«Қазақ әдебиеті» газетінің 21.06.2013 ж. №25 санында жарияланған Марал Ысқақбайдың «Қазаққа керегі тарих па, тарихшы деген атағы ма?» атты мақаласында бүгінгі қоғам үшін өте өзекті мәселелер қозғалған. Қай ғылымда болсын, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелермен қатар жеке ұлтқа қатысты жайттар орын алады. Тарихты қойып, ең бір нақты ғылым математиканы алсақ, ондағы негізгі категория цифрлардың өзі араб, рим болып бөлінсе, тіпті, саналатын нысанға байланысты әртүрлі цифрлар жүйесін қолданатын халық бар екендігі айтылады. Соңғысы сол халыққа ғана тиісті болса, алдыңғылары бүкіл адамзат игілігіне айналған. Ал тарихта жеке ұлттарға ғана тән жайттар аз емес. Аталған мақала авторының мақсаты – қазақ тарихының ұлтымызға ғана тән ерекшеліктерін тарихшы ғалымдарымыздың тиісті дәрежеде ескермейтіндігіне, бұл олқылықты толтыруға басқа ғылымның өкілдерінің де, тіпті, жұртшылық болып атсалысуы керектігін көрсету. Абай: «Өлеңге әркімнің де бар таласы» – десе, бұл қағида тарихқа да қатысты.
Тарихтың күрделі ғылым екендігі, бұл ғылымға бару үшін оның алғы шарттары, баспалдақтары
болатын қаншама ғылым саласын игеру керектігі, әрі тарихтың өз ішіндегі
салалары, тарихшының басқа да іргелі ғылымдарды зерделеу қажеттігі, тарих
ғалымының жетістіктерін басқа ғылым салаларында пайдалану мәселелері, осының
барлығының теориялық негіздері, зерттеу әдістері арнайы дайындықты,
білгірлікті қажет ететіндігі даусыз. Әңгіме қазіргі Қазақ тарихының зерттелу
жағдайы, оған қатысты материалдар туралы болмақ. Тарихшы, миссионер, саяхатшы,
барлаушы, саудагер, әскери, т.т. қалдырған әртүрлі мақсат-мүддемен жазылған құжаттарды
пайдалану, оларды халық жадында, әдеби мұраларда сақталған жәдігерлермен
салыстырып, зерттеуде білім және ыждағаттылықтың болуымен қатар, қазақтың
ұлттық болмысы мен құндылықтары ескерілмесе, «істеген істің бәрі бос» болады.
Бүгінге дейінгі кезеңдерде белгілі себептермен тарихшылардың басым көпшілігі
еңбектерін саяси тапсырыспен, даяр концепция бойынша, негізінен, зерттеу емес,
көшіру арқылы жүргізгені ақиқат. Тарихсыз ешбір шынайы білім, ғылым жоқ.
Сондықтан басқа саладағы ғалымдардың да тарихқа, оның ішінде, ұлтының тарихына
деген қызығушылығы, әртүрлі дәрежеде қалыптасқан көзқарасы болуы заңды.
Ғылымның қай саласында болсын, зерттеулерінде тарихи материалдарды пайдаланады
және саяси биліктің ықпалында болады.
Тарихқа қатысы жоқ басқа ғылым саласындағы ізденістерде тарихи құжаттарды
ұшырату жиі кездесетін құбылыс. Париждегі Пастер институтында Қазақстанның
қиыр шетіндегі туған ауылым Зайсанға қатысты дерекке тап болғаным бар. Осы
институтта жұмыс істеген ұлты орыс Хохлов деген ғалым Зайсанның тумасы екен. Ол
Зайсанда өсетін қызыл мияны «Глицериза зайсаника» деген атпен өсімдіктердің
таксономиялық тізіміне тіркетіпті. Ал оның әкесі Зайсандағы Кендірлік көмір
кенін ашып, пайдаланғандардың бірі екен.
Түптің түбінде тарих – ұлттардың өмірбаяны, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы.
Мемлекеттілік – ұлттың мүддесін қамтамасыз ететін ең жетілген институт, оның
баяндылығы да ұлттың тарихын дұрыс зерделеп, қазіргі ағымдық және болашақтағы
міндеттерді айқындауымен байланысты. Соңғы кездері тарихи зерттеулердің саясатпен
байланысы болмауын жақтайтын пікірлер жиі айтылып жүр. Тарих пен саясат
бір-бірінсіз болмайды, саяси биліктің әсерінсіз мемлекеттік дәрежедегі ешбір
мәселе шешімін таппайды. Оңды саясат тарихи зерттеулердің дұрыс жолға қойылуын
қамтамасыз етсе, объективті тарихи деректерді басшылыққа алғанда ғана саясат
пәрменді болады.
Ұлттық тарих дегеніміз – ең алдымен, ұлттың қалай пайда болғанын анықтау.
Біздің ұлттық болмысымыз бен ұлт ретінде қалыптасуымыз – бүкіл адамзатқа
ортақ заңдылықтармен қатар, өзіндік ерекшеліктерге де ие. Ұлттың қалыптасуы
туралы зерттеулерде жиі сілтеме жасалып жүрген Карл Дойчтың пікірі бойынша
«ұлт өзінің тегі жөніндегі қате ұғымдардың шырмауындағы және көршілеріне
деген ұжымдық өшпенділік негізінде топтасқан адамдар тобы» екен. Бұл
қағидада ащы да болса шындық бар. Ал біз, қазақтар, шыққан тегімізді
ұмытпаған, жеті атамызды жаттап өскен, руымыз, төл құжатымыз болған халықпыз
және басқаларға өштесіп, есе қайтару үшін топтасқан емеспіз. Бірақ ұлттық
эгоизмнің әлемдік саясаттағы маңызын ескере отырып, өз бағытымызды айқындауға
тиіспіз.
Қазіргі замандағы мемлекеттердің барлығы да ұлттық мемлекеттер. Күллі саяси
процестер ұлттың мүддесінен туындайды немесе олардың көзге көрінбейтін ұлттық
астары бар, әртүрлі формада бүркемеленіп басқаша болып көрінгенімен, белгілі
бір ұлттың мүддесіне саяды. Бұл мүдделердің ара-қатынасы халықаралық саясатты
айқындайды. «Біздің мәңгілік дос-дұшпанымыз жоқ, мәңгілік мүддеміз бар» дейтін
саясаттағы қағида түптеп келгенде ұлттық мүдде, қалғанының бәрі одан
туындайтын екінші кезектегі мәселелер.
Әртүрлі қоғамдық формациялардан өтіп, ұлттардың, олар құрған ұлттық мемлекеттердің
пайда болуы дүниежүзінде бір кезеңде бірдей жағдайда болған жоқ. Ең алдымен, бұл
процесс Батыста, Атлантиканың екі жағалауында қалыптасты. Бұл аймақта,
негізінен, ішкі күштердің әсерінен аутохтонды әлеуметтік саяси даму шеңберінде,
сырттан айтарлықтай бөгде ықпалсыз жағдайда өтіп, негізінен, тарихта жаңа
ағартушылық (ренессанс) дәуіріне тұспа-тұс келді. Іле-шала бұл процесс
Германия, Польша, Ресей сынды елдерді қамтыды. Алдыңғы топтағы елдерде ұлттың,
ұлттық идеологияның қалыптасуы ұлттық мемлекеттің кемелденуімен қабаттаса
жүрсе, соңғыларында алдымен ұлттық идеология, содан кейін мемлекеттің ұлттық
сипаты қалыптасты. Қазіргі саясаттану ғылымындағы пікір бойынша бірінші
топтағы елдерде ұлт саясаты біршама либералды, демократиялық бағытта, ал екінші
топтағы елдерде ұлт саясаты мемлекет аппараты, негізінен, монархиялық билік
арқылы қалыптасып, этностық факторға ерекше мән беріліп, иррационалды
реакциялық сипат алды.
Ұлттық саясатта өзінің либерализмі мен демократиялығын алғашқы болып жариялаған
Британия империясын құрушылардың өздері шындығында радикалды ұлтшылдар еді.
Оның үстем топтары англосаксондық тектілігін қызғыштай қорып, тіпті, өздеріне
ең жақын Уэльс пен Ирландиядан шыққандарды да төмен санап келді. Демократиялық
елміз деп есептейтін француздар да Галл тайпаларының ұрпағымыз деп, басқа
отандастарынан өздерін жоғары ұстады. Демократияның кепілі ретінде либералдық
жолмен американдық ұлтты қалыптастырған үлгісі насихатталатын АҚШ бүкіл
ХІХ ғасырда англосаксон протестанттарының үстемдігін қамтамасыз ету
жолындағы күрес аренасы болып, одан кейінгі кезеңде де қара нәсілділерді, жалпы
африкалықтар мен азиялықтарды кемсітуді былай қойып, Шығыс Европа өкілдерін
жатсыну саясатын ашықтан-ашық ұстанып келді. Қазіргі уақытта да бұл жағдайдың
кейбір көріністері байқалып қалады. Аталған елдердің барлығында да
мәдениеті мен тілі үстемдікке ие топ – сол ұлттың мүддесін қамтамасыз еткен
негізгі доминант ретінде өзге топтарды не толықтай ығыстырып немесе ыңғайына
қарай икемдеп, қатарын нығайтты. Бұл процестер күрделі жағдайда әртүрлі
сілкіністер немесе компромистер арқылы шешімін тапты, ал кей жағдайда
бүркемелі сырттай тыныштық, іштей мазасыздыққа ауысты. Осындай ішкі және сыртқы
қайшылықтар – кейбір зерттеушілер «Ұлтшылдық дәуірі» деп атаған ХХ ғасырдағы
екі дүниежүзілік соғыстың шығуына ықпал етті. Тіпті, Ұлы Октябрь революциясына
да Ресейдің ішкі ұлттық саясатындағы еврейлерді шектетудің әсері болды деген
пікір негізсіз емес.
«Ұлттардың қалыптасуы – қоғамның тарихи дамуының нәтижесі» деп қарастыратын
пікірлерге қарама-қарсы көзқарас бойынша, «ұлт әлімсақтан, адамзат тарихының
бастау алған кезеңінен бері жасап келеді» деп есептеледі. Бұл көзқарас діни сенімдермен
тығыз байланысты және халықтың ұғымына сіңісті ата-тек, қандастық (қазіргі
ұғым бойынша генетикалық) тұтастығын білдіреді. Яғни ұлттың этникалық
табиғаты түсінігін береді. Мұндай ұғымның классикалық үлгісі – еврейлердің
өздерін Құдай ерекше мейіріммен ең сүйікті пенделері ретінде жаратқан деген ұстанымы.
Соңғы ғасырларда бұл бағыт нәсілшілдікке, ұлттық ерекшеліктенуге негіз болды.
Бұған немістердің ариялық асыл тектілігін насихаттаған фашизмнің немесе
таза славян текті православие дінінің аясындағы қасиетті орыс ұлтының
өкілдерінен басқалардың ұлы Россияға иелік ету құқығы жоқ деген ұлы орыс шовинизмі
мысал болады.
Ұлттардың қалыптасуының, сақталуының, дамуының тірегі мен қозғаушы күші
ұлтшылдық болып табылады. Ұлтшылдық – саяси тілмен айтқанда, ұлттық идеология.
Советтік насихат бойынша ұлтшылдық өте бір жағымсыз құбылыс есептеліп, бұндай
жаман атқа ілікпес үшін ұлтжандылық деген бүркеншік атты қолдануға ниеттенгеніміз
белгілі. Ұлтшылдық пен патриотизм мағынасы бір тақылеттес ұғымдар. Ұлтшылдық
өте күрделі әлемдік құбылыс ретінде бүкіл адамзат тіршілігі мен халықаралық
саясаттың өзегі болғандықтан, оның ашық және құпия, теориялық және практикалық
жақтары бар. Оның заманына қарай өзіндік қырлары мен сырлары мол.
Бір уақыттарда теоретиктер «Ұлтшылдық қашан, қайдан пайда болды, оның шығу
төркіні қандай?» – деген мәселелерді қаужап келсе, Эрнст Гелнер: «Ұлтшылдық арқылы
ғана ұлт қалыптасады, ұлтшылдық ұлтты тудырады, тіпті де керісінше емес», –
деп тұжырымдады. Бұл бағыттағы пікірталастар «тауық бұрын жаратылды ма, әлде
жұмыртқа ма?» деген қалжыңға бергісіз ғылыми дискуссияны еске түсіреді. Сонымен,
ұлтшылдықсыз ұлт қалыптаспайды, ал ұлтшылдығын жоғалтқан ұлт өзін-өзі
сақтай алмайды. Бұл қарапайым ақиқат ешбір дәлелдеуді керек етпесе керек-ті.
Қазақтың ұлт болып қалыптасуы қай деңгейде деген мәселеге келсек, жоғарыда
келтірілген екі теория бойынша да біз толыққанды ұлтпыз. Қазақтың бастапқы
даму сатыларынан өтіп, дербес халық ретінде танылғанына тарихи өлшемге
толымды уақыт өтті. Ол ұлттық мемлекет деңгейінде Қазақ хандығы ретінде тарих
сахнасына келді. Формальді түрде болсын одақтас республика ретінде КСРО құрамында
мемлекеттік атрибуттарын қалыптастырды. Ал екінші теория бойынша, тиісті
әлеуметтік-қоғамдық сатылардан өту шарты да бар. Феодализмнен бірден социализмге
өтіп, оның ыстық-суығын түгелдей бастан өткізіп, қайтадан капитализмге шегініп,
оның да қызығын көрдік. Бұл формациялардың ұлтты қалыптастырудағы ролі
қоғамдық қатынастар, экономикалық жағдайға ғана қатысты емес, бұл кезеңде
қоғамдағы оқу-ағарту ісінің даму дәрежесі де маңызды. Аллаға шүкір, бұл жағынан
да қазақ баласы кенде емес, сауаттылық, білім деңгейі бойынша жетістіктеріміз
баршылық.
Ұлт болып ұйысудағы тағы бір елеулі мәселе – азаматтардың өздерін сол ұлттың
өкілі ретінде сезініп, тануы (ұлттық идентификация, даралану). Бұл жағынан да
тілін ұмытып, діннен мақұрым қалған қандастарымыз, аса бір шеттен шыққандары
болмаса, өзін қазақпын деп есептеуден қалған жоқ. Ондайлардың басқа бір ұлтқа
сіңісіп кету мүмкіндігі де қазіргі таңда шектеулі. Өйткені, ұлттың қалыптасуы,
жеке адамдардың ұлттық идентификациялануы жай ғана ерік-жігермен шешілмейді.
Ендігі уақытта жаңа бір ұлттың пайда болуына қажетті тарихи жағдай жоқ. Ал
жеке адамның өзге ұлттың толыққанды мүшесі бола қоюы да күмәнді. Заң арқылы
азаматтық пен азаматтық құқықты ғана белгілеуге болады. Азаматтық құқықтың
өзі ұлттық мүдденің көлеңкесінде қалып жатады. Ұлтына қарамай барлық
азаматтардың тең құқықтығы заң жүзінде жарияланғанымен, іске асырылуы
әр елде әр деңгейде. Кейбір жағдайда азаматтық құқықтардың ұлтына
байланыстылығы ашық көрсетіледі. Мысалы, Израиль Конституциясы бойынша бұл ел
еврейлердің, тіпті, Израильде тұратындарының ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі
еврейлердің мемлекеті. Израильдегі халықтың 20%-ын құрайтын арабтар және
заң талабы бойынша иврит тілінде сөйлейтін, бірақ еврей екенін дәлелдей
алмаған 5% басқадай тұрғындар азаматтық құқықтан жұрдай.
Сонымен, ұлтшылдық болмаса халық толыққанды ұлт болып, ұлттық мемлекетін құра
алмайды. Ұлтты қалыптастыратын да, оны сақтайтын негізгі фактор да – ұлтшылдық.
Кез келген мемлекет қандай саяси жүйемен басқарылса да, шынтуайтында ұлттық
мемлекет. Мемлекет аппараты, ең алдымен, мемлекет құрушы ұлттың мүддесіне
қызмет етеді. Демократиялық елдерде азшылықты құрайтын ұлттардың құқығына
кепілдік беріліп, оларға қамқорлық жасалғанымен, негізгі ұлттың мәдени-тілдік
басымдылығы қорғалады. Түптің түбінде әр ұлт өз жағдайына байланысты ұлттық
мүддесін айқындап, оны іске асырады. Ұлттың барлық іс-жігері осы бағытқа
жұмылдырылып, мемлекеттік жүйе арқылы орындалады. Дүниежүзілік тәжірибеде
ортақ жалпы заңдылық болғанымен, әр ұлттың өзіне тән жағдайларына сәйкес ұлттық
мүдделері де, оларды іске асыру жолдары да өзгеше. Бұл факторлар ғылыми тұрғыдан
жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әлемнің көптеген елдерінде бұндай
зерттеулердің мол тәжірибесі жинақталып, зерттеу әдістемелері қалыптасып,
нәтижелері тиісті саяси күштердің іс-әрекеттеріне негіз болып отыр.
Қазақ халқының қалыптасуында да ұлттық мемлекеттің құрылуы мен ұлттық
идеологиясы шешуші роль атқарды.
ХV ғасырдың екінші жартысында пайда болған Қазақ хандығы әртүрлі рулардың
басын қосып, бір орталыққа топтастырды. Қазақ хандығы халқымыздың бытыраңқылық
пен феодалдық бөлшектенуіне қарамастан, өз тарихындағы ең ауыр сын – екі жүз
жылдық Жоңғар хандығымен болған соғыста, негізінен, ұлттық мүддеге негізделген
халқының біртұтастығы нәтижесінде жеңіске жетті. Алып көршілері Ресей мен
Қытайдың арандатушылығымен екі қуатты көшпелілер мемлекеті бұл соғыстың
нәтижесінде бірі мүлде жойылып, екіншісі әлсіреп, отарлық тәуелділікке ұшырады.
Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуы Алтын Орданың
ыдырауының нәтижесі. Енді бұл кеңістікте жаңа Ресей империясы бой көтерді.
Алтын Орданы құрған моңғолдар өздері жергілікті халыққа сіңісіп, тілдері
түркіленіп, кейіннен ел билеуші топтары ислам дінін қабылдады. Ресей
империясында ұлттық қатынастар мүлдем басқаша қалыптасты. Бастапқыда стратегиялық
бағыттарда әскери бекіністерін салып, ондағы тұрақты әскермен қатар, казак-орыстарын
орналастырса, кейіннен ішкі Ресейден қазақ жеріне жаппай қоныс аударылу
басталды. Отарлық саясат өте күшті қарқын алып, қазақтың болмыс-тіршілігі
тығырыққа тірелген сәтте ұлттық мүддені қорғау мақсатында Алашорда үкіметі
құрылды. Алашордашылар Қазан революциясынан кейінгі күрделі жағдайда басқа
мәселелермен қатар, Қазақстанның қазіргі территориясын белгілеуге көп күш
салып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Ғұмыры өте қысқа болған Алашорда
үкіметінің негізгі бағдарламасы – қазақтың ұлттық мүддесін қорғау еді.
Ұлт азаттығы күресінің ұраны болған «Алаш» сөзінің мағынасының өзін сан-саққа
жүгіртеміз. Тарихшыларымыз алты Алашқа қазақтың үш жүзін, Ташкент маңындағы
құраманы, қырғыз бен қарақалпақты жатқызады. Алаш ХІІІ ғасырда, қазақтың үш
жүзі ХVІ ғасырда қалыптасты. Демек, бұл еш қисынға келмейді. Ал қырғыздар
ешбір тарихи кезеңде қазақпен бір тудың астында болмаған және ешқашан Алаш
атауын иемденбеген. Саяси іс-әрекетте бұл халықты туысқанбыз деп ішке тарту
орынды болғанымен, олардың сыртынан тон пішіп, тарихты ойдан құрастыруға
болмайды. Алты Алаш жөніндегі тарихи деректер оған Керей, Найман, Меркіт,
Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда
заманында татарлар басшысының есімімен «Ноғай» атанған. Алтын Орда ыдырап,
қазақ болған рулар Шығысқа қайтқанда ноғайлар Батыста қалған. Ол заманнан
қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған. Ал бізге белгілі қазіргі
татарлар ол кезде «бұлғар» аталған. «Бұлға» – ертедегі Еділ өзенінің атауы,
кейін ол «Великая русская река – Волга» болды да, империяның қақ ортасын
жарып өтетін, күре тамырындай өзеннің бұрынғы иесінің аты өзгерді. Отаршылдық
жүйе елге, жерге иелігін бекемдеу үшін олардың атын да, затын да өзгертіп, өз
ыңғайына бейімдейді. Біздің де ұлтымыздың әлемге әйгілі айбынды атауы бір кезде
ата-бабасына жасқаншақтық сезім тудырса, оны «киргиз» деп өзгертіп, өзінің
жалаң қылышты жырынды топтарын «казаки» деп ұлттың аты да олжаға айналғанда,
Алаш азаматтарының жігерлі әрекеттерінің нәтижесінде ғана қайтарылғаны белгілі.
Ал Жалайырға келсек – оның аттың жалына қатысы жоқ, ол заманда «жал» деп
қорғанды атаған. Бұл ру Қытайдан төлем алып, Қытай қорғанын сырттай бақылайтын
болған.
Ол дәуірде хан өзіне жақын қарашы топты таңдаған, қалған жұрты алашысы, олар
ханның билігіне бой ұрғаны үшін, жарлығын орындап, барлық қажетін өтегенінің
қарымтасы ретінде «хан талапай» етіп барлық мал-мүлкін, тіпті, ырым ретінде
үстіндегі киіміне дейін бір жапырақтан бөлісіп алған. Ханға ешбір жекеменшіктің
қажеті жоқ, өйткені, ол бүкіл мемлекеттің иегері. Шыңғыс ханның қарашысы
моңғол текті өз руластарынан болып, алашысы – алаш атанған жоғарыдағы алты ру
ел екен. Алаштың ханмен қатынасы жай ғана бағыныштылық емес, өзара келісімге негізделген
әріптестік. Ел аузындағы аңыздарда ханның қаһарына ұшырап, жазықты болғанда
рахымшылық өтініп, «Хан ием, жақсы көрсең – қарашыңмын, жек көрсең де – өзіңнің
алашыңмын» деген мойын ұсыну уәжі сақталған. Ондағы мағына – жақсы көрсең
қасыңда ұстап, жақын тартасың, олай болмағанда да өзіңе қарасты қауымыңмын
дегені және де өзінің құқы мен ханның жауапкершілігін еске салу да бар.
Алты Алаш деп алты санын қолдану көне дәуірден қалған нысан ғана. Алаш ұғымы
ру немесе ұлтпен шектелмейді, оның шын мәні – бір ортаға топтасқан берекелі,
ынтымағы жарасқан қауым. Оны тарихта болғаны дүдәмәл Алаша ханға телу де
орынсыз. Алаш, сонымен қатар, әлеуметтік категория, қарапайым халық, көпшілік
қауым дегенді білдіреді. Алаш партиясын құрушылар бұл атауды ұйымның
демократиялық сипатын айқындау үшін таңдады. Ол кездегі қазақ қауымына
демократия дегеннен Алаш сөзі түсінікті еді және Кенесары сияқты тағы бір хан
азаттық туын көтерсе деген арман болатын. Көзі ашық, оқыған азаматтар ондай заманның
қайтып келмейтінін, халық (алаш) өз жоғын өзі жоқтауы керек екенін түсінді.
Хан нәсілінен шыққан Әлихан Бөкейханов: «Біз, хан тұқымы, қазақтың үмітін
ақтап, елдігін, тәуелсіздігін сақтай алмадық, қарызымызды өтеу үшін көшін
бастай алмасақ, қосшысы боламыз» – деп, айтып та, жазып та кетті. Алаш партиясының
шын мәніндегі демократияшылдығын оның бағдарламасы мен барлық іс-әрекеті
дәлелдеді. Ал Алашорда нағыз ұлтжанды халықтық үкімет болды. Алаштың халқымыздың
рулық құрамы мен үш жүздік құрылымы сияқты өткен тарихымыздағы маңыздылығына
қарамастан, оның және институттарының атауын қазіргі қоғамдық өмір мен
саяси қатынастарда қолданудың орынсыз екенін де ескерген жөн.
Ресми тарихымызда баяндалмаған, бірақ халықтың жадында сақталған және ғылыми
ізденіс кезінде кітапханалар мен архивтерден алынған деректерді назардан тыс
қалдырмауға тырыстық. Өкінішке орай, кезінде дереккөздері жазылмай қалған
екен. Басқа ғылымдардан тарихтың ерекшелігі де, артықшылығы да оған деген
халықтың зор ынта-жігерінде болса керек. Сондықтан тарихшылардың әрбір
тарихи оқиғаларға қатысты жұртшылықтың пікірін білгені артық емес деп
есептеймін. Қайта керісінше, тарихты насихаттап, халықтың тарихи санасын
қалыптастыру – абыройлы іс. Тарихшы ғалымдар басқа ғылым мен мамандық
иелерінің пікірлерін назардан тыс қалдырмай, құптағаны абзал болар. Бұл
пікірлердің ішінде тарих үшін құнды мәліметтер кездесуі әбден мүмкін. Әрине,
оларға ғылыми тұрғыдан баға беріп, тарихи дерек ретінде қабылдау – арнайы
кәсіби білімі бар тарихшылардың ісі.