Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұлғаны танып болдық па?

2539
Тұлғаны танып болдық па? - e-history.kz
Кейбір зерттеушілер Мұстафа Алашорданың алғашқы көсемі еді дегенді айтып жүр. Бұл шындыққа жанаспайды.

Тұлғаны танып болдық па? 

Мұстафа 1891 жылдың 7 қаңтарында қазіргі Қызылорда қаласына жақын жердегі Әулие тораңғыл (Наршоқы деп те аталады) деген жерде дүниеге келген. Ол Шоқайдан туған үш баланың (Сыздық, Мұстафа, Нұртаза) ортаншысы.

Мұстафаның үлкен атасы Торғай Сыр өңірінде өте беделді адам болған. Бұл өңірді Қоқан хандығы билеген кезде Торғай датқа дәрежесіне көтерілген. Ал өз әкесі Шоқай (Шоқмұхаммед) 1916 жылы сексен жасында дүние салған.

ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарында Торғай датқаның үшінші баласы Әліш (Әлмұхамед) патша өкіметінен мұсылманша мектеп ашуға рұқсат алады. Өкінішке қарай, Сырдарияның суы қатты тасығанда 1890 жылы мектеп құлап, оны Тақыркөл деген жерден 1896 жылы екінші рет салдыруға мәжбүр болады. Алты жасар Мұстафа өз ағасы Сыздық, немерелес ағасы Бәкірмен сол мектепте оқиды. «Әліш мектебі» деп аталған төрт кластық мектептің орны күні бүгінге дейін сақталған.

Мұстафа Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп шыға салысымен жалғыз Қазақстан емес, бүкіл байтақ Түр­кістан өлкесін отарлық бұғаудан азат ету жолында қызмет істеді. Мұстафаның ерекшелігі де осында. Тіпті университетте оқып жүргеннің өзінде ұлт-азаттық мәселесімен шұғылданған. 1912 жылы Түрік-Балқан соғысы кезінде де өз қандастарының жағында болды.

Кейбір зерттеушілер Мұстафа Алашорданың алғашқы көсемі еді дегенді айтып жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Ол Алаш­ордаға басшылық жасаған жоқ және оның басшыларымен бірлесіп жұмыс істеген де емес. Егер Алашорда партиясы өз жұмысын Қазақстан көлемінде жүргізсе, Мұстафа өз идеяларын олардан гөрі кеңірек – бүкіл түрік әлемінде іске асыруға ұмтылыс жасады. Соған қарамастан Петербургте оқып жүрген кезінде Сералы Лапин, Әлихан Бөкейханов (Мемлекеттік Думаның мүшесі), Махмұдхожа Векбуди, Мінәубір-қари және Ахмет Байтұрсынұлы сияқты азаттық күресінің өкілдерімен Мұстафаның тығыз байланыста болғаны белгілі.

Бір кезде Украинаның сыртқы істер министрі болған профессор А. Шульгин ол туралы былай деп жазды: «Мустафу-бия без Туркестана невозможно мыслить, настолько в каждом его слове и жесте чувствовался туркестанец... Высокая гуманность, доброта сердца, верность в дружбе, верность раз данному черты, которыми характеризовали Мустафу-бия». Бұрынғы Мем­лекеттік Думаның мүшесі, Грузия сыртқы істер министрі А. Чхениелидің лебізі: «Я знал Мустафу немного, со слов нашего Карла (Н.С.Чхеидзе), выступавшего в Государственной Думе по внутренной политике. Мустафа был еще совсем молодой студент, но по всему было видно, что без него, секретаря, мусульманская фракция Государственной Думы едва ли пошла далеко».

Әрине, Мұстафаның өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. Ол мұқтаждықты да көп көрді. Бұл туралы оның жұбайы Мария Яковлевна өз естеліктерінде Мұстафаның қирап қалған будканы өз қолымен жөндеп «Орыс рестораны» деп жазып қойғанын, оған орыс эмигранттарының қаптап келетіндерін, соның арқасында «официант Мұстафа» қағаз, қалам сатып алуға жетерліктей ақша тапқанын, осыдан соң үлкен-үлкен мақалалар жазуға кіріскенін тілге тиек етеді.

Мұстафаның абыройы мен ықпалы тек өз жолдастары мен достары арасында ғана емес, халықаралық дәрежеде де жоғары болғанын атақты грузин ақыны Илья Чавчавадзенің шөбересі Тамара Владимировнаның (әкесі Владимир Чавчавадзе Мұстафаның айрықша досы болған) мына сөздерінен аңғаруға болады: «Менің кішкентай бала күнімде, дәлірек айтқанда, 1927 жылы, Мұстафаға байланысты бір оқиға болды. Англияның премьер-министрі Чемберлен сол жолы өздерінің бір съезіне Мұстафаны арнайы шақырды. Ұлы адамды сол сапарына шығарып салуға күллі Парижде тұратын Ресейден келген эмигранттар түгел барды. Орыстар, украиндықтар, белорустар, грузиндер мен армяндар, татарлар мен башқұрттар, түркістандықтар мен дағыстандықтар – бәрі-бәрі Мұстафаны Лондонға баратын кемеге дейін шығарып салды. Әр халық өзінің туын көтеріп, Мұстафаны ұлы сапарға аттандырды».

Міне, Сыр бойында туып, бүкіл әлемге қазақ халқының атын мәшһүр еткен асыл азамат туралы оны білетіндердің пікірлері осындай. Енді кішкене шегініс жасап, Мұстафаның қоғамдық-саяси қызметіне назар аударайық.

Мұстафаның негізгі мақсаты – Ресей территориясында тұратын барлық түрік ұрпақтарын біріктіру, «Үлкен Түркістан» одағын құру болды. Осы себепті Петербург университетін бітіре сала ол 1916 жылы Қазан қаласына келіп, «Түркістан бірлестігі» деп аталатын жасырын ұйым ашады. Бұл ұйымның алғашқы бас­шылығы екі татар, екі қазақ, бір башқұрттан – барлығы 5 адамнан тұрады. Олардың ішінде татар Сұлтанғалиев, қазақтан өзі (М.Шоқай) және Мұхамеджан Тынышпаев, башқұрт профессоры Ахмет Зәки Уәлиди болды. Олар ұйымды басқаруды Мұстафаға тапсырды. Жұмыс құпия жүргізілді. Омбы қаласының бір банкісінде бұлардың қаржысы сақталды. 1918 жылы Мұстафа осы қаржыны түгелдей алып кетуге барғанда, Колчактың баскесерлері «Ресей империясының қас дұшпаны» ретінде оны абақтыға жапты. Өлім жазасына да кесілді. Дегенмен, түрмедегі адамдарды пойыз вагондарына тығып, Щадринск қаласының түрмесіне апара жатқанда тұтқындар вагондарды талқандап, қашуға мүмкіншілік алды. Солармен бірге Мұстафа да құтылып кетеді.

Осыдан кейін Мұстафа Орта Азияға сапар шегеді. Осындағы отандастарымен қосылып, болашақ Түркістан одағын құру бағытында жұмыс жүргізеді.

1917 жылдың сәуір айының басында Ташкентте Түркістан мұсылмандарының І құрылтайы, қыста Орынборда І қазақ құрылтайы болды. Ташкентте құрылған мұсылман депутаттарының орталық кеңесін Мұстафа Шоқай, ал Қазақстанда Әлихан Бөкейханов басқарды. Қыркүйек айынан бастап саяси партиялар өмірге келіп жатты.

Кешікпей Қоқан (Түркістан) автономиясы жарияланып, әуелде оның басшысы болып Мұхамеджан Тынышпаев, кейін Мұстафа Шоқай сайланады. Алайда, 1918 жылдың ақпан айының басында большевиктер Қоқан қаласындағы автономиялық өкіметті озбырлықпен құлатты. Түркістан түгел большевиктердің қолына өтті. Жағдай кеңестердің пайдасына өзгере бастады. Сон­дықтан Түркістан проблемасын Еуропаға, әлемге түсіндіру үшін Мұстафа Шоқайды шетелге жіберу ұйғарылды. Демек, бүгінде кейбіреулердің ойлап жүргеніндей, Мұстафа шетке бас сауғалап қашқан жоқ, керісінше, арнаулы тапсырмамен Түркістан үшін күресті жалғастыру мақсатымен кетті. Батуми арқылы Түркияға өтіп, Парижге қоныс тепті. Өзі Парижде тұрғанмен, 1929 жылдан бастап Берлинде шығатын «Яш Түркістан» журналына жетекшілік етті. Журнал шағатай тілінде басылды. 1939 жылдың тамыз айына дейін журналдың 117 саны жарық көрді. Ондағы жарияланған Мұстафа Шоқай мақалаларының тақырыптары сан алуан. Барлығы, сайып келгенде, ұлттық тәуелсіздік пен түрік халықтарының бірлігіне келіп тіреледі. Оларда түрікшілдік идеясы уағыздалды. Мұстафа Шоқай бір мақаласында былай деп жазған: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас, саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу – ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі».

Оның 1936 жылғы «Түркістан жастарына» деген үндеуі де осындай идеяларға толы: «Бүгін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан һәм Тәжікстан деп жат үкімет күшін алты жұмһириетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айырылмас бір өлке. Халқының қаны бір, діні бір, мақсаты бір. Түркістанның мақсаты – өзінің құтылысы – миллет үкіметін құ­рып, дербес боп, өз алдына бір үкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып, шалысып, қан төгіп, соғысып келеді. Үмітіміз зор, мемлекетіміздің болашағына иланамыз. Түркістан жастары айрықша бұл мақсатымызға жеткізуге таласып, тырбасып жатыр.

Біздің мақсатымыз – жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түрік өлкелерінің, бүтін түрік халқының дос болып, өзара бірлік-пірадарлықпен жасап, сыртқы дұшмандарға қарсы өзінің толықтығын, үкіметінің толықтығын білдіріп қою. Ойымызға жетеміз, талабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор, күшті».

Мұстафа Шоқай тек «Яш Түркістан» журналын шығарумен шектелмей, Парижде бірнеше жыл бойы орыстың эмиграциялық баспасөзіне, кейбір француз, поляк газеттеріне Түркістандағы большевиктердің саясаты туралы мақалалар жазады. Александр Керенскийдің «Дни» газетінде 1923 жылғы 25 тамызда жарияланған «Түркістандағы көтерілістер» деген мақаласында былайша тұжырым жасайды: «Түркістанда басмашылық қозғалыстың күшеюі – бәлшебектік саясаттың табиғи көрінісі. Сәбет зұлымдығына деген қарсылық. Көтеріліс, әлбетте, апат, ол елді бүлдіреді. Мұсылмандардың (орыстарға қарсы) өшпенділігін арттырады, бірақ бұл – сол апатты туғызған режімге қарсы күрестің мұқтаждығы».

1940 жылы немістер Парижді басып алды. 1941 жылы Мұстафаны немістер тұтқынға алып, түрмеге жабады. Бірақ онда көп ұстамайды. Берлинге әкеледі де «Түркістан халықтарының көсемі» деген айдармен қызметке алады. Оған «тұтқында жатқан түркітілдес халықтардың басын қосу» тапсырылады. Польша мен Батыс Украина лагерьлеріне қамалған совет тұтқындарының «жағдайымен» танысуға жібереді.

Мұстафа көптеген лагерьлерді аралайды. Шығыс халықтарының өкілдерін жеке лагерьлерге шығарып, моншаға түсірткізеді, таза киімдер бергізеді, тамақтарын жақсартқызады. Жүздеген жігіттің немістің ауыл шаруашылығы мен завод-фабрикаларына жұмысқа жіберілуіне ықпал етеді. Лагерьде қалғандарымен сөйлесіп, сұхбаттасады. Оларға Мұстафа мынадай кеңес айтады: «Неміс әскер басшылары мені сендердің хал-жағдайларыңмен танысуға жіберді. Мақсаттары – неміс әскерінің киімін кигізіп, сендерді совет армиясына қарсы соғысқа салу. Немістің осы тілегі орындалып, сендер майдан даласына бара қалсаңдар, тура екі-үш сағаттың ішінде бірің де қалмай оққа ұшасыңдар. Немесе шикі қуырдақ болып, совет зеңбіректерінің құлқынын қанағаттандыратын «дәмді тағамға» айналатын боласыңдар. Сондықтан мен бар күшімді салып, сендерді майдан даласына жібермеуге тырысамын. Керісінше, сендерді завод-фабрикаларға немесе бауэрлерге (немістің помещиктері) түгелдей жіберткізу үшін күш жұмсап көремін. Тіпті болмаса, бәріңді Түркияға өткізіп, ажал аузынан алып қаламын».

Осы сапарында тұтқындар лагерінде қиналған қазақ баласының маңдайынан сүйіп, өзіне сүзек ауруын жұқтырып қайтқан Мұстафа ауруханаға түсіп, қайтыс болған. Мұны оның басы-қасында болған жас күнінен бергі жолдасы – тұтқын осетиндердің басшысы Кантемир деген кісі де куәландырады. Бұл 1941 жылдың 27 желтоқсанында Берлин қаласында болған оқиға еді.

Жоғарыда аталған деректер – Мұстафа Шоқайдың қазақ ұлты мен бүкіл түркі халықтарының бірлігі үшін сіңірген еңбектерінің кейбіреуі ғана. Өйткені, оның осы бағытта жасаған іс-әрекетін бір мақалада баяндап шығу мүмкін емес.

Ал енді біз өзімізге келетін болсақ, сол Мұстафамызды қастерлей алдық па?! Әрине, жоқ! Бұл – Мұстафадай арысымыздың әруағы алдында үлкен ұят-ақ!

Анығын білмей, Мұстафаны «Отанын сатқан қашқын» деп бір жазғырдық. Ол аз болғандай, «Ойбай, не дейсің, ол бізге қарсы «Түркістан легионын» ұйымдастырыпты» дегендер де шығып, кейбір КГБ-ның жандайшаптары кітап жазуға дейін барды.

Мұстафаға ешкім ешқандай ресми айып тақпаған, сол сияқты, ол жауапкершілікке де тартылған жоқ.

Советтік дәуірде большевиктер өз ұлтын, өз халқын сүйгені үшін Мұстафаны «ұлттық шовинист», «ағылшын агенті» деп те атады, пантүркист «тәжін» кигізді.

Иә, Мұстафа ұлтын сүйген ұлтжанды адам болды. Бұл айып па? Кімге өз халқы қымбат емес?!

Енді не істеуіміз керек? Әрине, мемлекет болып, ел болып Мұстафаға байланысты өз қателіктерімізді түзетуіміз керек.

Әзірше, бұл ретте, зиялы қауым ғана тырбанып жатыр. Соның арқасында Мұстафаның екі томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Белгілі қазақ жазушысы Тынымбай Нұрмағамбет «Мұстафа Шоқай» атты екі бөлімді драма жазды. Ал ақын Қасымхан Бегманов Мұстафа Шоқай туып-өскен Наршоқыдан бастап Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан, Санкт-Петербург, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Ыстамбұл, Париж, Ножан-сюр-Марн, Шелл, Понтоплюно мекендерін басып өтті, оның Берлиндегі бейітіне дейін барды. Талмай ізденудің арқасында көп материал жинап, ұлы тұлға жөнінде 2 томдық тарихи-зерттеу сапарнамалығын шығарды. Қасымханның тағы бір теңдессіз еңбегі – өзі жинаған деректі материалдар негізінде қазақ, орыс тілдерінде 4 сериялық «Мұстафа Шоқай» атты фильм түсірілді. Бұл көпсериялы фильм Білім және ғылым министрлігінің қаулысымен тарих пәніне қосымша оқу құралы ретінде мектептерімізде оқытылатын болды.

Осындай игі шаралардың қатарында Қызылорда облысы, Сырдария ауданының өзінің атындағы ауылында Мұстафаға орнатылған ескерткішті атауға болады. Мұстафа Шоқай қорының қолдауымен энтузиаст-азамат Амангелді Есей Шымкентте «Мұстафа Шоқай» атындағы қайырымдылық интернатын ашты. Мұстафаны ел, бүгінгі ұрпағы тануы үшін осындай игі істерді өрістете беруіміз керек.

Көпбосын ПАНЗАБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Түпнұсқа: "Егемен Қазақстан" газеті.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?