Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бізді алда не күтіп тұр?

2692
Бізді алда не күтіп тұр?  - e-history.kz
Түріктердің тарихын жойып, жалған тарих жазып, бұрмалау осы Ұлы Дала Ұрпақтарының Ерлік рухын қайта оятып алудан қорыққаннан шыққан

XX ғасырдың соңы христиандық Батыс үшін ең бір дәуірлеу заманы болды. Олар бұрын «Зұлымдықтың ошағы» атаған ССРО жойылып, Варшава одағы тарап, бүткіл әлемнің билігі бір қолға – АҚШ бастаған НАТО одағының қолына көшті. Азия, Африка, Оңтүстік Америка елдері құлдырап, қиыншылыққа тап болып жатса, АҚШ, НАТО-ның одақтастары миллиардтап табыс тауып, байып жатты. Енді мұны тоқтату мүмкін еместей көрінген. Бір таңғаларлығы, сол кезде батыста «Ақырзаман», «Апокалипсис» келе жатыр деген үрей пайда болды. Батыс киностудиялары адам шошырлық кинолар түсіріп, газеттер халықты үрейлендірумен болды (мысалы: «Тайны древней истории колесница богов» деректі фильмдер топтамасы). Бәрі үрейлене 2012 жылдың 21 желтоқсанын күтті. Бірақ, көзге көрінген ештеңе де болған жоқ. 

Ал астронавт ғалымдар дәл сол күні күн жүйесіндегі төрт жұлдыздың бір түзу бойына орналасып, «жұлдыздар шеруі» болғанын таңдана жазып жатты. Бұл бұдан мыңдаған жылдар бұрын түрік текті майя ғалымдары жазып кеткен болжамның таңқаларлық дәлдігін дәлелдеді. Майя астрологтарының тілімен 5125 жылға созылған Ұлы Күн циклі аяқталып, жаңа кезең басталды. Майя ғалымдары бұл кезеңді «үлкен өзгерістер кезеңі» деп атапты. 

5e9dd486fa4c8328560e1a674016da9e.jpg

Сонда ол қандай өзгерістер? 

Ескендір Зұлқарнайынның әлемді жаулап алу жорығы мен Рим империясының билігінен басталған Батыс Еуропалық Зевстің ұрпақтарының дәуіріне 2000 жылдан асты. Бұл дәуір нағыз қатыгез, тойымсыздардың дәуірі болды. Ағылшын философы Фрэнсис Бэконның сөзімен «Білім – күш», «құдайдың өзі – ағылшын» деп жариялап, тек адамзатты ғана емес, бүкіл табиғатқа билік жүргізуге ұмтылды. Батысша тәрбие алған Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» деп жар салғаны соның жаңғырығы. Бұндай қорқаулық көзқарас, ашкөздік адамдардың арасындағы адами қасиеттерді азайтып, бір-біріне өшпенділік, қайырымсыздық мінездерді өсірсе, табиғатты үздіксіз тонап, экологиялық апаттарға итермеледі. 

Бірақ табиғатта ешнәрсе мәңгілік емес, бәрі өтпелі. Барлық көріпкелдердің болжамынша, ашкөз Зевстің ұрпақтарының дәуірі «балық дәуірі» өтіп, ақылдылардың табиғатпен үйлесе өмір сүретін Прометейдің ұрпақтарының дәуірі «суқұйғыштың дәуірі» келе жатыр. Майя астрологтары бұл дәуірлердің алмасуын 2012 жылдың 21 желтоқсаны деп көрсетеді. Ал үнді астрологтары өтіп бара жатқан дәуірді Ка́ли-ю́га деп атайды. «Жауыз күш Калидің дәуірі» аталатын бұл дәуірді үнді астрологтары жақсылықтың азайып, ар-ұяттың құлдырап, азғындықтың кең етек алатын кезеңі деп атайды. 

«Дегенмен, моральдық құндылықтарды жоғалту және парызды ұмыт қалдыру жамандық пен бұзақылық әкелушілердің өзіне қарсы әрекет етеді. Сол кезеңде зұлымға айналған билеушілер халықты бағындыруға да, ақыр аяғында рақымдықты ұмытқан және құдайларға құрбандық етуден бас тартып, жабайыланып кеткен басқа халықтан қорғап қалуға да қауқарсыз еді. Жауыздық пен зорлық-зомбылық әлемді жаулап, оны жойып жіберген сәтте Кали-юга тоқтайды. Осылайша, Маха-юга (Манвантара) аяқталады және дәуірлер тобы қалпына келеді» деп қорытындылайды үнді астрологтары. 

«Қолына жалаң қылыш ұстаған АҚ атты ЖАУЫНГЕР аспаннан күнәһарлар жайлаған жер бетіне түсіп, жауыздар мен күнәһарларды жойып, әлемге бейбітшілік пен тәртіп орнатады» дейді үнді көріпкелдері. Үнді елінің тұңғыш президенті Джавхарлал Неру: «Еуразия даласында жауынгерлігімен мақтана алатын бір ғана халық бар, олар – ТҮРІКТЕР», – деген екен. Қарап отырсаңыз, «XXI ғасыр түріктердің ғасыры болады» деген болжамға келе жатқан сияқтымыз. 

Сонда қазіргі бүкіл әлемді билеп, бар байлықты бауырына басып отырған АҚШ бастаған батыс мемлекеттері қайда қалады деген ой туары сөзсіз. Әрине, ол дәл былай болады деп бірде-бір адам айта алмасы сөзсіз. Ол бір Алланың қолында. 

Байқап қараған адамға қазіргі болып жатқан оқиғалар Батыстың өзін-өзі жою кезеңінің басталғанын көрсететін сияқты. Еуропаның ең көне өркениеті саналатын гректер өте қиын жағдайда. Кезінде күллі Американы қырып-жойып, бар байлығып тонап алған испандар да сондай деңгейде. Әлемнің ең бай мемлекеті саналатын АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шектен шығып кеткен. АҚШ валютасы пайдаланудан шығып қалса, АҚШ-тың халі мүшкіл. Ресей бастаған біраз мемлекеттер осыған қол жеткізуге тырысып жатыр. Қазірдің өзінде Батыс Еуропалық одаққа жік түсті. Түркия, Болгария сияқты кейбір елдер Батыстан күдер үзіп, Ресей бастаған Шығысқа ұмтылуда. Ары қарай не болары беймәлім. Сонда да болса, қазір шілдің боғындай шашырап жатқан береке-бірлігі жоқ түріктер әлемге қалай тәртіп орнатуы мүмкін? Бұл сұраққа да ешкім дәл былай болады деп жауап бере алмасы анық. Бәрі бір АЛЛА-ның қолында. 

«Әлемде кішкентай халық болмайды... Адамның ұлылығы оның бойымен өлшенбейтіні секілді халықтың ұлылығы адам санымен өлшенбейді. Ақыл мен ерлік – жалғыз өлшем. Үлкен үлгі көрсететіндер ұлылыққа лайық» деген екен кезінде данышпан В. Гюго. Бәрі дәл керек кезінде өте орнымен айтылған ұсыныс-идеядан басталуы мүмкін. 

«Шын мәнінде, ойлар асыл қазына іспеттес, бірақ ойлар жер шарындағы алмаз топырақтары секілді сирек. Оларды ұзақ іздеу керек немесе, дәлірек, күту керек, ойдың шексіз мұхитына бойлап, тереңіне қармақ тастау керек...» депті О. Бальзак. 

«Тарихтағы ірі төңкерістерге көңіл аударсақ, егер бір көзқарасты дамытумен байланысты болған болса, олардың бәрі шарасыз екеніне көз жеткіземіз; күрестерден соң, қандай да бір қиыншылықтардан соң, ағартушылық салтанаты адам баласының ұлықтануына әрдайым ықпал еткен еді» деген Ж. Стальдің қорытындысына тарихтан көптеген мысалдар келтіруге болады. 

VII ғасырдың басында Арабия құмында бір-бірімен жауласып жатқан берекесіз әрі өте кедей арабтарды әлемдік империя құрады деп кім ойлаған? Мұхаммед пайғамбардың басшылығымен ислам дінін ту еткен арабтар аз ғана уақытта жарты әлемді қолына қаратты. 

Сол сияқты, 1559 жылы болашақ Лондон эпископы Дж. Эйомер жасаған мәлімдеме де таңқаларлық күшке ие болды. Ол ағылшындарға: «Сендер өмірге француз, неміс не италиялық болмай, ағылшын болып келгендерің үшін күніне құдайға жеті рет құлшылық етіңдер. Себебі, құдайдың өзі – ағылшын» деп жариялапты. Ағылшындарға бұл сөздің қатты әсер еткені сондай, ағылшын қарақшыларына дейін патриоттарға айналған. Соған дейін тарих сахнасында бірде-бір рет көзге түспеген ағылшындар қазір рас құдай емес, бірақ, құдайдан да былай емес. 

Ал, біздің бабаларымыз қазақтың, түркі, сақ, ғұндардың тарихынан мұндай қаншама мысал келтіруге болады. Қазақты «мың өліп, мың тірілген» деп тегін айтпаған ғой. 

1) Қытай жеріндегі жеті патшалықтың басын біріктіріп, жеке империя құрған Цинь Ши Хуан ди 100 мың әскермен бейғам жатқан ғұндарға тосыннан шабуыл жасап, ойсырата жеңіп, Гоби шөлінен асыра қуып тастайды. Ғұндардың қайта бас көтеруі мүмкін еместей көрінген. Қытай қатынының қолындағы қуыршаққа айналған дарынсыз әкесін өлтіріп, таққа отырған Мөде қаған тез арада мемлекетті күшейтіп, әскерде темірдей тәртіп орнатты. Алдымен туыстас: шығыста дунху, батыста жыужы (юечжи), терістігінде динлиң, оңтүстігінде лыуфаң т.б. елдерді жаулап алып, шағын ғұн хандығын Шығыста теңдесі жоқ далалық ұлы империяға айналдырады. Бұрын өзара қырқысып жатқан түркі халықтарының басы бірігіп, үлкен бір далалық империяның құрамына енеді. Осыдан соң қытай империясын бас идіріп, алым-салық төлейтін тәуелді елге айналдырады. 

d1b3595253a74353e707aa4a23aa2b41.jpg

2) Бір қырғын соғыста аман қалған азғана топ Алтай тауының ішіне тығылып, өсіп-өніп, арада бірнеше жыл өткенде бес жүздей ғана жанұя таудан қайта шығады. Оларды жужандар өздерінің темір өндіретін құлдарына айналдырады. Көп өтпей осы темір ұсталары жужандарды талқандап, бүкіл әлемге аты шыққан Көк Түріктер империясын құрады. 

3) Іштей бірлігі кеткен Ақсақ Темір ұрпақтары патшалығын жауға алдырып, Бабыр бар-жоғы 300 ғана сарбазбен Үнді еліне кетуге мәжбүр болады. Үнді жерінде Бабыр осы аз ғана сарбазбен Ұлы Моғолдар империясының негізін қалайды. Бұл империя бірнеше ғасыр өмір сүрді. Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын Тәж-Махалды салған – осы Бабырдын ұрпағы Шахан шах. 

4) Моңғолдардың шапқыншылығынан ығысқан селжүктердің Кай тайпасының батыры Ертұғырыл 400-500 жанұяны соңына ертіп, Византия империясының шекарасына келіп орналасады. Осы жерде жергілікті халықты зар илеткен крест жорықшылары мен Византия әскерлерімен соғыса жүріп Осман империясының негізін қалайды. Кейін бұл империя Византия империясын құлатып, жарты әлемге билік жүргізген алып империяға айналып, бірнеше ғасыр өмір сүреді. 

5) Ал, Ресейді 1613 жылдан 1917 жылға дейін 300 жыл билеген Романовтар әулеті тегі қыпшақ екені бұрыннан белгілі. XIII ғасырда Дешті-Қыпшақ жерінен моңғолдардан ығысып келген Қобыл ханзада Александр Невскийдің қол астына тұрақтайды. Шоқынып Андрей Кобыла князь атанады. Оның бір ұрпақтары шоқынғанда берілген Роман деген атпен Романовтар атанса, екінші тобы Қобыланың бесінші ұрпағы Андрей Шереметтен тарайтын граф, князь әулеті. Ресейді империя дәрежесіне көтерген I Петр де, Ресейдің соңғы императоры Николай II де осы әулеттен. Ресей энциклопедиясында Петр I түркі-татардан шыққан деп жазылады. 

60969604a6d9d07b6998b9ae9021ae60.jpg

1612 жылғы аласапыран кезде Ресей империясы төртке бөлініп, Мәскеу қаласына қатер төнеді. Орыс билігін казактар – Заруцкий мен Трубецкой жаулап алып отырған. Ал Новгород қаласын шведтер жаулап, Смоленск қаласын польяк Сигизмунт жаулап алған болатын. Псков жерінде жалған патша Димитрий сайланып, орыс халқының тағдыры қыл үстінде тұрды. 

Ресей империясы жойылар шақта түркі-қыпшақ батыры Минин Кузьма Захарьевич шыққан (Минин-Міншақ – Болат ханзада ұрпағы. Ресей еліне сіңіп кеткен қыпшақтардың ұрпағы деп жазылады). Минин жауынгерлерді жинап, көтеріліске шығады. Князь Дмитрий Михайлович Пожарский мен Костром жеріндегі әскербасы князь Иван Петрович Шереметовке қосылып жауға аттанады. Мәскеу маңында Ходкевичпен соғысып жеңіске жетеді. Ең қызығы, аты шыққан төрт тұлға Минин, Пожарский, Шереметов, Романовтар түркі текті азаматтар. Ресей халқын түркіден шыққан тұлғалар билеген және солар қорғаған. 

П.И. Мельников «Аласапыран кезең» атты еңбегінде: «Ресей тарихшылары Минин мен Пожарскийді текXIX ғасырда ғана еске алды! Бәлкім сол кезде олардың орыс тектері мен христиандық есімдері пайда болған шығар. Оны бүлік біріктірді... Кездейсоқтық па бұл, әлде жоқ па, бірақ бір ойдың астына біріккен халықты Мәскеуді азат етушілер Кузьма Минин мен Дмитрий Пожарский 1611 жылы өзіне ерітті. Олар нағыз БАСҚАҚТАР еді, орыс патриарх-иезуит олармен күресуге шақырған гректердің қарсыласы. Мәскеуді католиктерден тазартқан осылар, Мәңгілік Көк аспанның тағдырына немқұрайлы қарай алмаған түркілер... Олар Мәскеу Орданың жаңа астанасы екенін естен шығарған емес. Бұл адамдар ескі өсиетпен өмір сүрді, олар үшін қоршаған әлем өзгерген жоқ, тек атаулар мен бағдарлар өзгерді, олар мәскеуліктердің жағымсыз қылықтарына қарап, былай дейтін: «Ескі Орда – біздің анамыз, біз бәріміз содан туғанбыз» деп жазады. 

Амангелді Нарымбаева «Аркаим-очаг мировой цивилизации, созданный прототюрками» атты еңбегінде: «Ресей шонжарларының 99%-ын түркілер құрады. Тек, І Петр Еуропаға есік ашқаннан кейін қызметке дворяндықтарды, әсіресе Еуропадан шыққандарды қабылдай бастады, түрік шонжарларының Ресейдегі үлесі 70%-ға  дейін азайды» деген деректі келтіреді. Шыңғыс ұрпақтарының үздіксіз соғыстарынан шығыс түріктерінің өркениеті артқа кетіп, Батыс Еуропа техникалық даму жолына түскенін көрген Петр I батысқа бет бұрып, батыстан мамандарды шақыртып, қызметіне қарай шен берген. 

7e2c3f41e99bf56147be911534a06372.jpg

Өз күйеуі Петр III өлтіріп, тақты тартып алатын неміс қызы Екатерина II патша (1762-1796 жж.) (София Августа Фредерика Ангальт-Цербстская) Ресейді христиандандыруды ашық жүргізді. Екатерина Петр I ендірген мемлекетті билеу тәртібіне өзгеріс енгізді. Мәдени салада Ресей Еуропаға еліктеп, француз ағартушыларынан үйренді. 

Реч Посполитаның жерін Ресейге қосып алған соң, осында тұратын бұрынғы еврей дініндегі миллионға жуық түрік текті хазарлар қысыммен христиан дініне, тілі орыс тіліне күштеп көшірілді. Екатерина таққа отыра салысымен 1762 жылы екі жарлық шығарды: 

1) «Ресейге көшіп келгісі келген барлық шетелдіктерге өздері қалаған жерге келіп қоныстануға толық мүмкіндік беру» 

2) «Көшіп келушілерге берілетін жеңілдіктер мен артықшылықтар тізімі» 

Неміс текті Ресей патшайымы Екатеринаның осы жарлығынан кейін орыс жерінде қаптаған неміс қоныстары пайда болды. Осы көптеген артықшылықтар алған неміс ұлтының өкілдері Ресейдің болашақ өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Осы кезде халық саны 7 000 000-ға жеткен Ресей халықтарына ұлтына қарай салық салынды. Немістер салықтан толық босатылса, еврейлерге (хазарларға) ең қатаң ереже қолданылды. Бұл ереженің ең ауыр азабын көрген бұрынғы тұрғылықты халық болды. Орыс ақсүйектері немістердің артықшылықтарын пайдалану үшін өздерін неміс ұлтына жазуға өтініш берген кездері де болған. Басында түріктер негізін қалап, түріктер империя деңгейіне жеткізген Ресей мемлекетін славян мемлекетіне айналдырған – осы неміс қызы. «Егер қазақтар өз тарихын білсе, әлемді жаулап алады» деген сөзді де айтқан Екатерина патшайым болатын. 

Қазіргі Ресей халқының 55%-ы алтайлық түріктер, 20%-ы угрофиндер, олар да Алтайдан шыққан ұрпақ. Демек Ресей халқының 75%-ы алтайлықтар құрайды. Тек 20%-ы ғана славяндар. Бұл – қазіргі генетика ғылымының дерегі. Генетик ғалымдар солтүстік Қытай халқының да жартысы түріктер екенін анықтаған. Осының бәрін қорытындылай келгенде, қаншама рет жауынгерлігін әлемге мойындатқан түріктердің қайта өрлеу дәуірі жақын сияқты. Қаншама көріпкелдердің болжамы қате болуы мүмкін емес. Ал сонда бүкіл түркілердің рухани өрлеу идеясы қандай болмақ? Меніңше, ол теңдесі жоқ Ұлы Дала ұрпақтарының тарихы. Батыс саясаткерлері «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» деп бекер шырылдамаса керек. 

Түріктердің тарихын жойып, жалған тарих жазып, бұрмалау осы Ұлы Дала Ұрпақтарының Ерлік рухын қайта оятып алудан қорыққаннан шыққан деп есептеймін. Сондықтан түркілердің нағыз тарихын жазатын кез келді. 

Сол кезде ХXI ғасырдан түріктердің дәуірі басталады! 

Бекжан Бейсенбай, зерттеуші

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?