Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркістан – туризм ордасы. II

3879
Түркістан – туризм ордасы. II - e-history.kz
#Тарихитуризм айдарын жалғастырып, Түркістан өңірінде орналасқан тағы да басқа тарихи жерлерге Qazaqstan tarihy порталымен бірге саяхаттауды ұсынамыз

Домалақ ана кесенесі. Қаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында. Халық арасында Домалақ ана атанған Нұрила Әли Сыланқызының зиратына тұрғызылған.

Қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында «Домалақ ана» атанған Нұрилә Әли Сыланқызының зиратының басына тұрғызылған. Нүрилә – Бәйдібек бабаның үшінші әйелі. Домалақ ана өзінің ақылдылығымен ел іші бірлігінің ұйытқысы бола білген. Тарихи жазбаларда Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген деректер жазылған.

1456 жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызды. XI-XV ғасырлар аралығында Домалақ ана кесенесі бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. Домалақ ана парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни Әулие ана мағынасын білдіреді. Кейіннен Дихнат деген сөз Домалақ деп ауыстырылған Домалақ ана кесенесі жерден 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Аңыз бойынша, Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады. XX ғасырда салынған кесене 6 бағаналы болған.

1957 жылы қайта қалпына келтірілген кесене көп сақталмаған. 1966 жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланды. 2000 жылы кесене айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары толық аяқталды. Домалақ ана мұражайында түрлі көне қолжазбалар, қолдан жасалған көптеген заттар сақталған. Домалақ ана кесенесі - көпшілік тәу етер қасиетті орын.

Ибрагим ата кесенесі. Бұл кесене Сайрамның солтүстік-шығысында орналасқан шейх Ибрагим-Ахмет Яссауидің әкесі мазарының үстіне салынған. Басындағы құрылысы (XII-XIVғғ.) көп уақыт шыдамай, құлап қалды. Кесене XIX ғасырда қайта салынды. Бұл кісі көріпкел, әулие кісі болған. Сайрам мұражайында жазбалар сақталған. XVIІ-XX ғғ басы. Күйдірілген қыштан салынған кесене Сайрам ауылының солтүстік-батыс шетінде, биік төбе үстінде орналасқан. Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим шейх бейітінің үстінде салынған кесене жобасында төртбұрышты, көлемі 7,2х7,2м. Алғашқы құрылыс XVI-XVII ғғ. Құрылыстың алғашқы күмбезі құлаған соң XIX ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басында шатыры қайта салынған.

Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Ақсу ауылы жолында Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Алғашында кесене XVI-XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта салынды. 50 жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды.

Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған.  XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болды. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы аңыздар тараған. Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады.

Қарашаш ана кесенесі. Қарашаш ана кесенесі – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданы Сайрам ауылында орналасқан тарихи кесене. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет яссауи шешесінің мазарында құрылған. ХІХ ғасырда қайта жаңғырған.

Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол Сайрамдағы атақты Муса шейхтің қызы болған. Қарашаш ана сол уақыттағы әйелдердің ең білімді, тәрбиелісі болған тұғын. Бай және әулетті отбасыдан шыққан Қарашаш ана жаман мінезді болмаған, ешқашан өзін менменшіл, мақтаншақ ұстаған емес. Ол адамдарды емдеп, олардың түстерін болжай алған. Атақты Қарашаш ана көп уақытын өз балаларының тәрбиесіне ғана емес, көмек қажет адамдарға қол ұшын созуға бөлген. Осылайша ол өз ауылына өзінің аналық қасиетімен танымал да сыйлы бола алды. Аңыз бойынша, сол уақыттағы күмбездің басына Айша бибінің қара шашының бір талы ілінген тұғын, алайда ол кейін жоғалып кетті.

Ең алғаш кесене VIII ғасырда құрылған. Алайда табиғи жағдайлар мен уақыттың әсерінен кесене құлап, қайта қалпына келген. Осы күнге дейін сақталып келген кесене XIX ғасырдың ортасына жатады. Кесене Орталық Азияда және Қазақстанда тараған төртбұрышты 27*27*5 см көлемді күйген кірпіштен жасалған. Сонымен қатар, құрылыста ағаш, саз тәрізді табиғи материалдар қолданылған. Қабырғаны тұрғызу кезінде арша қолданылған. 19 ғасырда қайта тұрғызылу кезінде күмбез үлкен өзгерістерге шалдықты. Кесененің көлемі шаршы тәрізді, 6,3*6,3 м. Ғимарат бұрыш қалқандарына негізделген барабанда тұрған күмбезбен аяқталады. Күмбез биіктігі 7,08 метр. Оңтүстік және батысындағы қабырғаларының маңдайшалары сүйір жерге ұқсатылып өрілген, өрнекті кірпіш қалау әдісімен күмбез дөдегесін айналдыра белдеу тартқан.. Ғимараттың қасбетінде кәдімгі кірпіш қолданылған. Еден құм үстінде орналасқан, кірпіштерден жасалған. Күмбездің төрінде Қарашаш ананың мәрмәр тақташалармен көмкерілген қабірі бар. Кесененің екі ғасырдан ұзақ сақталуы ғимараттың жақсы материалдардан сапалы жасалғанын білдіреді. Құрылыста қолданылған ағашты детальдары, оюлары тоқырамаған. 1996 жылы күмбезді ақпен қаптап, 1997 жылы кесенені тазалап, Қазақстанның көрікті жеріне айналдырды. Кесенеда Қарашаш ананың мәйітімен бірге туыстары Ибрагим қожаның, Сүлеймен қожаның, Салим қоджаның және Дәуіт қожаның қабірлері орналасқан.

Аппақ ишан күмбезі – ХІХ ғасырдың ақырындағы сәулетті ескерткіштердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданының Шаян ауылында орналасқан.

Аппақ ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен  шаршы жобада салынған.  Жалпы табанының аумағы 6,7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағына әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан. Аппақ ишан күмбезі пішімі жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады. 

Аппақ ишан күмбезінің ішінде екі сағана бар. Оның бірі – Шаян ауылындағы мешіт-медресені салдырған Аппақ ишандікі, екіншісі – осы Аппақ ишан күмбезін салған шебердікі.

Қазақстанда медреселер Орта Азияға қарағанда кейірінек пайда болған, сол себепті олардың саны көп емес. Ел аузындағы аңыз бойынша, қазіргі Аппақ ишан мешіт- медресе құрылысын XIX ғасырдың ортасында Қасым ишан бастап, ол қайтыс болғаннан кейін баласы Сабыр жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған. Аппақ ишан мешіт-медресесінің құрылысы күйдірілген қыштан салынған.

Аппақ ишан медресесі діни оқу орыны ретінде 1927 жылға дейін, Қазақстанда ірі байларды конфискациялауға дейін өмір сүреді.

1926 жылы мешітте діни мектеппен қатар тұңғыш рет қазақ бастауыш мектебі ашылған. Мектептер 1933 жылы бастауыш, 1934 жылы жеті жылдық, 1937 жылдан орта мектепке айналып, кейін жаңа жайға көшіріледі. Ал, мешіт-медресе Шаян ауылындағы тарихи жәдігер ретінде бүгінгі күнге жетті.

Аппақ ишан мешіт-мұражайы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған 2000 жылы толық күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.

Қарабура әулие кесенесі. Қарабура әулие кесенесі Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласынан 257 шақырым жерде, Созақ ауданының Созақ ауылында орналасқан.

Қарабура әулие кесенесі 1997 жылы қайтадан жаңартылып салынған. Кесене ақ кірпіштен өрілген, әрқайсысы сегіз қырлы екі бөлмеден тұрады. Төбесі күмбезді, бірінші бөлмесі 100 шаршы метр, төбесі ашық екінші бөлмедегі ескі кесене ХІV ғасырда тұрғызылған. Қарабура әулиенің зираты осы ескі кесенеде. Еске кесене шой тастан құралған, ірге тас үстіне қам қыш қаланып, қабырғалары саз балшықпен сыланған. Пішімі текше көлемді құрылыстың төбесі күмбезге айналған. Күмбездің жоғарғы жағында жарық кіретін төрт саңылау орнатылған. Алдыңғы беті тегіс, жылтыр. Солтүстік жағындағы кіре берістегі екі қабырғасына төртбұрышты терең екі қуыс орнатылған. Төрт бұрышты бөлме ішіндегі белдеулеріндегі дуалға сүйір қуыс жасалған. Күмбез шатырлақ әдіспен өрілген. Ортасына қам қыштан құлпытас орнатылған.         

Ескі кесененің оң жағында Құрбан ата сүйегі жерленген, басында белгі тасы бар. Оның жанында Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с), Арыстан баб, Қожа Ахмет Иасауи, Ысқақ баб (Баба ата), Бабай Түкті шашты Әзіз бабалардың зираттары басынан әкелінген топырақтар қойылған қара мәрмәр тас белгілер бар. Ескі кесененің арт жағында Ақназар хан, Белгібай қажы, Шілмембет би, Құлтас би, Қожамқұл ғұлама, Дәулет-Қарабура батыр, Шахасум-ахун (шырақшы) сияқты белгілі адамдар жерленген, олардың бастарына қара мәрмәр тастар қойылған. Кесененің биіктігі 17 метр. Есігі күн батысқа Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне қаратылған. Биік күмбез қышпен өрілген. Кесененің сыртында әлемдегі ислам діні әулие-ғұламаларына құрмет, тағзым деген тақырыпта орналастырылған пантеон (қорым) бар. Онда бүкіл түрік елдерінің белгілі тұлғаларының зираттары басынан топырағы әкелініп, олардың аты жазылған қара мәрмәр белгі тастар қойылған. Кесененің шығыс жағында қазақ халқының белгілі сазгері, күйші Сүгір Әлиевке күмбез орнатылған. Сол жағында Қарабура әулиенің түйесі шөккен жерге түйе мүсінінің ескерткіш белгісі қойылған.

Қарабура әулие кесенесінің жалпы аумағы 240 шаршы метр.         

Қарабура (шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген) – оғыз-қыпшақ заманындағы діни қайраткер, әулие. Кіші жүздің тама руынан шыққан. Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзендерінің бойында өмір сүрген. Қарабура сахара тұрғындарының арасында қалыптасқан өмір салттың шырқын бұзбай ислам дінін, оның наным-сенімдерін орнықтыруға ат салысқан. Ол сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Иасауимен мүдделес болған. Қарабура аруағын иісі түркі жұрты құрмет тұтады. Оның Созақтағы кесенесі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға айналған.

Көз ата әулие. Төле би ауданы, Ақбастау ауылында орналасқан. Келушілердің аяғы үзілген емес. Көзді емдейтін әулие кісі осы жерде қайтыс болғандықтан, жанары ауыратын жандар басына жиі келе бастаған.

Мұнан кейінгі сапар Көз ата әулиеге жол тартумен жалғасты. Таулы аймақтың салқын саф ауасы. Бұл жерде бізден де бөлек зияратшылар көптеп келіп жатыр екен.  Осыншама зияратшы-туристердің осындай қаладан шалғай жерде жатқан Көз атаға келулеріне не себеп болды екен? Қарапайым екі бөлмелі қоржын там болса да, әулиенің шарапатынан болуы керек, кең сарайдан кем түспейді. «Көзді атаның» кесенесі сайда орналасқан. Ол жерге бір аяқ жолмен төмен түсіп барасыз. Орта жолда кішігірім мешіті бар. Келушілер алдымен құран бағыштайды, сосын бұлақтың суына шомылады. Жаның жай тауып, рахаттанып қаласыз. Бұл орынға соңғы 3-4 жылда зияратшылар көптеп келе бастады. Әлі де болса насихатталу жағынан кемшін тұстары бар.

Әзірлеген Нұрлан НҰРЫШОВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?