Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қара өлеңнің тарихи шешімі мен көркемдігі

1286
Қара өлеңнің тарихи шешімі мен көркемдігі - e-history.kz

Егерде біз қара өлеңді негізгі әдеби тектердің классификациясында қарастырсақ, ол лирикалық текке анағұрлым жақын екендігіне көзімізді жеткіземіз. Бұл мәселені алғаш ғылыми зердемен байқаған Бекмұрат Уахатов «Лирикалық өлеңдер – халықтық лириканың ең өнімді және ең танымал жанры. Бұл өлеңдерде халықтық танымның барлық жақтары байқалады әрі тұрмыстың әлеуметтік, эстетикалық, ойлаудың бәрі де осында» деп жазған болатын.

Ал, лирикалық поэзияға жан беретін – көркемдік ойдың қуаттылығы, сезімнің оттылығы, нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан, айталық, сан алуан адамдардың қарым-қатынасын, қоғамдық тартыс-шиеленісті баяндайтын көлемді, оқиғалы шығармадан айырмасы да, өзіндік артықшылығы да осында.

Ал, осыған байланысты ғалым З.Ахметов «Егер эпостық шығарманың басты ерекшелігі уақиғаның қалай баяндалып, суреттелетініне байланысты болатын болса, лирикалық шығарманың күші, қуаттылығы алдымен адамның көңіл-күйін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасып жатады. Адамның жан сезімін, көңіл-күйін тікелей, лирикаға тән ерекше сыршылдықпен суреттеп, айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын айырықша сергектік, сезімталдықпен қабылдаудан, сезім-әсер байлығына туады – деп, жөнді анықтама береді. Біз өз кезегімізде қара өлеңнің композициялық құрылымындағы сюжеттік желінің болмайтынын ерекше атап өткіміз келеді.. Бұл мәселені орыс ғалымы Лазутин де жақсы байқайды. «Егер біз фольклордың басқа үлгілілерін алып қарайтын болсақ (ертегі, дастан) онда шығарманың дамуы, шарықтау шегі, шешімі болатын болса, ал лирикалық өлеңдерде бұл тіптен кездеспейді деп жазады.

Ал, Қ.Жұмалиевта өз кезегінде өзінің «әдебиет теориясы» еңбегінде: «Лирикалық шығармалар сюжетсіз шығармалардың тобына жатады. Лирикалық жанрға жататын өлеңдердің өзі сан алуан болса, олардың формаларыда сондай» – дейді. Өлеңдік құрылымды анықтайтын халықтық өлеңдердің композициялық жасалу әдістері мен принциптері қандай деген мәселеге келсек. Осындай композициялық жаңалықтардың бірін А.Н.Веселовский енгізді. Ол поэтикалық паралелизм мен композициялық паралелизмнің кең түрде қолданылуы дәстүрлі халық өлеңдерінде оның жанрлық жіктелім мазмұнына байланысты. Онда символикалық образ табиғат әлемінен неменесе шынайы адам өмірінен беріледі. Ол туралы А.Н.Веселовский: «Психологиялық паралелизм жалпы құрылымы бізге белгілі екі мотивті қарама-қарсы қою арқылы екеуі бір-бірін емеуірін арқылы айқындап тұрады. Алайда адам суреті бейнеленген жақта басымдық ерекше болады –деп ой түйеді.

      Қырандар жүр қиырдан түлкі қағып,

      Ұландар жүр құр ойын-күлкі бағып.

      Не ол емес, ойлашы, не бұл емес,

      Бұл дүниеде біз осы жүрміз не ғып».

Байқайтын болсақ, өлеңнің бірінші жолындағы мотив жануар дүниесінен берілген. Ал екінші мотивте – адам суреті. Ол уақытын зая өткізген, құр ыржаң-қылжаңға әуес болған, күлкі баққан адам. Негізгі доминатты ой Веселовский байқаған адам суретінде. Бірінші жол екінші жолға емеуірін білдіріп тұр. Қыранның өзі қиядан бос ұшқан жоқ, жүргенге жөргем ілінеді демекші, түлкі қағып жүр. Осыған ұқсас қара өлең жолдары тіптен мол кезігеді.

      Яғни, бірінші символикалық сурет эмоциональды кіріспе сияқты қызмет атқарады. Екінші адамдық суретте өлеңнің өмірлік мазмұн сипаты ашылады.

Халықтық өлеңдердегі поэтикалық символиканың жасалуының ең басты тәсілі ол: адам өміріндегі құбылыстар мен табиғаттағы образдарды қарсы қою арқылы жасалатынын ескеруіміз қажет. Осылай салыстырудың қызметі өте маңызды.

Олар өлеңге поэтикалық құнарлылықпен, эмоциональдық қабылдауды күшейтуге ерекше жағдай жасайды. Бұл мәселеге байланысты В.П.Аникин мынадай дерек келтіреді:

«Лирикалық өлеңдерде басқа өлеңдердегідей екі үлгі басшылыққа алынады.

Олар: 1. Шартты образ ( символикалық)

            2. Шынайы образдар

Осыдан біз өлеңдерде жиі екі поэтикалық суреттің бейнеленетінін ұғамыз» дейді.

      «Алманың ағынан да, көгі жақсы,

      Жаманның барынан да жоғы жақсы.

      Адамға бір көргендік ғұмыр қосқан ,

      Затыңнан айналайын қайран жақсы».

Бірінші шартты символикалық образ піспеген ақ алма – жаман адам бейнесі болса, көк алма толысқан адам бейнесі. Негізгі айтылмақ ой шынайы образда: жаман адамның барынан жоғы жақсы, ал бірінші жол алма арқылы символикалық түрде осыған емеуірін білдіріп тұрғандай. Бұл өлеңдерде символика өлеңнің негізгі эмоциалық қуатын білдіреді яғни тыңдаушыға символика арқылы жасырынып тұрған ой айтылғандықтан өте қуатты әсер етеді.

Қара өлеңдердің берілуінің ең қарапайым және танымал түрі ол– монолог. Монолог өлеңдер көбінесе: адамдарға, туған жеріне, табиғатқа арналып айтылады. Бұл айтқан тұжырымызға дәлер боларлықтай қара өлең мәтіндері де молынан ұшырасады:

         Қара өлеңдегі емеуріннің идеясы мен мәні әдетте метафора, символ, аллегория сияқты ұшқыр ойлы тәсілдермен айтылады.

      Ондағы емеурін дәстүрлі символикалық таныммен басталып тұр. Қара өлеңдегі қайғы негізгі ойдың символы.

Қара өлеңнің қай дәуірде туғандығын тап басып анықтау өте қиын. Оны қара өлеңнің өзі ғана біледі. Қара өлең өзі туған халықтың, халықтық қасиетінен келіп шыққан. Оның өн бойында халықтың тарихы, екінші халқының мінездемесі, үшіншіден халықтың этнографиясы, төртінші халықтың халық болып дүниеге келгендегі болмысы жатыр. Ол ешқандай жасандылыққа салынбай өзінің ашық-жарқын қалыбында келеді. Осы орайда ғалым Қадыр Жұмақанұлының «Бір үлкен тұнық айна болса, соншама ғасырмен этнографиясы соның бетінен өз суретімен, сол күйі түсіріп тұратын айна бар десек, сол айна осы қара өлең» –деген сөзі ойға еріксіз оралады.

       «Өткен заман қай заман, жылан заман,

       Жылан шағып, халық жоқ жыламаған.

       Боз інгеннің бөрі жеп боташығын,

       Ер жігітке мал мен бас құралмаған».

Бұл не десеңізде жоңғар шапқыншылығының өз портреті. Осы зұлматтың қасіреті мен ауыртпашылығын теп-тегіс ел көтерді. Сол соғыс ешкімді аяған жоқ, барлық шаңырақ қара жамылды. Он адамның алтауы жер құшты. Ел шетіне жау келгенде майдан даласында талай жас боздақтар жер құшты. Халық өзінің мыңдаған аймаңдай ұлдарынан айырылды. Осыны қара өлең «боз інгеннің боташығын бөрі жеді» – деп айтып отыр.

Атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тәрізді тарихи оқиға қазақ халқының басына түскен қайғылы үлкен кезең екендігі тарихтан мәлім.

ХVІІІ ғ. алғашқы он жылы қазақ халқының өміріндегі ең бір жан шошырлық кезең болды. Әсіресе, 1723 жылғы халық трагедиясы әрбір қазақтың жадында қалды. Бұл жылы қар қалың жауып, мал ашығып, онсыз да қыстан жұтап шыққан елге қырғын салып, Жоңғар қонтайшысы Қалдан –Серен қазақ жеріне басып кірді. Шошынған ел сайғақтың үйіріндей дүние мүлкі мен мал-жанын тастап, түстікке қашты. Орта жүз Самарқанд маңына, Кіші жүз Хиуа, Бұқарға барып бас сауғалады. Осы кезде халық арасына тарап, әбден жатталып кеткен «Елім-ай» ән еріксіз еске оралады.

         «Мына заман қай заман, қысқа заман,

          Басымыздан бақ, дәулет ұшқан заман.

          Шұбырғанда ізінен шаң борайды,

          Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман».

         Қара өлеңдегі өте жиі кезігетін іргелі тақырыптың бірі ол – ғашықтық лирикасы:

        «Аққудың таба алмадым жұмыртқасын,

          Сәлем де қалқатайға ұмытпасын.

          Ұшсам деймін, ұшарға қанатым жоқ,

        Келмеді деп көңілін суытпасын».

Адам аққудың жұмыртқасын неге іздейді. Бағзыдан бері адамзат баласы, күллі өркениет талай нәрсені іздеді,әуре-сарсалаңға түсті соны бір ауыз сөзбен: «тауа алмадым аққудың жұмыртқасын» – деп айтып отыр. Мұнда үлкен сыр бар. Кім үшін іздейді. Бұның жауабын басқа қара өлең мәтіні тауып береді.

        «Тауып алдым аққудың жұмыртқасын,

        Менен сәлем айта бар ұмытпасын.

         Бірге өткізген күндерді есіне алып,

        Менен басқа ешкімді жуытпасын».

Байқаған жанға аққудың жұмыртқасы: қалқатайдың өзі болып тұр.

Басқа жұрттың өлеңінен, біздің жұрттың өлеңі ұқсамайды. Оның себебі басқа ұлт этнографияның ішінде табиғи жаратылыс ішінде өсіп-өніп сұлулықты қуып, көшіп, бойлықпен ендікті жүріп жүрген адам емес. Қоныстап бір жерде қалғандар. Қоныстап қалған адамның дүниетанымымен, қоныстап жүрген халықтың әлемді көріп жүргеннің дүниетанымы ұқсамайды. Кезіп жүрген адам жиһанкез болады. «Атың барда ел таны желіп жүріп. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демей ме атам қазақ.

         Жатыр едім көгалда пішен шауып,

         Ақ көйлегім су болды жаңбыр жауып.

         Сен есімен түскенде беу қарағым,

         Ақ боз аттан құладым есім ауып.

Неге ол ақ боз аттан есі ауып құлайды. 1-3 жолдар арасындағы байланыс, яғни сүйгені есіне түскенде, ақ көйлекке жаңбыр жауып су болуы. Бұл – сағыныш. Еске түсуі ақ көйлектің су болғаны емес, сағынғанда қарағына деген сүйіспеншілігінің, ақ көңілінің құлазуын айтып отыр.

Қиялдағы тұрған әлем, бір қиялды жаратып ап, сол қиялдың ішіне кіріп алып қиялынан бір ойлаған ойды образ қылып жарату үшін өлең жазатын халық емес бұл. Бұл шомылып тұрған жұмақтың нұрының ортасында тұрғандай этнографияның ішінен өзінің өлеңін көсілтіп алып тарих сахынасына артына маржандай қылып тізіп тастап бара жатыр.

Қара өлеңнің тілін түсіну екі талай. Киелі тілді түсіну, киесі аз адамның қолынан аз келеді.Асылды танитын қазір бізде шама жоқ. Біздің қара өлең біткен тілдегі бардың құнардың иесі. Қазақы тілдің біткені осында уыздай дірілдеп тұр.

          «Дәйім менің мінгенім Қосқарагер

          Қолымда қос білезік бұрама зер.

          Ауылың шалғай кеткенде қимас қалқа

          Көзге күйік көрінер ойнаған жер».

        Бір тарих, бір тарихтың көзіне күйік болып көрінеді. Мәшһүр Жүсіп айтады: «Алыста-не алыс, өткен өмір алыс» -дейді. 25-30 ға күйік, 30-40 қа күйік. 25 дегілердің ойнап күлгенін көргенде ішің күймей ме? Есіңе түспей ме? Адам Қосқарагер, қос білезікті сағынбайсың ба?

Бас-аяғын қарап отырсақ, жәнегі тіл, сорғалап тұрған лирикалық әдемі тіл, лириканың ата-бабасы қара өлеңде тұр. Иба, ибалылық, сый, сияпат, ілтипат, сыйымдылық, сыйластық. Қара өлеңнің меншікті дүниелері.

Кейінгі тұтынушылар оның мінезін біле алмағандар тап қара өлеңді қомсынады. Бүкіл көркемдік қара өлеңде. 1,2,4, жолдары ұйқасып ап, 3 жолда соның себебін айтып шығады. Ең тамаша өзгертейін десең өзгермейтін, өзгерудің жолы жоқ форма қара өлеңде ғана бар.

Қара өлеңнің философиялық ойлары біз күні-бүгінге дейін жете алмай келе жатқан кемелдікпен тереңдіктердің бірі. Соның бірі алма символь.

Алма–жеміс, адам ғұмыры, екеуі үндемей шендестіріліп, біреуі– алма, біреуі ғұмыр, екеуі паралель көрінеді. Жаманның барынан да, жоғы жақсы.

Халықтың, адамзаттың да тілегі осы. Жаман адамдар қоғамның, ғұмырдың тәртібін бүлдіреді, зияндайды. Қара өлеңдегі философия өміріміздегі осы деңгейге жеткенге дейінгі өлеңдердің ең биік философия. Биіктігі мен тереңдігі қара өлеңмен өлшенеді. Әсіресе тереңдіктен биіктіктің бойы көрінеді. Биіктіктен тереңдік көрінбейді. Тереңдікпен биіктікті салыстырып көрсек. Биіктікті ішіне сидырып көрсететұғын түбі жоқ мөлдіреп тұрған тұңғиық, үлкен тереңдік тек қара өлеңде ғана бар. Бұл тереңдік тек қасиетті өлеңде ғана болады.

(жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?