Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абайдың алғашқы жинағы туралы алты дерек

4387
Абайдың алғашқы жинағы туралы алты дерек - e-history.kz

Ұлы ақынның алғашқы жинағы осыдан 111 жыл бұрын жарық көрген екен. Осы жинақ туралы көпшілік жұртқа мәлім және мәлімсіз алты дерек ұсынамыз.

Бірінші дерек: жинақ 1909 жылы жарық көрген. Абай шығармаларын жинап баспадан шығару жұмысы ол дүниеден өткен 1904 жылдан бастап қолға алынғанымен, жинақ тек 1909 жылы ғана жарық көреді.

Екінші дерек: Абай жинағын шығару мәселесін ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бас болып қузаған. Ол 1905 жылы «Семипалатинский листок» басылымында, 1907 жылы «Записки Семипалатинскогоподотдела Западно-Сибирского отдела Русского географического общества» атты басылымда Абайдың дүниеден өткені жайлы «қазанама» (некролог) жарияланған. Сонымен қатар Абай ұрпақтарына Абай шығармаларын жинап баспадан шығаруға тапсырма берген. Әлихан 1915 жылы 18 қаңтар күні «Қазақ» газетіне жарияланған Кәкітайдің  қазасы жайлы  мақаласында: «...1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып Омбыдағы маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтовтың сөздерін бірге оқып мәз-мәйрам болдық. ...1908 жылы Семейге келдім. Мен Семейде абақты борышымды өтеп жүргенде Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұлдар келіп амандасты. Абақтыдан шыққан соң мені Омарбек, Кәкітайлар Қарқаралыға шығарып салды...» дейді. Алаш қайраткерлері Абай жинағын шығаруға ғана түрткі болған жоқ, Абай шығармаларын өте жоғары бағалап, насихатын алғашқы болып қолға алып, көптеген жұмыстар істеді.

Үшінші дерек: тұңғыш жинақты құрастырғандар Кәкітай мен Турағұл. Абай өмірі туралы естеліктерге назар салсақ, ақын өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап, жинап отырмаған. Әрқашан, кейде кітап оқып отырғанда, кейде жай бір ойлармен қозғалып отырғанда, қолына бір табақ қағаз бен қарындаш алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды екен. Соны қасында отырған балалары, інілері, я жай адамдар болса да, қалтасына салып алып кете берген. Содан бірден біреу жазып алып жаттайды. Кейбірін әнге қосып домбырамен айтып жүреді. Тек 1896 жылға келгенде ғана өз өлеңдерін жинақтау туралы айтқан екен. Осыған байланысты ел ішіне кең тарап кеткен өлеңдерді жинап, реттеп, қайта көшіртіп, баспаға дайындау жұмысы біраз уақыт алады. Ал жинақты құрастыруға еңбек еткен Кәкітай Ысқақұлы мен Турағұл Абайұлы. Кәкітай Абайдың бірге туған інісі Ысқақтың баласы. Жасынан абай қолында өсіп, ақын тәрбиесін көрген. Турағұл екеуі Абайдың қай өлеңді қай жылы, қандай көңіл күйде жазғанын, қандай жағдайға байланысты шыққан өлеңдер екенін ең жақсы білетін куәлікші іспетті еді. Бұл туралы Турағұл өзінің естелігінде кеңінен тоқталған. Мұның сыртында Кәкітай мен Турағұл жинақтаған өлеңдерді Семейге саяси жағдайға байланысты жасырын келген Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім, Турағұл, Кәкітай болып, төрт жақтап талқылаған. Жинақтың негізгі тіні, мазмұны осы кезде жүйеге түсірілген болса керек.

Төртінші дерек: ел ішінен жиналған қолжазбаларды Мүрсейіт бір неше мәрте көшіріп жинақтаған. Мүрсейіт Бікеұлы 1860 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. 1917 жылы қайтыс болған. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы Әнет бабаның 7-ұрпағы. Семейде орыс мектебінде 4 жыл оқып, кейін Бұхарада білім алған. Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь, мектепте мұғалім болған. Абай оны ауылына алдырып, бала оқыттырды. Мүрсейіттің балаларға жазып берген "Жарапазан" өлеңін оқыған Абай оған өз өлеңдерін жинап, жазып жүруді тапсырған. Мүрсейіт Абай өлеңдерін 5 дәптерге көшіріп жазған, қазір екеуі Қазақстан Ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында, біреуі "Әуезов үйі" ғылыми-мәдени орталығында сақтаулы. Абайдың Семейдегі мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорығында дәптерлердің фото-көшірмелері бар. 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын даярлау кезінде ол Тұрағұл мен Кәкітайға көп көмек көрсеткен. Арнайы тігілген үйде бір ай отырып тұтас жинақты жаңалай көшіріп шыққан. Мүрсейіттің арабша сауатымен қатар хұсни хат үлгілерін жақсы білетін, шебер хатшы болғанын ескерсек, жинақты Мүрсейттің көшіруі заңды құбылыс. Бұл күнде Абай шығармаларының түпнұсқасы сақталмағандықтан, Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа саналады.

e7c59ad6d98e9b6521ad98312d363396.jpg

Бесінші дерек: жинақ Петербург қаласында Ильяс Бораганский деген татар көпесінің баспасынан жарық көрді. Бораганский Қырым татары, ағартушылықпен, баспа ісімен айналысқан. 1905 жылы Шоқан жинаған Едіге жырының қолжазбасы да осы баспадан жарық көрген.

Алтыншы дерек: жинақ 17 мағыналық бөлікке бөлініп, 145 өлең, 2 дастан енгізілген. Мағыналық бөлімдер «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы», «Насихат туралы», «Замандастар туралы», «Сегіз аяқ», «Сұлу ұрғашы туралы», «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Аңшылық туралы» деген атаулармен аталған. «Переводтар» атауымен 41 аударма өлеңі, «Әңгіме Масғұт», «Ескендір әңгімесі» дастандары және кітап соңында Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны мен фотосуреті берілген.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?