Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Әлім Алмат туралы

2818
Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Әлім Алмат туралы - e-history.kz
Бүгін біз қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы, кәсіпқой музыкант Әлім Алмат туралы сөз етпекпіз. Ол Қазақстанның тұңғыш скрипкашысы атанып жүрген Әйткеш Толғанбаевтың алғашқы ұстазы болған адам. Зерттеушілердің айтуынша, аты аңызға айналған тұлға Әлім Алматтың скрипкаға деген қызығушылығын Темірбек Жүргенов оятқан көрінеді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Ілиясова құрастырған «Айтылған тарих немесе Стамбул жазбалары» атты еңбекте Әлімнің азан шақырып қойған есімі Ғалымжан екені айтылады. Яғни толық аты-жөні Ғалымжан Әбсәламов болған. 

Сондай-ақ ол кісінің еңбегінде Алматтың бертінге дейін Қазақстанның тұңғыш скрипкашысы атанып келген Әйткеш Толғанбаевқа сабақ бергені айтылады. 

«Бұл екеуі яғни ұстаз бен шәкірті 1992 жылы Алматыда өткен Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қауышқан. Қос өнерпаз да бір-бірін ерекше құрмет тұтып, сыйласқан», - деп жазады Күлпаш Ілиясова өзінің зерттеу еңбектерінде. 

Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсәламов) 1917 жылы Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз жерінде өмірге келген. Музыкаға әуес болып өскен Әлім орта мектепті бітірген соң яғни 1933 жылы туған ағасы Файзолла екеуі Ташкентке оқуға келеді. Алмат «скрипкашы» мамандығы бойынша Ташкенттегі музыка техникумына оқуға түседі. Бұл оның өнер жолындағы алғашқы қадамы болатын. Кейін Алматыдағы музыкалық техникумына ауысып келген. Оған басында айтып өткеніміздей, нағашы ағасы Темірбек Жүргеновтің өзі тікелей қолдау жасаған. Бұл кезде Темірбек Жүргенов Ташкент қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының директоры болса керек. Темірбек нағашысы Әлімді музыка училишесінің скрипка бөліміне түсіріп, 2 семестр оқытады. 


Алматыдағы Қазақ музыкалық училищесіне ауысып келген соң, Әлімнің жұлдызды сәті басталады. Әлім Алмат 1936 жылғы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне барған топтың құрамында болғанын айта кету керек. Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек-Шара Жандарбеков сынды өнер жұлдыздарын көру бақыты бұйырады. Сырттай бәрін ұстаз тұтады. 

Алайда оқуын аяқтап үлгермейді. 1939 жылы әлемдік соғыс қаупі туындап ол әскерге шақырылып, бірден Брест қамалына жіберіледі. Соғыс басталған бойда яғни 1941 жылдың маусымында неміс армиясының тұтқынына түседі. Алмат Әлімнің мықты музыкант екенін білгеннен кейін, бір неміс офицері оны Берлинге жіберген. Тағы бір деректерде Түркістан легионы арқылы Берлин консерваториясына оқуға жіберілгені айтылады. Ол жерде оқуын жалғастыру бақыты бұйырады.

Кейін кескілескен майдан Берлинге жетіп, әсем қала бомбаның астында қалғанда консерватория құрамы түгелдей Вена қаласына көшіріледі. Сөйтіп жүргенде соғыс аяқталып, қуанышты сәт туады. Алайда соғыстан кейін елге оралса Сталиннің зобалаңынан аман қалмасын біліп, Францияға бет алады. 

Зерттеуші Күлпаш Ілиясованың айтуынша, сол жерде тегі түркістандық Қарыс Қанатбай атты адаммен танысады. Осы қария арқылы Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайға өтініш-хат жазып, Берлин консерваториясынан С. Рахманинов атындағы Париж консерваториясына ауысады. «Әлім атамыз ұлы қайраткер, тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқайдың көзін көре алмаған. Бұл туралы ол кісі «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының авторы, қайраткер, ақын Қасымхан Бегмановқа берген сұхбатында айтып өткен. Есесіне оның жары Мария Шоқаймен өзара қарым-қатынасы нығайып, оның үйінде екі жылдай тұрған екен», - дейді К.Ілиясова 


Париж консерваториясын ойдағыдай аяқтағаннан кейін Әлім Алмат Мария Шоқаймен ақылдаса отырып, 1950 жылдың күзінде Франциядан Түркияға қоныс аударады. Әрі сол жерде тұрақтап қалады. Осы жерде «Ғалымжан Әбдісәлемұлы» деген негізгі аты-жөнін өзгертіп, Әлім Алмат деген жаңа есімге ие болады. 25 жыл бойы Стамбул мемлекеттік консерваториясының симфониялық оркестрінде қызмет етеді. 1975 жылы құрметті демалысқа шыққан. Әйгілі скрипкашы 2018 жылдың 1 ақпан күні Стамбұл қаласында 101 жасқа қараған шағында дүниеден қайтқан.

«Құжат рәсімдеу кезінде аты-жөнін түрікшеге ыңғайлап, Әлім Алмат деп өзгерткен. Есімін шежіремен, яғни Әлім руымен де байланыстырады, ал тегін үшінші атасы Алматтан алады. Оның естеліктеріне сүйенсек, ата-анасы совет үкіметі кезінде баласының нақты туған жылын жасырып, үш жылға үлкейтіп көрсеткен. Көпке дейін бұқаралық ақпарат құралдарында солай жазылды. Өйткені Әлім Алматтың өмірбаяны да ресми құжаттарға негізделмеген. мұстафатанушы Бахыт Садықованың мәліметтеріне сүйенсек, Әлім Алмат «1947 жылы Париждегі Мария Яковлевна Шоқайға хат жазып, Франция консулдығы арқылы Париж консерваториясына ауысады. Францияға виза алған 1948 жылдан бастап 2 жыл Париж консерваториясының скрипка бөлімінде оқыған, 1950 жылы бітіріп шығады. Мария Яковлевна Әлім Алматты жылы жүзбен қарсы алып, жас жігіттің музыкаға деген бейімін байқап, оның скрипкада ойнайтындығын ерекше бағалаған», - деп жазады Күлпаш Ілиясова. 



Түркияның Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз, белгілі Шоқайтанушы ғалым, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның айтуынша, Әлім ағамыз Ыстамбұлдың Этилер ауданында тұрған. О кісі өзін Мұстафа Шоқайдың өкіл баласымын деп санаған. Үйіне қонаққа барғандарға Мұстафа Шоқай туралы, Алаш қайраткерлері жайлы қызықты әңгімелер айтып беретін болған. 

«Әлім ағамызбен өте жақсы араластым. Оның үстіне Шоқайтанушы болғаннан кейін ортақ әңгімеміз көп болды. Ағамыз ақ көңіл, өте кішіпейіл, әңгімешіл адам болды. Алаш арысы Мұстафа Шоқай десе ішкен асын жерге қоятын, өте үлкен құрмет көрсететін керемет кісі еді. Шоқай туралы жалпы Түркістан легионы туралы жаңа еңбек жазғанда міндетті түрде бірінші ағамызға апарып оқытып, пікірін алып тұратынмын. Сонда ол жаңа шыққан кітаптарымды көріп қуанып батасын беріп отыратын», - деп жазады ол өзінің естеліктерінде.


Тарихшының жазуынша, Әлім Алмат текті отбасынан тараған. Атасы Алмат Тобабергенұлы да (1805-1897 жылдары аралығында өмір сүрген) өз заманында елгілі сыйлы адам болған. Жастайынан саудамен айналысып, үлкен кәсіп иесі атанған дәулетті адам болыпты. Жастайынан Хиуа,Ресей патшалығы, Қоқан және Бұхар хандықтары арасындағы сауда керуендерімен ілесіп сауда істеген, Орыс тіліне де жетік болған. Тіл білгенінің арқасында Ресей патшалығы мен Түркістан хандықтары арасында дипломатиялық миссияларға араласып отырған.

«Сондай-ақ, Алмат Тобабергенұлының патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де араласқаны жөнінде халық арасында айтылады. Алмат Тобабергенұлы атамыз Самырат, Төремұрат, Мұхамбетқали (Махан), Қосмұрат, Пірмахан атты бес ұл, сүйген. Осы ұлдарының ішінде Төремұрат Әлім Алматтың атасы болып келеді. Төремұраттан Әбдісәлем, Әбдісәлемнен Ғалымжан яғни Әлім Алмат туады. Әлім Алмат атамыз 2018 жылы, 1 ақпан күні Ыстамбұл қаласында 101 жаста дүниеден қайтқан марқұм Әлім Алмат ағамыздың иманы жолдас, топырағы торқа болсын! 


Жалпы Әлім ағамыз бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат Мұстафа Шоқай туралы және Алаш қозғаылсының басы-қасында болған қайраткерлер туралы көптеген деерктер мен қызық әзіл әңгімелер айтып отыратын. Сол Әлекеңнен аузынан бір-екі  әзіл әңгімені айта кетейін», - деп атап өткен Әбдуақап Қара ағамыз атақты музыканттың ауызынан естіген бір-екі әңгімесін айта кеткен.

Алаш арысы Мұстафа Шоқай Түркістан халықтарының Тәуелсіз ел болуы және сонымен қатар Еуропалықтардың саяси қолдауына ие болу мақсатында көп еңбек сіңіргені белгілі. Осы мақсатта өте көп тыңдаулар өткізіп, көптеген Сондай конференциялар өткізген. Сондай конференциялардың өткізу үшін Мұстафа Шоқай Англияға барады. Мұстафаның сөйлеген сөздерінен қатты әсер алған  ағылшынның лордтарының бірі оны үйіне қонаққа шақырады. Уақыты мен мекен-жайын айтады. Уақыты келіп, лорд көрсеткен мекен-жайды іздеп барса, үлкен аулалы үйдің қақпасында тұрған сақшысы Шоқайды кеудесінен итеріп, есіктен кіргізбей қойыпты. «Сізге бұл үйге кіруіге болмайды» дейді сақты. Мұстафа Шоқай таңқалып: «Неге?» деп сұрайды. «Өйткені, – дейді сақшы, – сіз үндістандықсыз. Үндістандықтар бұл үйге кіре алмайды» деп жауап береді.

Сонда Мұстафа Шоқай іркілместер: «Жоқ, қателесесің! Мен үндістандық емес, түркістандықпын, қазақпын. Оның үстіне қожайының мені үйіне қонаққа шақырған еді», - деп жауап береді. Сасқалақтап қалған сақшы  «ә, онда кешіріңіз!» деп, үйге кіруіне рұхсат беріпті.

Бірақ Шоқай үйге кіруден бас тартады. «Үндістандықтар кіре алмайтын үйге мен де кірмеймін, қожайыныңа сәлем айт!» деп бұрылып, кетіп қалады. Осылайша Мұстафа Шоқай Шығыс халықтарын кемсітудің дұрыс еместігін, нәсілшілдікке өзінің қарсы екендігін ағылшын лордына көрсетіп кеткен екен.

Бұл, сонымен қатар, Шоқайдың жеке басының қамынан гөрі халықтың қамын ойлайтын принципшіл тұлға екенін де көрсетеді. Ертеңінде Лорд Мұстафа Шоқайға телефон шалып, неге келмегенін сұрайды. Мұстафа Шоқай жағдайды түгелімен баяндап береді. Нақты жағдайды білген лорд қайта-қайта кешірім сұрап, үйіне тағы бірнеше шақырса да бармапты.Ақыры болмаған соң Алаш арысымен бір ресторанда кездесіп, әңгімелескен көрінеді.

Әлім Алмат ағамыз тағы бір әңгімесінде өзінің Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлымен кездескенін айтқан.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?