Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақтың ұлттық киімдері

6549
#Түрік әлемі: қазақтың ұлттық киімдері - e-history.kz
Көшпелі салт ұстанып, күнделікті өмір дағдысы ат үстінде өткенімен қазақ халқының киіну мәдениеті өте ерекше болған. Зерттеушілердің жазуынша, сонау сақ, үйсін, ғұн дәуірінің өзінде-ақ бабаларымыз жібек, атлас секілді қымбат матадан тігілген киімдер киіп, асыл тастармен көмкерілген әшекейлер таққан. Мәселен, бір ғана Кеген өзенінің бойындағы Ақтас қонысына жүргізген археологиялық жұмыстардың өзі үйсін тайпаларының жүннен, бағалы аң терілері ғана емес жібектен тігілген киімдер кигенін көрсеткен.

Белгілі зерттеуші З.Сәнік өз еңбектерінде қазақ киімдерінің арғы тегі сонау сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі дәуірлерінен басталатынын айтады. Сол кездің өзінде-ақ бұлар тері өңдеп, киіз басып, осыдан өздеріне лайық киім дайындаумен бірге Батыс пен Шығыстың дамыған елдерінен әртүрлі бұйымдарды алдырып, оларды да пайдалана білген. Соғыс, яки тарту немесе саудаласу арқылы олардың асыл заттарын алып, өзінің киім мәдениетін дамытып отырған. Тарихи жазбаларға көз салсақ, сонау қола дәуірінің өзінде сақтардың малды қолға үйретіп, оны артыс, мініс көліктері ретінде пайдаланумен бірге, терісінен киім жасап, етін, сүтін азық ретінде әртүрлі тұтыну бұйымдарын жасағандығы айтылады. «Ханнаманың» 94-бума ғұнбаянында: «... Ел басыларынан тартып қарашаларына дейін ет жеп, теріден киім киеді, тон жамылып, киіз төсенеді...» делінген («Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», 432-бет) деп жазады өзінің зерттеу еңбектерінде. 

Сол секілді ол «Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерінде біздің заманымыздан бұрынғы 174-жылы Хан әулеті ғұн Тәңірқұтына жолдаған хатында «Тәңірқұты ақылгөй абыз, жаршы Жян арқылы айрықша сәлемдеме ретінде Көктің ұлы Кюге арналған торғын астарлы зер шапан, зер бешпет, қамқа тысты желбегей, алтын тарақ, алтын кісе, алтын тоға, 10 орам торқа, 20 орам қамқа, 40 орам қызыл батсайы, 40 орам көк торғын жібердім» деген дерек кездесетінін айтып өтеді. «Орта ғасырларға тән тарихи естеліктерге VII ғасырдың бас шенінде өткен батыс түрік қағаны Ябғұның және оның төңірегіндегілердің киімі туралы будда монахы Шуанзан былай деп жазады: «Қаған жасыл жібек желбегей киген, оның қасына ерген 200-дей тарханы бар. Олар камқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аң терісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сәйгүлік. Түйе, ат мінген адамның көптігінен көз сүрінеді...». Одан ары қағанның киіз үйі туралы айтқанда: «Оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті көз қаратпайды...» («Қазақстан тарихы», 1- том, 301-бет). Міне, біздің ата-бабаларымыздың киімдері, киім мәдениеті бұрыннан, сонау арғы заманнан таяу жылдарға дейін өзінің сәнділігі, көркемдігі және жинақы, реттілігі жағынан сондай тамаша әрі көз сүріндірерлік дәрежеде сәнді болған», - дейді зерттеушінің өзі.  

8a898b0299866bc07c13a9ed08d085bc.jpg

Қазақ киімдері негізінен ішкі, сырт, сулық, бір киер, сәндік және салтанат-ғұрып киімдері деп бөлінеді. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Википедия ашық дерек көздерінде де қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киетіні жазылған.

Зейнолла Сәнік өз еңбектерінде қазақтың ұлттық киімдерін баскиім, белкиім, бұткиім, аякиім, т.б. түрлерге бөледі. Әрі бұл киімдерге жеке-жеке тоқталып, жасалу тәсілі мен формаларына тоқталып өткен. «Баскиімге - қалпақ, тымақ, тақия, шаршы (балалардың басына байланатын шаршы мата), сәукеле, кимешек-шылауыш, жаулық, салы, желек, т.б. кіреді. Белкиім қатарына қысқа тон, күрті, бешпет, күрмек, жейде, көйлек, кәзекей сияқтылар кіреді. Бұткиім тобына - шалбар, сым, дамбал, тізеқап, аяқкиімге саптама етік, етік, шақай, байпак мәсі, кебіс т.б. кіреді. Бұдан сырт қаптал шапан қаптал ішік, қаптал тон, күпі, шекпен, қайырма жағалы шапан, желбегей, кебенек сияқты ірі тұрпатты киімдер «сырт киімдер» деп аталып, қалған жеңіл киімдер ішкиім тобына кіреді», - дейді ол. 

Зерттеушілердің айтуынша, халқымыз киімге қажетті шикізаттың барлығын өздері жасап алатын болған. Алғашқыда аң терілерінен, мал терілерінен, мал жүнінен иірілген жіптерден, мал жүнінен басылған әр алуан киіздерден жасалып дайындалады. Шеберлер бұларға неше түрлі өрнек салып, кестелеп, тамаша ұлттық мәнер кіргізіп отырған. Кейін келе тоқыма бұйымдар дүниеге келеді. Соған сай өрнекті тоқыма киімдер де тоқылатын болды. Әсіресе жібек кездемелер, жүннен тоқылған сан алуан шұғалар, мақтадан, кендірден тоқылған кездемелер пайда болған соң қазақ шеберлері осылардан пайдалана отырып, тері киімдерді сан құбылған кездемелермен тыстап, астарлап немесе сыздықтап ою-өрнек пен кестенің не алуан түрлерін дүниеге әкелді. «Анығырақ айтқанда қала киімі мен дала киімін – осы екі түрлі үлгі, екі түрлі шикізатты пайдаланып әрі оларды шеберлікпен ұштастырып, киім үлгісінің жаңа формасын шығарды. Сол себепті қазақ сахарасында тымақтың, сәукеленің, тақияның, шапан мен iшiктiң, бұткиім мен аяқкиімнің сан алуан түрі, сондай-ақ жергілікті халықтың салт-санасына үйлескен, солар ұнатып киетін жергілікті үлгідегі немесе рулық-тайпалық үлгідегі киімдер - қыпшақ тымақ, найман тымақ, керей тымак, түлкі ішік, орман ішік, құндыз ішік, пұшпақ ішік, т.б. дала сәулетін арттырып, халық тұлғасын биіктетіп тұратын, көрген жанның көзін сүйсіндіретін нағыз ұлттық үлгідегі тамаша киімдер дүниеге келді. Бұл күндері біздің ата-бабаларымыз Әлдеқашан киіп, қызығын көріп болған сол қасқыр ішік, қабылан ішік, сілеусін ішіктерді қаланың қолы жеткен ұлықтары тапса киетін болып жүр», - дейді зерттеуші.  

6SsTsBxZlHSoTr746Ltj7g_b.jpg

Енді осы зерттеушінің еңбектерінде кездесетін кейбір ұлттық киім түрлеріне назар аударсақ: 

Тымақ - ерлерге арналған бас киім, жаздық және қыстық болып бөлінеді. Жаздығы жеңіл, көбінде қара, қызыл елтірімен немесе пұшпақпен жұрындалып жасалады. Қысқы тымактын киізі қалыңырақ етіліп, түлкі, қарсақ, сенсең сияқты өскін жүнді аң немесе мал терілерінен жасалады. Сондықтан терісіне карай мұндай тымақтарды «елтірі тымақ», «түлкі тымақ», «пұшпақ тымақ», «қарсақ тымақ», т.б. деп атайды. Тымақ жасауда әр жүздің, ру-тайпаның, жергілікті орындардың өз үлгілері болады. Оларды жұрт «арғын тымақ», «найман тымақ», «керей тымақ», «жалайыр тымақ», «торғай тымағы», «семей тымағы» деп атайды. Қазақ ұғымында тымақ - қасиетті баскиім. Оны айырбастауға, жерге тастауға болмайды, оны іліп қою керек, оған аяқ тигізу, аяққа басу адам басын кадірлемегендік, әдепсіздік есептеледі. Әйгілі адамдардың тымағы, тақиясы атадан балаға мұра ретінде сақталады. 

Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық баскиімі. Оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның да жаздық және қыстық түрлері болады. Терінін түріне қарай бөрікті әртүрлі - құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік тағы басқа деп бөлінеді. Оны ерлер де, қыздар да киеді. 

Тақия – ерлердің жеңіл баскиімі. Тақияның түрлері көп: биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия,т.б. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді.

Айыр қалпақ – ер адамдарға арналып киізден тігілетін жеңіл бас киім түрі.   Айыр қалпаққа жұқа етіп басылған ақ киіз пайдаланылады. Айыр қалпақ екі бөліктен тұрады.   Қалпақтың төбесі және қайырмасы деп бөлінеді. Қайырмасын кейде етегі деп те атап жатады. Сәнді болуы үшін қалпақ етегінің астыңғы жағын кей кездері қара барқытпен көмкеріп тігеді. Сол секілді қалпақтың төбе жағына қара немесе басқа да түсті шашақтар қосып, төбесінің төрт жағын әртүрлі жібек жіптермен әдіптейді.

Жұқа киізден жасалған айыр қалпақтар басқа жеңіл әрі өте сәнді болып шығады. Басты терлетпейді. салқын болып шығады. Соңғы кездері шеберлер айыр қалпақты түсті-түсті киіздерден құрастырып тігіп жүр. 

 Малақай (құлақшын) – ерлердің көбіне қыс маусымында киетін баскиімі. Оны құндыз, қарсақ, түлкі, суыр, жанат, сусар, бұлғын секілді тағы басқа да  бағалы аң терісі және лақ, қозы, бұзау және құлын секілді мал төлінің елтірісінен тігеді. Малақай екі құлақ және артқы жақ бөлік және екі құлақтан тұрады. Малақай бас киімін ерлер ғана емес әйелдер де кие береді. 

Сәукеле - әйелдердің бас киімі. Сәукелені ұзатылатын қыздар мен оның жанында еріп жүретін құрбылары киеді. Сәукеле тəж, құлақбау, төбесі және артқы бой деп аталатын негізгі бөліктерден тұрады.  Ұзатылатын қызға дайындалатын сәукеле киімінің төбе жағы қиық яғни конус пішіндес болып келеді. Төбесіндегі  аталатын жартылай дөңгелек айдарды «ТӘЖ» деп атайды. Оны алтын жіппен әшекейлеп,  алтын-күміс секілді асыл тастар тағып, меруерт, маржан, теңге секілді әшекейлер тағылады.

Сыртқы жағын торғын, дүрия және қамқа секілді қымбат маталармен тыстайды. Сәукелені әшекейлеп сәндеу үшін оның түрлі түсті маталардан жасалған тысының сыртынан зерлі жіптерден тоқылған оқалар басылады.  Олар белдеулеп айналдыра басылады. Сәукеленің етек жағы мақпал мата не болмаса қара барқытпен көмкеріліп, әдіптеледі. Сол секілді маңдай тұсына да зер немесе жібек шашақ шоқтары қосылып тігіледі. Зерлі шашақтардың сәукелеге ұласатын тұсына асыл тастардың бірінен көз орнатылады.  Ол алтын немесе күміс түйреуіштермен бекітіледі. Сәукеленің сыртынан зерлі шашақты, ерекше әшекейленіп тігілген жібек мата жабылады. Ол сәукелені түгелдей жауып төгіліп тұруы тиіс. Ол кәдімгі көйлектің етегі секілді жер соғып сүйретіліп тұрса да жарасымды көрінеді. Айтпақшы шеберлер сәукелеге қосымша ұзын етіп құлақбау тағып жатады. Оның шет-шеті де шыр айналдырыла зерлі жібек жіптермен жалғанып көмкеріледі. Түп жағына сәнді түйреуіштер түйреледі. Қазіргі кездерде кейбір өңірлерде жаңа ұзатылып бара жатқан қалыңдықтың басына сәукеле емес желек немес ақ орамал жабатын салт бар.  

хиджаб-32.jpg

Жаулық – әйелдерге арналған бас киім түрі. Ол көбіне ақ жібек пен  ақ түсті матадан тігіледі. Жаулық жеке киілмейді. Кимешектің сыртынан тартылады. Жаулық тартылу түрлеріне қарай «күндік» және «қарқара» деп бөлінеді. Жаулық түгелдей енімен алынған немесе енжарма матадан ұзындығы бір-екі метр етіліп қиылып, шеттері бүріліп тігіледі.

Жаулықты қарқара етіп тартканда әйелдер оның бір ұшын көбіне желке тұсқа қарай сәл шығарып қояды да, басқа қалған шетін кимешек орамасының сыртынан айналдырып, шаш ұштарын көрінбейтіндей етіп орап қояды. Жаулықтың көлеміне қарай қарқара да әртүрлі формада болып жатады. Ал күндік деп аталатын жаулықтар кимешек орамасының сырт жағынан жартылай орама түрінде тартылып жатады. Күндіктің маңдай жағындағы үшбұрыш қаттама күн қағар ретінде қолданылады. Яғни бетке күн түспес үшін еңкейтіп сәл түсіріп қояды. Күндіктің желке тұсы қарқараға оралатын жаулыққа қарағанда ұзындау әрі етек жағы әйелдердің арқасын толық жауып тұруы тиіс. Күндік жаулыкты алтын-күміс түйреуіштермен түйреп бекітіп қояды.

Әр жердің өзіне тән қалыптасқан жергіліктідәстүріне қарай әртүрлі етіп әр үлгіде тартылады. Кей жерлерде әйелдердің басқа салатын желектерін де «жаулық» деп қояды. Ол қарқара жаулыққа қарағанда кішірек болады.

Кимешек - қазақ әйелдерінің баскиімі. Оны ақ бәтес немесе ақ торғыннан дайындайды. Кимешектің басқа киетін жағы ашық етіп жасалады. Артқы жақ етегі әйелдің сауырын, алдыңғы жақ етегі омырауын, екі жағы иықтарын жауып тұрады. Кимешек бетінің екі жағы тамаша зер жіптермен немесе қызылды-жасылды жібек жіптермен кестеленеді. Шет-шетіне оқа бастырылады, әсемдеп көркемдейді. Әдетте кимешекті жалаң өзін кимейді. Үстіне шылауыш тартып, біртұтас кимешек-шылауыш ретінде киеді. Сонда ғана ол жарасымды баскиім болады. Шылауыштың шеттеріне салпыншақ үзбелер, маржандар тағады. Мұның өзі жас әйелдің көркін онан ары арттыра түседі.  

Шылауыш - кимешектің сыртынан киетін, ақ бәтес немесе ақ жібектен жасалған (тігілген) әйелдердің баскиімі. Қазақта әр жердің, әр елдің өзіндік шылауыш тарту тәртібі, үлгісі болады. Келін түсіп біраз мезгіл өткеннен кейін келіншектің желегін алып кимешек-шылауыш кигізу салты өткізіліп отырған.

Тон – қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық киімдерінің бірі. Тон көбіне кұлынның терісінен тігіледі. Тонның негізгі екі үлгісі болған қазақ даласында. Соның біріншісі - тік тон деп аталады. Екінші түрі – бүрмелі немесе бүрме тон. Тік тондардың екі өңірі сондай-ақ артқы жағы  күпі немесе шапан тәрізді тұтастай пішіліп алынады.

 Ал бүрме тондардың екі өңірі және артқы жағы бөлек пішіліп алынады. Сол секілді кеуде тұсы мен сі етектері де тура солай бөлек пішіліп кесіледі. Тонның бұл түрінің кеудесі мен етегін қосып тігіп алады да артынша бүріп қайта қондырады. Етек тұсы кеуде жағына қарағанда кеңдеу өлшеніп пішіледі. Мұндай тон белінен бүрме шығатындықтан, оны шеберлер «бүрме тон» деп атап кеткен. Бүрме тондар тік түріне қарағанда біршама сәнді көрінеді.

Тонға көбіне жұмсақ аң терісінен кейде елтірі, сеңсең түрлеріне жаға салынады. Сол секілді етек жағы мен өңірі, жеңінің ұшы да сеңсең немесе елтірімен жұрындалады. Тон киімін әдемілеп сәндеу үшін  екі өңірі мен етегі кестеленіп, жеңiне жiбек жіптер үйлестіріледі.

Құлын терісінен тігілген тондар «тайжақы» деп те аталады. Бір айта кетерлігі, Тайжақының жүні сыртына қаратылып, керісінше тігісі іші жағына қаратыла тігіледі Мұндай тон сәнді болуы  тонның арқа тұсы мен екі жеңінің үстінгі жағына  құлынның жалы келтіріледі. Мұны көбінде балаларға арнап жасайды. Балаларға арналып тігілген Тайжақыға астар қолданылмайды.

Қазақ тондарының ішіндегі ең қымбаты - қамқа тон саналады. Бұл тон түрі де екі түрлі жолмен пішіліп, тігіледі.  Қамқа деп аталып жүрген  бұл тон түрі көбіне жұмсақ әрі жылтыр аң терісінен тігіледі. Яғни жылтыраған түгі сыртына қаратылып тігіледі.

Қамқа тонның екінші түрі зерлі жіптерден тоқылған матадан дайындалады. Тонға қажетті зерлі жіптер үшін  алтын және күміс түстер таңдалынады. Қамқа тон халық арасында өте жоғары бағаланған.

Шапан – қазақтар арасында ең көп таралған киім түрі. Шапанды тек қазақ қана емес Орта Азия халықтары да өздерінің ұлттық киімдері ретінде санайды. Шапан арасына жүн немесе мақта салынып сырылып тігіледі. Астарланады. Кейде ауа-райына баланысты қос астар қолданылады.  

Шапанның тік жағалы және қайырма жағалы деген түрлері болады. Шапан дайындалу түрлеріне қарай,  қималы, қаптал және сырмалы, оюлы шапан деп бөлінеді.

Оюлы шапан мен қималы шапанды көбіне қыз-келіншектер киеді. Әйелдерге арналған шапандар ерекше үлгімен тігіледі. Етек-жеңі, өңірі мен жағасы зермен оқаланады. Материал ретінде түрлі-түсті маталар мен қымбат масатылар таңдалып алынатын болған. Сол секілді түимелердің орнына қапсырма пайдаланылады. Қапсырмаға асыл тастар орнатылып, қапсырманың өзі алтын-күміспен қапталады.

Күпі – матамен тыстап, ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып тігетін ұлттық сыртқы киім. Күпі әрі жеңіл, әрі жылы болғандықтан оны ерлер де, әйелдер де, балалар да кие берген. Әйелдер күпісінің жағасы кестеленіп, жеңiне құндыз салынып сәндеп тігіледі. Ол әсіресе жазғытұрым және күзгі қара суықта киюге қолайлы. Күпіге тартатын жүнді жылы суға жуып кептіреді де, бетіне бидай шүберек салып көктейді. Күпінің тысына барқыт, мәуіті сияқты мықты әрі қалың, әрі кір көтеретін бір түсті мата пайдаланылады. 

e3fa0f081082f0185f1ac540936ac562.jpg

Шекпен – жүннен тоқылатын сырт киім түрі. Шекпен киімі тек қана түйе жүнінен тоқылатындықтан жылы болады. Жазда күн өтікбейді. Сол себепті жазда да кие береді. Қара түсті барқыт пен масатыдан жаға тігіліп, көмкеріледі. Етек-жеңі де осындай матамен қапталып, әдіптеледі.

Түйе жүнінен жасалған шекпеннің ыңғайлы әрі сәнді түрін халқымыз «Шидем шекпен» деп атаған. Шидем шекпеннің бір ерекшеігі жас тайлақтың үлпілдек жүнінен тоқылады. Таңдалып алынған мұндай жүні  майда әрі үлпілдек жұмсақ және жеңіл болғандықтан көбіне балаларға, қыздарға, жағдайлы адамдарға ғана арналып тоқылған. Әрі оны арнайы шеберлер дайындағандықтан шекпеннің шидем деп аталатын түрі ерекше әдемі, сәнді болып шығады.

Шекпен киімі су өткізбейтіндіктен оны сулық ретінде де пайдалануға болады. Күнделікті киім ретінде де кие беруге әбден болады. Қысқаша айтқанда жылдың төрт мезгілінде кие беруге жарайтын жан-жақты киім деуге болады.

Су тиген сайын шекпен ширығып, қалыңдай түседі. Шекпеннің тағы бір артықшылығы, ол толықтай түйе жүнінен тоқылғандықтан аса мықты болады, ұзақ киіледі.

Ішік – қазақтар арасында ең көп таралған киім түрі. Ол әртүрлі аң терілерінен және елтірі сенсеңнен тігіледі. Сыртынан қосымша матадан тыс тігіледі. Ішіктер тігілетін тері түрлеріне қарай елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын ішік деп бөлінеді. Жұқа ішік түрлеріне мақтадан тоқылған жеңіл жіптер пайдаланылса, қалың әрі ауыр ішік түрлеріне жүннен иірілілген жіптер пайдаланылады.

Ішіктің іші тігіліп дайын болғаннан кейін қосымша астар көктеледі. Ол бидай деп аталады.  Ал сыртына пүліш, барқыт немесе шұға тәрізді нығыз, қалың материалдардан тыс қапталады.

Жаға ретінде қасқыр немесе құндыз, бұлғын терілері алынады. Осыған байланысты қасқыр ішік, бұлғын ішік. Құндыз ішік деп аталады.

Кебенек (кей жерде кебентай) - ақ киізден арнайы жасалған сырт киім. Оны түн жастанып жорыққа аттанатындар, жылқы күзетіндегілер киеді. Кебенектің жағасы мен басқа киетін бөлігі тұтас, бірге, етегі аяқтың басына дейін түсіріліп, Киімнің сыртынан қаптап киетіндей етіп, кең тігіледі.  Күләпара – тымақтың сыртынан кигізілетін қабы. Қыста киілетін күләпараны түйенің жүнінен тоқиды немесе арасына жүн немесе мақта салып сыру әдісімен жасайды. Бұл тымақтың сыртынан су, суық өткізбеу үшін керек. Сырты бір түсті матамен, жібек кездемемен тысталады. Ал жаздық күләпара жұқа жібек немесе торғыннан жасалып, тымақтың сыртынан кигізіледі. Құлақ тұстарына кесте немесе әртүрлі зермен Әшекей салады. Күләпара тымаққа сән кіргізеді әрі оны кірлеуден, тозудан қорғайды. 

Күрте – жеңіл әрі жеңсіз киім. Күртеде жаға, деген болмайды.  Тек екі өңірі мен арқа жақтан тұрады. Онша ұзын да, қысқа да емес. Белден төмен түспейді не шалбардың ышқырынан аспайды. Астар салып тігілетін жеңіл, жеңсіз киім. Мақта немесе түтілген жүн салып сырып тігеді. Немесе теріні жұмсақ матамен тыстап та дайындай береді.

Әйелдерге арналған күртегелерге жібек, шағи атлас сияқты маталар пайдаланылса, ал ерлер киетін күртеге барқыт, мәуіті секілді әрі мықты, әрі қалың бір түсті мата пайдаланылады. Түлкі, қарсақ, борсық, суыр терілерінен де күрте жасауға болады. Сонымен қатар, ісмерлер қозы-лақтың елтірісі, кейде тіпті қойдың терісі, қылшығынан тазартылған ешкі түбітінен де күрте дайындайды.

Камзол – әйелдерге арналған сәнді киімінің бір түрі. Камзол көйлектің сыртынан киіледі. Ол мақпал, пүліш, барқыт тектес сапалы кездеме маталардан тігіледі. Камзолды  «кәзекей»  немес «жеңсіз бешпент» деп атайтын өңірлер бар.

Камзолда жаға, деген болмайды.  Тек екі өңірі мен арқа жақтан тұрады. Тысталады, астар салынады. Астар үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне-бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадайды. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және екі етегіне айналдыра алтын оқа басады, не зер тігеді, кейде құндыз бен түлкінің пұшпағымен әдіптейді. Қыздар мен жас келіншектер киетін камзол айрықша сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт-маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп те тағып қояды.

Қолғап - қолға киетін қарапайым киім. Қолғап қолды аяздан, жұмыс барысында жарақат пен бүлінуден сақтайды. Қолғаптар дайындалу үлгісіне қарай бес саусақты, үш саусақты, тұйықбас деп талады. Ал материалына қарай кенеп қолғап, жарғақ қолғап, тоқыма қолғап,   тері қолғап, мақталы қолғап деп түрліше бөлінеді.

Колғаптың ең байырғы түрінің бірі – бүркіт, сұңқар секілді жыртқыш құстар ұстайтын құсбегілердің  биялайы. Биялайға негізінен түйенің мойнақ терісі,  бұлан, бұғы секілді андардың, өгіздің қалың мойын терісі пайдаланылады. Биялай да қолғаптың тұйықбас түріне жатады. 

Байпақ - киізден тігетін аяқкиім. Байпақты қыста жылылық үшін етіктің немесе мәсінің ішінен киеді. Қыста киетін байпақтар қалың киізден, жазда киілетін байпақтар  жұқа киізден  дайындалады. Байпақ дайындаудың екі тәсілі бар. Оның бірі - табанын бөлек салып, ұлтарып тігу. Екіншісі – тұтастай қусырып тігу. Байпақтың тігісі аяққа батпауы үшін тігісі сыртына қарап тігіледі. Байпақ тігу үшін қой жүні немесе түйе шудасынан дайындалған жіпті пайдаланады. 

Мәсі - аяқкиімнің жеңіл бір түрі. Жеңіл әрі жұмсақ, аяққа ыңғайлы киім. Оның былғары мәсі, шегірен мәсі, құрым мәсі деген түрлері болады. Мәсіні көбіне қонышын астарлап тігеді. Ал ұлтаны жұқа болады. Ол тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп, не жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады.

Саптама етік – ішіне киізден астар салып, былғарыдан тіретін жылы аяқкиім. Ол, негізінен, қыс бойы далада болатын малшыларға және басқа дала қызметіндегі перге, аңшыларға қолайлы. Саптама етік жылқының, сиырдың терісінен илеген былғарыдан, көннен тігіледі. Ол «түзу табан» және «Қисық табан» болып келеді. Оның өкшесі аласа, қонышы тізені жауып тұрарлықтай ұзын болады. Саптама етіктің өкшесі аласа болады. Өкше төзбауы үшін оған нəлі қағылады. Саптама етікті әдетте кең етіп тігеді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?