Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қиырдан келсе қандастар

2224
Қиырдан келсе қандастар  - e-history.kz
Біз – тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің біріміз

Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Бұл күнді Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқан халқымыз ғана емес, қиырда жүрген екі көзі боталап, туған елге алыстан жанының жанарын салған қандас бауырларымызда аңсай күтті. Тірлікті тарының қауызына сыйғызып жіберген кеңестік идеология жоқ, қабағын түйген компартия құлаған, өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ең алдымен ойланғанымыз – шет елдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын.

Осылайша 1992 жылы 27 тамызда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен шет елдерде тұрып жатқан бауырларымызды Отанға оралту мақсатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің арнайы қаулысы шықты. Қарқынды қызу жұмыстар басталды. Уақыт тым тығыз еді. Іске шұғыл кірісіп, тез арада шешім қабылданды. Осынау тарихи басқасуды ел өміріндегі маңызды іс-шара ретінде атап өту туралы мәселе нақты қойылды. Сол істің басында әрине Елбасының өзі тікелей жүріп, қадағалап отырды. Барша қазақтың басын жинайтын ауқымды шараға жауапты азаматтар жүгіле жұмылып ыждағаттылықтың үлгісін көрсетті. Сол кездегі қиын-қыстауға қарамастан қайреткерліктің қуатын байқатты. Тынымсыз тірлік зая кетпеді, ойдағыны атқарып, ортамызды толтырдық.

Біздің тарихымыз үш мың жылдық кезеңнің арғы жағын қамтиды. Оны қазақ жерінен, оның төрт қабырғасынан табылып жатырған тарихи-мәдени ескерткіштер, кешенді кесенелер, көне қорғандар, алтынмен апталған адамдар, тіпті алтынмен көмкерілген жылқылар даусыз дәлелдеп жатыр. Жалпы тарихымызда біз бес бұрышты жұлдыз бен крест таңбасын да өзге елдің мұрасы, жаттың дүниесі деп қабылдап келдік. Даламыздың әр жерінен табылып жатырған көне жәдігерлер мұның алды сегіз мың, берісі бес мың жыл бұрын осы далада болғандығын, болып қана қоймай, оны бағзы бабаларымыз алтынмен аптаудың, күміспен күптеудің, темірден түйін түюдің кәнігі шеберлері, ұлы ұсталары болғанын дәлелдеуде.

Азия тарихының атақты білгірі, ғалым Н.А. Аристовтың халық санағы туралы сипаттамалық-статистикалық еңбегінде 1897 жылы қазақтардың саны өз аумағында 4 миллион болғаны анық жазылған. Жай ғана арифметикалық есепке сүйенсек, бұл сан демографиялық даму үрдісі бойынша қазір кем дегенде 30 миллионның шамасында болар еді. Өкініште орай, зұлым саясат бізді оған жеткізбеді.

Сол кездің өзінде ғалымның есебі бойынша шет елдерде 100 мың қазақ өмір сүріп жатыпты. Қазақ халқының даму үрдісінен оның рухани өркендеу процесінен, халық санының жедел өсуінен секем алған сұрқия көсем басшылар ХХ ғасырдың басы мен ортасында нешетүрлі зымиян айла-шарғыларды ойлап тауып, жұртымыздың көз жасын көл етті, халықты қирау апатына ұшыратты. Бұл – ұмытылмас тарих, ұмытуға қақымыз жоқ тарих. Біздің тарихымыздың ең маңызды беттері де осында жатыр.

1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақ радиосынан Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетел қазақтарына арнап сөз сөйледі. Ол сөз Елбасының жан жүрегінен шыққан сөз болатын. Президенттің парасатты сөздері әлемнің әр елінде ғұмыр кешіп жатқан бауырламызды бей-жай қалдырмады. Сол сәлемдеме сөзден бастап Қазақстанға келемін деп ат басын бұрып, ұлы көштің теңін буып, тізгінін қаққан бауырлар Отанға оралудың қамына кірісті. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізуге дайындықтың рухани жоспарын тәуелсіздік жарияланғаннан кейін он бес күн өткен соң басталып кетті. Бұл атаулы оқиғаны барша қазақ қуана қарсы алды, себебі біріншіден бүкіл қазақтардың басын қосатын іс-шара, яғни Отандастарымыз елге оралады, екіншіден қазақтың саны артады.

Өткен жыл, биыл еліміздің тарихындағы айтулы оқиғаларға толы жыл, ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл, биыл Ақпан, Қазан төңкерістеріне 100 жыл. Халқымыз өзінің сан ғасырлық тарихында талай күрес пен шайқасты, нәубет пен зұлматты көрудей-ақ көрді, күресудей-ақ күресті. «Қаратаудың басынан құлаған» қаралы көштің өзі қаралы заман болып, тарихымызға кірді. Сол арқылы ұлттық танымымыздың өшпейтін беті болып жүрекке сіңді. Одан кейінгі кешегі кеңестік зорлық пен зобалаң кезінде «қазақтар шілдің қиындай шашырап», атамекеннен ауып, балапан басына, тұрымтай тұсына бас сауғалап кетті. Қолдан келер дәрмен жоқ, қынадай қырып бара жатқан қызыл империяның қанды тырнағынан ұрпағын аман алып қалудың бір қарекеті осы болатын.

Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойында жүрген Елбасының тағы бір арманы осылай орындалды. Осы жазда Астанада дүниежүзі қазақтарының 5-і құрылтайы өтті. Бас қалада өтуінің өзіндік маңызы бар, Астана таза тәуелсіздіктің жемісі, тәуелсіз Қазақстан дамуының шарайнасы, осы тұрғыда тарихи оқиғаларға куә болу, ел тарихындағы елеулі күндер, ерекше сәттердің Елордада өтуі бекер емес. Дүниежүзі қазақтарының басын қосу науқандық іс-шара емес, мемлекеттік саясаттың мерейлі де мәртебелі көрінісі болып, халықаралық қауымдастықтан, әлемдік өркениеттіктен өз бағаларын алды.

Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортаға жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүниежүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан.

Бұл тұрғыдан келгенде Германия мен Израиль мемлекеттерінің өзі бізге қызыға қарайды десек, артық айтқандық емес. Әрине, жаңадан жерсіну, бейтаныс ортаға бірден бейімделу оңай болмас. Кейде қиырдан келген қандастарымызды жайлы орналастыруда жекелеген жауапты адамдардың тарапынан болып жататын бойкүйездік пен тоғышарлық, жаны ашымастық пен жағдайды бағалай алмаушылық кездесіп қалатынын жасырып қалуға болмайды. Мұндағы түйткілдер – мемлекеттің кестесі емес, кейбір шенеуніктердің төрешілдігіне байланысты жағдайлар.

Көші-қон мәселесі шынында да біздің ел үшін ең басты проблемалардың біріне айналғаны шындық. Жер-жердегі жеке дара жағдайларды ескерсек, әр елдердегі диаспораға қамқорлық жасау- өркениет екені айдан анық. Демек, біздің де көші-қон шараларын мемлекеттік деңгейге көтеруіміз әбден заңды.

Атажұртқа оралудың да күрмеу мәселесі көп. Оның заңдық -құқықтық, әлеуметтік-қоғамдық түйткілдері бар. Олардың бәрін заман талабына сай толық реттеп отыру үшін уақыт керек. Сондай кезде өкпелеуге бейім тұратын, күтудің соңын күдер үзудің алды деп қабылдайтын азаматтар да табылып қалып жатады. Біз әрбір бауырымызды Атамекенін аңсап келген ағайын деп қана қарамай, бір туған бауыр елге қосылған елеулі қазына деп қабылдауымыз қажет.

Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен сапасын арттыру арқылы ұлттық-демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Халық санын өсіруде тарихи жолын қалыптастыру тұрғысында біз жасаған қадамның жемісі де, жеңісі де көріне бастады. Бұл – жалғаса берер жарқын жол. Осынау жылдарда елімізге 1 миллионға тарта бауырларымыз оралды. Көш әлі де тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да.

Шет елдердегі қандастарымыз туралы айтар болсақ, қазіргі кезде өзге елде өмір сүріп жатырған қазақтардың жалпы саны ұлтымыздың үштен бірін, яғни 5 миллионнан астам адамды құрайды. Олар әлемнің 40-тан астам елдерінде өмір сүріп жатыр.

Қазақстанда шетелдегі қазақтардың әрдайым ойында жүреді. Елбасы кез келген мемлекеттің кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж екенін айта келе, «Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген әр талантты қазақты елге жеке шақырамын» -деді. Бұл дегеніміз шетелдердегі қандастарымызды елге тарту ғана емес, еліміздің жарқын болашағын бірге жасауға шақыру. Осы тұрғыда оларға жағдай жасау керектігін Елбасы құзырлы орган басшыларына баса айтып тапсырды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл өткен V құрылтайда рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, латын әліпбиіне көшу мәселесіне, «Туған жер» бағдарламасына, әсіресе, шетелдегі қандастырымызды қолдау мәселелеріне тоқталды. Шетелде жүрген қандастарымызды қолдау мақсатында «Отандастар» қоры құрылатынын айтып, сырттағы қазақ жастарының елімізде жоғары білім алуы үшін бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет пен елшіліктерге атажұртқа оралуға ниеттелген қазақтарға құжат жинақтау мәселесі бойынша көмек көрсетуді де тапсырды. Осының барлығы өз Отанынан жырақта жүрген бауырларымыз үшін жасалынып жатырған игі істің бір бөлігі.

Осы тұрғыда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттілікті нығайтып, әл-ауқатын көтеру, береке-бірлігін жарастырып, рухани жаңғырту жолындағы игі істері мен тың бастамаларын шынайы ықыласпен қолдауымыз қажет.

Әлем сәт сайын мың құбылып тұр. ХХІ ғасыр адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат ғылыми, техникалық жаңалықтарымен қоса, алапат сынақтарын қоса алып келді. Ол сынақтардың алдында алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттердің өздері шарасыздық танытуда.

Осындай жағдайды кез келген мемлекеттің, ұлттың алдында тарихи таңдау жолын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп отыр. Ол – Үшінші Жаңғыру жолы.

Үшінші Жаңғыру – бәсекеге қабілетті, білімді, прагматик, санасы ашық және эволюциялық дамуға бет алған бірегей ұлттың жолы.

Осы жолда ұлттық құндылықтар мен жаңа дәуір талаптарының, дәстүр мен технологияның үйлесімі, төл мәдениет пен жаһандық өркениет ұғымының ұштасуы үздіксіз дамуға жол ашатынын ерекше атап өтуіміз керек.

Елбасы айтқан идеяларға сәйкес, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру үшін дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптау қағидалардан арылуға тиіспіз. Заман ағымына икемделіп, ұлттық сана-сезім көкжиегін шексіз кеңейту қажетпіз.

Қорытындылай келе, І құрылтай делегаттарына арналған Нұрсұлтан Әбішұлының: «Бұйыртса, бүгінгі құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың гүлдеп-көркейгеніне таяу жылдары-ақ куә болады деп, кәміл сенеміз» - деген болжау сөзі еске түседі.

Шынымен де, Тәуелсіз 26 жылдың ішінде, Қазақстан сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің осы оңды өзгерістеріне ата-бабалар жеріне келіп, өмірдің сан-саласына біте қайнасып кеткен этникалық қазақтардың үлесі мол, деп ауыз толтырып айта аламыз.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани жаңғыруға қол жеткізілді.

Бұл - Тәуелсіздіктің жемісі, Елбасының жеңісі, Біздің жеңісіміз!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?