Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихынан: Шымкент көтерілісі

1975
Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихынан: Шымкент көтерілісі - e-history.kz

1967 жылы 13-15 маусым күндері Шымкент қаласында халықтың милицияға қарсы көтерілісі бұрқ ете қалды. Бұл оқыс оқиға Л.И. Брежнев билігі кезіндегі ең ірі бүліктің бірі болды. 

Кремль басшылары осы оқиғадан кейін Шымкентті «кеңестік Техас» деп атап (оның мынадай себептері бар: 1) АҚШ-тың Техас штатына қарасты Далласта 1963 жылы 22 қарашада АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннедиді атып өлтірді, яғни, үлкен бүлік болды; 2) Шымкент қаласы одақ бойынша АҚШ-тың Техас штаты сияқты қылмыс саны бойынша алдыңғы орындардың бірінде еді; 3) АҚШ-тың Техас штаты мен Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысының картадағы орналасуы бір-біріне ұқсас болып келеді – С.Ш.), содан халық арасында тарап кеткен болатын.

Шымкент ол кезде 100 мыңнан астам тұрғыны бар өндірістік қала еді. Қала өнеркәсібінде «химиктер» (жазасын өтеу мерзімінің соңында Ішкі істер комендатурасы бақылауымен еркін өндірістік кәсіпорында жұмыс істеу үшін босатылған лагер тұтқыны – С.Ш.) мен «бытовиктер» (Қылмыстық кодекстің тұрмыстық баптары бойынша сотталғандар – С.Ш.) өте көп болды. Қала тұрғындарының басым бөлігі заңмен емес, «ұғымдармен» өмір сүрді. Қала зауыттарына келіп жұмысқа орналасқан ауыл жастары тез арада бұрынғы тұтқындармен араласып, олардың қылмыстық әдептерін бойларына сіңіріп алатын. Қала жастардың бандалық топтары арасында аудандарға бөлінді. Шымкентте осындай топтардың арасында болатын төбелес үйреншікті жағдайға айналыпты. Әсіресе, Забадам поселкесін барлығы жек көріпті. Ірі наркотрафик орталықтарының бірі болған Шымкент қаласына келетін шешен-ингуш наша саудагерлері сонда жиналып, қыздарды ұрлап, зорлаумен айналысу фактілері жиі кездесті.

1966 жылы облыстық қоғамдық тәртіпті сақтау органдарындағы 1328 қызметкердің 222-сі әртүрлі тәртіп бұзғаны үшін жазаланған, 7-уі қылмыстық жауапқа тартылған. 1965-1966 жылдары 185 қауіпті қылмыс ашылмай қалған. Милиционерлердің көпшілігі қылмыскерлермен күресудің орнына, олармен бірге ақша табуға жақын тұрған. Шымкент милициясының жүргізушілерден айына 3 сомнан «салық» жинауы, милиция қызметкерлерінің арасында қыз зорлау, қылмыскерлермен ауыз жаласу, қызмет бабын теріс пайдалану сияқты фактілердің етек жаюы халықтың милицияға деген жиіркеніш сезімін туғызды. Халықтың милицияға жағымсыз көзқарасы жағдайында болған бір оқиға атышулы көтеріліске себеп болды.

11 маусымда түнгі сағат 1.00 шамасында көшеде «удай мас» болып жатқан жерінен айықтырғышқа автопарктің жас жүргізушісі В. Остроухов жеткізіледі. Таңғы сағат 6.00 шамасында жасалған тексеріс кезінде оның өліп қалғаны анықталады. Мәйітті ашқан облыстық сот-дәрігерлік сарапшы В. Нестеров ажал гипертония сырқатына қатты мастық қосылып, миға қан құйылуы мүмкін деген қорытынды жасайды.

12 маусымда болған жағдай Остроухов жұмыс істеген автоколоннаға хабарланады. Автопарк парткомының хатшысы мен Остроуховтың жесірі айықтырғышқа келгенде, мәйіттің денесінен ұрып-соғудың іздерін көреді. Олар қатты мастықтан басына қан құйылып өлді деген ресми қорытындымен келіспейді. Қала жүргізушілері арасына бұл хабар лезде тарап, жүргізушілер ақша талап ету барысында милиция ұрып өлтірді деген қорытынды жасайды. Осы күні кешке арнайы шақыртумен Алматыдан жедел ұшып келген сарапшы, профессор Сидоров та алдыңғы қорытындымен келісіп, мәйіттің денесінде соққы іздерінің бар екенін айғақтады. Бұл қорытынды қаладағы автопарктердің барлық жүргізушілеріне жетеді. Шымкентте 3 автобаза – жүк автоколоннасы, такси және автобус паркі қатар орналасқан еді. Жүргізушілер милициямен кездесіп, шындыққа көз жеткізбекші болады. Автопарк парткомы мұны ұйымдасқан тәртіппен жүргізуге тырысып, тіпті қалалық парткомға ескертеді.

Қалалық партком комсомол дружиналарын жасақтап, қауіпсіздік үшін қалалық милиция ғимаратына солдат жіберуді тапсырады. 13 маусым күні түске қарай қаладағы барлық жүргізушілер көліктерінің басын «Көлдегі» қалалық милицияға қарай бұрады. Олар қолдарына монтировкалар алып, «Көлдегі» Ішкі істер басқармасының алдына жинала бастайды. Оларға базардан еркіккен әумесерлердің сансыз тобы қосылып, тез арада 1000-нан астам адам жиналады. Жиналғандарға қайдан екені белгісіз, жәшік-жәшік арақ жетеді.

Көтерілген жүргізушілермен кездесуге жоғарғы шенділердің ешқайсысы шыға қоймайды. Минут сайын жиналған топ қарасы көбейе түседі. Анық емес мәліметтерге қарағанда, милиция мен уақытша тергеу-изоляторын қоршауға 3-5 мың адам қатысқан. Жүргізушілер тобына зауыт-фабрикалардың жұмысшылары да қосылады. Көп ұзамай, көтерілісшілер мегафон арқылы: «Беріліңдер! Шығыңдар да бізге қаруларыңды тапсырыңдар. Біз барлығыңды, қайда тұратындарың мен туыстарыңды білеміз. Бағынбасаңдар, мұнда туыстарыңды әкеліп азаптаймыз!» деп талап қояды. Ғимараттан ешкім шыға қоймаған соң ғимаратты таспен атқылау басталады.

Ішкі істер басқармасының басшылығы абыржып, барлық милиционерлерге арсеналға қару тапсыру жөнінде бұйрық беріп, өздері бірінші қашып жоғалады. ІІБ ғимаратын басып алу кезінде көтерілісшілер тарапынан от қарудан оқ атылғаны дау туғызбайды. Милиционерлерге тас пен оқ қатар жауады. Ғимаратқа басып кірген жүргізушілер оның ішін талқандап, өртей бастайды. Бірінші қабат терезелері тормен қапталғандықтан, милиционерлер жаппай екінші қабаттан жерге секіріп, қаша бастайды. Ал оларды жерде тосып алған жүргізушілер аяушылық танытпайды, өлесі қылып соққыға жығып, көлге лақтырады. Форма киген милиция қызметкерлерін таяққа жығу бүкіл қала бойынша жүзеге асады.

143774-preview-image.jpg

Қаладағы орталық Коммунистический даңғылы мен Советский көшелерінің қиылысында тек МАИ старшинасы Саидакбар Сатыбалдиев қана өз формасымен қызметін жалғастырады. «Дядя Сережа» атанған осы бір қарапайым МАИ қызметкерінен басқа милиционерлер түгел азаматтық киім киіп, тығыларға тесік таппай қалғанда С. Сатыбалдиевтің бүлікшілерден таяқ тастам жерде жүруі таңқаларлық жағдай еді. Көрінген милицияны ұрып-соғу орын алған осы күндері оған ешкім тиіспейді. Өйткені, бүлікшілер арасында «Дядю Сережу не трогать!» деген ортақ мәміле болады.

Осы оқиға куәгері болған ҰОС және ІІМ-нің ардагері, Кеңес Одағының батыры Қ. Қалтаев былай деп еске алады: «Мен соғысқа бастан-аяқ қатысып, Даңқ орденінің үш дәрежесін түгел алдым. Бірақ, мұндай сұмдық пен үмітсіздікті сол бір қорқынышты күндерге дейін де, одан кейін де сезініп көрмеппін. Нағыз соғыс сезімі болды, бірақ саған қарсы фашистер емес, біздің кеңес адамдары келе жатты». Одан ары Қалтаев өзінің қалайша жұмысшы комбинизонын киіп, оқиға орнынан сытылып шыққаны туралы баяндайды.

Көтерілісшілер қалалық милиция ғимаратын басып алған соң, оларда милиция ғимаратымен қатар тұрған қалалық түрмеге басып кіріп, тұтқындарды босату идеясы пайда болады. Бұл кезде милиция ғимараты отқа оранған болатын. Бірақ, бірде-бір өрт сөндіргіш машина ғимаратқа жақындай алмайды. Сондай өрт сөндіргіш машинаның бірін басып алған жүргізушілердің бірі рөлге отырып, «ЗИЛ» автокөлігімен түрме қақпасын қағып қиратады. Пайда болған саңылаудан арматура кесіктерімен, таяқтармен, тастармен және пистолеттермен қаруланған адамдар түрме ауласына басып кіреді. Тергеу изоляциясы қызметкерлері арасында дүрбелең басталып, қарауылдар бірнеше постты тастай қашады. Бірнеше солдат пен офицерге оқ тиеді. Жағдайды пайдаланған бүлікшілер түрме коридорына басып кіреді. Мұны көрген тұтқындар өз камераларын ашып, коридорға шыға бастайды. Осы кезде қолына автомат алған әйел офицер екі тарапқа бірдей оқ жаудырып, жүргізушілерді шегінуге және тұтқындарды камераға тығылуға мәжбүр етеді. Содан кейін есін жиған өзге қарауылдар оған көмекке келеді. Бүлікшілер жағынан бірнеше адам жараланған соң, олар кері шегінеді. Осылайша, түрме қорғанысы қамтамасыз етіледі.

Күн батқан соң да қоршау жалғасады. Түнге қарай түрмеге шабуыл жасалады. Түрме қорғаушыларының оқ-дәрісі бітеді. Телефон арқылы бұл жағдай полкқа мәлім болып, бір майор мен қатардағы жауынгер азаматтық киім киіп, мотоциклмен тар көшелер арқылы түрмеге жетеді. Оларды танымаған қарауылдың бірі оларға оқ жаудырады. Бірақ, бақытқа орай, оларға оқ дарымай, жеткізілген оқ пен жарылғыш пакеттер қорғаушыларға беріледі. Міне, осыдан кейін-ақ түрме қарауылы күшейіп, жарылғыш пакеттер арқылы бүлікшілерді тегіс кері шегінуге мәжбүр етеді. Бұл кезде Ташкенттен жеткізілген солдат колоннасы бүлікшілерді сыртынан қоршайды. Солдаттарға кететіндерге бөгет жасамау, «ішке» қарай ешкімді жібермеу туралы бұйрық беріледі.

а.png п.jpg

АҚШ-тың Техас штаты мен Қазақстанның Түркістан облысының картадағы көрінісі

ІІБ-ның ғимараты мен түрмені қоршаған топ осылайша таңды қарсы алады. Бұл кезде олардың қарасы азайып, 1000-нан астам адам қалған еді. 14 маусымда Москвадан КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ОК хатшысы А.П. Кириленко мен КСРО Ішкі істер министрі, генерал Н.А. Щелоков, Алматыдан ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев бастаған топ Шымкентке ұшып келеді. Шұғыл түрде арнаулы комиссия құрылып, төтенше оқиғаның жай-жапсары сарапталады. Түстен кейін Шымкентке әскери-әуе көліктері арқылы жеткілікті мөлшерде десант жеткізіледі. Түркістан әскери округының сауытты танкке қарсы взводының БТР-лары, БПМ-дары мен танктері келіп жетеді.

Шымкент қаласына арнайы ұшып келген ҚКСР Ішкі істер министрінің орынбасары, Милиция басқармасының бастығы, милиция генерал-майоры А. Тұмарбеков көтерілісті басу операциясына жетекшілік жасайды. Ленинград әскери-саяси училищесін бітіріп, Ұлы |Отан соғысына қатысқан, Горький облысындағы ІІМБ лагерлер басқармасының бөлім бастығы болған, от пен судан өткен ол нағыз кәсіби маман еді. Ол көтерілісті өте сауатты әрі жылдам және қатал басады. Қараңғы түскен уақытта әскери техникалармен бүлікшілерді қоршауға алып, олардың көзін прожектор жарығымен қарықтырып, жаппай оқ жаудырамыз ескертілді. Бүлікшілердің бір тобы танкілерге кірпіш лақтыра бастаған кезде іске десант кіріседі. Олар бүлікшілерді автомат дүмімен ұрып, жаппай қуа бастайды. Көтерілісшілер бірнеше минуттың ішінде жан-жаққа бытырап, қашып жоғалады. Көтерілісшілер ішінде жасырын фотоға түсіріп жүрген МҚК құпия қызметкері ғана қатты зардап шегеді. Десанттар оны ұрып, жағын сындырып жіберген еді. МҚК-нің қызметкерлері бүлікшілердің арасында жүріп, барлық белсенділерді фотоға түсіріп үлгерген көрінеді.

15 маусымда қалада толық тәртіп орнатылады. 3 күннен кейін көтеріліс кезінде қаза тапқандарды жерлеу рәсімі өтеді. Көтерілісшілер қолынан қанша милиционердің қаза тапқаны әлі күнге белгісіз. Тергеу жұмыстары барысында Остроуховтың 11 маусым күні түнде ішіп алып бес қабатты «Черемушкада» тұратын қызға (ашынасына) келгені, бірақ ол үйді шатастырып, басқа пәтер есігін қаққаны, ол пәтер есігін ашқан жігітке «Зина қайда?» дегені, оның «ешқандай Зина мұнда жоқ» дегеніне сенбей пәтерге баса-көктеп кірмек болған кезде спортшы жігіттің оны ұрып, баспалдақтан төмен домалатып жібергені және милиция шақырғаны белгілі болады. Сот барысында ең қатал жаза осы жігітке берілді. 43 адам қылмыстық жауапқа тартылып, 3-і ату жазасына кесіледі. Көтерілісшілерді Орталық паркте ашық сот процесі арқылы соттайды.

1988 жылдың басында М.С. Горбачев 1957 жылдан бастап болған жаппай тәртіпсіздіктер туралы өзіне анықтама әзірлеуді тапсырады. Осы анықтамаға сәйкес, көтеріліске 1000-нан астам адам қатысқан. Оқиға барысында тәртіп сақтау органдарының 20 қызметкері, 2 жауынгер мен 3 партия-кеңес қызметкері әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Көтерілісшілер жақтан 50 адам оқтан жараланып, 7-уі қаза тапқан. Оқиғадан кейін қалалық паткомның бірінші хатшысы орнынан алынып, ІІБ бастығы зейнетке жіберілді. Қалалық ІІБ барлық деңгейдегі басшылары қызметінен қуылып, 1967 жылдың маусымына дейін жасаған қызметтік қылмыстары үшін көптеген милиционерлер сотқа тартылды. Қалалық милиция қызметкерлерінің жаңа құрамына МҚК-нің көптеген құпия қызметкерлері ауыстырылды. Осы оқиғадан кейінгі 2-3 жыл бойы Шымкент қаласының милиционерлері КСРО бойынша ең тәртіпті әрі әдепті милицияға айналады.

(Жалғасы бар)

Сәбит Шілдебай,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты  

Кеңестік Қазақстандағы қақтығыстар тарихынан: Теміртау оқиғасы

Кеңестік Қазақстандағы қақтығыстар тарихынан: Тыңдағы қақтығыстар


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?