Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметі

5451
Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметі - e-history.kz

Бүгінгідей жаһанданған заманда ел болашағының жарқын болуы білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында екендігі даусыз. Кез-келген дамыған мемлекет үшін білім саласын жетілдіру – әрдайым басты бағыттың бірі болып отырғанына әлемдік тәжірибеде мысал көп. Қазақтың ұлт ұстазы, алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек», – деген болатын. Білімге қатысты бұл ой-пікір кеше де, бүгін де, ертең де өзектілігін жоймайды. 

Қазіргі таңда жастарға білім беру – тың идеяларды, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, оларды жан-жақты қолдануды, білім сапасын жетілдіруді талап етеді. Осы жолда тәуелсіздік жылдарында елімізде білім саласында көптеген реформалар жасалып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп, өз кезегінде бұл іс-әрекеттер алуан түрлі нәтижесін беріп келеді. Дегенмен, кешегіні ескермей, бүгін, бүгінді ескермей ертең жоқ. Сондықтан да алаш арыстарының педагогикалық ойларын, идеяларын да ескергеніміз жөн болмақ.

Қазақ қоғамындағығы ұлттық ағарту саласының көшбасында алаш арыстары тұрғаны ақиқат. Зерттеп білген адамға, ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының еліміздегі зайырлы білім беру ісі дамуына қосқан үлесі мен ағарту жүйесіне енгізген жаңалықтары қаншама.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде ХХ ғасыр зиялыларының тағдыр жолы, қызметі турасында: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ», - деп атап көрсеткен болатын.

Алаш зиялылары отарлық езгіде жаншылған халықты азаттық үшін күреске даярлады, оларды бодандыққа қарсы саяси күресте тізе қосып бірігуге үндеді, ұлт бірлігін, жер тұтастығын сақтап, халықты оқу-білімге шақырды. Ағартушылық қызмет арқылы халықтың ой санасын оятуды көздеді.

Өткен ғасырдың алмағайып кезеңінде өмір сүрген алаш зиялыларының қоғамдық қызметінің бастауы – ағартушылық еді. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Алаш қайраткерлерінің азаттық идеологиясын қалыптастыру қызметі» атты мақаласында былай деп жазады: «Ұлт оқығандары қоғамдық қызметін ағартушылықтан бастады. Яғни, қазақ елі сан жағынан империя құрамындағы үлкен елдердің қатарында емес, сонымен бірге аз және әлсіз елдердің де санатына жатпайтын. Оның халық ретінде жүріп өткен жолы, ерлік тарихы, ең негізгісі ғасырлар бойы қанды күрес арқылы қалыптасқан атамекен жері бар. Ендігі уақытта арасына білім ұрығын себу арқылы оны өз тағдырын шеше алатын белсенді субъектіге айналдыру басты міндетке айналуға тиіс. Олар нағыз білім, осы жолдағы мақсатты ағартушылық қызмет және тәрбие халықты өзгертетіндігіне сенімді болды. Міне, сондықтан да ұлт оқығандары қазақ жерінде заман сұранысына жауап бере алатындай жаңа сапа, мазмұндағы білім жүйесін қалыптастыру ісін барлық бағдарламалық құжаттарына енгізді, бұл межені жақындата түсу үшін қазақ тілін білім және ғылым тіліне айналдыру, осы мақсатта оқулықтар мен оқу құралдарын даярлау, ұлтқа арнап кітап, газетжурналдар шығару ісін қолға алды».

пр.jpg

Чехтың әйгілі педагогі Я.А. Коменский әрбір халыққа өз ана тілінде білім берілу керек екенін айтады. Алаш арыстары да ағартушылық тұрғысында мектепте ана тілінде білім беруді жолға қоюды мақсат етті. Сондықтан да алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген болатын. Сондықтан да кезінде алаш арыстары «мемлекеттік тіл» мәселесін алғашқы маңызды мәселе ретінде қарады деуімізге болады. Әрине, Сәкен Сейфуллиннің басшылық қызмет кезіндегі қазақ атауын қайтаруға, оқу-білім мәселесін жолға қоюға қосқан үлесін жоққа шығара алмаймыз. Бұлардың бәрі де көзқарасы әр түрлі демесек, алаш идеясының жүзеге асырушылары ғой. Олардың пайымдауынша, қазақ ұлтының мәдениетін, ұлттық рухын, саяси көшбасшылығын ұлттық тіл ғана биік дәрежеге көтереді. Алаш көсемі Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген сөзі мен Елбасымыздың «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады», - деген пікірімен үндес екенін көреміз. Ал Мағжан Жұмабаев: «Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы», - дейді «Педагогика» еңбегінде.

Мемлекеттің барша халқын ана тілінде оқыту жөніндегі пікірлері кейіннен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында да көрініс тапты. Бағдарламаның «Ғылым-білім үйрету» атты бабында: «Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, бастауыш мектептерде сабақ ана тілінде жүреді. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдер мен професссорлар өзара сыйласу арқылы тағайындалады», - деп жазылды.

Қазақ және өзге де бұратана саналған халықтарды тілінен айырып мәңгүртке айналдырмақ болып Ресей билігі қаншама ашық-құпия жұмыстарды жүргізді. Атап айтқанда, қазақ халқын шоқындырып, өз дініне өткізіп, жастарын орыс тіліндегі мектептерде оқытуды көздеді. Бірақ үркердей шоғыр жұлдыз болып жарқыраған Алаш арыстары бұл тосқауылдың алдын алды. Бірі мемлекеттік тілдің әліпбиін құрастырса, бірі «Қазақ» газетін ашты. А.Байтұрсынұлының «Тіл құрал», «Әдебиет танытқыш» кітаптары қазақ тілінің болашағы үшін құнды мұраға айналды. Осы орайда тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің: «Ғасыр басындағы қазақ ағартушылығының тәжі – А.Байтұрсынұлының шығармашылығы арқылы өмірге келген қазақ алфавиті, қазақ тілінің грамматикасы мен теориясы еді, сол арқылы оның әдебиет және ғылым тіліне айналуы болды», - деген тұжырымы орынды.

20170708150938914_big1.jpg

Ана тілі туралы, қазақ ағартушылығы турасында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Айтмауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ғұмар Қарашұлы, Елдес Омарұлы, Хайретдин Болғанбай сынды тіл жанашырлары мақалалар мен құнды зерттеулер жазды.

Жоғарыда айтқандай, «Алаш» партиясының облыстық съездерінде ағарту және зайырлы білім беру мәселелері басты тақырыптар болды. Мәселен «edu.e-history.kz» электронды ғылыми журналының № 2(06) санында көрсетілген деректерде: «1917 жылдың сәуірінде Жетісуда, маусымында Семейде, тамызда Ташкентте, желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының сьездері мектеп ана тілінде болу керек деген шешім шығарды. Ташкентте өткен Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының жалпы жиналысы мектептің ана тілінде оқытуын міндеттей отырып, орыс-түзем мектептерінің орнына ұлт мектептерін ашу деп шешті. Ал, Орынборда өткен жалпы қазақ-қырғыз сьезінде оқу мәселесіне айырықша көңіл бөлінді. Оқу мәселесі жөнінде М.Дулатов баяндама жасап, ұлт мектебін көркейтуге-оқытушымен оқу құралының тапшылық көрсетіп отырғанын баса айтады».

Сондай-ақ жоғарыдағы электронды журналдың дерегінше, сьезд делегаттары М.Дулатұлының пікірін қызу қолдап, оқу құралдарын дайындауға мұрындық болатын оқу комиссиясын құруға шешім қабылдайды.

«Сьезд оқу комиссиясына мынадай міндеттер жүктетілді: ұлт мектептеріне бағдарлама жасау; мұғалімдерге жолбасшы кітаптар жазу; тәрбие жайынан кітаптар жазу; бүкіл қазақ-қырғызға оқу ісін қалай жүргізу туралы жоба шығару; «қазақ емілесін тексеріп, түзету, қазақ тіліне пайдалы кітаптарды аудару. Оқу комиссиясы құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов сайланды», делінген «edu.e-history.kz» электронды ғылымы журналының № 2(06) санында.

Осы уақыттан алаш қайраткерлері зайырлы білім беру саласына еңбек етіп, оқулықтар жаза бастайды. ХХ ғасыр басындағы Ә.Бөкейханның «Үшінші дума һәм қазақ» А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы», «Әдебиет танытқыш» және Ж.Аймауытұлының «Тәрбиеге жетекші», «Психология», М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектептегі ана тілі», «Педагогика» тағы басқа оқулықтар шығады. Сондай-ақ оқу-ағарту саласына қажетті оқу-әдістемелік құралдар, методикалық-әдіснамалық зертеулер жазып, бір-бірінің зерттеу арналарының толықтырып отырған.

Алдағы мақаламыздың жалғасында сол оқулықтарға жекелей тоқталып, алаш арыстарының ағарту саласындағы атқарған қызметтерін жазатын боламыз.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламын», - деп армандаған алаш қайраткерлерінің дәстүрлі қазақ қоғамындағы зайырлы білім беру мен ағарту жүйесіне қосқан еңбектері мен қызметтері ел мүддесіне қалтықсыз қызмет қылудың нағыз үлгісі болды деп есептейміз.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?