Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Серік Әбішев: «Халық киноға ойлануға емес, попкорн жеп, күліп қайту үшін барады»

1755
Серік Әбішев: «Халық киноға ойлануға емес, попкорн жеп, күліп қайту үшін барады» - e-history.kz

Сурет: Yernar Almabek / MASSAGET

Серік Әбішов – 1986 жылы Түркістанда дүниеге келген, продюсер, режиссер, өнертану  ғылымдарының PhD докторы. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Шетелдерде жүлделі орындарды алған режиссер Әділхан Ержановтың бірнеше фильмінің продюсері. "Куәгер", "Однажды в детском доме" фильмдерінің режиссері. 2015 жылы АҚШ-тың Foreign Policy журналының жыл сайын тағайындайтын Top 100 Global Thinkers (Әлемнің 100 ойшылы) тізіміне енген.

–  Елімізді «ұятқа қалдыратын фильмдер» деген картиналар шетелде жақсы қабылданып, жетістікке жетті. Авторлық фильмдердің шетелде жақсы көрсетіліп, Қазақстанда прокатқа шықпауының себебі неде деп ойлайсыз? Көрермен оған дайын емес пе? Ондай кинокартиналар әлі де өзін ақтамауы мүмкін бе?

–  Не себепті бізде авторлық фильмдерді экспорттық өнім деп атайды? Мысалы, біз Өзбекстан нарығында түсірілген фильмді көрмейміз. Ол өздерінде көрсетіледі. Өз өмір тынысы, салт-дәстүрі өздеріне қызық. Сол секілді Филиппин немесе Нигерияның ішкі нарығындағы картиналарды қарамаймыз. Себебі олар жергіліктің халықтық қалауын өтеу мақсатында түсіріледі. Бізде де прокаттағы фильмдердің өзіндік бағыты бар. Продюсерлер қандай кино түсірсе халық барып қарайтынын біледі, соған бағыттап өнім жасайды. Кинотеатрға шығатын коммерциялық кинолар осыларды ескеріп түсіріледі. 

Ал авторлыққа келсек, халық көріп, күліп кетсін, касса жинасын, тек ойын-сауық мақсатында фильм түсірмейтін, өздерін мазалайтын ойдың жетегінде туынды жасайтын режиссерлер бар. Яғни, интеллектуал режиссерлер. Олар Қазақстанда болып жатқан контесттерге сай, ойды фильмге философиялық негіз ретінде салады. Ол қарапайым көрерменге қызық емес және қызық болуы шарт та емес. Өйткені қара халық ондай киноны ақша төлеп көруге дайын емес. Сол себепті авторлық фильмдер фестивальдерге барады. Ал керісінше, кассалық картиналарды үлкен фестивальдер алмайды. Олардың өздерінің тематикалық байқауы болуы мүмкін, яғни, боевиктер фестивалі деген секілді. Спорт тақырыбындағы немесе комедиялық бағыттағы кішігірім фестивальдер. Ал үлкен А класс фестивальдердің таңдайтыны – жаңашыл картиналар. Жаңа идея, жаңа концепция, жаңа кино тілі... Жаңа нәрсені сезген кезде, соны фестивальге алады. Ал ондай шараға іріктейтін мамандар сол саладағы - нағыз интеллектуалдар. Мысалы, бір фильмге өзгелер ішек сілесі қатып күлетін жерге киноні көп көрген маман күлмейді. Себебі, оны таңқалдыру қиын.  Ол жаңа нәрсені іздеп отырады. Өнердің әр саласында осылай. Мысалы, бейнелеу өнерінде де, жаңалық емес дүниені «қайталау» деп атайды. Ал қарапайым халыққа ол «шедевр» болуы мүмкін. Айырмашылық сонда ғана. Авторлық фильмдердің де елде сұраныста болмай, шетелде бағалануы осымен байланысты. 

–  Қазіргі қазақ киноларының (прокаттағы) сценарийі бірсарынды. Комедия жанры. Сол ауыл, қалаға келген ауыл баласы т.б. Неге бізде комедия жанры ғана өтімді? Ол қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайына байланысты ма? Қазақ киноға білімін арттыру үшін емес, сауық үшін, демалу үшін баратындай көрінбей ма?

– Мысалы, біз Әділхан Ержановпен түсірген авторлық фильмді Еуропада прокатқа шығара алдық. Халық барды. Оны алған прокатшылар да, жергілікті халыққа соның қызық болатынын білген соң ғана алады. Ал бізде сала мамандары фильмді бағаласа да, халыққа артар үміті жоқ. Яғни, оған көрермен баратынына сенбейді. Сол себепті бір қарағанда трейлерінен-ақ нашар түсірілгені көрініп тұрған сапасыз комедия болса да, соны прокатқа шығарады. Олар болжағандай, халық соған барады. Қазір блогерлер де кино түсіретін болды. Мысалы «Джохан» фильмі 800 миллион теңге жинаса, ол соған түскен актерлердің миллиондаған аудиториясының арқасы. Сол оқырманның оннан бірі барса да кассаны көтеріп береді. Ал Еуропада артхаусқа баратын көрермен бізден әлдеқайда көп. Әрине, «Аватар» сынды көлемде болмаса да, авторлық картиналар елеусіз қалмайды.

– Авторлық фильмдер прокатта пайда әкелмейтіні белгілі, коммерциялық емес фильмдерден қалай ақша табуға болады?

Жалпы, коммерциялық емес кинолардың өз-өзін ақтайтын кездері болады. Бірақ оларға коммерциялық фильмдердегідей қаржы жұмсамаған дұрыс. Мысалы, Еуропаның өзінде авторлыққа оларға бөлгендей ақша бөлмейді. Себебі әу бастан оның касса жинамайтынын біледі. Оны көбіне фестивальдерге, имидж немес эксперттердің көзқарасы үшін түсіреді. Яғни, кинокомпаниялар үнемі қара халыққа арналған фильмдер түсіріп, кино мамандары алдындағы абыройын түсірмеу мақсатында артхаусқа ақша бөліп тұрады. Сапалы, интеллектуал туныды жасауға тырысады. Небір авторлық фильмдерге Голливуд  10 миллион жұмсаса, кассадан ол 2 миллион жинауы мүмкін. Олар мұны біле тұра имидж үшін жасайды. Мысалы Берік Айтжанов, Данияр Алшинов сынды актерлер Әділхан Ержанов сияқты режиссерлердің авторлық фильмдерінен жақсы ақша таппайтынын білсе де, өз қалауымен түсетінін айтады. Себебі интеллектуал режиссермен жұмыс істеу арқылы олар актерлік ойынын ұштайды, еркін бола алады. Ал кассалық картиналарда шеңберден шықпай жұмыс істеу керек. Ойдан ауытқуға болмайды. Өнер бағаланатын үлкен марапаттарға сол артхауста ойнаған актерлер ұсынылады. 

Жалпы, айтқандай бұндай фильмдер –  ойландыратын кино. Халық болса киноға ойлануға емес, попкорн жеп, күліп қайту үшін барады. Авторлық киноға әуес адамдар да кинотеатрға бара бермейді. Оған сондай терең картинаны попкорн қытырлатып отырған адамдар қасында қарау ыңғайсыз болады. Сол себепті үйінде, жайлы орында көргенді дұрыс санайды. 

– Кезінде 6 мың долларға фильм түсірдіңіздер. Бұл өте аз қаражат. Содан бері бірнеше жыл өтті. Қазір ең аз дегенде қанша ақшамен фильм түсіруге болады? 

– Негізі партизандық киноқозғалыс басталған кездің өзінде ешкім 6 мың долларға кино түсірмейтін. Нарықта 200 мың доллардың өзі дебюттік, ең арзан баға саналатын. Мен продюсер ретінде Азиялық Оскарға «Ласковое безразличие мира» деген картинаны алып барғам. Сол кезде Александр Роднянский фестиваль жюриі болды. Әңгіме барысында, мақтанғандай болып, туындыны 50 мың долларға түсіргенімізді айтқанымда, ол мүмкін емес екенін түсіндірді. Мысалы, процесс барысында аппаратураның бірін тегін аласың, екіншісін досыңыз береді, таныс актерің арзан бағаға келіседі, соның бәрін ескере отырып, ақшаға айналдырсақ, фильм бағасы 500 мың долларға шығады. Біз жастықтың буымен «мұндай фильмді тегін түсірдік, 6 мың долларға түсірдік» деп айтқан болсақ керек. Шын бағасы олай емес.  Мысалы, сіз маған тегін көмек көрсеттіңіз. Ал оған ақы төлесе, белгісі бір сумма шығады. Фильмнің сметасын жасағанда соның бәрін есептеу керек. Жас кезде тәуекел деп жұмыс істей беретін едік. Екі машина болса, бірі менікі, екіншісі суретші досымдікі болады. Сол қос көлікке 10 адамды отырғызып алып, түсірілімге барамыз. Өзіміз оператор, өзіміз жарық қоюшы болдық. Тағы да өзге істің бәрін сол 10 адам алмасып жасадық. Арасында актер де боламыз. Тамақты да үйде дайындап келіп, жаздың күні түсірілім алаңында жұмыртқа мен картоп пісірген кезіміз болды. Қиналдық, бірақ қызық болатын. Соның арқасында шыңдалдық. Жаңа түсіру методикасын ойлап таптық. Партизан қозғалысы кезінде түсірген жобалар үлкен мектеп болды. Тың методиканың шығуына да себепкер сол. Мысалы, бір күндік түсірілімге біз толыққанды туынды сияқты қараймыз. Оған дайындаламыз, түсіреміз, кейін монтаждап, не шыққанын көріп барып, келесі эпизод түсіріліміне өтеміз. Соның арқасында команда шаршамайтынына көзіміз жетті. Мысалы, үлкен кинода процесттің өзі бәрін шаршатады. Себебі топ күнде демалыссыз жұмыс істейді. Құралдарды жалға алғасын уақыт қысылтаяң, ертеңгі күнге келісіп қойғасын уақытында бастап-аяқтау керек, түсірмесең ақша кете береді, сондықтан әркімнің ойнында жауапкершіліктен күйзеліс болады. Бір қателік жасасаң, бар қаржының ауртпалығы өзіңе түсердей, еңсеңді көтере алмайсың. Жолды есептемегенде таңғы 6-дан жиналып кешкі 12-ге дейін түсіретін кездер болады. Адамдардың тынығатын да уақыты жоқ. Ертеңгі күнгі түсірілімге бәрі шаршап келеді. Осындай жағдайлардан адамның денсаулығына да зиян келеді. 

Сондықтан біз ойлап тапқан методиканы енгізсе де, көп жеңіл болар еді. Екінші жағынан америкалық гильдиялар секілді бар іс әрекеті заңдастырылған ұйым болуы керек. Екі түсірілім күнін алшақтатып, топтың демалуын талап етіп, олардың денсаулығына делсал қараған продюсерлерді жауапқа тартатын ұжым құрған жөн. Мысалы, кино түсірілімі жүйеленген елдерде талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынады.  Мұндай тәртіптен адамдар өміріне, денсаулығына немқұрайлылық таныту жойылады. Барлық нәрсенің сұрауы болғандықтан, әу бастан продюсерлер сметаны да дұрыс құрастырады. Бастысы – адами құндылық. Соны алдыңғы орынға шығару керек. Кино саласында жас кезіңде энергияң көп, шамадан тыс жұмыс атқарып жүре бересің, ресурсың жетеді. Бірақ ол адамды білдірмей қажыта береді. Физикалық тұрғыдан мүмкін емес жауапкершіліктерді орындап жүре берген екенбіз. Енді орта буынға аяқ басқаннан кейін, осындай қателіктерге жол бермеуіміз керек. Заң жүзінде осыны реттейтін ұйым құрылуы керек. Қазір Қазақстан кинематографистер лигасы құрылып жатыр. Осы киногерлер қауымдастығы аясында әр мамандыққа қатысты Гильдия құрып, жүйе жасауды жоспарлап отырмыз.

–  Бүгінгі қазақ киносының жағдайы қалай?

– Тәуелсіздік алғалы біздің киноға Азия да, Еуропа да көз қырын сала бастады. Бұрын Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымовтар болса, кейін Әділхан Ержанов пен Эмир Байғазиндар танылды, қазір Шарипа Оразбаева қыздарымыз да шетке шығып, сапалы концепциалы авторлық кинолармен өнерімен елімізді танытып жүр. Авторлық кино дамып жатыр. Қолдау көрсетіліп жатыр. Алдыңғы жылы Ұлттық киноны қолдау қорында 60-тан аса жоба жіберілді. Ішінде анимациялық,  толықметражды, қысқа метражды көркемфильмдер т.б. бар. Солардың көбі жастар. Қуантатыны сол. Олардың картиналары болашақта түрлі фестивальдерге барып сыналады. Егер үмітті ақтаса, олар одан әрі қолдауға ие болады, ал сапасыз жұмыс жасағандар өздерін қайта дәлелдеуге талпынуы керек. Таланттарды танып, олардың шығармашылық ашылуына жағдай жасау керек. Мысалы, кино түсіргісі келген болашағынан үміт күттіретін режиссер туындысын өз ақшасына түсірсе, ол сапасына да, идеялық шектелу жағынан да әсер етеді. Яғни, ойы мықты болғанның өзінде жүзеге асырылуы осал боп, потенциалын мүлдем ашпауы мүмкін. Сондай кино фестивальге өтіп тұрып, Гран-При ала алмай қалатын сәттер бар. Бұл біздің басымыздан да өткен. Ақша аздығынан кадрды қысып, сол эпизод масштабты болғанда картина деңгейі айтарлықтай көтерілер еді. Мысалы 6 мың долларлық фильмде ойымызды толықтай берсек те, аппарат жағынан кемшілік болды, дыбысы сапасыз еді. Осалдығы – техникасы. Оған Гран-При бермейді.  Құрылғы жағынан қиналғандықтан оның көрерменді баурауына әсер етеді. Біз көбін штативпен түсірдік. Мысалы, мынандай сахна: анасына баласы өлді деген қара қағаз келді делік, ол хатты оқып отыра қалады. Оның статикалық жалпы кадрмен алса, көрермен түсініп, мұңаяды. Бірақ егерде дәл соны ірі планмен, хат оқылып жатқан кезде жарық өзгеріп, кадрдың жақындауымен жеткізсе, көріп отырған адам қатты әсерленеді. Яғни, ол әділқазының бағасының қандай боларына, қорытынды шешіміне ықпал етеді. Бұл дегеніміз бізге киногерлерді қолдау керек дегенді білдіреді. Инкубатор сынды көп жастарды киноға баулу керек. Айта берсек тағы да қаржыға келіп тоқталады. 

Голливудта аз қаржылық картинаға 10 миллион жұмсалса, бізде 500 мың. Неге дейтін болсақ, тағы Гильдияға тіреледі. Олар ешкімнің тегін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Еңбегінің бағалануын талап етеді. Әр маманның жағдайы жасалуын қадағалайды. Мысалы, түсірілім алаңында жұмыс істейтін шеберлерге арнайы орын керек. Ол жерде мамандардың қауіпсіздік техникасынан аттамауына алғышарт бар. Осы секілді әр актердің анауы-мынауы болуы керек деген сияқты талаптары есептеліп шыққан кезде ақшасы 500 мың емес, кем дегенде 3 миллион болады. Сізге қарапайым мысал келтірейін, «Марко Поло» фильмінің командасы Қазақстанға келді. Қарапайым мамандармен қоса есептегенде 70 шақты адам болса, олар бекітілген қонақүйдің өз алабына сай келмейтінін айтып, Royal Tulip-ке орналасқан. Кез келген судың өзін ішпей, белгілі бір марканың шыны ыдыстағысын ғана алдыртып отырған. Жүретін көліктері де кондицонермен жабдықталған. Түсірілім алаңында Кез келген жерде жасалған тамақ ішпейді, арнайы вагонда аспаздары пісірген тағамды ішеді, балғын жеміс, көкөніс тұтынады. Ал жұмысқа келгенде, арнайы алдымен өздеріне жұмыс істейтін орын дайындап алып, кейін кино декорациясына кіріседі. Бәрін тәртіпке сай жасайды. Ал бізде барлық жерде үнемдеп қалуға тырысады.

Енді қазақ киносын қалай дамытамыз дейтінге келетін болсақ, шетелдік ірі продюсерлік орталықтармен бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, Netflix-тің бір сериясын елімізде түсірсек, сол арқылы Қазақстанның әсем табиғатын көрсете алсақ, ел экономикасына да, туризміне де одан бөлек қазақ киносына да табыс әкелетін едік. Себебі, туристер келетін жерге, кино да түсіріледі. Шетелдік ірі кинокомпаниялармен бірігіп жұмыс істеу, еліміздегі кино мамандарына да үлкен тәжірибе. Сондықтан, осындай мүмкіндіктерге жағдай жасау керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?