Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шынайы тарихымыз – Шығыста

1952
Шынайы тарихымыз – Шығыста  - e-history.kz
Бірқатар тарихшы мамандар шетелдердегі мұрағат қорларына жіберілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруы бойынша Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі мекемеаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында қабылданған шешімдерге сәйкес, қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын зерттеу нысаналы түрде қолға алына бастады. Осы ретте бірқатар тарихшы мамандар шетелдердегі мұрағат қорларына жіберілді. Олардың ішінде таапсырманы орындап қайтып оралғандары да, әлі де зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатқандары да бар. Солардың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының тапсырмасымен Түркия мұрағаттарында жұмыс істеп қайтқан ғалым Ислам Жеменей.

– Ғылымның жан-жақты дамыған дәуірінде Ұлттық тарихымызды жазудың маңызы зор. Өйткені жастарымыз жеткілікті деңгейде дін және тарихи білімімен қарулана алмаса, қазіргі түрлі мәдени шабуылдарға төтеп бере алмайды. Өткенін білмеген ертеңін саралай алмайды. Бұл – аксиома. Ал бүгінгі жастардың психологиялық ерекшеліктеріне қарағанда, олар ғылыми сипаттағы шынайы зерттеу қортындыларына қызығады. Осы орайда «Халық тарих толқынында» бағдарламасының бүгінгі ұрпақтың өзін тануындағы, мемлекетімізде іске асып жатқан бүгінгі саяси шаралардың мәнін терең ұға алуындағы маңызына тоқталсаңыз?

– Аталған бағдарлама арқасындатарихымызды мейлінше дәйекті де шынайы жазып, сана мен жүрекке дарыта білуіміз керек. Кейде тастағы сырды оқысақ, кейде парақ беттеріндегі жазуды оқуға тиіспіз. Ал кейде ән мен күй һәм жыр мен дастанға құлақ түреміз. Төңірекке көз жүгіртсек, оларды оқи алсақ тарихи болмысымызды тани аламыз. Жалпы, ғылымда тарихты тану, оған үңілу төрт бағытта іске асады. Бірі –археологиялық, екіншісі – жазба деректер, үшіншісі – ауыз әдебиеті, төртіншісі – салт-дәстүр. Шындығына келгенде бізде жазба деректерімен айналысу, сол арқылы өткенімізді саралау – ең кенже қалған бағыт. Енді сол олқылықтың орны толысуға бет алғандай көрінеді.

Қазақ – бағы жанған халық. Өйткені ұдайы адамдық санасын кемелдендіруге ұмтылыс жасап келеді. «Ұлттық тарихты» зерттеу – тарихи сананың оянуы. Елімізде «ұлттық тарих» мәселелері бойынша ең алдымен деректерді жинау міндеті алға қойылды. Бұның басты табысы әрбір жинақтаушы ғалымға әлемдегі тарихты зерттеушілер арасында өз орнын айқындап алуға мүмкіндік береді. Деректерді тану тарихқа биіктен қарай алатын шың екенін зерттеушіге сездіреді. Бұдан былай өз тарихын өз көзімен, өз ойымен, өз пайымдауымен тануға мүмкіндік алады.

Біз барған Түркиядағы Сүлеймания, Ыстамбұл университеті кітапханаларының қолжазба қорлары бай екен. Сүлеймания кітапханасында жазба деректердің барлығы компьютерге енгізілген. Тарих тақырыбы бойынша араб, парсы және түркі тілдерінде 5000-ға жуық тақырып атауы бар. Қысқа уақыт аралықта оларды игеру мүмкін емес. Кемінде шағын топ болып, тұрақты түрде сонда жұмыс істеу қажеттілігі сезіледі. Ыстамбұл университетінің «Сирек кездесетін деректер» кітапханасында мәліметтер жәшіктерде картотека бойынша қаралады. Сол себепті көбірек уақыт алады. Онда жүздеген деректі қарауға мұрша жетпейді. Топкапы кітапханасы жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болды. Топкапыдан басқа, Едірне мұрағаты тағы бар. Қазақ тарихына қатысты мұрағат жұмысы өте ауыр және алға жылжуы қиын. Себебі «Қазақ» атына тікелей қатысты жазба дерек табу қиын. Сол үшін қазақ тарихына қатысты басқа халықтардың тарихнамасын болжам бойынша қарастыруға тура келеді. Бұл үшін шамалаған деректің беттерін мұқият парақтап отыру керек. Бұл қаншалықты уақыт пен қуатты талап ететінін ойлағанда зерттеу мәселесіне салмақты да сабырлы қарауға тиіспіз. Әрі бұл шаруа тұрақты сипатқа ие болуға тиісті.

– Енді қандайда бір құнды дерекке қол жеткізе алдыңыздар ма?

– Біз жазба деректерді түркілік және қазақ хандығы дәуірге бөліп екі бағытта қарастырдық. Сонымен қатар деректердегі қазақ сөзі лексикалық және этникалық мағнадағы қолданысына көңіл бөлдік. Сондай-ақ деректерді бірнеше топқа бөліп қарастырдық. Оларды да тікелей және жанама түрлерге бөлдік. Тағы бір ескертетін нәрсе қазақ тарихына еуроцентристік ұстаным жарамайды деп есептеймін. Сондықтан жер-су, адам аттары орыс транскрипциясымен емес, табиғи өз атауы бойынша көрсетілді.

Деректердің бірінші тобы: Бүгінгі Орталық Азия, ежелгі Тұран, кейінгі Түркістанға қатысты дерекнамалар. Мәселен, Сүлеймания мен Ыстамбұл университетінің қолжазба қорындағы кейбір деректерді саралап көрелік. Мәселен, Әбубәкір Нәршәхидің (һіжрамен 286-348 жж, миләди 899-956 жж) «Бұхара тарихы» еңбегі Түркістанда болған көптеген қалалар туралы мәлімет береді. Солардың қатарында бүгінгі Қазақстан жерінде орналасқан: Фараб (Отрар), Шымкент, Түркістан, Испижаб, Баласағұн, Тараз сынды қалалар. Сондай-ақ түрік, түріктер мен Түркістан жайы да көп айтылады. Мәселен, Тараз туралы: «Әмір Нәсірдің қайтыс болған хабары әмір әл-мүмінин Мүтезедбелла жеткен соң Мауароннәһрдың билігін Әмір Исмайылге тапсырды. Ол екі жүз сексенінші жылдың Мұһаррам айында (893-көкек айы) болған. Ол (Әмір Исмайыл) сол жылы Тараз жорығына шықты. Көп тауқымет шекті. Соңында Тараз әмірі қаладан шықты. Көптеген диқандармен бірге Ислам дінін қабылдады. Тараз жауланды. Үлкен шіркеу орталық мешітке айналды. Әмір әл-мүмінин Мүтезедбелла атына құтпа оқылды» деп жазған. Бұл еңбек парсы тілінде жазылған деректер қатарында ортағасырлық Түркістан қалалары мен бүгінгі Қазақстанның шаһарларын зертеуге бастама еңбек болып саналады.

Ата Мәлік ел-Жовеинидің (1226-1282) «Тарих-и жаһангоша» (Әлемді жаулаушының тарихи) атты еңбегі өте құнды. Бұл өте көлемді тарихи кітап 1260 жылында жазылды. Бұл кітаптың басты құндылығы автор жас кезінде 1246-1247 жылдар аралығында Тараз қаласында болған. Кейін он жылдай Мауароннәһр мен шығыс Түркістанды аралап шыққан. Бұл еңбек Шыңғыс хан мен төрт ұлының және түріктектес тайпалары мен моңғолдардың тайпалық ара қатынасын, қарахан мен қарақытай, наймандардың тарихи бейнесін кеңінен суреттеген. Отырар оқиғасын егжей-тегжейлі жазған. Қысқасы, қазақ тарихын танудағы басты еңбек.

Мұхаммед ибн Жарир Табаридің (226-310, 840-922) «Табари тарихы» атты көп томдық еңбегі IX ғасырда жазылған. Бұл еңбек әлемнің және Иранның жалпы тарихы, адамзаттың жаратылысынан автор өмір сүріп жатқан заманға дейінгі тарихы аңыз-әпсаналық дастандар түрінде берілген. Тарих болмысын аңыз бен ақиқат арасынан ұштастырып дүниеге алып келеді. Бұл адамзат тарихын жазудағы ең ұтымды тәсіл ретінде өз құндылығын сақтап келе жатқан туынды. Өйткені адамзат естіген оқиғаларын шындықтың шекарасынан асырып, аңыз-әпсаналарға айналдыруға ұдайы жақын тұрады. Бұл қасиет адам баласының көңіл қалауы. Бұл психологиялық ерекшелік көшпенділерге әлде қайда тартымды келеді. Сондықтан Табари еңбегі тарих жазуда аңыз бен ақиқат ұштасқан ерекшелігімен тарих ғылымына өзіндік үлес қосқан шығарма. Сондай-ақ бұл еңбек тұран мен иран жұрты арасындағы қарым-қатынасты да баяндап отырады. Сол себепті түркінің ежелгі әпсанауи тарихын тануда қайнар әдебиет болып табылады.

Түркілердің салт-дәстүрі мен тілі туралы зерттеуде ибн Бәтутенің (1304-1377) «Саяхатнаме» атты еңбегі басты құрал. Ибн Бәтуте 1326 жылынан бастап 1355 жылында аяқтаған сапарында көрген-білгендерін хатқа түсірген. Кітапта – «Түркілердің тұрмыс-тіршілігі», «Түркілер арасында айт мерекесі», «Сарайшық шейхының болжауы», «Кебек ханның әділдігі» сынды тараулар шығарманың құнын айқындайды. Ибн Бәтуте Сарайшықта бір шейхқа «Мен Хорезм сапарына шықсам ба деймін. Шейх: «Бірнеше күн аялдағаның жөн болар», деді. Мен: «қазір бір топ сапарластардың ішінде менің бірнеше танысым бар кезде сапарға шығайын деп олармен келісіп қойдым» деп, бұл шешімімді шейхқа айтқанымда ол: «Гәп жоқ, сен бармайсың»,деп кесіп айтты. Бірақ мен шешім қабылдап, үзілді-кесілді барамын деп отырғанда нөкерлерімнің бірі қашып кетті. Содан бірнеше күн аялдауға тура келді. Осы жайттан кейін шейхтың кереметін анық байқадым», – дейді ибн Бәтуте.

Екінші тобы: Орталық Азия ежелгі Тұран кейінгі Түркістан, Қыпшақ даласынан барып тыс өлкелерде патшалық құрған түркілерге қатысты деректер.

Жалалзаде Салиһ әпенді жазған «Мысырдың толық тарихы» атты кітап Түркістаннан шетелдерге түрлі себептермен барып патшалық құрған тарихын зерттеуде тамаша шығарма. Қолжазбада Жалалзаде Салиһ әпенді туралы, кітаптың жазлу тарихы туралы ешқандай мәлімет берілмеген. Зерттеуді әрі қарай жалғастыруды мақсат еткен жағдайда автор мен еңбегі жайлы мәліметтер табылып жататынына сенімдеміз.

Бұл шығармада Түркістан елінен шыққан тұлғалар мен ру-тайпаларының шетке барғандағы тарихи үлесін айқындауға негіз бола алатын мәнді еңбек. Мәселен, мәмлуктер мен шеркестердің Мысыр еліндегі патшалықтары туралы: «Мысырда түркілердің салтанат құрған патшаларының саны 25. Билік мезімі 134 жыл. Түркілердің әмірлері 648-783 жылдар аралығында, Шеркеш әмірлері 783-923 аралықта билік құрған. Түркілер патшалығының негізін қалаушы Мүәззеддин Айбек», – деп жазған. Сондықтан Орталық Азиядан әлемді билеуге ұмтылған түркілер Мәмлүктер (1250-1381), Шеркештер патшалығын (1381-1518) айқындап берген жоғарыдағыдай тарихнамалардың маңызы зор.

Үшінші тобы: қыпшақ даласы мен сөзіне қатысты деректер. Тарихта «дешт-е Қыпшақ» деп аталған даланың территориясының басым көпшілігі бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында. Оның оңтүстігінің кейбір бөліктері Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінде орналасқан. Қыпшақ даласы туралы деректердің молынан жазылмаған басты себебі – ежелден тарихнамалар патшалар мен импраторларға арнап жазылып келді. Сондықтан далалық психологияға тән бейбітсүйгіш, өзіндік салт-дәстүрге ие әрі хандарға бағынбай келген Қыпшақ даласының тұрғындары туралы мардымды жазба дүниелер аз. Қазақ халқы Қыпшақ даласының негізгі мұрагері ретінде қарапайым һәм азат өмір сүргені үшін еленбей келді. Дегенмен Қыпшақ жайында парсы деректерінде айтарлықтай дерек табылады. el-Beyhaki- ebьl-fazl muhammed b. Hьseyin katip жазып мұра қалдырған «Бейһәғи тарихы» атты тарихнамасы, түркітану тұрғысынан маңызды. Біріншіден –түркі текті Ғазнелер патшалары туралы жазғаны үшін, екіншіден – Ғазне патшаларының Қыпшақ даласының хандары, әсіресе Қарахандармен қарым-қатынасын кеңінен әңгімелегені үшін ортағасырлық тарихты тануда маңызды дерек.

Төртінші тобы: қазақтың сөзі мен жер-су атауына қатысты деректер.

Әли Иәзди «Зафарнма» атты еңбегін 1424-1425 жылдары жазған. Бұл тарихнама Әмір Темірдің өмір жолы мен Орталық Азияда болған тарихи оқиғаларын баяндайды. Негізінде 1330-1405 жылдар аралығындағы оқиғаларды қамтиды. Әзірше «қазақ» сөзін бірнеше жерде қолданған тұңғыш шығарма. Онда: «Әмір Темір Ташкенттен өтіп, Қазақ жұтұр уалаятына шабуыл жасады»,-дейді/281б/

Әмір Темір қазақ даласына теңдесі жоқ ғажап ғимарат салдырып кетті. Ол Қожа Ахмет Йассауи мазарына арнап салдырған кесене. Бұл жайында Шарафеддин Әли Иәзди кітабында анық мәлімет беріп қалдырған. Ол: «Темір Сейһуннан өтіп, Аһангаран, Женас ауылының маңында қыстап шығу үшін әскерлеріне қыстық үйлер салдыртады. Содан Иасы ауылына барып, сондағы Иасауи бейітіне зиярат етеді. Шейх, имам Мұхаммед Ханафия ұрпағынан екендігін айтады.

Әмір Темір Шейхтың мүбарак мазарына арнап кесене тұрғызуды бұйырады. Ғимарат күмбезінің биіктігі және ішінің қалыңдығы бұйрықтағыдай болуы шарт деп көрсетілген. Сондай-ақ күмбездің түрлі түсті таспен безендірілуі, есіктері қайнатылған темірден, ал хауызы қайнатылған тастан қалануы тапсырылған. Мазардың тасы мәрмәр тас Тәбриз қаласынан әкелініп, тиісті көлемде, нақышталсын деп жұмыстарын Маулана Ұбайдолла Сәдрге тапсырады. Бір жылда аяқталсын деп бұйырады», – деп жазған.

Сондай-ақ Мырза Хайдардың (1499-1551) «Тарих-и Рашиди» еңбегі Қазақ хандығының құрлу тарихын жазғаны үшін өте маңызды. Ол кітабында: «Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өзіне қаратып алғандығы соншалық, Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жеткізген емес-ті» деп жазған. Қасым ханның ұлы жетістікті ұйымдастыру қабілетінің жоғары деңгейде болғандығынан қол астына саны мың-мыңнан (миллион) асқан әскер жинақтауының арқасында жеткенін де сол деректен оқи аламыз. 924 (1518) жылы қайтыс болған Қасым ханды ерен еңбегінің нәтижесінде өз ұрпақтарына бүгінгі кең-байтақ қазақ даласын мұраға қалдырды деп бағалауымызға әбден болады.

Түркілердің ыдырап ұлт-ұлысқа бөліне бастағанын да осы еңбектен оқимыз. Екі ғасыр ішінде, яғни XIII-XIV ғасырларда Орталық Азияны мекендеген түркі халықтары екі бірдей империяның (Алтын Орда және Әмір Темір) пайда болып, күйреуінің куәсі болды. Қанды қақтығыстарға толы бұл тарихи кезеңнің аяқталуы жеке аймақтарда пәрменді түрде ұлттық құрылымдардың қалыптасуына ұласты. «Тарих-и Рашиди» авторының өзбек, өзбек-қазақ және қырғыз терминдерімен қатар түрікмен, дулат, қаңлы, жалайыр, бірлес (барлас) сияқты тайпалық атауларды тең қолдануы осы тарихи процестің айқын көрінісі болатын.

«Алайда бұл жеке ұлттық құрылымдардың да қалыптасу процесі сәтті болмады, халықтардың табиғи мүддесіне сай қарқынды бағытта жүрді деп айтуға негіз жоқ. Түркі халықтарының, оларды билеуші Шыңғыс хан тұқымдарының өзара қанды қақтығысулардан, саяси билік үшін тынымсыз күрестен әбден шаршап-шалдыққандығы соншалық, олар енді қайтып Алтын Орда немесе Әмір Темір империясы сияқты қуатты мемлекеттік жүйені құруға шамасы келген жоқ. Кезінде қуаты әлемдік дамуға ықпал еткен Түркістан ендігі уақытта тәуелсіз өркендеу мүмкіндігінен айырылып, шығыс (қытайлық) және батыс (орыстық) болып бөліне бастауы сондай құлдыраудың айғағы болса керек. Мырза Хайдар айтқандай: «Әйгілі гүлденген дәурен – тек ауыздан ауызға айтылып келе жатқан тарихи әңгімелер» болып тарих жадында қалды.

– Сүлеймания мен Ыстанбұл университетінің кітапхана қорларынан алынған бірнеше шығармаларын кестеліп, деректері бойынша қысқаша қазақ пен қазақтың түркілік тарихына қатысты тарихсүйер қауымды таныстырып, еліміздің ұлы бастамасынан хабардар етіп отырсыз. Ендігі мақсат қалай болмақ? Бұл жайында қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Біріншісі – біз тарихи жазба деректерді жүйелі де мақсатты түрде жинаудан кенже қалып келеміз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін әуелі Қазақ және қазақтың түркілік тарихына қатысты ең маңызды жазба деректердің түпнұсқалық көшірмесін «Тарих институтының қорына» жинатуымыз керек. Қазақтың түркілік дәуірі мен хандық құрған дәуіріне қатысты араб, парсы мен түркі тілдерінде мыңдаған жазба деректер барлығы айқын. Соның бірсыпырасы төменгідей:

1.  Әбубәкір Нәршәхи (286-348, 899-956) «Бұхара тарихы»

2.  Зәрдөшт (заратустра) ежелгі діни жырлары «Авеста»кітабы, екі том.

3.  Ибн Бәтуте «сапарнамасы», екі том.

4.  Хафиз т. Бұхари «Абдолланаме»

5.  Ф. Рузбеһан Исфаһани «Маһманнаме Бұхара»

6.  Ш. Әли Иәзди «Зафарнаме»

7.  Мырза Айдар Дұғлат «тарих-и Рашиди» Ташкент – қолжазбасы.

8.  Мырза Айдар Дұғлат «тарих-и Рашиди» Душанбе – қолжазбасы.

9.  Мырза Айдар Дұғлат «тарих-и Рашиди» Ресей – қолжазбасы.

10.  Мырза Айдар Дұғлат «тарих-и Рашиди» Лондон – қолжазбасы.

11.  Фирдауси «Шаһнаме» толық басылымы.

12.  З.Мұхаммед Бабыр «Бабырнаме» қолжазбасы.

13.  А. Жовейни « Әлемді жаулаушы тарихы» үш том.

14.  Р.Фәзлолло Һамадани « жалпы тарих» үш том.

15.  Ибн Әсир «Ислам тарихы» түпнұсқасы он екі том, түрікше аудармасы он том.

16.  Тарихнама Табари, бес томдығы.

Бұл жұмыс белгілі бір қарқынмен жүйелі де тұрақты түрде алға жылжып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Екіншісі – көрген-білген тарихнамалардан «Тарихи деректер» атты кітап жазылса, бұл деректердің жинақтау кезеңінің жемісі іспеттес болар еді. Онда деректер Қазақ пен қазақтың түркілік дәуірінде қандай мәлімет бергенін айқындап, түпнұсқалық мәтін мен қазақ тіліндегі тіпті ағылшын тіліндегі тәржімасын қатар беріп отыру зерттеуші ғалымдар үшін олжа болар еді. Бұл жинақтың ұлғаюын ескере отырып көп томдық ниетпен бірінші томы қолға алынса игі бастама болары анық.

Үшіншісі – әрбір тарихнамалардың мән-маңызын анықтап шағын да сапалы аударма топтарды құрып, қазақ тіліне тәржімалай бастау керек.

Төртіншісі – жинақталған деректерді, ғалымдардың зерттеген шығармаларымен салыстырып, ұштастырып «Қазақтар және қазақтың түркілік тарихы» атты еңбек көпшілікке арнап жазу тағы бір белес болмақ.

Бесіншісі – жаңа түпнұсқалық деректерді оқушы мен білімгер, ізденушілерге таныстыра отырып, жаңа оқулықтар жазу ұлттық тарих пен тарихи сананың оянуына әсер етеді. Әрине, ертеңгі жұмысты бүгін орындай алмасақ кеш, ал, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырсақ өте кеш.

– Осы орайда Қазақтың саяси тарихы мен әдебиет тарихын тарихи оқиғаларына, әдеби шығармаларының тақырыптарына қарап бірнеше дәуірге бөліп зерделеуге болатын сияқты. Өйткені тарих пен әдебиет бір-бірінен ажырамас құбылыс. Тарих – әдебиетті тудырса, әдебиет – тарихтың жаңғырығы емес пе?

– Біздіңше,қазақ елінің саяси тарихын жазба деректер негізінде жеті дәуірге бөліп, қарастырған жөн:

Біріншісі – Ежелгі дәуір. Қазіргі Орталық Азия «Тұран» деп аталатын дәуір. Тұран мен Тұран патшасы Афрасиаб әзірше қолда бар деректерде тұңғыш рет «Әвеста» кітабында хатқа түскен. Бұл кітаптың жазылу тарихы ғалымдардың пайымдауынша әр түрлі кезеңге телінеді. Бірақ ойдың басым көпшілігі б.з.д. VI ғасырға тоғысады. «Әвеста» кітабынан кейін «Бұхара тарихы», Фирдоусидың «Шаһнамесі», Жүсіп Баласағұнның «Құтад Білік», Маһмұт Кашғаридің «Диуан-е лұғат түрік» тағы басқа тарихи-әдеби шығармаларда аталады. XX ғасырда әйгілі ақын Мағжан Жұмабайдың «Түркістан» поэмасында Тұран мен Афрасиабтың өзек болуы жайдан жай емес шығар.

Бұл дәуір VIII ғасырға дейін созылады. Бұл дәуірдің жауынгерлік сипаты басым болғандықтан басты ерекшелігі – елдік, ердік, салт-дәстүрді сақтау төңірегінде көрініс тапты. Ел болып қалу үшін ерлікті қажетсінді. Қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қатынастар үшін салт-дәстүрді бекем ұстау жазылмаған заң рөлін атқаруға тиіс болды. Бұл дәуірдің бейнесін Афрасиаб жоқтау жырынан, Шу қаған дастанынан, Атилла жыры мен Күлтегін жазбаларынан айшықтауға болады.

Екіншісі – Ортағасырлық дәуір (751-1465). Бұл дәуірдің бастау мерзімі Ислам дінінің шығуы, дамуы, өркендеуімен байланысты. Бұл дәуірде Түрік қағандығының үстемдік құрған кезеңнен Тұран елі «Түркі елі», – деп те аталып кеткендіктен Ислам халифатының саяси үстемдігінен «Түркістан» атауына ие болған дәуір еді.

Ислам халифаты Шәдияр (632-661) мен Үмийе халифаты (661-750) билік құрған кезеңде мұсылман әскері түркі даласына жеңісті шабуылдары бола тұра түркілердің жүрегінен, көңілінен орын ала қоймаған еді. Өйткені олардың бойына ғасырлар бойында орныққан наным-сенімді жаңа дүниетанымға ауыстыру оңай емес-ті. Ислам әлеміне Аббас әулеттері билік жүргізген тұста ғана түркі даласы ғаламат оқиғаға куә болды. Сол оқиға түркілерді өз еркімен Ислам дінін қабылдауға ерекше әсер етті. 751 жылы бүгінгі Қазақ жерінде орын алған оқиғаны Ибн Әсир «Ислам тарихы» атты он екі томдық қалың кітабында былай суреттейді:

«Бұл жылғы (751) оқиғалар ішінде Фарғана әміршісі Ахшид пен Шаш әміршісінің арасында келіспеушілік туындады. Ахшид Қытай импраторынан жәрдем сұрады, император да жүз мың жауынгер көмекке жіберді. Бұл жауынгерлер келді. Шаш патшасын қысымға алып, қоршады. Шаш патшасы осыған орай Қытай императорына бағынуға келісті. Өзіне және адамдарына ешқандай жамандық жасалған жоқ. Әбу Мүслім қытайлардың келгенінен хабардар болды. Олармен соғысуға Зияд б. Салиһты жөнелтті. Тараз (Талас) өзенінің жағасында бір-бірімен қарсыласты. Мұсылмандар қытайларға қарсы жеңіске қол жеткізді. Олардың елу мыңдайын өлтіріп, жиырма мыңдайын тұтқындады. Қалғандары қытайға қашып кетті. Бұл оқиға 133 жылдың Зилһижже айында орын алды». /607б/

Осы оқиғадан кейін Түркістанда Ислам дінінің дамуы қарқын алды. Сонымен қатар түркілер өз еркімен мұсылман бола бастады. Түркілерден Ислам дінінің өркендеуіне үлес қосқан ұлы ойшылдар мен ғалымдар шықты. Әбу Насыр ел-Фараби, Харезми, Ұлықбек, Қ.А. Иасауи, М. Кашғари, Тарази мен Сараи сынды білім мен ғылым иелері Ислам дүниесінің ренесансының пайда болып, шарықтап әрі XV ғасырға дейін миуалы жемісін беруіне молынан үлес қосты. Сондықтан бұл дәуірдің саяси-мәдени бағытындағы идеологиялық сипаты Ислам болды. Түрлі саяси, экономикалық, қоғамдық себептерге байланысты түркілер араб, парсы және түркі тілдерінде Ислам өркениетіне қызмет жасады. Бірақта кейінірек түркілер өз тілі мен түркілік салт-дәстүрін сақтап, өркендеді. Соның арқасында Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары қысқа мерзімде түркілік болмысына сіңісіп кетті. Осы себептен сол заманның тарихшылары мен көптеген Батыс ғалымдары ұзақ уақыт түркі мен моңғол арасын айыра алмай әлек болды.

Бұл дәуірдің тағы бір ерекшелігі Түркістан атауының астында өзіндік атаумен түркі патшалықтары мен қағандары пайда болды. Харезм, Селжұқ, Қара хан, Ғазне тағы да басқа ірілі-ұсақ бір талай билік иелері Орталық Азияда бой көрсетті. Орталық Азиядан әлемді билеуге ұмтылған түркілер Мәмлүктер (1250-1381), Шеркештер патшалығын (1381-1518) Мысырда, Османлы империясын (1299-1923) Анадолыда, Алтын Орда билігін (1243-1503) Азия-Еуропада, Бабырлар патшалығын (1506-1862) Үндістанда құрды. Олар әлденеше ғасырлар бойы билік етті. Түркілер түрлі атаумен өз патшалықтарын құрып жатқан бұл дәуірде Түркістан атауы да Қыпшақ даласы мен Мауароннәһр деп екі үлкен территорияға бөлінді. Қыпшақ даласы Алтын Орда қағандығы негізінде Қазақ хандығына ұласты.

Үшіншісі – Қазақ хандығы дәуірі. Қазақ хандығы Алтын орда мұрагері болып 1465-1466 жылдары көшпенді мемлекеттік сипатына ие болып, түркілердің тұтастай өнері мен ауыз әдебиетіне, салт-дәстүріне әрі таза тіліне де мұрагер болып, ежелгі түркі территориясының басым көпшілігіне қожалық етті. Егенмен Ел болу жолында ұшан-теңіз қайрат сарп еткен Қазақ даналары мен батырлары кең-байтақ жерді бүгінгі Қазақстан Республикасын ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі – Ел болып қалыптасуды қамтамасыз ету болды.

Төртіншісі – отаршылдық жүйенің дендеу кезеңі. (1824-1904) Бұл Қазақ халқының Ресейлік отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық күресінің езіп-жаншылған тұсы. Қазақ халқы билеуші саяси жүйеден ажырап қалса да халық пен ақын-жыраулары ортағасырлық мәдени-рухани мұраларды жыр-дастан түрінде ел ішінде жаппай тартып, елдік азаттық рухын сақтай білді. Абай сынды перзентін дүниеге алып келіп жаңаша саналық сатыға көтерілді.

Бесіншісі – Алаш дәуірі. Елдің жаңа саяси жүйесін жасауға талпыныс дәуірі. Оның нәтижелері кейінгі кеңестік Қазақстанның пайда болуын қамтамасыз етті.

Алтыншысы – кеңестік дәуір. Қазақ халқының әлемдік деңгейдегі ойшыл, ірі Алаш тұлғаларының мемлекетке жаңа саяси жүйе енгізу жолына бөгет жасалған дәуір болғанымен білім-ғылымның дамуына жол ашты.

Тәуелсіздік дәуірі. Бастамасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Мәңгілік заман тарихына ену жолында Қазақ халқы үшін алтын дәуір. Ата заңы, желбіреген көк туы, әнұранымен әлемдегі барлық халықаралық ұйымдарға мүше болған саяси тәуелсіз мемлекет құрған дәуір.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тәшенов Төреғали

Түпнұсқа: Айқын
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?