Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жамақтың ұлы Бейбарысты арабтар қалай аңыз қылды?

2517
Жамақтың ұлы Бейбарысты арабтар қалай аңыз қылды? - e-history.kz
Атақты Бейбарыс сұлтан туралы арабтардың халықтық романы.

Мұқабасындағы жазуы мен суреті сары алтындай жарқыраған бұл қызыл кітап «Бейбарыс» деп аталады. Атақты Бейбарыс сұлтан туралы арабтардың халықтық романы. ХVI ғасырдың туындысына жатады. Мұнда біз үшін көптеген тосын да тың деректер бар. Кітапты қазақшаға белгілі көсемсөзші, қаламгер Сауытбек Әбдірахманов аударыпты. Кітаптың желісі бойынша Бейбарыс сұлтанға қайта оралып, әңгіме өрбітуге себеп жеткілікті. Тарихшылар Еділ Ноянов пен Меңдігүл Ноғайбаева көмекке келді. Сұхбат «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, газеттік нұсқасы «Халық сөзіне» ұсынылып отыр.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әңгімені өзім білетін тұстан бастайын. Сонау 1990 жылдардың басында ежелгі пирамидалар еліне жол түсті. Қазір қырықпышақ болып қырылысып жатқан Египеттегі Каир қаласында қона жаттық. Сонда сұранып жүріп, ескі қала жағындағы Бейбарыс сұлтанның мешітіне барып, Құран бағыштадық. Біздің сол жердегі шырақшылардан естігеніміз, Қазақстаннан келіп-кетіп жатқан азаматтар бірқыдыру бар екен. Айналасы тастан қаланған биік дуалмен қоршалған мешіттің кіреберісінде Сұлтан Бейбарыстың аты-жөні жазулы тұр. «Әп, бәрекелді!» деп, суретке түсіріп алдық. Әрине, сапарда жүрген адамның мойнынан фотоаппараты түспейді ғой. Қазақстанға келген соң ол суретті газетке жарияладық. Тәуелсіз ел болғаннан кейін алғаш құрастырылып жатқан энциклопедиямызға сұратып алды. Менің атыммен сол сурет энциклопедияда жарияланды. Мұны айтып отырғаным, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қанша айтсақ та, адамзат тарихында өшпес із қалдырған ондай тұлғалардың түбі қазақ болғанын біз бәрібір айрықша мақтан тұтамыз ғой. Десе де, Еділ, сізге мынандай сұрақ қояйын деп отырмын: Соғысқа дейін Кенесары ханды ғайбаттап келдік те, соғыс басталғаннан кейін басымызға күн туған кезде оның атын қайта алға шығардық. Елді рухтандыру үшін Кенесарыны қайтадан көтердік. Тәуелсіздік алғаннан кейін міне, осы Бейбарыс сұлтанды да мақтан тұтып, Жайық жағасында ескерткіш орнатып, сонау Каирдегі кесенесін жөндеуден өткізіп жатырмыз. «Осы бізге қаншалықты қажет? Бейбарыс сұлтан қазақтың жерінде күрескен жоқ, қазақтың жерін қорғаған жоқ, ол сонау арабтардың ортасында күресіп, сол жерде сұлтандық құрды» деп жатады. Кәсіби тарихшы ретінде бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
Еділ НОЯНОВ:
Сіздерге белгілі, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1917 жылға дейінгі тарих біздің тарих емес, патшалардың тарихы деп, зерттелуіне біршама шек қойылды. 1941 жылы 7 қарашада Қызыл алаңда болған әскери шеруде Сталин: «Сендерді Пожарский мен Мининнің аруағы қолдасын» деп, халықты жігерлендіргісі келді. Тура осы жағдай Алматыда да көтеріліп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов майданға аттанып бара жатқандарға: «Сендерді Кенесары бабамыздың аруағы қолдасын» деген сөз айтқан екен. Мысалы, күрдтер өздерінің атақты Салахаддинімен, тіпті іргеміздегі өзбектер өздерінің Әмір-Темірімен, ары кетсек моңғолдар біз таласып жүрген Шыңғысханмен мемлекетінің, ұлтының көнеден келе жатқанын негіздегісі келеді. Бейбарыс Қазақстанда билік еткен билеуші болмағанымен, жаңағы Салахаддин, Әмір-Темір сияқты әлем танитын тұлға болып саналады. Бірақ Бейбарыстың шығу тегі Дешті Қыпшақ, яғни қазақ даласына байланысты екенін сол замандағы арабтардың өздері жазба деректерінде айтып өткен. Сол себепті біз Бейбарысты шеттетпеуіміз керек. Оны шындығында қазақты құраған Дешті Қыпшақтан шыққан билеуші ретінде мақтан тұтатын тұлғамыз тұрғысында көрсете аламыз.
Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА: Мысалы, Швейцарияда болған кезімізде көрдік: Швейцарияға қатысы жоқ, бірақ әлемге танымал, Нобель сыйлығын алған ғалымдардың бірқатарының аты-жөндері бір кездері осы жерде оқыған, тұрған, алғашқы ғылыми жаңалықтарын ашқан деген деректері келтіріліп, тақталарын көрнекті орындарға іліп қойған. Мықты тұлғалармен жөнін тауып Батыс та мақтанады, Шығыс та мақтанады. Ал біз неге өз қандасымыз Бейбарыс сұлтанды шетке шығаруымыз керек. Ол Мысыр мемлекетінде билік құрғанымен, тегі Дешті Қыпшақтан шықты ғой. Біз Бейбарысты көтеру арқылы Дешті Қыпшақты көтереміз. Дешті Қыпшақ деген сөз – оның бүгінгі мұрагері, яғни ұланғайыр жерді ұстап тұрған – қазақтар. Қыпшақ этно-саяси қауымдастығынан ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап, ұлт болып қалыптасу процесі жүзеге асқан кезде енші алып кеткен өзіміздің түркі халықтары бізбен көрші болып отыр. Өзбектер, қарақалпақтар, ноғайлар бар. Олар да «біздің де дәмеміз бар» деген нәрсені айтады, керек болса. Бірақ қарашаңырақтың ұйыған ортасында қазақтар отырғандықтан, Бейбарысты көтеру арқылы Дешті Қыпшақты көтереміз, рухты көтереміз. Біздің этникалық тегімізді, қазақтың ежелгі заманнан келе жатқан халық екенін көрсетуге ол да бір дәлел. Кезінде «қазақтар деген кімдер?» дегенде, орыстың кейбір ғалымдары «бұлар әр жақтан жиналған қашқын ру-тайпалардың қосындысы, белгілі бір этникалық тегі жоқ» деп айтқан. 1925 жылы Мұхаметжан Тынышпаев сынаған Шелашниковтың «Киргиз-кайсаки» деген еңбегінде қазақтарды тегі жоқ ру-тайпалардың қосындысы деген, ал қараңыз. Біз Бейбарыс арқылы сонау ежелгі дәуірден бері қарай үзілмей келе жатқан этникалық үдерістердің жалғасқанын көрсетеміз. Сол жалғастылықтың көрінісі бүгінгі тәуелсіздікке ие болып отырған Қазақстан халқы деп білген жөн.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Үлкен тұлғаларын мақтан тұту, қастерлеу жалғыз қазақтың ғана емес, жалпы адам баласына тән сезімдер дейсіз ғой. Өте дұрыс екен. Дегенменде Бейбарыс сұлтан арабтардың ортасында жалғыз болған жоқ қой. Ол жерге де қыпшақтың қалың қолы барды. Мәмлүктердің негізгі бір бөлігі қыпшақтар болған екен. Енді әңгімеміздің барлығын мына кітаптың төңірегіне жинақтасақ жақсы болар еді. Мен өзі көңілім елжіреп отырып оқыдым. Бірнеше рет оқыдым десем де болады. Бұл «Мың бір түннің» негізінде, кей тұсы шығыстық тәмсіл орайында жазылған. Оқиғалары сол шығыстық хикаяттарға келетұғын сенімді, сенімсіз әңгімелерге толы, қиялға, мифке бай шығарма екен. Арабтар мұны ауызша әңгімелеп жүріп те таратқан дейді. Соның басын жинақтай келе осындай роман туған көрінеді. Бұл кітапқа алғысөзді үлкен жазушымыз Әбіш Кекілбаев жазыпты. Ол кісі тұжырымдап: «Мұндағы айтылған нәрселердің барлығы шындықпен сәйкесе бермеуі мүмкін. Дегенмен арабтардың Бейбарыс сұлтанға деген құрметі осы кітапта жатыр» депті. Бізде Шыңғыс хан, Атилла сияқты тұлғалардың басындағы дау әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Ал басы дау-дамайсыз тұлғаның бірі – осы Бейбарыс. Бір разы болғаным, осы кітапта арабтардың өздері Бейбарысты «қыпшақ» деп  анық жазады. Оның беріш руынан екеніне дейін көрсетеді. Әйелі Тәждібақыттың да қыпшақ екенін жазады. Сонымен бірге балаларының да, әкесінің де, шешесінің де қыпшақ екенін көрсетеді. Бейбарыс сұлтанның туған жылы араб ғалымдарының көрсетуінше 1223 жылы деп беріледі. Арабтардың жаңылуы мүмкін емес, себебі, мешіттерге қашап жазылған жазулардан да алынып отыр. Бұл кітапта да, Әбіш Кекілбаевтың жазуында да солай көрсетіледі. Бірақ біздегі кейбір нұсқаларда өзгерістер бар. Сондықтан Бейбарыс сұлтанның өмірбаянын қолымыздағы кітаппен байланыстыра отырып айта кетсек, артық болмас.
Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА: Бейбарыс сұлтанның өмірбаянын айтпас бұрын мына нәрсені ескерген дұрыс. Бейбарыстың дүниеге келген кезі ХІІІ ғасыр, Еуразия даласы. Бұл біздің тікелей тарихымызға қатысты түркі көшпелілерінің кіндік мекеніндегі үлкен аласапыран оқиғалардың орын алған кезеңі. Моңғол шапқыншылығының басталған кезеңі. Ортағасырлық араб тарихшысы Ибн Халдунның еңбектерінде келтірілетін бір аңыз әңгімесі бар: Екі жылан күнге қыздырынып, жолдың бойында жатыр екен. Біреуінің бір басы, мың аяғы бар екен. Екіншісінің мың басы, бір аяғы бар екен. Сонда керуен келе жатады, арбаларын салдырлатып. Сонда бір басы бар мың аяқты жылан дер уағында орнынан жылжып, ініне кіріп кетіп, жаны аман қалыпты. Ал анау мың бас «інге мен кірем, мен кірем» деп жатқан кезде, керуен басып кетіп өлген екен» дейді. Бұл мысал сол ХІІІ ғасырдағы саяси жағдайды дәл көрсетеді. Саяси жағдай жаңағы мың басты, бір аяқты жылан секілді еді. Тұс-тұсына тартқан билеушілер, өзара алауыздық, билік үшін, тақ үшін күрес жүріп жатқанда моңғол жаугершілігі басталып кетеді. Сондықтан Шыңғыс ханның «бөліп ал да билей бер» деген саясатының тиімді жүзеге асуына ерекше ықпал тудырған жағдай деп айтуға болады мұны. Бейбарысқа тікелей әкелейік десек, мынандай екі нәрсе алдымыздан шығады: «Бейбарыс арабтардың қолына қалай түсті?» деген сұраққа тарихшы ғалымдар екі түрлі пікір айтып жүр. Моңғол шапқыншылығы кезінде қыпшақ даласында қолға түскен тұтқындардың арасында кетіп, ары қарай құл ретінде сатылып кеткен деген пікір бар. Екінші бір нұсқада Бейбарыстың шыққан тегі жай емес, ақсүйек, билеуші әулетінен болып көрсетіледі. Әкесіне қастандық ойлаған дұшпандары баланы бір түнде ұрлап алып, жауларына құлдыққа сатып жіберген дейді. Осы екі нұсқаның мынаусы дұрыс деп айта алмаймыз. Себебі, қолымызда нақтылы деректер жоқ. Бірақ сол кездегі тарихи оқиғаларды сараптасақ, осы екі нұсқаның да шындыққа сәйкесетінін байқаймыз. Ол кезде қыпшақтардың жан-жаққа жайылып, үстемдік құрып отырған кезі болатын. Гумилевтің тілімен айтқанда, пассионар халық екенін көруге болады. Осындай пассионарлықтың өсіп тұрған кезінде Бейбарыс дүниеге келді. Тағдырдың жазуы болар, ол Египетте құл дәрежесінен сұлтан дәрежесіне жетті.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жаңа сіз айтып отырған нұсқалардың тағы бірі мына кітапта былайша беріліпті: Бейбарыс сұлтанның шын аты Махмұт болған екен дейді. Оның әкесі Хорасанды билеуші Жамақ деген сұлтан екен. Әулеттің шежіресі кітапта төмендегіше тарқатылады: Бәдәуилердің айтуында, Бейбарыстың бабасының үш ұлы болған екен. Балаларының аттары Тала, Лама және Жамақ делініпті. Қартайған шағында бір жағынан балаларымды сынап көрейін, екінші жағынан мұрагер болуға қайсысы лайықты екенін шамалайын деген оймен ұлдарын бір-бірлеп алдына шақыртады. Алдымен Таланы алдыртып, бір күнге бар билікті соған береді. Кешке қарай: «Ел билеген қалай екен?» – деп сұрайды. «Мен арыстан сияқты екенмін, қарауымдағы халық қой сияқты екен», – дейді ұлы. Елдің тізгінін енді екінші ұлына – Ламаға береді. Кешке қарай бұл баласынан да: «Ал, ұлым, не білдің, не қойдың?» – деп сұрамай ма. Сөйтсе: «Мен қыран бүркіт сияқты екенмін, қарауымдағы халқым күйкентайдай бірдеңелер екен», – депті ол. Үшінші күні әкесі таққа кенже ұлы Жамақты отырғызыпты. Кешке қарай ағаларына қойған сұрақты оған да қояды. «Көке, мен қолымнан келгенше әділ болдым, – депті кенже ұлы. – Момындарға жақтастым, Алланың алдында арым таза». Баласының ұстамды сөзіне разы болған әкесі: «Ұлдарымның арасында жолымды жалғайтын, елімді билейтін сен екенсің», – деп, мұрагерлікке Бейбарыстың әкесі Жамақты белгілепті. Содан соң кітапта қилы-қилы оқиғалар баяндалады. Ақыр түбінде жаңағы ағалары Жамақтың бес баласының бірі Махмұтты аңға алдап алып шығып, бір үңгірге қол-аяғын байлап тастап кетеді. Оны бір қызылбас дәруіш тауып алады. Бейбарыс – Махмұттың құлдыққа сатылуы солай басталады. Ал енді құлдыққа сатылып барған адамның билікке қарай өрлеуі қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Мысалы, мен Түркиядағы Сириямен шектесетін Қайсары деген қалада болдым. Сол жерде құл базарының орны сол қалпы сақталған екен. Жан-жағы қорған сияқты биіктеп қоршалған, темір қақпасы бар. Ондай жерден шыққан адам оңайшылықпен билікке жетпесе керек.
Еділ НОЯНОВ:
Мәмлүк деген арабтардың тілінде «құл» деген мағына беретіні рас. Кезінде Шыңғыс хан билеген моңғолдар 1219-1224 жылдардың арасында Қазақстанның іргесін, Орта Азия аумағын жаулап алды. Сол кезде бүгінгі Қазақстан аймағында Қыпшақ хандығы деген мемлекет тұрды. Бұл мемлекеттің шекарасы сонау Алтайдан бастап, Дунайдың сағасына дейін жетті. Еділге дейінгі жерді Шығыс Қыпшақтар, Елбөрлі хандығынан шыққандар басқарды. Арғы жағын Батыс Қыпшақтар мекендеді. Орта Азия қалалары қалай қарсылық көрсеткені, қалай жаулап алынғаны жөнінде жазба деректерде көп айтылады. Бірақ қыпшақтар мен моңғолдардың арасындағы соғыс көп айтылмайды. «Шыңғыснамеде» Каспийдің маңында Батман деген қыпшақтың бастаған көтерілісі жайында бір мәліметтер бар. Ал қыпшақтар өз жерінде тегеурінді тойтарыс бермеген немесе ол туралы жазылмаған. Бірақ кейіннен осы қыпшақтың ұрпақтары өзге елдерде жүріп, моңғолдарға қарсы шыққаны көрсетіледі. Жаңа сіз айтқан құл базарларында көбіне бойұсынбаған, қарсылық көрсеткен кавказдықтардың, қыпшақтардың балалары сатылған. Бейбарыстың да құл базарына түскендігі шындыққа сәйкес келеді. Жалпы көшпенділердің туа біткен ісі мал бағумен бірге ұдайы аң аулап, ұрыс салу болған. Сол себептен де мәмлүктер жалдамалы әскер ретінде таңдалып алынған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сөзіңізді осы жерде жандандыра кетейін. Мына кітапта да сол мәселе айтылған екен. Арабтардың өздерінің аузымен айтылып, қолымен жазылған. Арабтар өз іштерінен мемлекет болып, сұлтандық болып бөлініп, бір-біріне алым-салық төлеп, бірін-бірі билеп, шауып алып жатқан кезде, «өзді-өзін қалай күшейтеміз?» деген мәселе туындаған екен. Сонда құлдыққа сатылып келгендердің ішіндегі жігерлі, мықты, қайсар балаларды таңдап алып, әскери оқудан өткізіп, соғыс жағдайына икемдеп, өздерін қорғайтын әскер жасаған деген әңгіме мына кітапта бар. Соның ішінде Бейбарысты да атап айтады. «Осындай адамның билікке жетуі қаншалықты сенімді?» деген сұраққа арабтардың өздері мұнда толық жауап береді екен.
Еділ НОЯНОВ:
Жақсы, ойымды аяқтай кетейін. Кезінде Араб халифаты болды. Кейіннен Бағдат халифаты болғаны белгілі. Сұлтандардың бір-бірімен күресінде өз тайпасынан шыққан жауынгер өздеріне қастандық жасауы мүмкін болыпты. Сондықтан өзге елден келген мәмлүктер сенімді адамдар қатарында саналған. Сұлтанның мәмлүктері, бектердің мәмлүктері деп бөлінетін. Бейбарыс сондай жүз мәмлүктен шыққан мәмлүк. Қазақта тектілік деген ұғым бар ғой. Бірінші Құтыз таққа отырды, оның билікке келуіне Бейбарыс көмектесті. Қарадан шыққан адамды блеуші қоя алмайсыз. Күшпен билікті тартып алу да бар, елді басқару да бар. Осыған қарап-ақ Бейбарыстың тегін адам емес екені сезіледі.
Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА: «Алмас қылыш қын түбінде жатпас» деген сөз бар ғой. Бейбарыс қатардағы құл емес. Таққа таласқан туыстарының қысастығынан құлдыққа сатылып кетті деген нұсқаны ескеретін болсақ, көргені бар, тегі бар, ел билеу дәстүрінен хабары бар адам құлдыққа түсіп, қатардағы құлдар сияқты емес, сұлтанның гвардиясынан бір-ақ шықты.
Еділ НОЯНОВ: Мәселен, Шыңғыс хан да тұтқында болды, қашқын да болды. Бірақ, ол өз елінің ханы болды соңында. Бейбарыс та сондай тұлға болғанымен, жолы Шыңғыс хандікінен де ауыр болды.
Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА: Кітаптағы сұлтанға аян берілді деген әңгімелер өмірде болған да болуы мүмкін, болмаған да болуы мүмкін. Дегенмен осындай дәрежеге жеткен тұлғалардың төңірегінде түрлі-түрлі аңыздардың қалыптасуы өте заңды нәрсе. Алысқа ұзамай-ақ, жаңағы Шыңғыс ханды айтуға болады. Оның шығу тегі, ата-бабасының нұрдан жаратылуынан бастап айтылатын аңыздар немесе «Шыңғыс хан туылғанда уысына қан шеңгелдеп туылған» деген әңгімелер тұлғаның қайшылықты болмысын көрсетуге арналған. Сол секілді Бейбарыстың түсінде аян берілді ме, берілмеді ме, оны анық айта алмаймыз. Кітапты жарыққа шығарушыларға да рахмет айтуымыз керек, көркем детальдар қосу жазушының да міндеті. Ол тарихи тұлға туралы бізге аздап жеткен мәліметтерге жан береді. Себебі, Бейбарыстың билігін идеологиялық тұрғыдан негіздейді.
Еділ НОЯНОВ: Араб деректерінде Бейбарыстың бір ғана көк көзі болды деп айтылады.  Құлдықта сатылып тұрған кезінде бір көзіне ақ түскені келтіріледі. Қайткенде де бет-бейнесінде бір ерекшелік болғаны анық.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бейбарыс сонда қандай ерліктер жасады?
Еділ НОЯНОВ: Сол кездегі бірден-бір қауіп моңғол шапқыншылығы болатын. Шыңғыс хан да, оның ұрпақтары да әлемді жаулап алу саясатын бет қаратпай жүргізді. Ол сол саясатының нәтижесіне жетті де. Азияның бестен төрт бөлігін, Еуропаның бестен екі бөлігін жаулап алды. Сол кезде арабтарда түркілерден шыққан жауынгерлерді «мәмлүктер» деп атаса, Индияда «гулямдар» деген екен. Азияның жаулап алынбаған аймақтары Жапония ғана. Тіпті сол кезде арабтардың Бағдат қаласы да жау қолында қалып, қанға боялды. Тек Каир ғана сақталып қалды, мәмлүктердің қолындағы. Жалпы шығыста түрлі-түрлі 33 өркениет болды деп жатады ғой. Соның үшеуі ғана сақталып қалды. Олар: Үнді Будда өркениеті, Араб Мұсылман өркениеті, Қиыр шығыстың Конфуцияндық өркениеті. Сонда моңғолдарға Үнді жерінде тосқауыл болғандар осы жалдамалы гулямдар екен. Олардың да тегі қыпшақтар. Содан кейін ХІ ғасырдан бастап жалғасын тауып келе жатқан крестшілерге тосқауыл қойғандардың бірі осы Бейбарыс. Сол себептен де жергілікті халық Бейбарысты сырттан келген, көшпелі тайпадан шыққан деп мойындайды, араб өркениетін сақтап қалған еңбегіне бола.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Біздің әңгімеміздің негізгі нысанасы – кітап. Бейбарыстай ғажап тұлға туралы осындай ғажап кітап шықты деген әңгімені айту. Көрерменнің, оқырманның назарын осы кітапқа аудара алдық қой деп ойлаймын. Әңгіменің жалғасын келесіде айтармыз. Әзірге осымен тәмам, рахмет!

«Халық сөзіне» дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ.

Түпнұсқа: Халық сөзі
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?