көрген,

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен, 

Бірге жусап, бірге өрген.

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін – 

Сол елімді сүйемін [3, 100]. 

Ақын туған елінің бойындағы жақсы мінездерді жамандығымен қоса, жастықтан бас көтермес жалқаулық пен ескі заңымен жүретін кертартпа сияқты кеселді дерттерімен бірге ешбір себепсіз жақсы көріп сүйемін дейді. Сайын дала Сарыарқаны мәңгілік өлік сахарасы дегенге дейін жеткізген Мағжан сол «сағымы сайран құрып, бораны ұлып тұратын» Сарыарқаны да неліктен сүйетінін түсіндіре алмайды. Ұлтыңның басқан топырағы мен жұтқан ауа, ішкен суы мен ойнаған қырына дейін, оның қандай да кемшілігіне қарамастан сүю үшін үлкен жүрек керек.

«Мағжан – табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен нағыз табиғат ұлы» деп заманында биік баға берген Жүсіпбек Аймауытұлы «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр.

...Оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жаһат қылуы керек», – деп жазады.

Мағжанның «Бостандық» деген өлеңінде де ойының тіпті аспандап шарықтағанын аңғарамыз. Ондағы ұлт мәселесін адамзаттық құбылыстармен, діни ұғым-түсініктермен байланыстыра суреттейді. «Жер жүзін қан басқанда, Көбігі шығып аспанға, Жые жолдас болып адамға, Туралық, теңдік ұмтылып» деп басталып:

Қыбырлаған қоңыздар,

Қорсылдаған доңыздар

Көктен келген қонаққа

Тілін, қолын тигізді,

«Сасық сайтан» дегізді [3, 77], – деп өлеңді асқан көркемдікпен шиеленістіреді. Жын, ібіліс деген жамандық атаулылар «Бостандық» есімді «ақ қанатты ізгі періштеге» қолын, тілін тигізгені жайлы астарлап жеткізеді. Мұндағы қоңыздарды да, қорсылдаған доңыздарды да ұғып түсіну үшін көп қиналудың қажеті жоқ, қазақ халқының ертеден бергі көршілес болып қоныс тепкен теріскейдегі Ресей мен күнгейдегі Қытай елін ишаралап тұрғанын байқаймыз. Сонда «көктен келген қонағымызды» ниеті адал, жақсы ойлы қазақ халқы деп ұғуға болатындай.

Мағжанның ұлтшыл ақындығына қоса, шыншыл ақын болғанына да дау болмаса керек. Патшалық Ресей империясының жылдар бойы жүргізген отарлау саясатының асқынғаны соншалық, Алаш зиялыларының түптің түбінде отаршылдық қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберуді көздегенін айқын ұқты, жан жүрегімен сезді. Сондықтан «қараңғылық қаптаған заман» деп торыға отырып, елді «жарық сәулеге» бастау үшін алға ұмтылды. Мұнда ақынның: 

Жолбарыс жортатұғын сар даламда 

Өңкей шошқа доңыздар толып кетті, – деген өлең жолы реалистік шындықты сипаттауынан бөлек, зардабынан да хабар береді. Ақындар жай шығармашылық тұлға ғана емес, олар елді қауіп-қатерден сақтандырушы, қорғаушылар сияқты. Қазақ даласының шұрайлы шығыс өңірін көргенде «Шошқаның құлағы қылтиып тұрған жер екен...» деп келешекті көрегендікпен танып білген Асан қайғы бабамыздың сөзі, шошқаның басқан жерін атына жегізбеген Кенесарылардың өсиеті де ұлттық мүддеден туындап отыр. 

Мағжан ақын ұлтшыл болғаны үшін, ұлтын сүйгені үшін жазықты болып, айыпталып, атылды. Ол сонда да өзінің азаматтық ұстанымынан, халықтық бағытынан бас тартқан жоқ. 

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін! – деген жырынан ештеңеден тайсалмайтынын байқаймыз [3, 98]. 

Ақынның ұлтшылдық жайлы өлеңдерін талдай келе, біз енді осы тұрғыдағы көзқарасын «Педагогика» атты еңбегімен қорытындылайық. Мағжан: «Өз елін сүю дегеннен – адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды. ...Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті» деген түйін жасайды.

Сондықтан Мағжан – сөз жоқ, ұлтшылдықты жырлаған, бостандықты көксеген ақын, жалынды күрескер. 

Түрік идеясын жырлау, түрік бірлігін көксеу Мағжан шығармашылығында елеулі орын алады. Ол «Қазақтың бақытқа жетер жолы біреу-ақ, ол – ұлттық тәуелсіздік» деп есептеді, бұл азаттыққа жету үшін қазақ халқының өткен тарихын, тағдыры, ерлікке толы өткен өмірін түрік аясында жырлап отырады.

Ақын шығармашылық мұрасын қамтитын басты-басты салаларды ұлт-азаттық бағыттағы, лирикалық, суреткерлік бағыттағы, оқу-ағарту, білім жөніндегі деп жүйелесек, осындай бір ауқымды тақырыпты түрік тақырыбы қамтиды. Осылардың барлығының негізінде бостандық, махаббат, ізгілік, ағартушылық, ұлтшылдық, оның ішінде бауырлас, тағдырлас халыққа деген сүйіспеншілік құндылықтары басым.

Шынына келгенде Мағжан – ұлтшыл болғанда да түрікшіл ақын, гуманист ақын. Ол өз елін ғана мадақтап, туған халқын ғана ардақтамайды, өз қазағы да ішіне сыйып кететін түрік халықтарын, түрікшілдік идеяны қатты ұлықтады. 

Сол себепті оның қаламынан осы тақырыпта мазмұндас «От», «Орал», «Түркістан», «Тұранның бір бауында», «Қазақ тілі», «Алыстағы бауырыма», басқа да туындылары дүниеге келді. Бұл жайында Алаш зиялысы Ж. Аймауытұлы: «Түрік халқының, оның ұлы көсемдері, әсіресе, Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалысын дәріптеуі, қазақ ұлтына тастаған үндеуі іспеттес болатын», – деп бағалады [4]. 

1920 жылдары түрік халқының сол кездегі жас көшбасшысы, Чанаққала шайқасында ерлігімен көзге түскен әскери қолбасшы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалысын дәріптеуі қазақ халқының атынан жолданған ыстық ықыласты сәлем болатын. Түрік халқына арнап жазған «Алыстағы бауырыма» деген өлеңінде:

...Алыста ауыр азап шеккен, бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен, бауырым.

Қамаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен, бауырым...

 

...Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны,

Шынымен, ауырды ма, бітіп халі...

От сөніп, жүректегі құрыды ма,

Қайнаған тамырдағы ата қаны...

 

... Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа

Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік,

Алтайға, ата мирас алтын таққа, – деп, бірігіп, бас қосып, ата жауға қарсы тұруды меңзейді. Түрік халқына қалай көмек берерін білмей, жүрегі қан жылайды... 

Бұл жердегі Мағжан тіліне тиек етіп отырған киелі Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі. Тарихта қаншама халыққа киелі қоныс болған жер. Жоғалған тәуелсіздігін қайтадан қайтару үшін күш-қуат жұмылдыратын қасиетті мекен. Дәурені жүріп тұрғанда ғұндар, түркі халықтары, ол аз десеңіз Шыңғысхан да осы топырақтан шығып жарты әлемді билігіне қаратқан. Мағжан ақын да осы даңқты ерліктерді қайыра халықтың есіне салып «Мықтылармен тең болуды қаласақ қайтадан бірігейік» деп күллі туысқан түркі халқына үндеу қатады.

Бүгінгі таңда қырықтан астам халық болып өмір кешіп отырған тұтас түркі жұртының әрбір перзенті үшін дүниеде өте ыстық әрі бағалы екі қоныс бар: Оның біріншісі жоғарыда аты аталған Алтай, екіншісі Түркістан шәрі. Мағжан «Түркістан» атты поэмасында былай дейді:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой,

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

Шынымен де Түркістан екі дүниенің, шығыс пен батыстың рухани қақпасы. Бұл тек қана ақынның жеке ойы емес. Бұл барша түркі ұрпағының санасына байыппен орныққан тұжырым [5].

Тарихи деректерге қарағанда, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында патшалық Ресей үкіметі, ал 20-сыншы жылдардан совет билігі түрік мәселесіне қолдан келгенше кедергі жасап бақты. Қарқаралыдағы қазақ азаматтарының «Түркия – біздің туысқан еліміз» деп қолындағы қаржысын отаршыл Ресейге емес, алыстағы Түркия еліне жолдап отырғанын сезген патша жандермиясы қамап, итжеккенге айдалған оқиғасынан білсек, совет билі орнай салысымен қазақ ұлтының басына әңгір-таяқтан орнатқан, қиындықтан көз аштырмаған сұмдық зұлматтардан анық аңғарамыз. 

1916-1919 жылдардағы алмағайып аласапыран кезеңдегі, азамат соғысының елді қажытуы, ақ, қызыл болып бөлініп, күнде қанды қырғынның етек алуы, елді аштықтың жайлауы, байлардың малын тартып алып, халықты жаппай ұжымдастыруға зорлап біріктіруі, советтендірудің жойдасыз сұрқиялықпен жүргізілуі, қазақтардың көрші Ауған, Қытай, Моңғол, Ресей, Орта Азия елдеріне ауа қашуы, ақыры 1932 жылы 2 миллион қазақтың аштан қырылуы сияқты ауыр жағдайлар ойлы қазақ азаматтарын қатты толғандырғаны сияқты Мағжанды да ойландырып, қапаға түсіргені айқын. 

Бұл орайда Мағжан түріктер қазақтар бір атадан тараған қандас, бауырлас халық екенін пайымдайды, өткен күндегі естеліктерді еске түсіріп, халық жадына оралтуды мақсат тұтады. Сондықтан ол «Орал тауы» өлеңінде:

 ... Бір күнде сенің иең түрік еді,

Орын ғып көшіп, қонып жүріп еді.

Қорықпайтын таудан, тастан, батыр түрік,

Қойныңа жайыменен кіріп еді...

Ер түрік ен далада көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса-ерік еді,

Тұрғанда бақыт құсы бастарында,

Іргесі, жел, күн тимей берік еді...» – деп, түбі бір түркі халқының батырлығын сипаттайды. 

Шын мәнінде ерте кезде қазіргі Қазақстанның оңтүстік, Қызылорда облысы және Маңғыстау аумағында бүгінгі түріктердің арғы аталары оғыздар, селжұқтар, қайылар мекен еткен. Осы тұрғыдан Мағжан түріктерді қандас ретінде біліп, олардың ерлік істеріне ризашылық білдіреді және жас ұрпақты түріктердей батыл болуға шақырады. 

Осылайша түрік дегенде қазақ зиялыларының ғана емес, қарапайым қазақ шаруасының да еңсесі көтеріліп, жігері ойнайды. Өйткені арғы бабалар тарихында ортақ белгілері өте көп, ұқсас жағдайлар мол ұшырасатын, кіндігі бір, тамыры тереңге кеткен дүниетанымдық ұғымдар көп кездеседі. 

Профессор Т. Жұртбайдың пайымдауында, Мағжан жай түрікшіл емес, университет деңгейінде жалпы түрік тарихынан, Түркия тарихы мен әдебиеті тарихынан, араб, парсы, түрік әдебиеті теориясынан дәріс  тыңдап, емтихан тапсырған түрік мәдениетінің маманы [6, 51].

Мағжанның «Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны» сияқты сөздер Түркияның ұлт-азаттық қозғалысына арнап, «Кел, кетелік, Алтайға, ата мирас, алтын таққа!» деген үндеумен аяқтайды. Мұны түбі бір түркі халқын қолдау және оларға деген сүйіспеншілік деп білсек, ақынның ойын нақты дұрыс түсінген боламыз.

Ұлт тарихында «Алаш ісі» деген атышулы тергеу ісінде категориясы жағынан әлі де ақталмаған топ – діндарлар тобы. Қазақ арасына асыл дініміз деп ислам құндылықтарын таратып, діни ұғымдарды сіңірген ғұламалар аз болмаған. Сондай ғұламаның біреуі – Мағжан. Ағартушы қайраткердің осы қыры түбегейлі зерттелмей келе жатыр. 

Мағжан – үлкен жүректі, рухты ақын ғана емес, өмірлік толғамдарды қиыстыра айтатын, исламға тән ескі де жаңа діни түсініктерді жетік білген, меңгерген ойшыл тұлға. Бұл турасында ғалым Т. Жұртбай «Мағжан – қазіргі Станбол университетінің магистрі деңгейіндегі жоғары діни білім алған адам, имам-хатибтік дипломы бар магистр, демек ол – жай панисламит емес, нағыз ислам ғұламасы» деген баға береді. 

«Тұлғалар өміріндегі ислам» атты еңбегінде М. Шапиян Мағжанның ақындық қырына діншілдігін, Алланы танудағы көзқарастарын жатқызады.  «Ақын қандай қиындық көрсе де, «тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де өлеңдерінде Алладан үмітін үзбейді, бар керегін Жаратушысынан сұрайды. «Айға» атты бір өлеңінде:

Ант етіп айырылмасқа бірігейік,

Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік.

Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,

Көл қылып, қан аралас жас төгейік, – деп Алла тағаланың әділдігін жырға қосса, Міржақып Дулатовқа арнаған «Жауға түскен жанға» өлеңінде:

Мейiрiмi кең күштi Ием, 

Сорлы жұртты оң баста. 

Дұшпан – құлаш, бiз – сүйем, 

Рақмет ұшқынын таста! 

Көбейсiн елде қайратты ер, 

Жұрт үшiн болсын қара тер. 

Сорлы жұртты бастасын, 

Жасаған, соған көмек бер! – деп бар жан-тәнімен Құдайға жалбарына сөйлейді».

Құдайсыз қурай да сынбайды. Осы мағыналас ой Мағжан шығармашылығында менмұндалап тұрады. Екі сөзінің бірінде «Алла», «жасаған», «пайғамбар», «періште», «иман», «құран», «ғарыш», «ұжмақ», «ібіліс» деген сөздерді келтіретін ақынның бұл әдетін замандасы Ж. Аймауытұлы былай ашып көрсетеді: «Осындай сөздеріне байланысып, діншілдікпен айтады десек, ол тым сыңаржақтық болады. Қандай діншіл ақын болса да сөзді күшейту үшін, халықтың ұғымымен есептесу үшін дін лұғаттарын алудан қашпайды. Қазақтың, қала берсе мұжықтың ақыны боламын деген кісі «құдай, әулие, пайғамбар» деген сықылды күшті сөздерден қашып құтыла алмайды. Өйткені, бұқараның екі сөзінің бірі құдайсыз келмейді».

Мағжан өлеңдеріндегі табиғат суреттеріндегі поэтикалық құбылыстарды да діни ұғымдармен байланыстырады. Мысалы, «Қысқы жолда» өлеңінде желдің долы мінезін суреттей келіп:

Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап,

Аузы-басы жыбырлап,

Асып-сасып сыбырлап,

Жерді жапқан кебінді,

Сүйіп ақырын құшақтап,

«Әпсүн» оқып үреді, – дейді. Бұл табиғаттағы жансыз құбылыстарды жанды кейіпте бейнелеу, яғни таза кейіптеу тұрғысында жасалған сәтті, суретті сөздер. «Күзді күні» өлеңіндегі жас қайыңды суреттеуіне қараңыз:

Балапан нәзік жас қайың,

Соққан суық жел сайын.

Бүрсиіп, сорлы, дірілдеп,

Ақырын ғана күбірлеп,

«Сұбхан Алла, сұбхан» деп,

Жасағанға жалынып,

«Жәрдем бер» деп сұрайды, – деп, қайыңның өзіне дұға еткізіп қояды.

Ал өзінің «Жаралы жан» атты өлеңінде: 

«Ойпырым-ай, Алла-ай, Жасаған, 

Қысылды ғой шыбын жан! 

Қуат кеміп барады, 

Көл болды мынау аққан қан. 

Тәңірі, өзіңе жылайын, 

Хал жоқ, қалай тұрайын! 

Жүректі жара жеп барад, 

Жасаған-ау, қалай шыдайын?! – дей келіп, «Мынау қарға, құзғынның, Бердің-ау, Тәңірім, тілегін!» немесе «Күштісің ғой, Құдірет, Періштеңе әмір ет!» деп күңіренеді.

Мағжанның діни сауаттылығына, советтің идеология тұрғысынан баяндалған біржақты діншіл, ескішіл деген таптаурын көзқарастарды талқандайтын құдіретке ие екеніне таңданасыз. Сол себепті оның ұлтшыл, түрікшіл деген айыптауларына енді діншіл деген айып қосылды. 

Әдебиет пәнінде қандай да бір кейіпкерлер образын талдау барысында олардың «жағымды» және «жағымсыз» деген топқа жіктеп, қарастыру қазіргі кезде жиі байқалмайды. Десе де, мұны айналып өтуге болмас еді. 

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ұлттық идеяны «жағымсыз» кейіпкердің бейнесі мен олардың диалогтары арқылы оқырманға жеткізуді әдеби тәсіл етіп алды. «Жағымды-жағымсыз» кейіпкерлердің арасындағы тартыс арқылы азаматтық, көзқарастық шындықты жеткізуге ұмтылды. М. Әуезовтен бастап О. Бөкейге дейінгі әдебиет алыптарының шоғырының ортасында І. Есенберлинің болуы да заңдылық сияқты. «Абай жолындағы» Құнанбай мен Әзімхан, «Өз отыңды өшірмедегі» Оспан, «Қатерлі өткелдегі» «адасқан» ақын Бүркіт жағымсыз кейіпкерлер болмысында суреттеліп, көркемдік шындықты тану жолына қызмет етті.

«Қатерлі өткел» романында ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында жағымсыз, жексұрын етіп бейнеленген алашордашылардың ықпалында болған жас Бүркіттің жан толғаныстары суреттеледі. Осы образ арқылы төңкерістердің қатар-қатар соққан дауылынан ауыр қасіреттер мен зардаптарға тап болған, әлденеше ашаршылықты, азаматтық соғыс пен мүдделер қайшылығынан зәрезап болған, сталиндік тоталитарлық заманда халқымыздың басына төнген небір зұлматтарды қай бағытқа шығарып білмей сенделіп, «адасқан ақын» Бүркіттің аузымен айтқызады. 

Романдағы адасқан ақын Бүркіт образы жамандықтан жақсылыққа бағыт алушы кейпінде сомдалады. Мұндағы жаман жағымыз Алаш, жақсылық бет Совет билігі. 

«Ұстаған жолым дұрыс па, бұрыс па, қазір өзім де ашық білмеймін, бұрын бәрі де маған айқын секілді еді, ол қазір қалың тұманға еніп кетіп, жол таба алмай адасқан тәріздімін» дейді шығармада Бүркіт кейіпкер. 

Алғашында Алаш жолына түсіп, ұлт қайраткерлерімен тізе қосып, ұлттық теңдік мәселесін ту етіп көтерген топтың ішінде болса да, кейін бұл ойынан өзгеріп, жаңа өмірдің жаршысы болуға бет бұратын Бүркіт көрінеді. 

Ұстазы Ақанның мезгілсіз қазасынан Бүркіттің монологынан ендігі жолының қай бағытта түсерін ойлаған шарасыз жанды байқаймыз: «Ол қалың ойда. Көңілінде тағы да Абай сөздері. Күйінішті арманға толған ақын өлеңдері есінен шығар емес, бұның да өкініші, арманы бола бастаған. Абай жолы, Абай мектебі бұның да жүрегіне шам жаққан. Сол күндері «Қайтсем сорлы халқымның өкінішті өмірін жөндеймін?» деген бұның да жүрегінде жарқын тілек туған жоқ па еді? Иә, сөйткен еді ғой...» [8, 24]. 

Мен мұндағы Бүркіт образының прототипі Мағжан Жұмабай деп ойлаймын. Оған келтіретін дәлелдерім мынадай: 

«Қолыма қалам алғалы,

Сөйлеген емен жасыра.

Мен – мұңдымен мұңдастым,

Адассам – ел деп адастым,

Он деген емен асылы» деп келетін өлең жолы ақын Мағжан шығармашылығында кездеседі. Бұл туралы профессор Т. Жұртбай былай деп жазады: «Мағжан: «Адассам – «Ел» деп адастым» дегенде, өзінің ұстанған азаматтық-ақындық мақсат-мүддесінен адасқандығын емес, ел-жұртының тәуелсіздікті таңдау жолында «адасқанын» (большевиктік жолды таңдағанын), сол адасқан елімен бірге боламын деп өзінің де солармен бірге «адасқанын» айтып отыр ғой» [6, 55]. Бұл бір.

Екіншіден, Бүркіттің портретін жасауда автордың белгілі бір деңгейде ақын Мағжан фотосуретіне үңілгенін аңғаратындаймыз. «Қара торы, ойлы қоңыр көзді, бұйралау келген дудар шашты, орта бойлыдан сәл биіктеу жас жігіт. Үстінде тік жағалы, жеңінің аузын бүрген қара көк шерсть кавказ көйлек, белінде шашақты, есілген жібек белбеу, бұтында сарғылт чесуча қыры сынбаған шалбар, жып-жылтыр қара лакты шебілет. Кең маңдайы, ойлы көзі жігіттің үлкен дарын иесі екенін аңғартқандай. Бұл — жас ақын Бүркіт» деп жазылған. 

Үшіншіден, «төрт жыл бұрын Ақшатыр гимназиясын бітіріп, Омбы университетіне түскен» деу арқылы Мағжанның оқу білім жолынан да көп ауытқымағаны білінеді. Ақшатаудың Қызылжар екенін, Омбы деп Қазан қаласын тұспалдап отырғанын білу үшін көп ойланудың қажеті шамалы.

Осылайша, «Қыран құстың қос қанаты қырқылды» деп жырлаған Мағжан ақынның әдеби бейнесіне І. Есенберлиннің Бүркіт деген есім беруін де бекерге санамадық. 

Қазіргі кезде XX ғасырдың басындағы қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы, тұтастығы, теңдігі үшін арыстанша алысқан алашшылдарың өмірі мен қызметі – терең зерттелуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Алаш қозғалысы өз заманында халықтың ең алдыңғы қатарлы зиялы азаматтарын топтастырған, сол тұстағы аумалы-төкпелі кезеңдерде елінің мүддесі үшін жан аямай арпалысқан тұлғалардан құралған еді. Ғұмыры қысқа болса да, аталған қозғалыс төл тарихымызда өшпес із қалдырды, ең бір айтулы тарихи құбылыс ретінде елдің есінде қалды. Алаш қозғалысының дүниеге келуі өткен ғасырдың басында болып өткен қоғамдық-саяси уақиғалармен тығыз байланыста болғаны шындық.

Бұл орайда қозғалыстың ең бір жарқын өкілі, ірі қайраткері Мағжан Жұмабайдың шығармашылық мұрасының советтік идеологияның кесірінен жамап-жапсырылған артық көзқарастарынан арылтып, таза ұлттық көзқараста зерттеу ісі өзектілігін жоймайды. 

Қорыта келгенде Мағжанды адасқан ақын деп танып, оның мұрасын жоққа шығарғысы келгендердің өздері адасып қалғанын тарих дәлелдеді. Сондықтан Алаш тарихының ақтаңдақ беттерінде Мағжан шығармашылығы да жыл өткен сайын жарқырап, шолпан жұлдыздай шамшырақ болып тұрары сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер: 

1. Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – 528 бет.

2. Қойгелдиев М. Әдебиеттегі ұлтшылдық кезең. // Жас Алаш. 23.04.2020.

3. Мағжан Жұмабаев. Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Ан-Арыс, 2009. – 320 бет.

4. Ақиқат журналы, 28 наурыз, 2021

5. Ожайұлы Ы. Мағжан еңбектеріндегі түрікшілдік идеясы. // қазақстан тарихы порталы. https://e-history.kz/kz/news/show/33582/

6. Жұртбай Т. Ұлт ақыны немесе Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық өмірі. Қолжазба құқығында.

7. Шапиян М. Мағжан өзін неге «Пайғамбар» деп атады? // Әдебиет порталы. 18. 07.2016 https://adebiportal.kz/kz/news/view/902

8. Есенберлин І. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Қатерлі өткел: Роман. – Алматы: Жазушы, 1975. – 456-б.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?